Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ауа да сатыла бастады

Ауа да сатыла бастады

Қайыржан ТӨРЕЖАН
1051
Ауа да сатыла бастады Бүгінгі заманның жаһандық проблемалары – әлемге қауіп төндіретін катаклизмалардың көбеюі, климаттың өзгеруі, ауызсу тапшылығы, атмосфераның қызуы мен ластануы.

Солардың ішінде атмосфераның ластануы денсаулыққа зиян тигізуші факторлардың ішіндегі ең маңыздысы болып отыр. Соңғы он шақты жылдың ішінде адамзат оны сезініп те, көзімен көріп те жатыр. Бірақ қарқын алған процесті тоқтатуға дәрменсіз. Бүгінде планетамызды мекендейтін халықтардың ортақ байлығы – оттегі тапшылығы әсіресе, ірі мегаполистерде қатты сезіліп жатыр. 

Жердің атмосфера деп ата­ла­тын үстіңгі қабатын, 80 шақырымға дейінгі биіктіктегі кеңістіктің 78 %-ын – азот, 21 %-ын – оттегі, 0,03 %-ын – көмір қышқыл газы, 0,04 %-ын – аргон және 0,93 % әр­түрлі газдар құрайды. Алайда дү­­ниежүзі бойынша жылу энер­гия­сын көп тұтынатын ауыр өнер­кәсіп­тің дамуына байланысты адам­дар тығыз орналасқан жер­лердегі ауаның құрамында оттегі күрт азайып, көмір қышқыл газы көбейді. Атмосферадағы табиғи тепе-теңдік бұзылды. Ең көп та­рай­тын улы заттар – көміртегінің оксиді (СО), күкірттің диоксиді (SO2), азоттың оксиды (МОх), кө­мірсутегі (Cn Hm) және зиянды шаң-тозаң. Олардың құрамында фтор қосындысы, хлор, қорғасын, сынап және бензапирен сияқты 500-ден астам улы заттардың түрі бар. Зиянды газдардың атмос­фе­раға көп мөлшерде шығарылуы ты­ныс алу арқылы адам организ­мі­не ғана емес, тұтастай жан-жануар­лар, өсімдіктер әлеміне, эко­жүйенің, қоршаған ортаның тозуына әсер етеді. Бұл – әлемдік проб­лема. Америкалық ғалым­дар­дың есебінше, ісік аурулары мен тыныс алу органдарындағы қатерлі ауруларды туғызатын атмосфера құрамындағы ұсақ дисперстік бөл­шектер жылына 2,1 миллион  адам­ның өмірін жалмайды екен. Ал жалпылай алғанда, ауаның лас­тануы жыл сайын 7 млн адамның өлі­міне себепкер болады. 
Орыс жазушысы Александр Бе­ляевтің «Ауа саудагері» фан­тастикалық кітабындағы қияли бол­­жамдары бүгінде тура келді. Бұ­рын ауыз­суды құтылап сатып ала­тын бо­лсақ, енді таза ауаға да дәл солай ақша төлеп қол жет­кізе­тін болдық. Өйт­кені ғылыми-тех­никалық прог­­ресс ілгерілеген сайын адам­зат­тың тынысы та­ры­лып, тұншыға бастады. Әсіресе, миллиондаған ха­лық шоғырланған қытай мега­полистері көк аспанды тұмшалаған қара түтінге тұншығып жатыр. Мы­салы, Бейжіңде өмір сүретіндер қаланың ауасымен тыныстағанда, күніне екі қорап темекі шеккендей бо­лады екен. Өкпеге түзіліп, ты­ныс алу ауру­ла­рын қоздыратын PM 2,5 микробөл­шектер мұнда Дү­ниежүзілік ден­саулық сақтау ұйы­мының норма­сынан үш есе жо­ғары көрінеді. Со­ған байланыс­ты ірі қалалардың тұрғындары қа­зіргі кезде құтыға сығымдалған таза ауаны сатып алатын жағдайға жетті. 


