Заң бұзғандар жауапкершілікке тартылды

Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті шетелдік тасымалдаушылардың арнайы рұқсат құжатынсыз жүк тасымалдауларына жол бермеу мақсатында 2016 жылдың 15 қазаны мен 31 желтоқсаны аралығында өткен «Көліктік бақылау – отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғауда» акциясын қорытындылады. Нәтижесінде, 1000-нан астам тасымалдаушының көлік заңнамасын бұзғаны анықталып отыр.
Рұқсат қағаздары шетелдік тасымалдаушыларға халықаралық келісімдерге сәйкес беріледі. Әр ел серіктес мемлекетке өз территориясында жүк тасымалдауға белгіленген мөлшерде квота береді. Осыған орай, жүк тасымалдайтын компаниялардың квотасы болмаса немесе уақыты біткен жағдайда шет мемлекеттің территориясында жүк тасымалдай алмайды.
Сонымен бірге, акция шеңберінде көліктік бақылау органдары 19096 шетелдік автокөлікті тексеріп, 1041 тасымалдаушы Қазақстан Республикасының көлік заңнамасы мен халықаралық келісім нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 484 рұқсат талаптарын бұзғандар белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, ресейлік – 213, украин – 33, түрік – 26, беларус – 25, литвалық – 22, латвиялық – 9 және басқа 156 тасымалдаушы тиісті құжатсыз Қазақстан аумағында жүк тасымалдаумен айналысқан.
Жалпы, 2016 жылдың 12 айында халықаралық келісім нормаларын және Қазақстан Республикасының көлік заңнамасын бұзғаны үшін 4520 шетелдік тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 2047 тасымалдаушы халықаралық келісім нормаларын бұзыпты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы территориясында каботажды тасымалдауды жүзеге асырған 913 құқық бұзушылық анықталған.