Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Сарайшық жер бетінен жоғала ма?

Сарайшық жер бетінен жоғала ма?

Тұрсын ҚАЛИМОВА
1951
Сарайшық жер бетінен жоғала ма? Сарайшық – Алтын Орда мемлекетінің астанасы Бату сарайымен қатар ХІІІ ғасырдың орта шенінде салынған. Оның гүлденуіне ұлы Жібек жолы керуенінің қосқан үлесі көп. Күні-түні ағылған керуен Сарайшық үшін байлықтың көзі болды.

Онда сол заманғы шығыстық сәулет өнерінің озық үлгілерімен салынған ғимараттар көбейді. Дүниенің түкпір-түкпірінен керуенмен келген әртүрлі елдердің өкілдерін тамсандырған ғимараттар Алтын Орданың қалаларында аз болмапты. Кезінде орыс патшасы Мәскеудегі Қызыл алаңды салдырарда оның жоба-үлгісін – Сарайшықтан, ал Кремль қорғанының үлгісін Бату сарайынан алыпты. Кейін мұндай қалалар Ресейден басқа жерде болмауы тиіс деп, сан мыңдаған әскерімен Сарайшықты да құлатыпты... Міне, осындай аңызы мен шыңдығы бар тарих тұнған көне астананы өр Жайық өзені «жұтып» жатыр. 

Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон: «Батыста Парижді көру арман болса, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты бір ай тоқтап қалдым. Бұл жерге айына жеті жүзге дейін керуен келеді екен. Қала үлкен сауданың орны, іздеген затыңның бәрі бар», деп жазыпты
Ақиқаты сол, заманында Шыңғыс ханның ұрпағы Бату хан тамсанған, Ақсақ Темір қиратуға қимаған көне Сарайшық қаласы жер бетінен тым тез жоғалып барады. 
Қазіргі Атырау қаласынан 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағасында, бір кездегі ұлы да атақты Сарайшық қаласының қираған орны ғана жатыр. 
Сарайшық кезінде Алтын Ордадан Азияға өтетін керуен жолының ірі елді мекені болған. Онда сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және өзге де ғаламат ғимараттар салынған. Қаланың кең көшелері мен алаңдары болған. Сол заманда Сарайшықтың әрбір үйіне құбыр арқылы су келіп тұрған. Ал қазір сол жерді мекендеп отырғандар ауызсуды өзеннен тасып ішіп отыр. Дү­ниежүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір де осында орналасқан екен. 
Тоғыз жолдың торабында орналасқан қала халықаралық саудаға қатысқан. Сау­да Қытаймен, Иранмен, Үндіс­танмен, Орта Азия және Русь мемлекеттерімен жүргізілді. Қытай фарфоры ауқатты жандардың дастарқа­нының сәнін келтірді. Иран және Сириялық оюлармен өр­нектелген, шыңылтырмен және алтынмен апталған құмыра-  құтылар көздің жауын алып, қалтасы көтеретін жандардың тұтынатын дүниесіне айналды. Алтын Орданың басқа қала­ларының тұрғындарының сұранысына қажет әшекейлі әдемі сырлы табақтар мен құ­мыралар Сарайшық шеберлері­нің қолынан шыққан. Қалада қыш ыдыстар мен сүйектен әртүрлі бұйым жасайтын ше­берханалар болды. Бұл бұйымдар кейін қазба жұмыста­ры кезін­де табылған. 
Қала үлкен сауда орталығы болғандықтан мұнда Қытай жібегі, парсының кілемі, Фер­ғананың асыл тұқымды жыл­қылары, Арабтың арғымақтары несін айтып тізбектейік, құстың сүті мен жылқының өтінен өзге нәрсенің барлығы табылған. Негізгі тіл ым тілі болып, ақшаның құны айырбас болған.
Ел ішінде «Сарайшықта он екі әулие, жеті хан жерленіпті» деген сөз бар. Сарайшықтың ұлы­лы­ғы онда тек мұсылман дін­дар­ларының жерленгендігінде емес, ең алдымен оның Алтын Орда хандарының зиратханасына айналғанында. 
