Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазтуған мен Шалкиіз қай ғасырдың жырауы?

Қазтуған мен Шалкиіз қай ғасырдың жырауы?

Серікбол ХАСАН
1536
Қазтуған мен Шалкиіз қай ғасырдың жырауы? Қазтуған Сүйінішұлы мен Шалкиіз Тіленішұлы – тек қазаққа ғана емес, ноғай, қарақалпақ, башқұртқа да ортақ тұлғалар. Дегенмен жыраулар туралы деректер оқырманды екіұшты ойға жетелейді. Себебі, екі жыраудың ғұмыр кешкен кезі әр жерде әрқалай беріліп жүр.

Қазтуғанды біздің кейбір зерт­теуші-ғалымдарымыз Қазақ хан­дығы құрылған тұста өмір сүрген дей­ді. «Қайырлы болсын сіздерге, Ме­нен қалған мынау Еділ жұрт!» деп аяқталатын толғауын алға тар­та келіп, Қазтуғанды ноғайдың қазақ шы­ғып, Жәнібектің орда­сы­на жет­кенд­iгiмен өлшейдi. Шы­ны­мен солай ма? Шалкиізді де сол дәуір­де өмір сүрген деп жүрміз. Шал­киіздің Темір биге арнаған бір­­неше толғауы бар. Осындағы Те­­мір би кім? Қазаққа қатысы бар адам ба? Осы мәселелерді хал-қа­де­рімізше талқыға салып көрсек.
Темір би – Ноғай ордасын құр­ған Едігенің Мансұрдан туған не­мересі. Қазан хандығы (1438), Қы­рым хандығы (1441), Ноғай ор­дасы (1440) секілді Алтын Орда­дан енші алып шыққан Үлкен ор­да­ның (1433) беклербегі болды. Үл­кен орданың аумағы ол кезде Еділ­ден Теңге (Дон) дейінгі жерлер мен Повольже мен Солтүстік Кав­казды алып жатты. Астанасы – Са­рай Берке қаласы болды. Орданың алғашқы ханы Тоқтамыстың не­мересі Сейіт Ахмет еді. Одан кейін Ахмет таққа отырды. Темір бидің ордаға беклербек болатын кезі – осы Ахметтің тұсы. Үлкен ор­да­ның маңғыттарын биледі. Уграда бол­ған орыстарға қарсы шайқасқа Ах­метпен бірге Темір де қатысты. Алай­да осы шайқастан кейін орда­ның шаңырағы шайқала бастайды. Соңында Ноғай ор­да­сының биі Мұса бастаған мырзалар Ахметті өз сарайында жан тәсілім етті. Ханы­нан айырылған Темір би Қырым хан­­дығына ауып кетті. 1486 жылы қы­зы Нұр-Сұлтанды Қы­рым ханы Мең­лі-Керейге ұза­тып, сол жақта қал­ды.
Шалкиіз жырау – осы Темірдің за­­мандасы. В.Трепавловтың жазуын­­ша, Шалкиіз Темірдің се­нім­ді серіктерінің бірі бол­ған. 
Темір еді биіміз,
Теңіз еді халқымыз.
Тебірлерге қалғанда,
Теңселерге ұқсайды
Ауыр ноғай жұртымыз.
Жоғарыдағы жыр ноғай ара­сында кең тараған. Ал Шалкиіздің қазақ оқырмандарына белгілі Те­мір­ге арнаған мадақ жырында «Сұл­­тан ием, сен менің, Бармай та­п­қан Қағбамсың!» деп асыра мақ­тайды. 
Жырау Темір биді осылай ұлық­­­­тағанымен, Уаққас биге іш тарт­паған.
Ноғайлар арасындағы А.Си­қалиев, Б.Құлыншақова құрас­тыр­ған жинақтарда Шалкиіздің «Мен көрер­мін» деген толғауы жария­лан­ған. 
– Он сан ноғай 
Отаныма қарасам,
Оқас мырза
Оғырсызды көрермін, – деп жыр­лайды Шалкиіз. 
Жыраудың мұндағы Оқас мырза дегені – Уаққас би. Темір де, Уаққас та – Едіге бидің не­ме­ре­лері. Темір Едігенің үлкен ұлы Ман­сұрдан, Уаққас кіші ұлы Нұ­раддиннен тараған. Үлкенордалық но­ғайлар Темірге жақ болса, но­ғайор­далықтар Уаққасты қолдады. Бір атадан тараған Темір мен Уақ­қастың өштесуіне осы жағдай себеп болды. Өшпенділіктің соңы Уаққастың ұлы Мұса би бастаған ноғайлардың Ахметті өлтіруімен аяқталды. Осылайша, 1502 жылы Үл­кен орда хандығы тарихтан жойыл­ды.
Темір би XV ғасырдың екінші жар­тысында өмір сүргені белгілі. Демек, Шалкиіз де Темірмен қа­тар­лас ғұмыр кешкен.
