Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ САЯСИ ҮНДЕУІ

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ САЯСИ ҮНДЕУІ

Айқын-ақпарат
803
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ САЯСИ ҮНДЕУІ Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақ­стан Республикасы алдағы екіжылдық ке­зеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады.
Қазақстан өз кандидатурасына қол­дау көрсеткен БҰҰ барлық мүше мем­ле­кеттеріне өз ризашылығын білдіреді. Қауіп­сіздік кеңесіне сайлануымызды жоғары жауапкершілік және халықаралық қоғамдастықтың біздің елімізге және оның бейбіт саясатына, қазақстандық бастамалар мен БҰҰ-ның әлемде бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде рөлін күшейту бойынша ұсы­ныстарға сенімі ретінде қарастырамыз.
2017 жылғы 1 қаңтардан БҰҰ жаңа Бас хатшысы Антониу Гутерреш мырзаның өз қызметін бастауын құптаймыз. Қазақстан кеңесте қорғайтын мақсат-мұраттары мен қағидаттарына толығымен сәйкес келетін оның қөзқарастарын, басымдықтары мен адал күш-жігерін қолдайды.
2017 жылғы 2 наурызда Қазақстан Рес­пуб­ликасының БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толады.
Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз БҰҰ Жар­­ғысының мақсаттары мен міндет­те­ріне, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына толық бейілділігін көрсетті.

Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, кеңестің толық күн тәртібі бойынша әділ және бейтарап қыз­мет атқаратын болады. Біз Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшелерімен тең негізде ынтымақтасуға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға жетуге және бәтуаластықты қа­лыптастыруға ниеттіміз.
Біз БҰҰ-ның барша мүше мемле­кет­тері, ең алдымен, кеңестің тұрақты мүшелері ара­сындағы өзара іс-қимылды қалпына кел­тіріп, оны дамытуға және сенімді нығайтуға жан-жақты жәр­дем көрсететін боламыз. Еліміз Қауіп­сіздік кеңесімен және оның қосалқы ор­гандарымен, сондай-ақ БҰҰ Хат­шы­лығымен және оның тиісті бөлім­шелерімен кеңестің Күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл жасайды. 
Біз жаһандық және өңірлік сын-қатер­лерді шешуге ұжымдық жауапкершілік қалыптастырылып, кеңестің мүше елдері арасында XXI ғасырға сәйкес келетін, мемле­кеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру маңыздылығы түсінігін ны­ғайтуға ұмтыламыз. 
Кеңесте атқаратын жұмыс кезінде өз миссиясының осындай қағидаларын ескере отырып, Қазақстан өзінің алдына келесі басымдылықтарды қояды.
БІРІНШІ. Ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей сынақ ядролық полигонын жауып, әлемдегі қуатты ядролық арсеналын жойған ел ретіндегі Қазақстан үшін ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселесі болып табылады.
Біз ғаламшарды ядролық қарудан құтқару бойынша әлем қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруды ядролық қаруды таратпау режимін жүйелі түрде бекемдеу мен нығайту, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің 1540 қарарын мүлтіксіз орындау арқылы жалғастыруға ниеттіміз.
Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімнің жетістіктерін және олардың іске асуын құптай отырып, Қазақстан бүкіл ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда оларды үлгі ретінде қолдануды жақтайтын болады. Бұл үшін біз кеңестің 2231 қарары бойынша үйлестірушісімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Рес­публикасы Корей түбегіндегі ядролық қару проблемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл және сындарлы түрде ше­­­­шуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарайды.
Задында Қазақстан БҰҰ барлық мүше мемлекеттерін, әсіресе, Қауіпсіздік кеңестің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырады.
ЕКІНШІ. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіндегі күш-жігері жаһандық және өңір­лік деңгейдегі әскери текетірестің дәре­жесін азайту арқылы жаһандық соғыстың алдын алу және оны толайым жою үшін барлық жағдайларды жасауға бағытталмақ.
Бейбітшілікке жету және мемлекеттер арасындағы проб­лемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың XXI ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі еке­ніне қатты се­неміз. Осы орайда Қазақ­стан қақтығыстар мен зорлық-зомбы­лықты тоқтату бойынша бірлескен іс-әрекеттер алгоритмін қам­титын менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімді ілгерілетуге ниетті.
Қазақстан БҰҰ бітімгершілік жүйесін одан әрі жетілдіруді қол­дап, БҰҰ-ның бей­біт­шілікті қолдау жөніндегі миссияла­рындағы бақылаушылары мен бітімгер­лердің санын ұлғайтуға ниетті. 
Кеңестегі жұмысымыз кезінде біз Па­лестина-Израиль арасындағы қарсылықты, Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, ТМД кеңістігіндегі қақтығыстарды бейбіт түрде шешуге, Корея түбегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағда­рыс­тарды шешуге қолдан келгенше үлесі­мізді қосуға ниеттіміз.
ҮШІНШІ. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланған алғашқы Ортаазиялық мемлекет болып табылады.
Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, өңірлік сын-тегеу­ріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп-өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз.
Біз Орталық Азияда барлық мүдделі елдердің мүдделерін үйлесімді байланыс­тыру негізінде бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатынына сенімдіміз.
Біз өзіміздің кеңестегі төрағалығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Ор­талық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқым­ды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ қоры­тындысы бойынша арнайы құжат қабыл­дауға бастамашылық жасауға ниеттіміз.
Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін ны­ғайтуды жақтаймыз. Біз Ауғанстан/Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз.
ТӨРТІНШІ. Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген және шиеленіскен сын-қатерлердің бірі болып табылады. Тек барлық мемлекет­тер, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен басқа да негізгі әріптестердің бірлескен күш- жігерлерімен ғана осы өрбіген дағдарысты басқа арнаға ауыстырып, бұл зұлматты жоя аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан саяси және діни көшбасшылардың, әсіресе, зорлық-зомбылық экстремизмі және ра­ди­кализм саласындағы диалогты жандан­дыруға шақырады.
Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің ИЛИМ (ДАИШ) мен Әл-Каида жөніндегі 1267 Комитетінде осы сеніммен төраға болады.
Осы орайда, БҰҰ БА-ның 70-сессиясын­дағы сөйлеген сөзінде ұсынылған БҰҰ аясын­да Жаһандық Антитеррористік коали­цияны (жүйені) құру үшін негізі болуы мүмкін Халықаралық антитер­рористік операциялар жүргізу кезінде Астана Әрекет кодексін дайындау туралы ұсынысты БҰҰ және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүше мем­лекеттеріне жасауды жоспарлап отырмыз.
БЕСІНШІ. Африкада толық бейбітшілік пен қауіпсіздікті іске асырмағанша орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес.
Қазақстан африкалық одақтың бай­қаушы елі және Қауіпсіздік кеңестің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде африкалық Мүйіз өңірімен бүкіл континентте ұлттық татуласу әрі бейбітші­лікті қалпына келтіру бойынша халықара­лық күш-жігерге үлес қосатын болады.
АЛТЫНШЫ. Біз бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байланыстылығын (security-development nexus) қамтамасыз ету арқылы ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты бейбітшілікке қол жеткізу бойын­ша кешенді іс-қимылды келісілген түрде жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз. Соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құ­қықтарын қорғау, орнықты даму мақсат­тарын іске асыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, оның ішінде барлық мүше мемлекет­тердің климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі шеңберінде өз міндеттерін орындау бойынша бірлескен шаралар осындай байланыстың негізі болуы тиіс.
Қазақстан тұрақты дамуға қол жеткізуге өзінің практикалық үлесін қосуда. 2017 жылғы жазда Астанада алдын алу дипло­матиясының маңызды компоненттері – орнықты энергияны дамыту мен климат өзгеруінің салдарын барынша азайтуға бағытталған «Болашақ энергиясы» тақы­рыбына «ЭКСПО – 2017» маманданды­рылған халықаралық көрмесін өткізу осын­дай қадамдардың бірі болып табылады.
ЖЕТІНШІ. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс барысында Қазақстан Кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеуге және Дүниежүзілік ұйымның әлемдік істердегі рөлін нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлеп, қабылдауды қолдайды.
БҰҰ, соғыстан кейінгі кезеңдегі басқа да ғаламдық құрылымдар сияқты ХХІ ғасырдың жоғарғы талаптарына сай келтірілуі тиіс.
Қазақстан Еуропа мен Американың, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжым­дық қауіпсіздік ұйымдарымен ынты­мақ­тастықты кеңейтуге күш салатын бо­лады.
Күшті жұмылдыру және ғаламдық әрі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ны­ғайту, мемлекеттер арасындағы шынайы сенімді қамтамасыз ету бойынша ұжым­дық саяси ерікті қалыптастыру мақсатында жылына бір рет немесе екі жылда бір рет кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет бас­шылары деңгейіндегі Қауіп­сіздік кеңесінің отырыстарын өткізуді ұсынамыз.
Аталған Саяси үндеудегі мақсаттар мен міндеттер Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне 2017-2018 жылдары төрағалығы қыз­метіндегі жұмысының саяси басымдық­тары мен практикалық компоненттері болмақ.
Қазақстан кеңесте барлық мүше мем­лекеттермен бірге аталған маңызды бағыт­тар бойынша ашық, әділ және саяси жағ­даятсыз, жауапты, байыпты және сындарлы түрде жұмыс жасауға ниетті. 
 Қазақстан маңызды мақсат – ХХІ ғасырда қауіпсіз, әділ және өсіп-өркендеген әлем қалыптастыруға қол жеткізу жолындағы өзінің бастамалары әріптестер тарапынан қолдау табады деген сенімде.