СҰЛУЛЫҚ САЙЫСЫ: сән бе әлде мән бе?..

Дей тұрғанмен, сұлулық символының белгілерін белгілеп беріп отырған дүниежүзілік байқаулардың бар екендігін әсте жасыра алмаймыз. Жер жаһанның бойжеткендерінен бастап, орта жас, тіпті егде әйелдерге дейін еліктейтін көркемдіктің критерийлері бар. Ал сол белгілерге толық сай келетін аруды арнайы байқаулар реттеп беретіндей. Мұндай бәйгелердің көксегені көбінде бизнес екенін де білеміз. Сонымен, көріктілерді таңдап беретін қандай байқаулар бар? Бұлардың арасында өскелең ұрпаққа үлгі көрсететіні қайсы?
Жалпы, мұндай жаһан жауһарларын анықтайтын төрт бірдей жоба бар. Дүниежүзінде бұларды сұлулық байқауының үздік төрттігі деп те атайды. «Әлем аруы» деген атауымен ұйымдастырылатын байқаудың Miss World және Miss Univerce дейтін екі нұсқасы да танымал. Алғашқысы 1951 жылы Эрик Морлидің бастамасымен Ұлыбританияда өткізілген болатын. Осы жылы «Мекка Данс-Холл» компаниясы Морлиді жарнама агенті есебінде жұмысқа шақырады. Ол кезде Эрикке жүктелген міндет – әлемнің түкпір-түкпірінен келушілерді тарту үшін заманауи түңгі клубтар желісінің танымалдығын арттыру еді. Осы сәтте Морли сән көрсетушілердің ішкиімдегі көрсетілімін ұйымдастыруға ұсыныс жасайды. Алғашқыда тек осы мақсатта жүзеге асырылған бұл идея келер жылы әлемдік арулар байқауына айналады. Бұған 1952 жылы АҚШ-та ұйымдастырылғалы отырған «Әлем аруы», яғни, Miss Univerce түрткі болады. ВВС бұл байқауды екі жүзге жуық елге тікелей трансляциялағаннан кейін бірден танылып, кіріс көзі қалыңдай түседі де, Miss World қайырымдылықпен айналыса бастайды. 2000 жылы Эрик Морли қайтыс болғаннан кейін байқауды өткізудің барлық құқықтары мен міндеттері оның әйелі Джулия Морлиге өтеді. Сөйтіп, Miss World биыл 65 рет өткізілді.
Ал Miss Univerce – алғашқы байқаудың баламасы. АҚШ-тың өнімі. 2015 жылға дейін 13 жыл бойы бүгінгі президент Дональд Трамп 49%, ал NBC Universal 51 пайызына иелік еткен. Алайда былтыр Трамптың заңсыз мигранттар айтқан пікірінен кейін, қоғамның наразылығы күшейді. Сол жылы Мексика аруы саясаткердің айтқанына қарсылық ретінде бұл байқауға қатысуға келмейді. Мәселенің ушыққанын көрген NBC телеарнасы байқауды трансляциалаудан бас тартады. Сөйтіп, қыркүйек айында қалталы Дональд NBC Universal-дың үлесін түгелімен сатып алады. Бұл жобаның 51 пайыз үлесі 25 миллион АҚШ доллары болған еді. Шамамен 50 млн доллар тұратын байқаудың қаншалықты бизнес көзіне айналып отырғанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Бұдан бөлек, жер жүзінің хас сұлулары жүлдеге таласатын тағы Miss Earth (Жер аруы) және Miss International Beauty (Халықаралық ару) атты екі бірдей дүниежүзілік байқау бар.
Miss International Beauty әуелде АҚШ-та бастау алғанымен, бүгінде Жапонияда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жобаның негізгі мақсат-міндеттерінің басқа сұлулық байқауларынан айырмашылығы жоқ. Тек танымалдығы – төмендеу.
