Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Қазақстаннан мәскеуліктерге қымыз жеткізіледі

Қазақстаннан мәскеуліктерге қымыз жеткізіледі

Айқын-ақпарат
556
Қазақстаннан мәскеуліктерге қымыз жеткізіледі   Қазақстандықтар жылқының құрғақ сүтін Мәскеуге экспорттамақ. Бұл туралы біздің агенттіктің тілшісіне өндіруші компанияның өкілі, яғни «Евразия инвест ЛТД» ЖШС бас директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбеков хабарлады.
«Ресейге биенің сүтін құрғақ ұнтақ күйінде тасымалдауды бастадық. Мәскеуге ақпаннан бастап экспорттаймыз, бұл қалада өнімді саудалайтын біздің серіктес бар. Айына жарты тоннаны жөнелтуді жоспарладық, кейіннен бұл көлемді арттырамыз»,-деді Ғ. Мейрамбеков. Сонымен қатар өндірушілер бүгінде бие сүтін Қытай мен Еуропаға экспорттау бойынша келіссөздер жүргізуде. «Қытайда бірнеше компания өз қызығушылықтарын танытып отыр, алайда бізді бүгінде сертификация тұсап тұр. АШМ-мен бірге бұл бағыттағы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ал Еуропада осы тектес құрғақ сүт өнімін 30-ға тарта компания шығарады, яғни осында нарық дайын тұр. Біз Германиядағы зертханаға өнімді тексерткен едік, осы орайда кейбір көрсеткіштер бойынша еліміздің сүті еуропалықтан асып түсті. Өйткені, біздің жылқылар жайылымға шығарылып, түрлі шөптесін өсімдіктермен қоректенеді»,-деп нақтылап өтті ол. Бүгінде кәсіпорын өнімдерін Астана мен Алматыда өткізуде. Оның сөзіне қарағанда, еуропалықтар жылқы сүтін косметика саласында кеңінен пайдаланып келеді. «Жыл сайын осы косметиканың көлемі артып келеді. Құрғақ сүт негізінде болашақта косметика өндіруді жоспарға енгіздік», - деді өндіруші. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2014 жылы Қарағанды облысының Осакаров ауданында жалпы құны 800 млн. теңгеден асатын бие сүтінен құрғақ ұнтақ жасау өндірісінің жобасын жүзеге асыру басталған еді. «Евразия Инвест Ltd» ЖШС-нің жобасы ішінара «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның несиелік желісімен қаржыландырылды.


inform.kz