Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Әуе компаниялары әбігерге түсуде

Әуе компаниялары әбігерге түсуде

Айқын-ақпарат
852
Әуе компаниялары әбігерге түсуде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Шарджа, Ыстанбұл, Таиланд әуежайындағы рейстердің кешігуі бойынша тиісті шаралар қабылдады.

Осыған дейін «Эйр Арабиа» әуекомпаниясының Астана, Алматы бағыттары бойынша қатынайтын еларалық ұшақтары ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегірілген болатын. Мәселен, қалың тұман және көріну нашарлығынан Жаңа жыл қарсаңындағы рейстер кесте бойынша қызмет көрсете алмады. «Флай Дубай» әуекомпаниясының Дубай – Алматы – Дубай бағыты бойынша жыл соңында жоспарланған рейстері де кейінге қалды. Қазақстаннан бөлек, Армения, Украина, Ресей, Бахрейн, Катар, Египет және тағы басқа елдерге жоспарланған ондаған ұшақ көкке көтеріле алмаған. Соның салдарынан шамамен 500 жолаушы көздеген жеріне кешігіп жетті.
Министрлік аталған күрделі жағдайды реттеу үшін Туризм индустриясы департаменті, Азаматтық авиация комитеті, ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ әуекомпаниялар, әуежайлар және туроператорлар өкілдерінің қатысуымен жедел штаб құрды. Сыртқа шығу туризмі саласында қазақстандық азаматтардың кепілдендірілген құқықтары жүйесі механизмі алғаш рет жүзеге асты. 2016 жылы 31 желтоқсанда «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының кепілімен және SCAT әуекомпаниясының Шарджа –  Алматы – Шарджа бағыты бойынша қосымша рейсімен  жолаушыларды жедел алып шығу ұйымдастырылды. Жолаушылардың қалған бөлігі басқа әуекомпаниялардың тұрақты рейстерімен елге жеткізілді және рейстер кешіккен кезде жолаушылар қонақүймен қамтамасыз етіліп, тамақтандырылды.
Біріккен Араб Әмірліктеріне тиісті мемлекеттік органдарға және «Эйр Арабиа» әуекомпаниясына ресми нота жолданды. Аталған жағдайдың салдарын талқылау үшін «Эйр Арабиа» әуекомпаниясының басшылығы Астанаға шақырылды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды, рейстер кестеге сәйкес орындалуда.
Ал Ыстанбұл әуежайы қалың қар түсуіне байланысты әбігерге түсті. Түркия әуежелісінің әуекомпаниялары берген ақпаратқа сәйкес, Ыстанбұл қаласының әуежайынан 6, 7, 8, 9 қаңтар күндері Алматы, Астана бағыттары бойынша жоспарланған екіжақты әуе сапары жүзеге асқан жоқ. 9 қаңтар күні «Эйр Астана» әуекомпаниясының рейсі де жолаушылар өмірін қатерге тікпеуге шешім қабылдады. Кеше де бұл жағдай тұрақталмай, Түрік Әуежелісі әуекомпаниясының рейсі жылы орнынан қозғалған жоқ. Сонымен қатар, Ыстанбұл қаласының Ататүрік (IST) және Сабиха Гөкчен (SAW әуежайларынан әлемнің басқа елдеріне ұшатын 1000-нан астам әуе рейсі кейінге шегерілген.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жолдан қалған жолаушылар саны 900-ге жуықтайды. Жолаушылар басқа компаниялардың рейсіне және «Түрік әуежелісі» әуекомпаниясының келесі рейстеріне бөлінуде.
Ауа райы болжамына сүйенсек, жақын тәуліктерде қалың қардың жаууы жалғаспақ. Ол ұшу-қону жолақтарын тазалауға және әуе кемелерінің сыртына мұз қатпайтын шаралар жасау үшін қиындық тудырады.
Ал Таиландтағы қалың жауын-шашын мен аралдың бір бөлігіндегі су тасқынына және ішкі рейстердің шегерілуіне қарамастан, қазақстандық әуекомпаниялар аталмыш бағытқа жоспарлы рейстерді сәтті орындаған.  

Әмірлан МӘУЛЕН