Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті

Жұмыс тобы мүшелері ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу барысында жинақталған отандық және шетелдік тәжірибе, қолданыстағы заңнаманың және Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын қолдану практикасы зерделеніп, талдау жасалады.
Жұмыс тобының қызметіне заңгер, ғылыми-сараптамалық қауымдастығы, сондай-ақ қалың жұртшылық белсене тартылатын болады. Жұмыс тобына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков төрағалық жасайды. Топ құрамына ҚР Жоғарғы cотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов, ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири, Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеш Қаудыров, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақмет Мұқашев кірді.