Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  ЖЕТЕККЕ ЕРГЕН ТІЛ ӨРКЕНДЕЙ МЕ?

ЖЕТЕККЕ ЕРГЕН ТІЛ ӨРКЕНДЕЙ МЕ?

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
296
ЖЕТЕККЕ ЕРГЕН ТІЛ ӨРКЕНДЕЙ МЕ? ...Ғайыптан тайып он же­тінші, я он сегізінші ғасырда өмір сүрген бабамыз тіріліп келсе, біздің қазіргі тілімізді тү­сінбес еді.

«Мынау не қо­йырт­пақ?!» деп бөркін жерге бір ұрып, теріс қарап кетіп қалар ма еді?..
Менің ойымша, жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың бәрінің ата-бабасы тіріліп келсе, сондай күй кешер еді... Өйткені тіл өзгерді, халықтар да өзгерді, дүниенің бәрі өз­герді. Тұтас халықтар жұты­лып кетті, тұтас тілдер жоқ болды. Осы күні жер бетінде үш мыңға жуық тіл бар десеңіз, әр жыл сайын оннан жиырма беске дейін тіл жоғалып отырады екен. Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» хикая­тында профессор Бейкер араку тайпасының соңғы адамы­ның соңғы демін өз көзімен көрмей ме? Сөйтіп, бүтін бір халық тарих сахнасынан көшіп кетпей ме? Көркем дүние болса да, замана шындығы сөйлеп жатқан жоқ па?
Сондықтан қазір мемле­кеттілігі бар 200-ге жуық елдің ішінде Қазақстанның да орны айқын, бағыты белгілі екеніне қуанамыз. Сосын тіл мәселесін қайта-қайта айтамыз. Бұдан, әрине, қазақ тілінің жағдайы күрт көтеріліп, я күрт төмендеп кетпейді. Ең бастысы, осындай талқылау, пікірталас болған жерде ғана тіл еңсесі тіктеледі, тамырына қан жүгіреді, да­миды, өседі, өрлейді. Сөз ба­сында «бабаларымыз қазіргі тілімізді түсінбейді» деп отыр­ғанымыз да содан.
Қазіргі дәуір кез келген тілдің ұшқыр, шалт, ұғынықты болуын талап етеді. Әлемге таралып кетті деген ағылшын тілінің өзі жыл сайын «селфи», «гиик» сияқты жаңа сөздерді жат көрмей қабылдап, сіңіріп жатыр. Одан ағылшындардың бәсі түсіп кеткен жоқ. 
Бірақ дәл осы мәселені қазақ тіліне қатысты алғанда көңілімізде алаң бар екенін жасыра алмаймыз. Қазіргі қа­зақтың заманауи тілі – таза қойыртпақ. Ең жаманы, жа­рымжан аударма көп, одан қалса, балама іздеп әуре болмай, ықпалы ең күшті тілдің жетегінде кете береміз. Осыдан үш жыл шамасы бұрын «жар­гондар да қазақша болуы керек, ол үрдіс те тіліміздің дамуына ықпал етеді» деп ортаға ой тастаған болатынбыз. Арада сырғып өткен мың күннің ішінде ойымыз орындалмақ түгілі, бәрі керісінше кетіп бара жатқандай.
Мысалмен сөйлейік.
Қазіргі қазақ ұландары «бәстесеміз бе?» деуді қойды. Бала күнімізде біздің ең көп қолданатын сөзіміз осы еді. Бүгінгі бала «спорласамыз ба?» деп шыға келеді. Бұрын әлде­неге бәстесе қалсақ, шылдыр шүмектерімізді айқастыра қойып, ортасын куә болып тұрған досқа «кестіретінбіз». Қазір бәсекенің өзі «спор» болып кеткесін, балалар қол алысып «спорласады». Көрдіңіз бе, бір сөздің орайсыз қолда­нылуы таза ұлттық ұғымның өңін тіпті айналдырып жі­берген...
