Басты  /  мақалалар  /  Жошы ханды тұлға тұтсақ...

Жошы ханды тұлға тұтсақ...

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
865
Жошы ханды тұлға тұтсақ... Кез келген ұлт, мемлекет мәңгілік болу үшін оның іргетасы мықты болуы шарт.

«Іргетас» деп отырғанымыз – ұлт пен ұлысты ұйыстыратын һәм ілгері жете­лейтін идеология. Сол іргетастың бір бөлігі – пір тұтатын, ұлттың қатпар-қатпар тарихында аттары алтын әріппен жазылып қалған ұлы тұлғалары. Өйткені олардың ұлт үшін еткен қызметі, елін-жерін қорғаудағы жанқиярлық ерлігі, тұйықтардан алып шыққан даналығы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Демек, ұлттық идеямен қатар, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, тар жол, тайғақ кешу кездерінде толағай еңбек еткен ұлы тұлғалары да мынау ал­мағайып, жаһандану зама­нында, өзге өркениетке жұтылып кетпес үшін темірқазық іспетті рөл атқаруы тиіс. Кейде тәжік дегенде – Шығыстың жеті жұл­дызы еске түседі. Қырғыз десек – Манас, өзбек десек – Самарқанд пен Ташкентте көкпен таласқан ескерткіші тұрған Ақсақ Темір түседі. Сол секілді моңғол десек, еске ұлы қаған Шыңғыс хан оралады. Бұлардың қай-қайсы да – әлем тарихынан ойып тұрып орын алған ұлы тұлғалар. Бүгінде осы баһадүрлер – бір-бір ұлттың қан тамырына қуат беріп тұрған ұлы рухтар. Осы тұста «қазақ неге үнсіз?» деген ой келері хақ. Көне тарихты түртіп қалсақ, қарға тамырлы қазақ та мақтаныш қылатын ұлы тұлғалар жоқ емес, бар. Тек біз кімді пір тұтуға тыры­суымыз қажет? Осыны саралауға тиіспіз. Кезінде газет бетіне дәл осы тақылтес мақала жазған едік. Онда да осы тақырыпты қаузаған­быз. Өйткені бүгінгі жаһандану заманында ұлттың жұтылып кетуден аман алып қалатын бір ілік болса, осы. Ол кім болған жөн? Мәселен, моңғолдар «Шыңыс хан біздің бабамыз, ол құрған ұлы қағанаттың біз бір жұрнағымыз. Әлем бізді Шыңғыс хан арқылы таниды» деседі. Талассыз ақиқат. Әлем Моңғо­лияны Шыңғыс ханның елі деп таниды. Миллиондаған туристер ол елге тек Шыңғыс ханның аты аталғаны үшін ағылып барады. Шыңғыс хан – моңғол үшін мәңгілік талғажау. Сол секілді ұлы жиһангер Ақсақ Темір де өзбек­терді ұйытатын ұлы рухтың қыз­метін атқаруда. 27 мемлекетті жаулап алып, өз дегеніне бағын­дырған ұлы қолбасшы һәм әміршінің Самарқанд пен Ташкентте зәулім ескерткіштері тұр. 1996 жылы ЮНЕСКО-ның ше­шімімен 660 жылдығын дүркі­ретіп тойлады. Осылайша, өзбек ұлтының мерейі тасыды, рухы оянды. Бұл – бұл ма, бүгінде көрші орыс елі де «орыс рухын» көтеруге келгенде барын салуда. Орыс тарихындағы арғы-бергі тұлғаларды қазбалап, «шаңын қағып» ұлт жанашырына айнал­дыруда. Кешегі І-Петр, Романов­тар әулеті тіпті өзін қырып сал­ған Колчакка дейін «орыстың жоғын жоқтаушы батыры» деп тануда. Ескерткіш орнатып, фильмдер түсіруде. Өйткені қазіргі жаһан­дану заманынан ормандай көп орыс та қорқуда. Патша Петр мен адмирал Колчак орыс халқын өзге өркениеттен қорғаушы – ұлы рух. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқына да, өзге әлем алдында да ұялмай «мынау біздің бабамыз» дейтін бір ірі тұлға қажет-ақ. Ол кім болуы мүмкін? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым «Біз сақ пен ғұндардың, сайын даланың сайыпқырандары түркілердің, кешегі алып империя Алтын Орданың мұрагеріміз» дегенді жиі айтып отырады. Ақиқаты сол, біз ұлы далада өз заманында күнше күркіреп өткен, «бастыны идірген, тізеліні бүктірген» ұлы көшпенділердің ұрпағымыз. Бірақ бағзы заманда өткен сақ алып Ер Тұңға мен Томирис те, ғұн Мөде мен Еділ батыр да (Аттила), түркі Бумын мен Тоныкөк, Естеміс пен Күлте­гін де қазақ үшін «біздің батыр бабаларымыз» деген мақтанышқа айналғанымен, рухты көтеруге келгенде нақты тұлғаларға айнала қоюы екіталай. Өйткені олар өмір сүрген кезең тым әріде жатыр, һәм түркі халықтары үшін олар ортақ тұлғалар, ортақ тамыр. Сүйектері қайда қалғаны да белгісіз. Исі қазақ даласында ұлы империяның негізін қалаған, моласы осы қазақ жерінде тұрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы алаш жұртының ұлы рухына, ар-намысына айнала алар еді. Әрине, кешегі қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен Жәнібек пен Керей, Қасым хан мен Хақназар, Есім хан мен Тәуке, Тәуекел мен Абылай, Кенесары мен Алашорда азаматтары қазақ үшін орны бөлек арыстар екені шындық. Оған ешкім дау айта алмайды. Алайда есімі ұлы даладан асып, әлемге кеткен Жошының орны ерек болмақ. Мәселен, моңғолдар «бабамыз» деп отырған Шыңғыс хан, өзбектер иленіп отырған Ақсақ Темір, орыс жұртын бірік­тіруші Петр-І – бұлардың бәрі ұлы империя құра білген алып тұлғалар. Солар сияқты Жошы да әлем тархында 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда (әу баста Жошы ұлысы деген атпен белгілі болған) атты ұлы империяның негізін қалаушы. 1223 жылы әкесі Шыңғыс хан бөліп берген аймақ – бүгінгі Қазақстан территориясы. Демек, біз Жошыны ұлы бабамыз деп танып, әлемге жар салуға, оны ұлы рухты оятушы тұлға ре­тінде атап, мақтануға хақылы­мыз. Жазушы һәм белгілі алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай: «Исі қазақ Жошымен, ол артына қал­дырып кеткен Алтын Ордамен мақтануына болады. Жошы әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі» дейді. 1223 жылы әкесі Шыңғыстың ұйымдастыруымен өткен Құланбасы жазығында өт­кен құрылтайға Жошы да қаты­сады. Осы құрылтайда Шыңғыс хан көзінің тірісінде жаулап алған ұлан-ғайыр өлкені бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Жошының еншісіне Ер­тіс­тен батысқа қарай, Жеті­судың теріскей бөлігін қамти отырып, «атының тұяғы жеткен» төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті Қыпшақ аймағы тиеді. Парсы тарихшысы Жужани 1260 жылы жазылған «Табанат-и-Насири» тарихнамасында былай дейді: «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңда­йынан шерткізбейді».


