Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Ермахан Ибрайымов: Алматыдағы Универсиада қала тұрғындары үшін бай мұра қалдырмақ

Ермахан Ибрайымов: Алматыдағы Универсиада қала тұрғындары үшін бай мұра қалдырмақ

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
491
Ермахан Ибрайымов:  Алматыдағы Универсиада қала тұрғындары үшін бай мұра қалдырмақ Қысқы универсиада алау эстафетасының Алматыдағы кезеңіне алау көтеруші ретінде қатысатын бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов алда келе жатқан жарыстар оңтүстік астанаға қандай ықпалын жасайтындығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.

- Алдағы Қысқы универсиадаға қатысты үмітім зор, - деді Ермахан Ибрайымов. –Бірінші кезекте, осы ойындар қаламызға бай мұра қалдырмақ, жаңадан салынған спорттық объектер алматылықтардың игілігіне қызмет ететін болады. «Алматы-Арена» мұз кешенін мысалға алайық, ол қаланың көрікті орнына айналды, жас жұбайлар осында келіп, суретке түсіп жатқанын өзім көрдім. Олимпиада ойындарын немесе Универсиаданы өткізген қаланың дамуында үлкен серпін байқалатыны белгілі. Универсиада кезінде Алматыға шетелден көптеген спортшылар, жанкүйерлер мен туристер келмек, қаламыз көркейіп, жақсы жаққа қарай өзгереді. Екіншіден, Универсиада жетекші қазақстандық спортшылар үшін өз пайдасын тигізеді, өйткені ол 2018 жылғы Қысқы олимпиада ойындарына дайындықтың келесі бір кезеңіне айналмақ. Алматыда Универсиаданы өткізген соң,  атлеттеріміздің қайсысы Олимпиадада медальдері үшін күресетінін білетін боламыз. Үшіншіден, Универсиада секілді ауқымды іс-шараны өткізу арқасында қаламыз қандай бағытта даму қажеттігін анықтай алады.

- Қысқы универсиада кезінде қандай жарыстарға баратыныңызды шешіп қойдыңыз ба?

- Ерлер арасындағы хоккей жарысын көргім келеді, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің жанкүйерлері қатарынан табыламын. Сондай-ақ, трамплиннен секіру және биатлон жарыстарына баруды жоспарлап отырмын.

- Спортпен айналысып жүргенде, Жазғы универсиадаларға қатысып көрдіңіз бе?

- Өкінішке қарай, ондай құрмет бағыма бұйырмады. Мен ірі жарыстардың барлығына қатыстым, әлем және Азия чемпионаттарында, Азия және Олимпиада ойындарында ойын көрсеттім, алайда Универсиада менің тізімімде болған жоқ. Не себепті олай болғаны түсінікті: мен ойын көрсетіп жүрген кезімде, бокс Жазғы универсиаданың жарыс бағдарламасында енгізілмеген болатын, оны жақында ғана қосты.

Естеріңізге салып өтсек, Универсиаданың алау эстафетасына белгілі қазақстандық спортшылар, өнер қайраткерлері мен студенттер қатысады.