Бір кездері Шыңғыстың немересі Бату хан Сарайшықтан өтіп бара жатып, қаланың әсем­дігіне көзі тоймай: «Талай жерді қан етіп, талай жерді шаң қылып өтіп келе жатырмын. Бірақ тумысымда табиғаты тамаша мынадай жерді көргенім жоқ. Бұл жердің өзенінің буырқанғандығындай – өзен болмас, табиғатындай – табиғат болмас. Күндердің күнінде бұл жердің топырағына тек хандар ғана жатуы керек»  деп тамсанған деседі.  Сарайшық топырағында Мөңке Темір, қыпшақ ханы Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қазақ ұлысын қайтадан Алтын Орда заманына жақындатпақшы болған Қасым хан да, ноғайдың Ших-Мамай мен Жүсіп билері жерленген. 
Шамамен 1549-1558 жыл­дары Сарайшық Ноғай орда­сы­ның астанасы бол­ды. Ноғай Ордасының құрамына жиырмадан астам тайпа мен рулар енді: наймандар, қыпшақтар, алаштар мен қаңлылар, алшындар мен қоңыраттар, ұйғырлар мен маңғыттар және т.б. Ордадағы басым билік маңғыт тайпасының өкілдерінде болды. 
Ноғай Ордасының мұсылман діни басшыларының орталығы осында орналасты. Сарайшықта тұрған сейідтерге өз қыздарын беруді ноғай бекзадалары мен мырзалары өздеріне бедел санады. Өйткені Сейідтер Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпақтары деп саналды және дінбасылардың ерекше тобын құрайды. Бұдан өзге Сарайшықта шейхтер, молдалар, қажылар, хафиздар, дәруіштер өмір сүрді. Олардың көбісі Сарайшықта жерленген. Бұның өзі ел айтып жүрген «Сарайшықта он екі әулие, жеті хан» жерленіпті деген сөздің шындыққа бір табан жақын екенін айқындайды. 
«Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығының директоры Молдаш Бердімұратовтың ай­туынша, 1580 жылы орыс­тың патшасы Иван Грозный ка­зактарды жіберіп қаланы қи­ратқызған. Казактар қаланы алған, бірақ ештеңесін бүлдірмеген. Оны естіген Иван Грозный өзі келіп, қалада он екі күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ біз жаулаған жерде мұндай қала тұруға тиісті емес. Оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруға тиісті емес. Сондықтан қаланы тас-талқан етіп қиратып, молаға айналдырыңдар» деген. Осылайша, бес ғасырға жуық өмір сүрген Сарайшық 1580 жылы қиратылып, үйіндіге айналған. Содан кейін жарты ғасыр тонау­дың астында қалған. Жалпы, орыс патшасы Юрий Долгорукий Мәскеуді салдырғанда, Қызыл алаңды Сарайшықтан көшірген ал Кремльдің түгелімен Алтын Ордадан көшірілгені қаланың соры болған сияқты...
Сарайшықтың қиран­дылары мен жәдігерлерін ғылыми тұрғыдан зерттеу жұ­мыс­тарының екі ғасырдан астам тарихы бар. 1834 жылы Ф.Гебель осында шағын қазба жұмысын жүргізсе, 1937 жылы Н.Арзютов, ал 1950 жылы қазақтан шыққан ғұлама археолог Әлкей Мар­ғұланның жетекшілігімен ар­хеологиялық экспедиция ұйым­дастырылды. Сол жылдары Сарай­шықта қазба жұмыстарын жүргізген археологтар Н.Арзютов пен Ә.Марғұлан да «Жайықтың суы көне Сарайшық қаласының құрылыстарын шайып кетіп жатыр. Сол себепті ондағы зерттеу жұмыстарын жедел қолға алу керек» деп дабыл көтерген. 
Алайда бірнеше жыл қа­тарынан қырғын болып, жорық сайын қанжығаларын інжу-маржан, алтын-күміске толтырып тонаған хаһандықтардан қайбір байлық қалды деп ойлады ма екен, Сарайшыққа аса көңіл аударып, оның қазба байлықтарының зерттеулеріне ешкімнің де мойны жар бермепті. Тек 1999 жылы об­лысты Иманғали Тасмағамбетов басқарған кезде Сарайшыққа аса көңіл бөлініп, тарихи мәні мен қазақ мемлекетінің алғашқы кезеңіндегі рөлі және ұрпақтар арасындағы байланыстар үшін осы жерде символды хандар Пан­теоны, археология мұражайы және мешіт құрылыстары салынды. 