Осыдан-ақ Жошының қып­шақ-қазаққа тым жақындығын байқауға болады. Тарих ғылым­дарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы: «Жошы қыпшақ-қазақ жеріне келіп өз ұлысын құрады. Осы жерге келген соң оның ұрпағы жергілікті ха­лықтың салт-дәстүрі мен тұр­мысына қарай икемделіп, сіңіп кеткен. Ғалымдардың пайымына сенсек, олар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған. Яғни, сол кезде мұсылмандықты қа­был­дап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен» деп жазған болатын. Алтын Орданың іргетасын қалап кеткен Жошы 46 жасында дүние­ден өткен. Мазары Жезқазған қаласы­нан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орна­ласқан. Демек, Жошы қа­заққа жат емес. Жошы хан оның ұрпақ­тары Қазақ мемле­кетін құрып, қазақты ұлт ретінде, Қазақ елін ел ретінде қалып­тастырып, қабыр­ғасын қатайтуға ерекше үлес қосты. Қазақтың хан ұр­пақтары­ның барлығы да Жошы әулетінен тарайды. Демек, мынадай алмаға­йып заманда әлемге аты мәшһүр, ұлы тұлғаны жанға тартып, ұлт мақтанышына айналдыруға әбден болады. 


Қазір бізде Шыңғыс ханды қазақ етуге тырысып жатқандар көп. Бір ақиқат дүние, біз Шың­ғыс қағанды қанша жерден «түбі қазақ» деп жазсақ та, әлемдік жыл­намаға ол моңғол болып енді. Солай қалады. Оны өзгерту қиын болар. Олай болса, біз өзімізге тиселі ұлы қағанның ұлы Жошы­ны қаузауға тиіспіз. Онда да Са­ры­­арқаның төсінде тұрған мола­сын бұзып, Астанаға апарып қою міндет емес. Ақпарат құрал­дары Алтын Орданың негізін салу­шы Жошы жөнінде кеңірек на­сихаттауы тиіс. Дерек пен дәйекке негіздеген фильмдер түсіріп, жұртшылыққа Жошының кім болғанын танытса, Аста­надағы басты көшелердің бірін атап, тұғыры биік, айбарлы ес­керт­кіш орнатылса жөн-ақ. Қа­жет болса, туристерді өзімізге тарту үшін моңғол туристік ком­па­ниялары­мен келісіп, Шыңғыс хан­ның жүрген жерін көру үшін келген туристерге оның үлкен ұлы Жо­шының жатқан жерін көрсете­міз деп елімізге жетелеуге болар еді. 
Моңғол жерінен шыққан турист Алтайдан аттап өтіп, Сақ патшалары мәңгілік тұрақ тапқан Берел, Шілікті алқаптарындағы қазбаларды аралап, одан бері Қозы Көрпеш – Баян сұлу мола­сына аялдап, Есіктегі Алтын адамды көріп, Тараздағы Айша Бибі, Шымкент топырағындағы Ақсақ Темір тұрғызған Яссауи кесенесіне зиярат етіп, үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстауға барып, одан Атыраудағы Сарайшыққа тоқталып, айналып Қарғандыдағы Бесобаға, одан кейін Кенгір жаға­сындағы Алаша хан мен Жошы ханның моласына тәу етіп жатса жаман ба? Егер де осы жол айна­лым­дары іске қосыла, бұл елі­міздегі туризм әлеуетін күшейтер еді һәм Жошыны неғұрлым танытуға себепкер болмақ. Жошыны бүгінгі ұрпаққа кеңірек таныту үшін, көркем фильмдер түсіріп, түрлі іс-шаралар ұйым­дас­тырылса, мектеп оқулықта­рына енсе тіптен құба-құп. Бір сөзбен айтқанда, жаһан тари­хында аты қалған Жошыны ұлттың айбары етіп, ұлтты ұйы­татын тұлға ретінде танып, асқақ­татар кез жетті. Ақиқатын айтар болсақ, ұлттың рухын ояту үшін ұлттық идеялармен қатар, осын­дай ұлы тұлғалардың да рөлі зор.