Негізгі бет  /  мақалалар  /  Байлар да үнемдейді

Байлар да үнемдейді

Жолдасбек Дуанабай
1496
Байлар да үнемдейді Әлемде адал еңбек, маңдай терімен байығандар көп. Бірақ сол байлықты оңды-солды шашып жүрген кісіні көрмейсіз. Тірнектеп жиған дүниесі көрінгеннің қолында кеткенін ұнатпайтындардың қайсыбірі мұраларын итіне де қалдырып жатыр.

Дамыған елдердегі үйреншікті құбылыс біз үшін жат екені айдан анық. Мұндай әрекетке біздің қазақты алдаса да бармасы анық. Бәрінен де бізде баюдың жолдары қызық. Оны тереңдеп қозғаудың өзі әбестік болар. Алайда нарық басталғанда түн ұйқысын төрт бөлген ақшаны іздеп, жоқтан бар жасап, ақыры қалталылар қатарына қосылғандар жеткілікті. Аталарынан қалған малы жоқ болса да байыған қазақты көрдік. Әмияны ақшадан жыртылғанын көру бұйырмаған шалабайларды да білеміз. Айналып келгенде, жемқорлықтың кесірінен жолы болмағандардың түрмеде теңселіп жүргендері де жетеді. Оларды қомағайлық құртты. Үнемдеу емес, үптеп байығысы келгендердің түбі құритыны анық.