Ал Miss Earth – аталған төрттіктің ең кейінгісі. Экологиялық мәселелерді зерттейтін бірқатар халықаралық ұйымдар бірлесіп, қоршаған ортадағы ғаламдық мәселелерді жіті білетін арулар арасында байқау ұйымдастыруды қолға алады. 2001 жылы бастау алған бұл жоба Филиппин аралында өткізіліп келеді. Бірінші жылғы бәйгеде 42 сұлу қатысқан қыздардың арасынан Копенгагеннен келген 19 жасар Катарина Свенссон жеңеді. Байқаудың мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мен заманауи гуманитарлық мәселелерге қоғамның назарын аудару. Мұнда барлық қатысушылар ғаламдық, аймақтық деңгейдегі экологиялық мәселелерді шешудегі жеке халықаралық жобаларын ұсынады. Байқау жеңімпазы Жер планетасындағы қоршаған ортаны қорғау бағдарламасын дамыту мәселелері жөніндегі БҰҰ-ның өкілі бола алады.
Бұл байқаулардан өзгеше бір сұлулық жобасы – Miss World Muslimah. Бұл – әлемдегі мұсылман аруларының байқауы. Жыл сайын Индонезияда өтетін сұлулар бәйгесін Дүниежүзі мұсылмандар қоры ұйымдастырады. Бас жүлде – Меккеге сапар. Байқаудан түсетін бүткіл қаржы әлемдегі табиғи апат, соғыс зардабын көріп жатқан мұсылман елдеріне жіберіледі. Бүгінге дейін Сирия, Мьянма, Ауғанстанға осындай көмек көрсетілген. Бұл бәйге басқа халықаралық хас сұлулардың жарысынан өзгеше. Мұнда бет-әлпеттің әсемдігі мен киім кию үлгісінің көркемдігімен қатар, рухани байлығы, діни сауаты, ислам мен қоғамдық құндылықтарды бағалауы және әлеуметтік жұмыстарға араласуына баға беріледі. Шараның ұйымдастырушысы Эка Шанти «Бұл жобаға қатысатын қыздардың бойы мен бейнесіне қандай да бір талап қойылмайды. Шомылуға арналған киімнің орнына Құран аяттары мен хадистерін түсінуі, ән айтып, би билеудің орнына заманауи мұсылман әйелінің образын көрсетуіне баға береміз. Осы арқылы өскелең ұрпаққа ашық-шашық киініп, шаш үлгісін жасап, бет-әлпетін бояусыз-ақ сұлу болудың үлгісін көрсеткіміз келеді» дейді.
Ең алғаш 2011 жылы тек Индонезияның бойжеткендері арасында ұйымдастырылған сұлулар байқауын БАҚ өкілдері «Әлем аруымен» салыстырып жатады. Содан кейін ұйымдастырушылар бұл шараның өрісін кеңейтіп, дүниежүзіндегі мұсылман қыздардың қатысуына мүмкіндік ашады. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның қатысушылары қайырымдылық және қоғамдық жұмыспен айналысуға көңіл бөлуі тиіс. Мәселен, бір жылы қатысушыларға кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді түзеу мекемелері, жетімдер үйі, баспанасыз қалған жандарға көмек көрсету туралы тапсырма берілген. Бұл үшін оларға 1000 АҚШ доллары ұсынылған еді. Ақтық сынға түсетін 20 қызға 8 аталым бойынша: жеңімпаз, ІІ, ІІІ орын, Құранның үздік оқушысы, талантты мұсылман, көрермен көзайымы жүлдесі беріледі. Екі аталым бойынша жеңімпазды жетім балалар таңдайды.
Бұл жарыстың алғашқы жеңімпазы индонезиялық Дика Рестияни болды. Сингапур техникалық университетінің студенті жасөспірімдердің білім алуымен айналысатын «Пеланги» еріктілер қозғалысының өкілі. Бұдан кейін, тағы бір Индонезия өкілі Нина Септиани, нигериялық Айша Аджибола және Тунистен Фатма бин Аджибола мұсылман аруы атанды.
Жалпы алғанда, Miss World Muslimah – сыртқы келбеттің көркемдігі мен киім кию үлгісіне басымдық беретін стандарт байқауларға әйелдің көркіне ақылы мен ішкі жан дүниесі сай болуы керектігін түсіндірген жоба болды.