Зерттеу жұмыстары жүр­ген 1999 жылы жердің астынан екі қабатты 45 бөлмелі қонақ үйдің екінші қабаты шығарылды. 2000 жылы соның бірінші қабаты қазылды. Қасынан ХІІІ ғасырдың моншасы табылды. Құдық та табылған. Құдықтың жеті метрге дейін тереңдігіне барғанда бір құмыра мен кесе шығыпты. Құмыраның қасиеті таңертеңгі бояуы бір бөлек, түстегі бояуы бір бөлек, кештегі бояуы бір бөлек болып құбылып тұрады. Бір жақ бүйірінде «Бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазу бар. Кесеге қатысты айтар болсақ, дүниежүзі бойынша осын­дай екі кесе ғана табылған, біреуі – Мысырдан, екіншісі – бізден шығып тұр. Кесенің қасиеті сол, ішіне құйылған тамаққа у салып жіберсең, кесенің бояуы сол бойы өзгеріп қоя береді. Бұл заттар дүниежүзінде өте сирек кездесетін мұра болғандықтан Астана қаласындағы музейде сақтаулы.

Сарайшық – аспанасты музейі болуға лайық еді...
«Заманында табиғатының ерекше сұлулығы мен қаласының көркемдігі және қанжарынан қан тамған хандардың сұсты жүздеріне шуақ төгіп, мұз болып суып қалған жүректеріне сезім ұялатқан көне Сарайшық қаласын туризм орталығы ету керек» деген пікірлер соңғы уақытта жиі айтыла бастады. Алайда облысымыз туризмге және демалысқа қолайлы аймақтардың бірі бола тұра, бүгінде туризмнің дамуына кедергі болып отырған мәселелер Сарайшықтың саяхат орталығы болуына көлденең тұрған жайы бар. Мәселен, материалдық-техникалық базаның дамымауы мен туристік объектілердегі қызмет көрсету деңгейінің төмендігі және ең бастысы, жеткіліксіз қаржыландырылуы бизнестің тиімді түрі – туризм саласының шетелдердегідей дамып кетуіне орасан кедергі келтіріп отыр. Осындай жағдайларға қарамастан, Атырау қаласынан 50 шақырым жердегі көне Сарайшыққа келушілер саны толастар емес. «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығының директоры Молдаш Бердімұратовтың сөзіне қарағанда, көне қала орны мен «Жеті хан» мемориалдық кешені мен археологиялық мұражайды көруге жылына 12 мыңнан 16 мыңға дейін адамдар  келеді. Олардың 25 пайызы –  шетел азаматтары. Олар көне қала тарихымен танысып қана қоймай, Жайық жағасындағы «Қазына тал» атанып кеткен, сол заманғы табиғаттың сұлу келбетін сақтап қалған тоғайға барып, тынығып қайтады. Өзгеге ақша тапсақ та, көне астанамызды туризм орталығы етуге келгенде пейіліміз тарылып-ақ қалып жүр. Айталық, қазіргі Атырау облыстық әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы 2007-2011 жылдарға арналған аймақтық «Туристік саланы дамыту» бағ­дарламасын жасақтап, осы бағ­дарламаға Сарайшықты туризм орталығы ету туралы ұсыныстар енгізген болатын. Жалпы, бұл жоба қомақты қаржыны талап етті. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бек­баеваның айтуынша, «Караван сарай» ЖШС басшысы Н.Ес­мұқанов «Қазына тал» ата­ла­тын Жайық жағасындағы ау­мақты өз меншігіне алып, Сарай­шыққа келушілерге заманауи қо­нақжайлық көрсету мақсатын­да жұмыс жасау кәсібімен айналысқан. Бірақ ол жердің ин­фрақұрылым жағдайын жасауға қаражаты жетпеді және жыл сайын өзеннің өр суы ойлаған мақсатына кедергі келтіре берген соң, жер телімін жергілікті билік құзырына қайтарып берген. Көне қалаға бұдан бұрынырақта оңтүстік кореялық ғалымдар мен түркиялық инвесторлар келіп, Сарайшықта туризмді дамытуға инвестиция салмаққа ниеттенген болатын. Алайда Сарайшықтың табиғатын зерттеп, жұмсаған қаржыларын ақтай алмайтын болғандықтан, ол ойларынан бас тартқан.
«Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығының директоры Молдаш Бердімұратовтың ай­туынша, шетелдіктер Сарайшық жерін аралап көргенде олар кө­не қаланың жағдайын кө­ріп, көне тарихқа деген елі­міз­­дің немқұрайлығына бас шайқап кетеді екен. Біз олар­дын неліктен бас шайқап ке­тетінін білеміз. Себебі, бізден басқа ел болса, Сарайшықты әлдеқашан аспанасты музейіне айналдырып қойған болар еді... Сарайшықты зерттеуге қаржы бөлуде сараңдық танытудамыз. Алтын Орда дәуіріндегі үшінші астананы зерттеудегі қаражат бөлуде сараңдығымыз «Шық бермес Шығайбайдың» ниетін еске түсіреді. Археолог, тарих ғы­лымдарының кандидаты Марат Қасеновпен кездесуде оның «Ақтөбе қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін жылына 40 млн теңге бөлінсе, Батыс Қазақстан облысында 30 млн теңге, Маңғыстау облысында 15 млн теңге бөлінеді»  деп Атырау облысына келгенде бө­геліп, нақты қаражат көлемін айта алмағаны есімізде…

... Үнсіз жатыр үй орнындай үйінді
Сарайшық қаласына 1999 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде, оны қорғау жұмыстары қатар жүргізілмегендіктен көне қала бүгінде өр суының толқынына «жұтылып» жатыр. Бұл процесс Жайық өзенінің арнасының ауытқуына байланысты болып отыр. Бес жыл мерзімде Сарай­шықты қорғап қалудың мәселесі шешілмесе, көне қаламен қоштасудан басқа амалымыз қалмайтындай. Жалпы, тарихи көне қала – Сарайшықты Жайық өзені шайып бара жатқанына бай­ланысты облыс әкімі лауазы­мында болған Бақтықожа Із­мұ­хамбетов арнайы комиссия құрып, оның отырысы болғаны да есімізде. Сол жиында Ә.Марғұлан атындағы археология институты Астана бөлімшесінің директоры, профессор Зейнолла Самашев Сарайшықты сақтаудағы екі басты бағытты айтып берді. Оның айтуынша, Сарайшықты сақтап қалудың екі нұсқасы бар. Біріншісі – ұзындығы бір жарым шақырым болатын қорған төсеп, өзен жағасын бекіту болса, ал екіншісі – Жайықты көне ағысына қайтадан бұру. Бірінші нұсқа шамамен 11 млрд теңгедей қаржы жұмсауды талап етеді. Жағада алып құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Әрі бұл жұмысты жүргізгенде жағада орналасқан археологиялық маңызы бар құнды жәдігерлерді жойып жіберуіміз мүмкін. Ал екінші нұсқа бойынша жұмсалатын қаржы одан екі-үш есе арзан. Әрі Сарайшықтағы қазба жұмыстарына ешқандай зияны тимейді. Тек бір қо­лайсыздығы сол жерде орналасқан қазіргі Сарайшық елді мекенін басқа жерге көшіру керек. Алай­да ғалымның бұл сөзіне су шаруашылығы басқармасы бас­шылығы өз уәждерін айт­ты. Олардың айтуынша, Жайық өзенінің арнасын бұру жа­ға бекітуден он-он бес есе қымбат шығады. Екіншіден, бұл Сарайшық қалашығын түпкілікті судан қорғап қала алмайды. Себебі, 1993-1994 жылдардағыдай өр суы келсе, үстінен асып кетеді. Жасалған жұмыс босқа кетеді. Бұл тиімсіз болғандықтан, З.Самашев ұсынған бірінші нұсқа таңдалды. 
