Елбасы бастамалары жалғасын таппақшы

Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне саяси Үндеу жасады. Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы жеті саладан тұрады. Оның біріншісі – ядролық мәселеге байланысты. Рас, осыдан ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей сынақ ядролық полигонын жапқан – Қазақстан.
Еліміз адамзатқа заһар төккен сынақ алаңын жауып қана қойған жоқ, ядролық қарудан азат әлем құру үшін бастама көтерді. Қазақстандағы кеңес елінен қалған барлық ядролық қарудан бас тарттық. Шындығында, бұл адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселесі еді. Елбасы өз Үндеуінде былай дейді: «Біз ғаламшарды ядролық қарудан құтқару бойынша әлем қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруды ядролық қаруды таратпау режимін жүйелі түрде бекемдеу мен нығайту, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің 1540 қарарын мүлтіксіз орындау арқылы жалғастыруға ниеттіміз» дейді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қоңсылас отырған Иран елінің ядролық бағдарламасы туралы да тілге тиек ете кеткен. «Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімнің жетістіктерін және олардың іске асуын құптай отырып, Қазақстан бүкіл ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда оларды үлгі ретінде қолдануды жақтайтын болады. Бұл үшін біз кеңестің 2231 қарары бойынша үйлестірушісімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз». Бұл Елбасының Иран мәселесі жөнінде айтқаны. Иран – Қазақстанның көршісі. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас жақсы. Экономикалық байланыс та тұрақты жолға қойылған. Демек, көрші елде ядролық бағдарлама жалғасын тауып, оған қарсы санкциялар салынса, белгілі бір деңгейде бізге әсер етері анық. Тіпті ядролық бағдарламаға байланысты аяқасты қақтығыс туындай қалса, оның зардабы тек Қазақстанға ғана емес, тұтас аймаққа тимек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне саяси Үндеу жасағанда бұл мәселе үнемі назарда болатынын баса айтып өткен. Сонымен қатар саяси Үндеуде Елбасы Корей түбегіндегі ядролық қару проблемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл және сындарлы түрде шешуді басты мақсаттардың бірі ретінде атап өткен. Осылай ете отырып, бүкіл әлемді 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырды.