Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Street workout-қа 50 мың қазақстандық қызығушылық танытады

Street workout-қа 50 мың қазақстандық қызығушылық танытады

Айқын-ақпарат
600
Street workout-қа 50 мың қазақстандық қызығушылық танытады Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалы «Street workout» көшбасшыларымен кездесу өткізді.

«Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Мұхамеджан Болысбек жастарда салауатты өмір салтын қалыптасыру «Жас Отан» ЖҚ-ның басты мақсаттарының бірі екенін айтады.

- Қазіргі таңда елімізде заманауи спорт түрлері жақсы дамуға бет бұрды. Кроссфит, бразилиялық джиу джитсу, street workout сияқты спорт түрлерін жастарға насихаттауда жұмыстар атқарып келеміз. Бүгінгідей шараларады жиі ұйымдастыру көзделіп отыр. Алда жоспарға енгізген бірнеше жобаларымыз бар. Соның бірі қала бойынша аула клубтарын ұйымдастыру. Мұндай аула клубтарында мектеп жасындағы жасөспірімдер жиналып, жоғарыда аталған спорт түрлеріне арналған жаттығуларын орындай алады,- деп тоқталды М.Болысбек.

Сонымен қатар, ол тек университет қабырғасындағы студенттермен емес, жұмыскер жастармен де халықаралық, республикалық және қалалық спорт шеберлерімен кездесулер өткізу қолға алынатынын атап өтті.

Street workout спорты бойынша әлем чемпионы, Қазақстанның абсолютті чемпионы Дияс Биджиев чемпиондық атаққа жетуге төрт жыл жұмсапты. 12 жасынан бастап осы спорт түрімен жалғыз өзі айналысып бастаған ол Street workout-тың Кеңес одағы кезінен бар екенін, қазір тек ағылшынша атау беріп, заманауи естілетінін айтады.

- Street workout–алаңдарда турникті, швед қабырғалары мен қоссырықты, көлденең сатыларды қолдану арқылы немесе мүлдем ештеңе пайдаланбай (жерде) түрлі жаттығуларды орындайтын әуесқой спорт түрі. Негізгі екпін өз салмағыңды басқара білуге, күшті дамыту мен шыдамдылыққа түсіріледі. Осы спорт түрінде жетістікке жеткен адам күшті қажет ететін кез келген өзге спортқа ауысып, жақсы нәтижелер көрсете алады, - дейді ол.

2008 жылы Ақмола облысы, Бірсуат аулында шынығып бастаған ол, Астанаға көшкен соң қазақстандық Street workout федерациясында жаттыға бастайды. 2014 жылы Астанада бұл спорт түрінен 75 мемлекет қатысқан әлем чемпионаты өткізіледі. Чемпионатқа құрметті қонақ болып осы спорттың негізін қалаушы американдық Ганнибал фор Кинг (Gannibal for King) келген еді. Осында Дияс әлем чемпионы атанса, 2015 жылы Қазақстанның абсалютті чемпионына қол жеткізді. «Биыл ҚР Олимпиадалық комитетінің арқасында республика бойынша аталмыш спорт түріне арнлаған арнайы алаңдар салынбақ. Қазірде жастарды тегін жаттықтыратын 32 спорт алаңы салынып бітті. Астанада арнайы жаттығу залы бар. Салауатты ұлт болу үшін спортпен айнлысу және мақсатыңа қарай сенімділікпен жүру маңызды», - деп чемпион қатарластарына кеңес берді.

Көркем ӨМІРӘЛІ

Фото: Советбек МАҒЗҰМОВ