Бәрінен де бізге ата-баба­сы­нан қалған байлықты қалай есе­леп жүргендердің тіршілігі қызық. Айталық, күні кеше Kaz.tengrinews.kz сайтынан мынадай ма­қала оқыдым: «Әлемдегі ең бай адамдардың бірі, Berkshire Hathaway инвестициялық ком­па­ниясының басшысы Уоррен Баф­фет қаржы нарығы құлдыраған күні McDonald’s мейрамхана­лары­нан таңғы ас ішіп, ақша үнем­­дейді. Бұл туралы ол 30 қаң­тарда HBO арнасынан көрсет­іле­тін «Уоррен Баффет болу» деректі фильмінің трейлерінде мәлімдеді деп хабарлайды Lenta.ru.
«Бекон, жұмыртқа мен ірім­шігі бар «МакМаффин» 3,17 дол­лар тұрады. Алайда нарық құл­ды­раудан басталса, мен 2,95 доллар тұратын сэндвич аламын» деді мил­лиардер».
Мұндай жағдай біз үшін күл­кілі болар. Бірақ «дүниенің дол­ларын» уыстап ұстағандардың кез келген нәрседен үнемдейтіні күл­кілі емес. Олардың бір бөлігі хан сарайындай үйлерде тұр­май­ды, теңіз жағасында тербелген тол­қынға қарап жатпайды, жеке ұшақ жалдап ұшпайды, дүкен ара­лап табанын тоздырмайды. Со­ның арқасында, яғни, ақшаны оң­ды-солды шашпайтын, жаман жер­ді баспайтын байлар қолын­дағы қаражатты қалай тиімді жұм­­сауды жақсы меңгеріп алған. Біз бай мен кедейді теңестіре ал­май жатқанда, сырттағы сұңғы­ла­лар қарапайым киініп, көпшілік баратын сауда орындарына ой­лан­бастан бара беретіндігімен ерек­шеленеді. 
Тауар мен қызметтің қым­бат­тағанына байлар да қынжылады екен. Өйткені қыруар қаражаты бо­ла тұра артық ақша жұмсауды жөн көрмейтіндер баршылық. Маңдай терімен келген табыстың құнын білетіндер қандай нәрсенің де тиімді, пайдалы болғанын қа­лай­ды. 
Зерттеушілердің айтуынша, бай­­лар, негізінен, ұсақ-түйекке кө­­бірек қаражат жұмсайды. Со­ның ізін көтерме сауда орын­да­рынан, жиі жеңілдіктер болып тұратын ірі сауда орындарынан, базарлардан алады. Байлар ақ­ша­ны ертесіне табыс әкелетін нәр­сеге жұмсауға құштар, ал кедейлер ақшаны мақсатты жұмсағысы кел­генімен, ақырында болар бо­л­­мас нәрсеге шашып алады. Ал ақыл-ойы дұрыс адам ақшаны қуат көзі ретінде санайды. Бір са­лаға салып, одан түсім алып оты­руды дұрыс көреді. Айталық, кез кел­ген дәулетті кісі қымбат көлік мін­бейді. Ол уақыт өте келе баға­сын тез жоғалтады. Сол себепті ар­зан көлік мінуге тырысады. Бұл енді дамыған елдердегі көріністер. Бізде ше? Байлардың не мініп жүргенін, қайда демалатынын, не тірлік бітіретінін жақсы білесіз­дер. 
Ақша аспаннан жаумайды. Оның үйіңізге қандай жолмен ке­­ліп жатқанын білуіңіз керек екен. Осы орайда мамандар 
Р.Кийо­сакидің кітабын оқуды ұсынады. Онда айлық жалақыны үнем­деп жұмсаудың жолдары көр­сетіледі. Жалақының 10 пайы­зын сақтық үшін жинап қоюды әдетке айналдырған жөн. Ал шы­ғынды азайту – басты мәселе. Қал­­талылар осылай үнемдейді...
Жер шарында атағы жер жар­ған миллиардерлер көп. Олардың ба­сым бөлігі бүгінгі күніне түр­лі­ше жолмен қол жеткізген. Енді со­­лардың өміріне тоқталып кө­ре­лік:
1. Майкл Блумберг, байлы-ғы – 34,3 миллиард доллар.
Майкл Блумберг Нью-Йорк қа­ласының мэрі болуға талас барысында жұрт көзіне іліккен. Bloomberg L.P – халықаралық ақпараттық компаниясының не­гі­зін қалаған және акционері болған. Осындай байлыққа қара­мастан, 10 жылдан бері жұмысқа екі аяқ-киімді кезек-кезек киіп ке­леді екен. Қара түсті мокасин­дер мил­лиардер үшін өте жайлы көрінеді. 
2. Билл Гейтс, байлығы – 79 мил­лиард доллар.
Өткен күндерінен сабақ алып жүретін байлардың бірі. Билл Гейтс бірде: «Табысыңды тойлау – өте тамаша. Алайда сәтсіздіктен сабақ алу одан да маңызды» деген. Ол да барынша үнемшіл.
3. Ингвар Кампрад, байлы-
ғы – 53 миллиард доллар.
Ингвар Кампрад – IKEA ком­па­ниясының негізін қалаушы. Қа­жетсіз шығындардан қашып жүре­тіндердің бірі. Жекеменшік ұшақ­қа әсте мінбейді. Билетті эко­ном-класқа алу әлі күнге дағ­дыға айналған. Кампрад өзінің мемуарында: «Бізге қымбат кө­ліктер керек емес, ғажайып аты да, әдемі униформа және басқа да символдардың қажеті жоқ. Біз өз күшімізге, өз еркімізге сүйенеміз» деген. Ең қызығы, ол бір крес­ло­ны 30 жылдан бері пайдаланып ке­леді. 
4. Опра Уинфри, байлығы – 2,9 миллиард доллар.
Телеарналарда шоу-бағ­дар­ламалар жүргізу арқылы танылған және байыған. «Сенімге жүгініңіз. Сенім ғана үмітіңізді ақтайды» де­ген ол қанша бай болса да өте қара­пайым киінген. 
5. Ричард Брэнсон, байлығы – 5,1 миллиард доллар.
Британдық миллиардер және Virgin Group компаниясының не­гізін қалаған Ричард Брэнсон өзі­нің алдына қойған қарапайым мақ­саттарын қағазға тізіп қоятын бол­ған. Тіпті қайсыбірі ақылға сыйым­сыз болса да ол өз дегеніне жету үшін күресті. Күндердің-күнін­де сол мақсатына жететініне кә­міл сенді. 
6. Карлос Слим, байлығы – 78,5 миллиард доллар.
Жұртқа ақшаны ертерек үнем­деуге кеңес беруге құштар. Мек­сикалық бизнесмен Карлос Слим ең бай адам Билл Гейтстің шаруасын дөңгелетіп әкетуіне сеп­тігін тигізген. Оған неден, қа­лай үнемдеуді үйреткен.

 


 

Дерек пен дәйек


Уоррен Баффеттің байлығы – 44 млрд доллар. 81 жастағы қария 1958 жылы 31500 долларға сатып алған қарапайым үйде әлі күнге дейін тұрады. 
АҚШ-тың күні кешегі президентінің Құдай қосқан қосағы, 48 жастағы Мишель Обаманың отбасылық байлығы – 2,6-8,3 млн доллар. Ол азық-түлікті супермаркеттерден сатып алады. Киім-кешекті ең арзан жерлерден таңдайды. 
 37 жастағы актриса Хилари Свонктың байлығы – 
40 млн доллар. Ол купон жинап, оны супермаркеттерде тегін тамақ алуға айырбастайды. 
61 жастағы танымал инвестор Дэвид Черитонның байлығы – 1,3 млрд доллар. Мейрамханаларда тамақтанып, артылып қалған асын үйіне алып кетуге әдеттенген. 
Мұнай магнаты Томас Бун Пикен 84 жаста. Байлығы – 1,4 млрд доллар. Бір киер киімдерді 5 жылда бір рет қана сатып алады екен.



7. Джон Кодвелл, байлығы – 2,6 миллиард доллар.
Ағылшын бизнесмені ұялы  те­лефондар шығару арқылы байы­ған. Қыруар қаражаты бола тұра қымбат көлік мінбеген, ақ­ша­сын текке шашпаған. Әлі күнге дейін жаяу жүруге дағдыланған. Асыққанда мотоциклмен немесе қоғамдық көлікпен жүргенді ұна­тады.
8. Дэвид Черитон, байлығы – 1,7 миллиард доллар.
Дэвид Черитон – Google-дің ал­ғашқы инвесторларының бірі. 1998 жылы салған қаражатынан қо­мақты өсім алып тұрады. Осы­ған қарамастан, ол арзан шашта­раз­ға барады. 
9. Марк Цукерберг, байлығы – 30 миллиард доллар.
Acura көлігін мінеді (құны 30 мың доллар), қарапайым өмір сү­реді. Жер шарындағы жас мил­лиар­дер не істесе де ақшасы бар. Алайда ол ел көзіне ерекше түсіп көр­меген. 
10. Джон Дональд Макартур, байлығы – 3,7 миллиард доллар.
Макартур – Bankers Life and Casualty Company мекемесінің бірден-бір акционері. Осыншама қаржысы бола тұра ол қымбат дүниелерге қызықпайды. 
11. Томас Бун Пикенс, байлы­ғы – 1 миллиард доллар.
Мұнай магнаты Пикенс – ақша үнемдеуден алдына жан салмаған адам. Әмиянында қажетті ғана қара­жат жүреді. Басы артық ақша ұстамайды. Дүкенге барарда ол өзін­е қажетті заттардың тізімін жа­зып, соны ғана сатып алады.
12. Джим Уолтон, байлығы – 34,7 миллиард доллар.
Джим Уолтон – WalMart-тың не­гізін қалаушы Сэма Уолтонның кенже ұлы. Өте қарапайым өмір сүреді. Оған мұны үйреткен әкесі. Қаржы саласында тасы өрге до­ма­лап тұрса да 15 жылдан бері бір көлікті мінеді. 
13. Дональд Трамп, байлығы – 3,9 миллиард доллар.
АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп – зор  табысқа жет­­кен байлардың бірі. «Егер сіздің жұмысыңыз өз же­мі­сін берсе, жұрт сізді кездейсоқ ба­қытты адам деп есептейді. Со­лай болуы да мүм­кін. Жұмыс іс­тейтін миыңыз­дың болғаны қан­дай жақсы» дейді ол. 
14. Роберт Куок, байлығы – 11,5 миллиард доллар.