А.Сиқалиевтің «Ноғай әде­биеті» кітабында да, Б.Құлынша­қова құрастырған «Жыр иесі мен едім» жинағында да Шалкиіздің туған кезін 1420 жыл деп көрсетеді.
Шалкиіз – жалғыз бала. Жы­рау­дың өзі толғауында «Анадан жал­ғыз туғанмын» дейді. Темірге а­рн­аған бір толғауында:
– Тебінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едік.
Дәрежеңді бұл күнде
Артық етсе – Тәңірі етті, – дейді. Жыраудың «Тең атаның ұлы едік» дегеніне қарағанда Шал­киіз­дің ноғай билерінің ұрпағы болуы да мүмкін. Алайда бұған қатысты де­рек­тер сақталмағандықтан, бол­жам ғана. Шынымен жыраудың әке­сінің аты Тіленші ме? Өйткені ел арасында тіленшілікке душар болғанда жұрттың таңған лақабы деген дерек бар. 
Кейбір зерттеушілер Шалкиізді Мұса бидің қолында тәрбиеленген, тіпті бидің жиені деп жазып жүр. Әкесінің оғырсыздығын бетіне бас­­қан жырау қалай баласы Мұса­ның қолында тәрбиеленеді?
Шалкиіздің кейінгі өмірі Хақназар ханның тұсында қазақ даласында жалғасқаны айтылады, тіпті Кавказды да қоныс қылған. Бұған «Мен көрермін» толғауында­ғы жыраудың:
– Асқар тауға 
Армай шығып қарасам,
Ана Еділдің 
Ақ екенін көрермін, – деген жол­дары дәлел бола алады. Шал­киіз жыраудың қазақ арасында да кең таралған:
– Асқар, асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас,
Басына балапан шарлап 
ұшып қона алмас, – 
деп келетін жыры бар. Осы екі жыр­дағы Асқар тау – Кавказдағы Эльбрус тауы. Айтпақшы, но­ғай­лардың бір аңызында Эльбрустың атын осы Шалкиіз қойған делінеді. Таудың үстінен қарағанда Ана Еділ арқырап, айнала алақандағыдай жар­қырап көрініпті. Сонда Шале­кең төменге көз тастап тұрып «бір уыс ел екен» деп таңдай қағыпты. Со­дан «Ел бір уыс», Эльбрус ата­нып кеткен дейді. 
Ал Шалкиіздің қазақ шығуы өмі­рінің кейінгі жылдарында бол­ған оқиғаға ұқсайды. Мұса биден кейін Ноғай ордасы тағына ұлдары Шейх Мамай, Жүсіп, Ысмайыл отыр­ды. Одан кейін Ысмайылдың ұлы Дін-Ахмет, Ұрыс биледі. Алай­да осы кездерден бастап Ноғай ордасы орыстың отарына айналды.
Шалкиіздің қазақ шығуына қа­тысты дерек те екітүрлі. Бірі Те­мір биден теперіш көрді десе, енді бірі жырауға тісін батырған Жүсіп би дейді. Темір биге арнаған тол­ғауында Шалкиіз:
– Ей, би Темір, би Темір,
Қыр иесі мен едің,
Жыр иесі мен едім,
Қырды жырдан айырдың,
Омыртқамды қайырдың, – дей келе, «Қазақ та шығып барамын, Қай­ран да болып қаламын» деп тәмамдайды. Шалкиіздің мына жы­рына құлақ түрсек:
– Мен Темірдің күнінде,
Арғымақ міндім тағалап.
Әзіке Мансұр кезінде, 
Бұқа міндім ноқталап.
Ары қарай Темірдің кезінде бал ішіп, Әзіке Мансұр кезінде была­мық ішкенін жырына қосады. Со­ған қарағанда, Әзікеге оң қабақ та­нытпағаны байқалады. Әзіке Те­мірден кейін билікке келді. Де­рек­терде Шалкиіз дәл осы Әзікенің тұсында қысым көріп, қазақ шық­қан делінеді. Сөйтіп, 1490 жылдары Аст­рахань хандығына келіп, Еділ­дің шығыс бойын жайлады. Бұған сол уақыттағы Шалкиіздің ноғай­лар­да сақталған «Еділім» толғауы дәлел.
Еділімсің – теңімсің,
Отың – шекер, суың – шәрбат,
Көп ноғайым кең жайлаған жерімсің.
Тәлейсіз Шалкиіз бүгінде,
Қазақ шығып барады.
Біздей болған жырауға,
Жолың болсын дермісің?!
Ноғай билерінен жеріп қазақ шық­қан атақты жырауды қазақтың дана да дара ханы Хақназар асқан құр­метпен қарсы алған деседі. Бұл Шал­киіздің қартайған кезі болса керек. 
