Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Қазақтың «Ақылға бірлік» қылмағы керек

Қазақтың «Ақылға бірлік» қылмағы керек

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ
895
Қазақтың «Ақылға бірлік» қылмағы керек Маусым айында Астанада дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді.

Төрткіл дүниеде тарыдай шашыраған қазақтың атқамінер азаматтары мен беткеұстарлары, айтар ойы бар, ұлт ісі үшін «күндіз күлмеуге, түнде ұйықтамауға» бекінген қайраткерлері бас қосады тағы да. Қазақтың тағдыр-талайының қалай боларын, азат елдің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері сараптап, келер күннің жоспарларын талқыламақ. Жиынға 30 елден 500-ге жуық өкіл келмекші екен.

Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайының өт­кеніне де биыл ширек ғасыр тол­ды. Шартараптағы қазақ бала­сының атажұртта басқосуына Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйытқы болған-ды. Алғашқы жиын 1992 жылы өтіп еді. Содан бері жаһандағы түрлі құрлық пен елдерді мекен қылған қазақтар құрылтайға бесінші рет жинал­мақшы. 
«Дүниежүзі қазақтары» қауым­­дастығы төрағасының орын­басары Сұлтанәлі Балға­баевтың айтуынша, құрылтайды өткізу Үкіметтің жоспарына кірген көрінеді. Бірақ әлі Үкімет қаулысы шыға қоймаса керек. Дегенмен биылғы басқосу ерек­ше сипатта болатын сыңайлы. Өйткені Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы ЕХРО – 2017 көр­месінің бағдарламасы аясында өтеді. Қиыр жайлап, шет қонған туыстарымыз, бауырларымыз келеді. Біз оларды Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктерімен таныстырамыз, ортақ мұрат жо­лында қалай бірігетінімізді ақыл­ға саламыз. Экономика, әлеумет пен мәдениет, руханият салала­рында қалай алға басамыз, қиырда жүрген қазақтың Қазақ­станмен байланысын қайтіп нығайтамыз, осы мәселелерді талқыламақ екенбіз. Дегенмен «ақылға бірлік» қылуды да ұмыт­паспыз. Құрылтайдың маңызды болмағы содан.
«Ақылға бірлік» дегенді айтқан біз емес, Абай хакім. Ал­тыншы қарасөзінде: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несі­бесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа ізде­мейді» дейді. Яғни,өнетін істің басында бірлік тұратынын сипат­таса керек. Дәннің өніп, бидайға айналмағы үшін су мен жылу, ауа мен топырақтың біріккені керек. Бірінсіз-бірінің күні жоқ. Қазақ әлемі үшін де бұл бұлжымайтын қағида. Яғни, біз қайда жүрсек те берекелі болуға тиіспіз. Әрі Қа­зақ­стан күллі қазақтың арқа­сүйері болса, қиыр жайлаған қазақ та атажұрттың тілекшісі болғаны керек. Жай ғана тілмен тілеулес болу емес, іспен үлес қосу қажет. Елге инвестиция тартуға, қазақ жастарының сапалы білім алуына ықпал ете алатын білікті қазақтар шетел­дерде аз емес. Солардың қызметі қажет бізге. Мәселен, сол V құрылтай «ЭКСПО – 2017» көрмесінің аясында өтеді. Соған қазақтың шетелдегі диаспора­лары не ұсынады? Көрмеге қа­тысуға ниет танытқан елдерде тұрып жатқан қандастарымыз бар, олар осынау маңызды шараға қалай үлес қосады? Шетелдердегі қазақ жастарын тым болмаса еріктілер қатарына тарта алдық па? Маңызды шараны өткізуге қиырда жүрген қазақ бізге несі­мен қолғабыс жасай алады? Бір сөзбен айтқанда, біраз сауал бар көкейде. Егер ашығын айтар болсақ, әлемнің 40-қа жуық елін­де өмір сүретін қазақтар сол ел­дердің тілін, мәдениетін, ерек­шеліктерін біледі. Оларды пай­далану керек. Көрмеге дейін әлі уақыт бар. Демек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК бұл мәселені назарда ұстап, шетелдегі қазақ диаспоралары өкілдерінен көрме кезінде қызмет көрсететін еріктілер тобын құру, оларды аудармашылар ретінде шақыру, жарнамалық өнімдердің насихат­талуына қатыстыру сынды бір­қатар шаруаға араластырса құба-құп болар еді. Бір сөзбен айт­қанда, әлемдегі күллі қазақты «ақылға бірлік» жасап, елдің бет-беделі таразыға түсер шараға жұ­мылдыра білмегіміз керек. Әйт­песе халықаралық көрме аясында өтетін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетте жүрген ағайынға тек жетістіктерімізді ғана көрсетіп, қонақ қылып қана қайтаратын боламыз. 
«Ақылға бірлік» демекші, өткен жылы жаһандағы қазақтың берекесін паш еткен бір оқиғаға куә болғанымыз бар. Былтыр жазда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында сел жүріп, біраз отбасы үй-күйсіз қалған-ды. Сол кезде белсенді азаматтар әлеу­меттік желілер арқылы жұртқа сауын айтып, жылу жинаған. Үкімет де апаттан зардап шек­кен­дерге жәрдем көрсетіп, Моң­ғол еліне 200 мың доллар ау­дарғаны бар. Сол кезде белсенді азаматтар ашқан шотқа тек Қа­зақстаннан ғана емес, сонау Дания, Ирландия, Германия мен Түркияда тұратын қандастары­мыздың қаржы аударғанына куә болғанбыз. Соны көріп қуан­ған­быз. Құп көргенбіз. Алаш бала­сының бірлігі күн сайын артып келе жатқанына сүйсінгенбіз. Ал биыл Қарағанды облысы Шахан елді мекенінде болған апатқа байланысты ел азаматтары тағы да қайырымдылық жасағанда тағы разы болдық. Қазақ қана емес, қазақтың төңірегіне топта­сып, Қазақстанның уығын шаншысқан барша жұрт «ақылға бірлік» қылды. Бұл жақсы үрдіс. Қазақтың пидагерлік қасиеті. Тек осынау жақсы қасиетіміздің үнемі насихатталғаны керек. Шет жайлап жүрген бауырлардың да мұндай шараларға араласуына мүмкіндік жасаудың тетіктерін қарастырмағымыз абзал. Сүйініш пен күйініште бірге бола білуге мүмкіндік жасауымыз керек. Дүниежүзі қазақтары қауым­дасты­ғының жанынан қор ашса да жаман болмас еді. Сонда шеттегі бауырлар «ағайынға мыс­қалдай болса да пайдам тиді» деп сүйінер еді. Рас, мәселе тек қар­жыда ғана емес. Бірақ кейде ортақ іске жұмылу тек сөзден емес, нақты әрекеттен байқалса дейсің. Әйтпесе жаһандағы бар қазақты біріктіру идеясы тек көші-қонмен, түрлі жиындар өткізумен, шетелдердегі қазақ диаспораларына кітап-құрал жеткізіп тұрумен ғана өлшене бастаған сыңайлы.