Роберт Куок – Малайзиядағы өте бай адамдардың бірі. Ол ана­сы үйреткен ережемен жүреді.
Роберт «қаржы саласында та­быс­қа кенелу үшін батыл болу ке­рек және өз жолыңдағы мүм­кін­діктердің бәрін пайдалан» де­ген ұстанымды ұнатады. 
15. Ли Кашин, байлығы – 31 мил­лиард доллар.
Ли — Азиядағы шіріген бай­лардың бірі. Ол өзінің тамаша та­бысын қарапайым өмір сүруі­мен байланыстырады. 
16. Джек Ма, байлығы – 10 мил­лиард доллар.
Джек Ма – Alibaba Group ком­­паниясының негізін қалаушы. Ол клиенттерді бәрінен жоғары орын­ға қояды. Өзін байытқан со­лар деп түсінеді. Сол себепті олар­дан асып-тасып жүргенді ұнат­пайды екен.
17. Говард Шульц, байлығы – 2,2 миллиард доллар.
Starbucks компаниясы дирек­торлар кеңесінің төрағасы. Шу­льц «капиталдан гөрі, адамның мәр­тебесі жоғары. Миллиар­дер­лер тізімінде тұруды ұнатпай­мын. Өзіме не жетіспейтіндігін анық­та­ған емеспін. Өз орнымды анық­­тауға әлі күн­ге тырысумен келе­мін» дейді ол.
Иә, байлар төңірегінде қы­зық­ты әңгімелер көп, қауесет те жетедi. Дегенмен олардың үнем­шілдігіне көптеген кедей­лердің өз­дері қызығады. Шын мә­нінде миллиардерлердің дені үнемшіл. Сараңдары да жеткілік­ті. Айта­лық, әлемде төрт мил­лиар­­дердің бірі бағасы 100 дол­лардан артық аяқкиім алмайды. Миллиар­дер­лердің жартысы ғана жаңа көлік мінеді. Бір бөлігі 250 дол­лардан қымбат емес сағат та­ғады.
Тіпті таңғалатын жағдайлар бар. Мысалы, белгілі қаржыгер Генриет Хоуленд Грин (1916 жы­лы өлген) қарттықтан қажыған кезде сол кездегі ақшамен 20 млрд доллары болған. Чикагода өз үйі бола тұра, өте арзан пәтер жалдап тұрған. Қымбат болғандықтан пешті пайдаланбаған. Тамақты ыстық батареяға жылытып жеген. 
Баласы ауырғанда аяғына ота жа­сату үшін бірнеше күн арзан ауру­хана іздеген. Сөйтіп жүрген­де, уақыт өтіп кетіп, ақыры дәрі­гер­лер баласының аяғын кесіп тас­­тапты. 
Джон Пол Геттидің үйінде қа­рапайым телефонмен бірге так­софон да болған. Кейде арзан бол­ған соң, соны пайдаланған. Бір­де қарақшылар оның сүйікті немересін ұрлап кетіп, баланы са­тып алуға 17 млн доллар сұрай­ды. Ол бұзақылармен саудаласып жүр­генде немересі құлағының жар­тысынан айырылады.
Тetra Pak компаниясының бас­шысы Ханс Раусингтің авто­пар­кінде жалғыз көлік болған. 
Ол – «Нива» көлігі. 
IKEA жиһаз компаниясының ие­гері Ингвар Кампрад – Швеция­­дағы байлардың бірі. 28 млрд дол­лары бар. Соған қара­мас­тан, ол а­рзан мейрамхана­лар­дан тамақ іше­ді. Автобуспен жү­ре­ді. Үш жұл­дызды қонақүйлерге ғана тү­нейді. Үйіндегі жиһаздарға 30 жыл болған.
Міне, дүниенің кілтін ұстаған­дардың бір құпиясы осындай. Үнем­деу арқылы да ақшасын есе­леп көбейтіп жатыр. Ал қазақтың қалталылары үнемшілдікті қашан үйренеді? Байлығын жұртпен бө­лісуге қалай қарайды?