Негізгі бет  /  мақалалар  /  Путин не дейді?

Путин не дейді?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1443
Путин не дейді? Ертең Ресей президенті Владимир Путинның Күншығыс елі – Жапонияға арнайы сапары басталмақ.

 Сапар екі күнге межеленіп отыр. Бұл сапарда, әсіресе, Жапон елі үшін аса маңызды тарихи құжатқа қол қойылуы мүмкін. Өйткені Жапон премьер-министрі Синдзо Абэ осы жолы қайтсе де, Путинді ыңғайға көндіріп Куриль аралдары тізбегіне кіретін Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдарын кері қайтаруға тырыспақшы. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы күндері бұл аралдар Қызыл армияның қармағына өтіп кеткен еді. Одан бергі уақытта осы аралдарға байланысты қаншама келіссөз КСРО мен және одан кейін оның орнын басқан Ресеймен жүргізілді, бірақ еш нәтиже бермеген еді. Әсіресе, Синдзо Абэ Жапон билігін қолға алғалы бері арал мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Синдзо Абэ Путинмен әртүрлі халықаралық бас қосуларда кездесіп қалғанда жалықпай осы аралдарды Жапон еншісіне беруді айтып келеді. Бірақ Путин әзірге ешқандай уәде берген емес. Тіпті қыркүйек айында Ресей президенті «территорияны саудаға сала алмаймыз» деп Куриль аралдары жөнінде кесіп айтқаны бар. Ал бұл жолы қалай болмақ? Не айтады? Әзірге белгісіз. Бір белгілі дүние қараша айының ортасында Ресей қорғаныс министрі Жапон тарапынан әлдеқандай жағдай болады деп болжам жасады ма, Итуруп және Кунашир аралдарына әскери кемелерді жойып жіберетін «Бал» және «Бастион» зымырандық ату кешендерін орналастырды. Бұл жағдай Жапон жағының біршама наразылығын тудырған. Ал бұл кездесуде жағдай қалай шешілмек? Кезіндегі Ресей президенті Ельцин Куриль аралдарының мәселесін «2000 жылға дейін шешіп беремін» деп уәде еткені бар. Бірақ ол орындалмады. Ендігі үміт Путинде. Синдзо Абэ қанша күш салып, «инвестиция құйып, екі ел арасындағы сауда-саттықты қыздырамын, Қиыр Шығысты гүлдендіреміз» деген сияқты уәдені төккенімен, түйіні қиын бұл мәселе бұл жолы да шешіле қоюы екіталай. Біріншіден, Ресей ол аралдарды беріп жіберетін болса, ұтылғаны. Өйткені қарымтаға Жапон жағы ештеңе бермесі де белгілі.
   Тіпті Батыс елдерімен бірігіп Ресейге салған санкцияны алып тастауы да неғайбыл. Екіншіден, Жапония мен Қытай арасында да кейбір аралдарға байланысты дау бар. Егер Ресей аралдарды Жапонияға берсе, Қытай тарапынан түсініспеушілік туындауы мүмкін. Өйткені Ресейден аралдарды қайтарған Жапония Қытайға да «Ресейден үлгі ал. Даулы аралдарға аласың болмасын» деп уәж айтары хақ. Үшіншіден, Куриль аймағы Ресей балық шаруашылығы үшін Клондайк. Ресейдегі балық шаруашылығының басым бөлігі осы маңда орналасқан. Яғни, одан Ресейдің бас тартуы мүмкін емес. Десек те, Жапон жағы Путиннің сапарына үлкен үмітпен қарап отыр. Тіпті премьер-министр Синдзо Абэ: «Бұл мәселені кейінге аманаттамай, біздің буын түпкілікті шешіп кетуі тиіс. Осы кездесуде Жапон елі үшін өзекті дүниенің шешімін табуға қалайда күш саламын» дейді. Уақыт көрсетер. Ал Путиннің сапар аясында тілге тиек етер мәселесі «тек ел арасындағы жылы қарым-қатынас, сауда-саттық мәселесімен ғана шектеледі» деседі ресейлік сарапшылар. Кім білсін?