«Почти-пәшти» сөзі тілі­мізге таза орнықты. «Кеп қал­дың ба, жетіп қалдың ба?» деген сұраққа беретін жауабымыз – «пәшти қасыңдамын». Өте ұғы­нықты, артық сөзді қажет етпейді. Бірақ дәл осындай тір­кестердің тіліміздің таби­ғатына тіпті жат екенін ойлап жатқан біріміз жоқ. Таразының тілін аңдыған саудагер сіз сатып алған затты «пәшти екі келіге жетіп тұр, толтыра салайын да» дейді. Екі ауыл, я екі қаланың ортасын долбарлап айтар болсақ, «пәшти 50 километр», «пәшти 200 шақырым» дейміз. Тілдің тұнығын лайламай сөйлер болсақ, «екі келіге жетер-жетпес болып тұр», «шамамен 50 (200) шақырым» десек керек еді ғой...
Осы П әрпінен басталатын сөздер қазақ тіліне тіпті ер­кінсіп еніп алды. Қазір «үнемі, ылғи, қашанда, әрқа­шан» деген синоним сөздер қазақтың ауызекі тілінде мүлде жоқ. Бәрінің орнын «постоянно» жаулап алған. «Постоянно осы» деп кейиміз. «Постоянно хабарласып тұрамын» дейміз ата-анамыз жайлы сөз еткенде. «Постоянно ұтылады» дейміз футболшыларымыз жайлы. Ойда да – «постоянно», қырда да – «постоянно». Құлаққа сі­ңісті болып кеткесін, бала­қай­лар да солай сөйлейтін болды. «Мен постоянно бес аламын» деп мақтанады олар. Бұл сөздің айтылғандардан бөлек, «дәйім, ұдайы» деген «туыстары» бар десек, талай адамның көзі тас төбесіне шығар-ау...
Бір нәрсені еске түсіру, елес­тету қажет болса, оған да «жіптіктей» сөзіміз дайын – «прикинь». Шындығында, дәл осы сөзді сөйлем басында қол­дану да тіліміздің табиғатына келмейді. Оны «ойлашы» деп қолданып, сөз бастап жүрген әдетіміз де бар. Керісінше, қазақ тілінің заңдылығында мұндай қосымша сөздер сөйлем арасына мүлде сіңіріліп кетуге тиіс, яғни бар-жоғы білінбей, айтар ой екпін арқылы аңға­рылуы керек. Мысалы, «прикинь, ол ақын осы үйде тұрыпты» деген дұрыс емес, «ол ақын осы үйде тұрыпты ғой» деп «ғой» сөзіне екпін түсіре айтсақ, әлдеқайда оңды болар еді. Қазір екінің бірі сөзін осы «прикиньмен» бастайды. Бұған, әрине, 90-жылдардың басында жаппай көрсетілген атыс-шабыс фильмдер тікелей әсер етті. Әлдебір гангстер улы-шулы кафеге кіріп келеді де, тып-тыныш отырған біреуге тиіседі. Ол, сөз жоқ, қарсыла­сады. Сонда бас қаһарман: «Прикинь, мынаның маған қарсыласқысы бар!» деп «күтпеген» төбелесті бастап кеп жібереді. Ертеңіне он баланың тоғызының аузында «прикинь, мынау маған әңгіме айтқысы келеді» деген сөз жүреді.
Осы ойды ары дамыта түссек, қазіргі қазақтың ауызекі тілінде екпін қоя сөйлеу үрдісі тіпті кенжелеп барады. Өйткені негізгі ойдың бәрін әлгіндей кірме сөздер жаулап алған. «Келе алмайтының жаман болды-ау...» деп көкірек кере күрсініп, «-ау...» деген шылауды соза айтуды қазір мүлде ұмыт­тық. «Жаль, что сен келе ал­майсың» дей саламыз. Шолтаң-шолтаң бірдеңе, не эмоция, не өкініш аңғарылмайды. Теле­дидарлардағы шетелдік сериал­дарда дәл осындай тіркес «келе алмайтының өкінішті» болып құрғақ аударылып жүргеніне құлақ үйренді. Тіпті қазақтың тіліне тән тіркес сияқты. «Өкі­нішті» сөзін осылайша тұлға­лан­дырып жібердік, әйтпесе ол сөз арасында ғана келіп, ешқашан жалғыз өзі ойды аяқтап тұрмайтын еді...
«Проблема» сөзі тіпті біте қайнасып кетті. Бірдеңені тез шешетінімізді айтып мақтан­ғымыз келсе, «проблема, что-ли!» деп тұрамыз. «Шеміш­кеше шағамын ғой», «сол да сөз болып па?» дейтін адам жоқ. 