Ақиқаты сол, қаламды «қа­ру» еткен біздер де, халық сенім артқан депутаттар да үлкен мінбелерден Сарайшықты сақтау туралы мәселені айтудай-ақ ай­тып, жазудай-ақ жазып келеміз. Сарайшық қаласы республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынған. Сарайшық қалашығын келер ұрпаққа аман жеткізу үшін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына әр жылдары депутаттар Ұзаққали Елеубаев, Людмила Хочиева, Азат Перуашевтің Үкіметке жол­даған депутаттық сауалдардан әзірге нақты нәтиже жоқ. Ұлт­тық тарихымызға ерекше көңіл бөлеміз десек те, көне шаһар Сарайшыққа келгенде мәселеден сырт айналып кету дағды болып барады. Міне, көне Сарайшықтың бүгінгі жағдайы осындай. 
Облыстық кә­сіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның ай­туынша, Көне Сарайшық қа­лашығы – тарихи мұраны, ха­лық­аралық деңгейде насихаттау және туризмді дамыту мақсатында «Ортағасырлық Сарайшық» жобасын іске асыру мәселесі пысықталған. Аталған жобаны іске асыру үшін, әртүрлі саланың мамандары тартылып, қазіргі таңда, ежелгі қалашықтың эс­киздік жобасы, ғылыми не­гіз­демесі және макеті жасақталды. 
Аталған жобаны іске асыру үшін инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылдың қыркүйек айын­да Атырау қаласында өткен «Атырау халықаралық ин­вес­тициялық форумы» шеңберінде елге келген шетелдік және отандық инвесторларға – қар­жыландыруды талап ететін жоба ретінде таныстырылған. Ендігі  бір үміт – инвесторларда.
Жайық жағалауын бетонмен бекіту проблемасын шешу мақсатында өткен жылы жер­гілікті бюджеттен 32,0 млн теңге бөлініп, игерілді. 
Жағалауды бекіту жұмыс­тарының жалпы құны – 1 млрд 677 млн 662 теңге. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың қараша айынан басталып, 2017 жылы жалғасын табады. Сайып келгенде, жа­ғалауды бекіту жұмыстары қа­зір қызу жүруде. «Хан ор­далы Сарайшық» мұражай-қо­ры­ғының директоры Молдаш Бер­дімұратов көптен күрделенген мәселеге байланысты әйтеуір бір жұмыстың басталғанын көріп, үміті жанғанын қуана айтып берді. 
– Биыл Сарайшық қаласы орнын сақтау мақсатында жа­ғалауға құрылыс материалдары тасымалдануда. Осы жоба нә­тижесін берсе, ол жерден ашық аспан астындағы мұражай, туристік база ашуға болады. Соның жүзеге асуына сүбелі үлесімді қоссам деймін. Әрі Ер Тарғын мен Қамбарға ескерткіш салынса деген ұсынысым бар. Қазақты қазақ еткен Қасым ханға да неге ескерткіш тұрғызбасқа? – деп өз ойымен бөлісті. 


Қалай десек те, көне қалаға қатысты мәселені қазіргі күні шешпесек, ертеңгі күні өскелең ұрпақ алдында, тарих алдында тек қана кінәлі емес, сонымен бірге қиянатшыл, қылмыскер буын атанып кетуіміз де кәдік-ау. Сенбесеңіз, су шайған шаһардағы ата-баба сүйектеріне қараңызшы. Төбе шашыңыз тік тұрып, құйқаңыз шымырлай жөнелмей ме? Осыны көзбен көріп отырған біз, заманында Ұлысу аталған Жайықтың улы (!) су болмасына ешкім де кепілдік бере алмайтынына да көз жеткізіп келеміз… Әзірге көне тарихтан көз жазып қалғысы келмейтін халық Сарайшықты қорғау үшін қажетті қаржыны Үкімет молынан бөледі-ау деп күтуде. Халықта үміт бар... 
Ал Алтын Орда дәуіріндегі үшінші астана атанған Сарай­шықта үміт бар ма? Жайықтың тегеурініне қашанғы шыдап тұра алар екен...
Осындайда, келер ұрпақ үй орнында үйіңдіні көріп, ақын Айнұр Әбдірәсілқызының «Тари­хымнан тамтық қалмай таланды,
 Сазбен бірге су шаюда санамды.
 ...Құлазыған сені көріп, Сарайшық,
 Мың дертіме тағы бір дерт жамалды...»  дегеніндей, мұңайып жүрмесіне кім кепілдік  бере алады?!.

Тұрсын ҚАЛИМОВА,
Атырау облысы