Соңғы жылдары қытайлар 7,7 литрлік баллонға сығымдалған таза ауаны Канададан сатып ала бастаған. Бір құтының құны 108 юань – бес доллар. Баллондағы оттегі шамамен бір секундтық 150 жұтым ауаны құрайды. Канадалық Vitality Air компаниясы соңғы екі айда Аспанасты еліне таудың таза ауасы құйылған құтыларды оттегі маскасымен бірге тұрақты түрде сатып жатыр. Бір жұтқан кезде адам­ның өкпесіне 400-500 мил­лилитр ауа барады деп есептегенде, баллондағы ауа 15 рет кеудені кере дем алғанға ғана жетеді. Қытайдың ауасы тым лас, түтін басқан аудан­дарында таза ауаның бір жұтымы 5 юань (245 теңге) тұрады. 
Канада Тынық мұхитының арғы жағында орналасқан, сон­дықтан алыстан арбалағаннан гөрі, жақыннан дорбалаған тиімді бо­латынын түсінген қытайлықтар ауа­ны енді Жаңа Зеландиядан са­тып ала бастапты. Бірақ жаңа­зе­лан­диялықтар ауаның бағасын кана­далықтардан қымбатырақ сұрап отырған көрінеді. Жаңа Зеландия­ның тазаланған, оттегіге бай теңіз ауасы толтырылған, сыйымдылығы 7,7 литрлік бал­лон­ның құны 219 юань, оны теңгеге шақсақ 10749 теңге болады екен. Сөй­тіп, қазіргі кезде қытайлықтар үшін бір жұтым таза ауа 1,2 юаньға (60 теңге) же­тіпті. Үкімет та­ра­пы­нан үне­мі қалың түтін ба­сып тұра­тын Бей­жің халқына таза ауа сатып алу­­ға 75 пайызға дейін, ал басқа ме­гаполистерге 50 пайыз­ға дейін жеңілдік жасалып отыр. 
Қазіргі кезде еліміздегі ірі қала­лардағы ауаның газбен ластануы ша­мамен – 60-80, ал ең ірі ме­га­по­лис Алматыда – 90 пайыз. Ауадағы улы заттар Бейжіңде нормадан 3 есе­ге артық болса, Алматыда ол 9 есе­­ге көп екен. Бұл салыстырулар анық болса, алыстан әкелінетін ауа­ны құтылап жұтатын күн бізге де туар. Атмосфераға шығарылған зиянды заттар, газдар, химиялық эле­менттердің мөлшерін Казгид­ро­мет ғылыми-зерттеу институты үнемі бақылауда ұстайды. Қазги­д­ро­мет мәліметі бойынша, жыл сайын орта есеппен республи­ка­ның әрбір шаршы шақырымына 1,13 тонна зиянды заттардан келе­ді. Зиянды заттарды атмосфе­ра­ға шы­ғару мөлшері – Павлодарда (763,0 мың т.), Қарағандыда (601,6 мың т.), Жезқазғанда (487,0 мың т.), Шығыс Қазақстан қалаларында (170,0 мың т.), Қостанайда (170,0 мың т.), Ақмолада (120,0 мың т.), Аты­рауда (90,0 мың т.). Бұл аймақ­тарда жылу энергетикасы, метал­лургия, мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған. Атмосфераның лас­тану индексін (АЛИ) бағалау бойын­ша соңғы жылдарда ауасы ең көп ластанатын қалаларға Жез­қазған,Теміртау, Балқаш, Өске­мен, Риддер, Зырян сияқты өн­ді­ріс орындары көп қалалар кі­ре­ді. 
Халықаралық сарапшылар ауа­ның ластану деңгейі бойынша адам өміріне қауіпті болып табы­латын Қазақстандағы 15 қаланы атады. Олардың ішінде Алматы, Шым­кент, Тараз, Ақтау, Петро­павл сияқты бес ірі қала бар. Quality of Living Survey халық­ара­лық сараптау орталығының мәлі­меттеріне қарағанда, Алматы қор­шаған ортаның тазалық деңгейі бойынша әлемдегі 230 ірі қаланың ішінде 176-орынды ием­дені­п­ті. Бі­рақ әлгі 230 қаланың көбінде он миллионнан астам тұрғын бар. Біздің Алматының халқы екі мил­лионға да толмайды, өн­діріс орын­дары да аз, бірақ ауасы өте лас. Ауа­дағы зиянды заттарды сейілтуге метрологиялық жағ­дай­дың қо­лай­сыздығы себеп болып отырған көрінеді. Almaty Urban Air мәліметі бойынша, Алматының кейбір ау­дандарындағы ауаның әр­түрлі зиянды газдармен лас­тануы нор­мадан 9 есеге асып кетіп­ті. Ауасы нор­мадан үш есе асқан Бейжің қы­тайлары Канада елінен саф таза ауаны сатып алып тыны­сын ашып жатыр, ал бізде болса 9 есе! Демек, алматылықтарға да та­за ауаны са­тып алып жұтатын күн алыс емес сияқты.