Негізгі бет  /  мақалалар  /  Балалар – басты назарда

Балалар – басты назарда

Айқын-ақпарат
213
Балалар – басты назарда Ақтауда 12 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күтуде.

Бұл жайында Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясында «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында өткен жиында айтылды. Шарада Ақтау қалалық білім бөлімінің маманы Бағдат Тұрғанбаева баяндама жасап, өткен жылы білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

Қазіргі таңда, шаһарда 42 мем­лекеттік және 31 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары жұмыс істейді. Олардың қатары биыл 14-ықшамаудандағы «Жау­қазын», 6-ықшамаудандағы «Өркен», 27-ықшамаудандағы «Алпамыс», 13-ықшамаудандағы «Таңшолпан» балабақшаларымен толықтырылмақ. Аталған бала­бақшалар мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік негізінде іске қо­сылмақ. 
– Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша республи­када алғашқы орында тұр. Сон­дықтан да бөбектерімізді бала­бақшамен қамтамасыз ету мә­селесі өзекті болып отыр. Оның үстіне, Елбасымыздың 2020 жыл­ға дейін мектеп жасына дейінгі 3-6 жас аралығындағы балаларды толық қамту бойынша тапсыр­масы бар. Жалпы, санмен айтқан­да 0-6 жас аралығындағы 31958 баланың 13054-і (41%) мектепке дейінгі ұйымдар мен 3-6 жас ара­лығында 13320 баланың 13054-і балабақшамен қамтылды. Ақтау қаласы әкімі бекіткен «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ны­сандарының 2015-2020 жылдарда іске қосылуы ту­ралы қадамдық жоспары» жа­сақталып, сол жос­парға сәйкес жұмыстар жасалуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарының санын арттыру мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да шешімін табуда. Қазіргі таңда, жаңадан 8 жекеменшік балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде 420 бала қабылдап, жұмысын бастады, – дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің маманы Бағдат Тұрғанбаева.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар қызметін тиімді ұйым­дастыру мен балаларды кезекке қоюдың және балабақшаға жол­даудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысы әкімі аппаратының қол­дауымен Ақтау қалалық білім бөліміне қарасты балабақшаларға арналған «Электронды мектепке дейінгі бі­лім беру ұйымдары» автоматтанды­рыл­ған ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстарын қолға алған. Балабақ­ша кезегі ашық түрде бұқаралық ақ­парат құрал­дарында жарияла­нып тұрады. Жалпы алғанда, бү­гінде Ақтау қаласында балабақша кезегінде 0-6 жас аралығындағы 12 494 бала тұр. Оның ішінде, 0-3 жастағылар – 12 264 бала болса, 3-6 жас ара­лығындағылар – 230 бала. 

Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы