Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Депутаттар жастармен кездесті

Депутаттар жастармен кездесті

Айқын-ақпарат
860
Депутаттар жастармен кездесті Ел аралап, халықтың жағдайын білуге келген бір топ Мәжіліс депутаттары Ақтөбе жастарымен кездесті.

«Жастар Отанға» партиялық жобасы аясында «Еркін пікір» диалог алаңында бас қосқан ел ағалары мен студенттер қоғамда көп талқыға түсіп жатқан уақытша тіркеуге алу, жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің ала таяқсыз жұмыс істеуі де қозғалды. Ақтөбелік жастар жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға арналған оқулықтардың тым аз екенін, «Жасыл ел» жасақтарына соңғы екі жылда тамақтану мен қоғамдық көлікпен жүруі қарастырылмағанын алға тартты. Депутаттар құқықтың заңнамаларды түсіндіріп, жастардың сауалына жауап берді. 

Еркін пікір алаңына Мәжіліс депутаттары Бақытқожа Ізмұхамбетов, Құралай Қаракен, Глеб Щегельский, Абай Тасболатов пен Владимир Божко келді. «Халықтың тұрмыс-тіршілігін көру, әлеуметтік жағдайымен танысу үшін келдік. Парламент заң шығарушы орган болған соң барлық деңгейдегі адамдардың, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлердің, кәсіпкерлер мен әлеуметтік сала жұмысшыларының қолданыстағы заңға байланысты ұсыныс-тілектерін қабылдау біз үшін маңызды. Бәрі жинақталып, кейін талқыға түседі»,- деп сапар барысын түсіндірді Мәжіліс депутаты Бақытқожа Ізмұхамбетов. 
Ақтөбелік жастар жан-жақты, білімді, қоғамдағы кез келген мәселеге өз көзқарасын білдіре алады. Олар әңгімені уақытша тіркеуге алу тәртібінен бастады. Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанты Жалғас Мұхамбеткәкімов жоғары оқу орнында білім алып, сол аймақта тұратын курсанттардың қайда тіркеуге тұратынын сұрады. Бұл болашақ заңгерлер мен полиция қызметкерлері үшін ең өзікті мәселеге айналған. «Қазір курсанттар жатақханада тұрады. Демек, олар сол жерде тіркеуде. Егер 4-курста пәтерге шығу мүмкіндігі беріліп, курсант бұл өз үйіне немесе жалдамалы пәтерге шықса, сол жерге тіркеуге тұру керек. Тіркеу туралы сұрақ бүгінде көп талқыға түсіп жатыр. Бұл бізге қажет заң. Бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі үшін керек. Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан соң қабылданды. Дегенмен, бұған дейін де сайлаушылар «көп адамдар пәтерде тұрады, олар бақылаусыз» деп шағым айтқан болатын. Заң Парламентте талқыланған тұста көптеген қоғамдық ұйым қолдады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да оң баға берді. Қазіргі қиындық уақытша, бәрі реттеледі»,- деді Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен. 
Өзекті мәселеге орай Ақтөбеде жұмыс тобы құрылды. Топ ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері, Көші-қон полициясы басқармасының мамандары мен облыс әкімінің орынбасары бар. Тіпті, халыққа қызмет көрсету орталығы жергілікті уақытпен кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ХҚКО жұмыс істейтін көші-қон полициясы қызметкерінің санын арттыру мәселесі қаралып жатыр. 
Мұнан өзге студенттер жоғары оқу орындарының техникалық мамандықтарына арналған оқулықтардың тым аз екенін алға тартты. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Руслан Мырзағұлов құрылысшы мамандығын игеру үшін бар материалды орыс тілінен қазақ тіліне аударуға тура келетінін жеткізді. Бұл бір өңірдің емес, еліміздегі барлық оқу орнының «бас ауруына» айналған мәселе екен. Дегенмен, әр оқу орнында ғылыми орталық бар және сол жердегі ғалымдар студенттерге арнап қажетті оқу құралдарын дайындайды. Ашық пікір алаңында «Жасыл ел» жасақтарын тамақпен, көлікпен қамтамасыз ету мәселесі қаралып, депутаттар бір шешімі болады деп уәде берді.

 

 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА