Сенаторлар аймақтарды аралады

Үкімет пен Парламент жұмыстарының орындалу қарқыны қандай? Халыққа осы мәселелер бойынша есеп беру мақсатында сенаторлар аймақтарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы бірқатар нысандарды аралап қана қоймай, жергілікті тұрғындармен де тілдесті.
Парламент Cенатының депутаттары Нұрлан Қылышбаев пен Аңсар Мұсаханов Алматы облысындағы іссапарларын одан әрі жалғастырды. Олар Еңбекшіқазақ ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жеміс шырындарын өндіру цехына, сүт фермасына және басқа да шаруашылық жүргізетін нысандарға барды. Н.Қылышбаев пен А.Мұсаханов Қарасай ауданындағы «Алматы әйнек» мекемесінде және Мерей ауылындағы «Алсад» құс фабрикасында болды. Сенаторлар шаруа қожалықтарының басшыларымен, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымымен кездесті. Депутаттар Парламенттің 2016 жылғы заң шығару жұмыстарының қорытындысы туралы әңгімеледі. Жүздесу барысында ауыл тұрғындары Жер туралы заңдағы өзгерістерге және аграрлық саланы қолдау мәселелеріне ерекше көңіл аударды. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындармен аймақтың экономикалық жағдайы мен дамытудың келешегі, әлеуметтік саланы өркендету мәселелерін талқылады.
Ал Асқар Бейсенбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас және Ордабасы аудандарында болды. Жергілікті билік органдарының басшылығымен және тұрғындармен кездесу барысында сенатор бес институттық реформаларды және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру туралы әңгімеледі. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ Парламенттің заң шығару қызметі мен 2016 жылғы республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерінің орындалуы туралы ақпарат айтты.
Батыс Қазақстан облысында іссапармен жүрген Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашид Ахметов пен сенатор Ерболат Мұқаев облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Шаруа қожалықтарының басшылары Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобаларының маңыздылығын атап өтті. Депутаттар бұл заң жобаларының ережелері және Жоғарғы палатаның өткен жылғы заң шығару қызметі туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Қоғамдық кеңес мүшелерінің жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимылын жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланды. Облыс кәсіпкерлерімен болған кездесуде салық салуды жетілдірудің өзекті мәселелері айтылды.