«Бірдеңе дұрыс болмай қалса», «егер», «олай болмаса» деген ұғымның бәрін «если что» алмастырды. «Если что, сағат онға таяу бәлен жерде кезде­сейік» дейміз. «Егер нетсе» деп тікелей аударып алатынымыз да бар. «Сағат онға таяу «Саяхаттың» ұзын сағатының жанында кездесейік, иә?» деп тіпті ешкім сөйлемейді. 
Көрдіңіз бе, тіл табиғатын біз қаншалық жұтатқанбыз?.. Осындай жағдайға тілді өзіміз душар еттік, басқа ешкім де емес. Мәскеуден орыс келіп, Қазаннан татар келіп тілімізді балталаған жоқ, өзіміз жетекке ердік те кеттік. Сөйте тұрып, тіл тазалығын эфирлерден талап етеміз.
Қазіргі қазаққа «жолсерік» дегеннен «проводник» деген әлдеқайда ыңғайлы. «Жүргін­шілер жолы» – «пешеход». «Жерасты жолымен өтеміз» десең, қарсы алдыңда тұрған адам бетіңе қарап ойланып, «мынау қай тілде сөйлеп кетті?» дегенді әлпетімен ұқтырып, біраз уақыт сіңіре алмай тұрады. Оған «подземный ход» деген өте жақын. 
Жастардың бәрі «тема», «креатив» дегенді жаппай қол­данады. «Мынауың тема ғой!» деп сүйсінеді. «Креативный адам», «эксклюзивный сұхбат» қазіргі сөйлеу үлгімізде «пәшкі-пәшкісімен» жүр. Тіпті көркем шығармаларда да басқа тілдер­дің ықпалымен құралған сөй­лемдер өріп жүреді. 
Осының бәрін айту оңай, бірақ қалай тыйым салған дұрыс?
Екі жолы бар.
Біріншісі – телеэфирлер тілін тазарту. Күнделікті жаңа­лықтардан бастап, жұрт жа­былып көретін теле­се­риалдардың аудармаларын мейлінше қазақыландыру керек. Әрине, бұл қиын шаруа, бірақ бәрібір қолға алмай болмайды. Қазір жаңалық көруден қалдық. Қазақы ұғымға жат сөздер, тіркестер, тіпті жа­рымжан аударылған мақал­дар да осы шағын ғана ақпараттың ішінде сайран салып жүр. Теле­видение – халық алдындағы өнер. Экраннан жылт етіп кө­рінген адам өзіне мәңгі ғашық болып қалуы мүмкін. Бірақ ол халықтың тілін мейлінше таза сөйлеуші болса, екі шоқып бір қараса, әлдеқайда сүйкімді болар еді... Тіпті айтарын қа­зақыландырғысы келмесе, «теледидар алдында әр сөзімді аңдып отырған қазымыр үл­кендер бар ғой» деп бір ойла­сыншы, ары қарай өзі-ақ жақсы жүлгемен кете берер еді.
Екінші жолы – айтқаны халық есінде тез сақталатын әзіл-сықақ театрларының тілін мейлінше қазақыландыру. Туканың «атам-ай, атамның басы-ай» деген бір ғана сөзi қан­ша жыл жастарға азық болды... Бірақ Тұрсынбектің «Әзіл әлемінен» бастап, ірілі-ұсақты театрлардың бәрі орысша жаргондарға әуес. «Бурабай әзіл-фест» фестива­ліне қатыс­қан осындай ұжым­дардың сахна тілін тыңдап отырып, тіпті түңіліп кеткені­мізді жа­сырып қайтеміз? Енде­ше, олар «теманың» орнына басқа жаргон іздесін. «При­киньді» тіпті қолданбауға тырыссын.
Ақыры, қазір ауызекі тілді сахнаға сүйреп шықтық па, жай сөйлессек те қазақы ұғымға сай сөйлейік. Әйтпесе, қойыртпақ тіл бұрынғы бабаларды ғана емес, бүгінгі бізді де түңілдіріп барады. 
... Прикинь, осы айтқан­дарымның бәрінен қорытынды шығып кетсе, иә... Если что, бас­шылыққа алыңдар, брат­тар...