Басты  /  мақалалар  /  Машығы – Марат ұстаздан

Машығы – Марат ұстаздан

Жомарт Молдахметұлы
494
Машығы –  Марат ұстаздан Көрнекті қаламгер, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген керемет сөзі бар.

Ұлттық журналистикада тамаша із қалдырып ғана қоймай, өзіндік мектебін қалыптастырған Шерхан ағаның қолына қалам ұстаған қарапайым журналистің өмір-тынысын осылайша, екі ауыз сөзбен тап басып жеткізуінің өзі журналистік қызметтің қаншалықты қиын да күрделі екендігін аңғартса керек. Бәлкім, журналистиканы таңдап алған қайсыбір қыз-жігіттердің жол ортада басқа мамандықтың «тізгінін» ұстап кетіп жататыны содан да болар? Дегенмен жүрек қалауымен таңдап алған осы бір мамандық жолында ер-азаматтармен иық тірестіре, қоян-қолтық қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер де баршылық. Солардың бірі – өзіндік айтар ойы мен қолтаңбасы бар қаламгер, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Әбдірайымқызы. 

– Анамның айтуынша, мен бір келіге жетер-жетпес сал­мақпен туған екенмін. Әкем мен анама дәрігерлер «баланың салмағы өте аз, егер Құдай қа­расса, жақсы болуы мүмкін. Бірақ ауру болып қалуы ғажап емес» деген екен. Білімді де тәжірибелі деген дәрігерлердің пікіріне имандай сенген ата-анам мені аман-есен қырқымнан шығарған соң, Отырар ауда­нының Темір ауы­лында тұратын әжеме апарып беріпті. Өмірдің талай ыстығы мен суығын көрген Мырзайым әжем күндіз-түні Құдайдан менің аман­дығымды тілепті. Бойжеткен кезiмде асыл әжем: «Меруерт, сен нә­ресте кезіңде ешнәрсеге көнбей, қатты жылайтынсың. Сонда бір күні мен «осы жылағанын қой­сыншы» деп аузыңа омырауым­ды салдым. Қызығын қара, жылдар бойы тас боп қалған омы­рауым жібіп, Алла Таға­ланың құдіре­тімен сүт шықты. Сонда сен жылағаныңды кілт қойған едің» деп сол бір сәттер­ден естелік айтып беретін. «Қайран әжем, егер сен болма­ғанда менің өмір сүруім, жер басып жүруім неғайбіл екен ғой!» деп мен Сыр сұлуы атанған асыл әжемді кей сәтте ерекше сағы­нышпен еске аламын. Әжем ақылды, пара­сатты болуымен қоса, өте ісмер еді. Ісмерлігі сондай, түске дейін бір көйлекті, түстен кейін бір көйлекті өзі тігіп алып кие бе­ретін. Кейбір кездері бізге «Сыр­дың бойын жайлаған Сырбай байдың қызымын» деп кер­безденіп, жайнап отыратын, – дейді Меруерт Әбдірайымқызы балалық шақтың сол бір кезеңін ілтипатпен еске алып.
Отбасының тірегі, аяулы әкесі небары 42 жасында өмірден озғанда үйелмелі-сүйелмелі бір қыз, төрт ұлмен бір өзі қалған Меруерттің анасы одан арғы өмі­рінің не боларын түсіне ал­май, өмір жолында кездесуі мүмкін қиындықтардан қорқып: «Мен енді өмір сүре алмаймын, өл­геннен басқа амалым жоқ!..» деп жылап жатқанда, үйдің үлкені, мектепте оқып жүрген Меруерт: «Жоқ, анашым, сен ешнәрседен қорықпа! Соңымнан ерген ініле­рімді де, сені де мына мен асы­раймын. Еш нәрседен қорықпа. Бәрі жақсы болады!» деп анасын қаратүнек үрейден сейілтіп, отбасы болашағының оңала­тынын, «өлмектің артынан өлмек жоқ» екендігін анасына жас болса да байыппен түсін­діреді. Сөйтіп, анасы райынан қайтады. Осылайша, үйдің үлкені болғандықтан, Меруерт бар ауыртпалықты өзі көтеруге бел байлайды. Ауыл тұрғын­дарынан кем қалмауды мақ­сат етіп қойған қаршадай қыз са­бағы біте сала бір меке­менің еденін жуып, тағы басқа да қолынан келетін жұмыстарды істеп, қаржы табуға кіріседі. Үйелмелі-сүйелмелі төрт ба­уырын оқытып, білім беру міндеті де Меруерттің мойнында болды. Қайсар қыз кездес­кен қиындықтан еш қорықпады. Керісінше, әрбір қиындық оны ширатып, қайраттандырып, жігерлендіре түсті. Бауырла­рының қамын ойлай жүріп Меруерт өзі де жоғары білім алуды ұмытқан жоқ. Алматыда­ғы халықаралық жур­налистика институтына оқуға түсіп, оны қызыл дип­ломмен бітіреді. Сөйтіп, еңбек жолын республи­калық «Ана тілі» газе­тінен бас­тады. Мұнда Меруерт­ті танымал жазушы, марқұм Марат Қабан­бай бастаған азаматтар ағалық қамқорлығына алды. Мараттың ұнатқаны да, ойынан шыққаны да Меруерттің қайт­пас қайсар­лығы, тапсырылған істі үлкен жауапкершілікпен атқа­руға деген ынта-жігері, ұқып­тылығы мен саф тазалығы болды. Ме­руерт те еңбек жо­лында өзінің басқа емес, Марат Қабанбайдай сөзге де, іске де пысық тәжірибелі қаламгерге жолыққанын ерекше бақыт санайды. Сондықтан ол «мен өзімнің Марат аға Қабан­байдай қаламгердің тәрбиесін көріп, ол кісіден журналисти­каның қыр-сырын үйренгенімді әрдайым мақтан тұтамын. Марат Қабанбай – менің қазақ журналисти­касындағы өкіл әкем. Марат ағадан журналистік шеберлікті ғана емес, өмір сүру­дің таза­лығын да терең мең­гердім. Ұлттық журналистика әлеміндегі тағы бір ұстазым – елімізге жақ­сы танымал қаламгер Сейсенхан Махамбет. Арада біраз уақыт өтіп, тәжірибе жинақтай баста­ған шағымда Сейсенхан аға мені өзі басқа­ратын «Ислам әлемі» журналына қызметке шақырып, тәлім-тәжірибесін ерінбей-жалықпай үйретті. Жасыратын түгі жоқ, осында қызмет істей жүріп тәжірибемді жетілдірумен қатар, жекеменшік журнал шығарудың жолдары мен тәсілдерін, қандай мәселеге айрықша назар аудару қажеттігін үйреніп, түсіндім. Ал мұның шығармашылық өмі­рім­де, атап айтқанда, қазір өзім бас­қарып отырған «Игілік» жур­на­лын шығаруда пайдасы өте зор болды» дейді Меруерт Әбдіра­йымқызы. 
Меруерт негізгі қызметі жур­налистикамен қоса, қоғам­дық қызметтерге де белсене арала­сып келеді. Бүгінде ол білікті журналист болуымен қатар, «Қа­зақстан ұстаз­дары» қоғамының бас хатшысы қызметін де атқарады. Ол қо­ғамдық жұмыста да өзінің шебер ұйымдасты­рушылық қабілет-қарымымен республика ұстаз­дарының алғыс-құрметіне бөле­нуде. Сон­дықтанда Меруерт Әб­дірайым­қызы туралы ұла­ғатты ұстаздар­дың да айтар пікірі алғысқа толы. 