Ал Қазтуғанның тарихы тым бе­ріде. Ол үшін Қазақ хандығынан бас­тауға тура келеді. Тарихта Қа­зақ­­тың ханы Қасым қызы Бұл­дыр ха­нымды Шейх Мамайға ұзатқан. Жо­ғарыда Шейх Мамайдың Мұса бидің ұлы екенін айттық. Қасым­ның ұлы Хақназар кішкентайынан апасымен бірге еріп, сол Мұсаның же­рінде, Ноғай ордасында өсті. Кейін Ноғай ордасының тағына Шейх Мамай отырған кезде Хақ­назарды башқұрттардың басшысы етіп тағайындады. Қасымның ұлы Мамаштан кейін Қазақ хандығы Қасым ұлдарының уысынан шы­ғып қалды. Таққа талас басталды. Осы мүмкіндікті пайдаланып қал­ғы­сы келген ноғайдың биі Шейх Ма­­май қазақтарға қарсы шабуыл­дап, жеңіске жетті. Сөйтіп, өздері­нің өкілі ретінде Хақназарды хан тағына қойды. Бастапқы кезде шы­­найы билік Хақназардың емес, но­­ғай мырзаларының қолында бол­­ды. Алайда Шейх Мамайдың қуыр­шағы болуды емес, әкесі Қа­сым ханның үмітін ақтауды мақсат тұт­қан Хақназар қазақтың жерін кеңейту мақсатында ноғайдың өзі­не қарсы шықты. Шейх Мамайдан кейін билікке келген Мұсаның тағы бір ұлы Ысмайыл бидің ке­зін­де, нақтырақ айтқанда 1557 жылы Хақназар хан бастаған қазақ қолы, ноғайларды Еділден әрі ығыстыр­ды. Міне, Хақназардан қаймыққан осы Ысмайыл Қазтуған жыраудың бе­сін­ші атасы болатын.
Қазтуғанның шынайы шежіре­сі былайша өрбиді: Едіге – Нұрад­дин – Уаққас би (1440 жылдары қайт­қан) – Мұса би (1502 жылы қайт­қан) – Ысмайыл (1563 жылы қайтқан) – Дінбай – Тінекей – Аб­долла – Сүйініш – Қазтуған болып жал­ғасады. Ысмайылдан кейін би­лік ұлдары Дін-Ахмет, Ұрыстың уы­сында болды. Сондықтан Дін­бай би бола алмады. Дінбай өзі би бол­маса да ұлы Қанай (Тінекейдің інісі) би болды. Қанай Ноғай орда­сының соңғы биі еді. Қанайдан кейін би қою дәстүрі жоғалды. Қаз­туғанның «Билер өтті, би соңы, Би ұлының кенжесі» дейтіні содан. 
1557 жылғы қазақ-ноғай ара­сын­дағы шайқастан кейін, 1558 жы­лы Ысмайылдың ұлы Дінбай Қырымға өтіп кетті. Кейін Дінбай ұрпақтары орысшыл Ормамбетті өлтіріп, Жемге жақындады.
– Сап-салпыншақ анау үш өзен, 
Салуалы менің ордам қонған жер, – дегенде Қазтуған Еділ мен Жайық­қа қосып, Жемді де атайды. Соған қарағанда, Дінбай ұрпақ­тары Тінекей, Абдолла, Сүйініш осы үш өзенді жайлағаны анық. 
Архивтерде Сүйініш туралы бірнеше дерек бар. Соның бірі – 1673 жылғы қалмақ-орыс бітіміне осы Сүйініш Абдоллаұлы өзі бас бо­лып барған. Себебі, Сүйініш қал­­маққа күйеу болатын. Жоға­ры­дағы деректерді алға тарта келгенде Сүйініштің ұлы Қазтуған ХVІІ ға­сыр­дың бірінші жартысында туған жырау болады. Ендеше, біздің Қаз­ту­ғанды Жәнібектердің зама­нына апарып, «Алмас қылыш» филь­мінде көрсетілгендей, алтын­шы атасы Мұсаға қарсы қоюымыз тарихқа жасалған қиянат болмай ма? 
Кейін Абдолла мен Сүйініш Еділ бойына қайта оралып, Қиғаш бойын жайлады. Ал Қазтуған олар­ға ілеспей, Оқ-Балқанға бет алған де­седі. Алайда Қазтуғанның өмірі­нің соңғы жылдары қалай тәмам­дал­ғаны белгісіз. Жыраудың ұлы Ма­наш аталарымен бірге кеткен­дік­тен, Қазтуғанның ұрпақтары Қи­ғаш бойында қалды.


P.S. 

Айтпақшы, тарихта бір емес, екі Қазтуған болған секілді. XV ғасырдың басында Литва князы Витовт пен Ноғай ордасының билеушісі Едігенің арасында Еділдің бойында ұлы шайқас болған. Сол ұрыста Польшаның атақты рыцары Любекпен шайқасып, жеңіске жеткен ноғай батырының аты да Қазтуған екен. Бұл қай қазтуған? Ол жеке зерттеуді қажет ететін мәселе. 


Алибек Койлакаевтiң суреті