Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кәсіпкерлер бюджеттен 6,3 млрд. теңге жымқырды

Кәсіпкерлер бюджеттен 6,3 млрд. теңге жымқырды

Айқын-ақпарат
1071
Кәсіпкерлер бюджеттен 6,3 млрд. теңге жымқырды Шығыс Қазақстан облысының аумағында тармақталған жалған кәсіпкерліктер желісін құрған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды.

ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі тоғыз айдың ішінде  сотқа дейінгі 101 өндірісті тіркеп, 59 істі сотқа жөнелтті. Анықталған залал көлемі 6,3 млрд. теңгені  құрады, ал мемлекеттік қазынаға қайтарылған сома - небәрі 223,4 млн. теңге.

ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің аға тергеуші Ләйлә Искакова «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі күні экономикалық қылмыс елдің ілгері дамуына және оның экономикалық негізін нығайтуға шынайы қауіп төндіре бастағанын айтты. Оның ең өзекті және кең таралған түрлерінің бірі жалған кәсіпкерліктерді құру жолымен бюджетке салықты және өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтару болып табылады.

Аға тергеуші сондай-ақ, Экономикалық тергеу қызметі ерекше назарды қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарының заңдастырылуына және олардың заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылуына  жол бермеуге бөлетіндігін атап өтті. Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктерде қаржы қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде 5 жалған кәсіпкерліктің өкілдері ұсталды. Қолма-қол ақшаға айналдырылған сома көлемі 34,9 млн. теңгені құрады.

Онымен қоса, 3 қылмыстық іс бойынша 67 млн. теңге сомасына екінші деңгейлі банктерде ашылған шоттарға шектеулер қойылды. Қазір барлық қылмыстық істер бойынша тергеу жүруде. 

 

ҚазАқпарат