Бақытгүл АЙРАНБАЕВА, 
Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған балаларға арналған орта мектеп-интернатының ұстазы, Ы.Ал­тын­сарин, «Қазақстан ұстазы» медальдарының игері: 
– Республикалық «Игілік» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі, «Қазақстан ұстаз­дары» қоғамының бас хатшысы Меруерт Әйтенова – менің шәкірттерімнің бірі де бірегейі. Сонау 1993-1997 жылдары ол Халықаралық журналистика институтында білім алғанда оларға араб тілінен дәріс беріп, топтың кураторы болдым. Студенттердің арасында етінің тірілігімен, өрлігімен, білімге деген құштарлығымен бірден баурап алған осы Меруерт болды. Осы қыздың күндердің күнінде тамаша жетістікке жетіп, іскер Меруерт атануы мүмкін екенін мен сол бір жылдардың өзінде байқағанмын. Үмітім алдамапты. Оның өсу жолындағы биіктері, журналистика жолындағы ізде­ністері мен тап болған қиын­дықтары, қуаныштары көз ал­дымда. Қуанатыным сол, Ме­руерт қоғамның қандай да сынынан сүрінбей өтіп келеді. Басқаны былай қойғанда, Меруерттің адамгершілік қасиеті керемет! Бір ерекшелігі, ол қаншалықты жақсылық жасаса, онысын ешқашан міндет қыл­майды. Адам баласын әсте ала­лауды білмейді. Себебі, барлық адам – оның досы. Міне, осындай асыл қасиетімен ол қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі-өнеге бола білуде. 

Эльмира АЙТЖАНОВА, Алматы қаласындағы №39 балабақшаның меңгерушісі, «Қазақстан ұстазы» медалінің иегері: 
– Әр қызметте жарқырап жүретін, өз ісін жетік меңгерген майталман, мамандығын шын сүйетін, құрметтейтін, баға­лайтын тұлғалар болады. Сон­дықтан халқымыз оларды тұлға санайды. Міне, сондай ма­ман­дардың ішінде журнали­стика мен педагогиканы қатар алып келе жатқан білікті ұйым­дас­тырушы Меруерт Әбдірайым­қызы бар. Әсілінде, Меруерт туралы әңгіме қозғағанда, ол басқаратын «Игілік» журналы туралы айтпай кету мүмкін емес. Егер ұжымның, қызметтің сапасы басшыдан көрінетін болса, онда Меруерт Әбді­райым­қызы – нағыз іскер басшы.