Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Семейдің сұлу қызы сынға түсті

Семейдің сұлу қызы сынға түсті

Айқын-ақпарат
978
Семейдің сұлу қызы сынға түсті 12 қаңтарда жер жүзінің титулды сұлулары Манилада бас қосты. Олар 65-халықаралық «Әлем аруы» сұлулық байқауының салтанатына жиналды.

Еліміздің намысын «Семей аруы», «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының жеңімпазы, халықаралық World Beauty – 2016, Best Foto Model World Russian Beauty – 2015 сұлулық байқауларында үздік өнер көрсеткен, Miss International Vietnam – 2014 сайысының бірінші вице-аруы 19 жасар Дарина Күлсейітова қорғайды. Ол Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық коллед­жінде қаржыгер (3-курс) мамандығы бойынша білім алады. Бос уақытында билегенді, саяхат жасағанды ұнатады. 
«Мен үшін «Әлем аруы» сияқты атақты байқауға қатысу үлкен құрмет. Әлі күнге дейін сене алар емеспін. Лайықты өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғап, мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсету үшін бар күшімді саламын» дейді ағынан жарылып.  
«Әлем аруы» байқауына дайындық екі ай бойы толыққанды жүргізілуде. Финалға Дарина Қазақстанның атақты дизайнері Аида Кауменова ұсынған ұлттық көйлекпен шығады, ал сұлудың кешкілік сәнді көйлектерін Наиль Байкучуков таңдады. Бас серіктес – люкс санатты Isabel Garcia итальяндық киім бренді. Сонымен қатар күнделікті киетін киім Қазақстан дизайнері Лора Абдра­мова­ның (FashionPark) дүкенінен таң­далды. Дарина Манилада екі апта бойы қайырымдылық аукционына, ең үздік ұлттық костюм, өнерпаздар сайысына қатысып жатыр. 
Естеріңізге сала кетсек, «Әлем аруы» (Miss Universe) – жыл сайын өткізілетін халықаралық сұлулық байқауы, әлемдегі ең беделді сұлулық байқауларының бірі. Титул иегерімен бір жылдық келісімшарт жасалады, содан кейін ол ару қайырым­дылық және әлеуметтік мақсаттармен бүкіл әлемді шарлап келеді. «Әлем аруы – 2016» титулының иегері Филиппин елінің Пиа Алонзо Вурцбах атты аруы. Әлемнің ең сұлу бойжеткенінің есімі 30 қаңтарда Mallof Asia Arena-да байқаудың финалында белгілі болады. Тікелей көрсетілімді әлемнің 150-ден аса елі тамашалай алады.

Әмірлан МӘУЛЕН