Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Жастар саясаты жаңа сипатта болады

Жастар саясаты жаңа сипатта болады

Айхан ШӘРІП
866
Жастар саясаты  жаңа сипатта болады Қазақстанда алдағы көктемде «Ата-ана сағаты» ұлттық күні атап өтіледі.

Оның аясында еліміздегі барлық ата-аналар жаппай мектептердегі жиналыстарға шақырылатын болады. Бұл туралы кеше Премьер-министр 
Б.Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиынның күн тәртібіне жастар саясаты мәселелерін және мүлікті жария ету акциясының қорытындысын қарау шығарылды.

Үкіметтің 2017 жылғы алғашқы оты­рысын ашқан Премьер Жаңа жылдың «төтенше оқиғалармен» басталғанын атап өтті. 
– Өкінішке қарай, жаңажылдық ме­реке күндері еліміздің бірқатар өңірле­рінде төтенше оқиғалар болды. Шахтинск қаласының Шахан кентінде жылу қазандығы жарылып, бес қабатты үйдің бір жағы түгел құлап қалды. Сонымен қатар төтенше оқиға Шымкент қаласында да орын алды. Өкінішке қарай, бірнеше адам құрбан болды. Үкімет атынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын! – деді Премьер Б.Сағынтаев.
Ол Мемлекет басшысының Үкіметке және облыс басшыларына барлық зардап шеккендерге жәрдем көрсету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырғанын айтты. Сондықтан күн тәртібіндегі мә­се­лелерді талқылауға кіріспес бұрын жауап­ты министрлер мен өңір басшыларының есептері тыңдалды. 
Осы орайда Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Үкімет жетекшісінен кезекті рет сөз естіп, сынға ұшырады. Өйткені Премьердің пайым­дауынша, осы облыстағы жылу жүйеле­ріндегі кешенді проблемалар жылдан-жылға көбеюде. 
– Жақында ғана, Жаңа жыл қарса­ңында өткен Үкімет отырысында сіз жағ­дайды баяндағансыз! – деп облыс әкімінің есіне салды Бақытжан Әбдірұлы. – Қара­ғанды өңірі үлкен екенін, сегіз моноқала мен қаптаған елді мекендерден тұратынын білемін. Бірақ соған қара­мастан, сіз барлығы штаттық режимде жұ­мыс жасап жатыр, жылу маусымына лайықты дең­гейде дайынбыз деп мәлім­дегенсіз. Дайын­­дығыңыз қайда? Жағдай жыл сайын қайталанады. Сондықтан облыста жылыту маусымына дайындық жұмысы сапасыз өткізілгенін атап көр­сетемін!
Үкімет басшысы өңір басшысына өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы барлық нысандардың қысқа дайындығын толығымен қайта тексеріп шығуды жүк­теді. Бұл іске Энергетика министрлігі де жұмылдырылатын болды. 
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қ.Қасы­мов Шахан кентіндегі қайғылы апатқа байланысты Қазақстандағы бар­лық көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелеріне ревизия жүргізуді және тұрғын үйлер астындағы барлық қазан­дықтарды мүмкіндігінше, тезірек шы­ғаруды ұсынды. Оның ақпарынша, соңғы алты жыл ішінде республикада қазан­дықтардың жарылуымен байланысты 28 төтенше оқиға тіркеліпті. Соның салда­ры­нан 17 адам қаза тапты, 27 адам жара­қаттанды. Министрдің тұжырымдауынша, «мұның барлығы жылу жүйесін қауіпсіз қолдануды бақылаудың заңнамалық деңгейде бекітілмеуі кесірінен болуда».
– Бұдан ертеректе, мемлекеттік бас­қару деңгейлері арасында өкілеттіктерді ажырату мәселелері бойынша заң қабыл­данғанға дейін, ТКШ объектілеріндегі қауіпті техникалық құралдарды пай­далануды бақылаумен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті айналысатын (ол Инвестиция­лар және даму министрлігінің құрамында). Қазіргі уақытта мұндай бақылау жергілікті әкімдіктердің құзырына кіреді. Комитетте тек өнеркәсіптік объектілерге рұқсат беру функциясы ғана қалды. Ендеше, мұндай апаттарға жол бермеу мақсатында ба­қылауды заңнамалық тәртіпте реттеу немесе бұрынғы функцияларды уәкілетті органға қайтару қажет деп санаймыз, – деді ІІМ басшысы.
Бірінші вице-премьер А.Мамин Үкі­мет отырысында айтылған барлық мәсе­лелер алда жеке кеңестерде қарасты­ры­ла­тынын мәлім етті: «Жағдайға талдау жа­сап, рес­публикалық және жергілікті ат­қарушы органдар арасында өкілеттік­терді функ­ционалдық бөлуге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгіземіз» деді ол. 
Премьер Б.Сағынтаев оған жауапты меморгандар мен әкімдіктердің жылумен қамту нысандарының пайдаланылуын және техникалық күйін бақылау-қа­дағалау функцияларын күшейту бо­йын­ша нақты ұсыныстар енгізуді тап­сырды. Ал ІІМ-ге мемлекеттік орган­дармен және әкімдік­термен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе, білім және әлеуметтік сала нысандарындағы барлық жылу қа­зан­дықтарына тексеру жүргізуді тап­сырды. Ол А.Маминге осы жұмыс­тар­ды үйлестіруді және мәселелерді шешу үшін жүйелі шараларды әзірлеу мақ­са­тын­да жедел жұмыс тобын құруды тап­сырды. 
Осыдан кейін «азаматтарды уақытша тіркеу» мәселесі қаралғанда, Ішкі істер министрі де Премьердің қатаң сынына ұшырады. «7, 8, 9 қаңтар күндері 40 мың азамат тіркеуге тұрды. Оның ішінде тек 19 мыңы ғана уақытша тіркелді, қалған 21 мыңы өз пәтерлерінде тұрып жатқан, бірақ онда тіркелмеген, яғни өз жағдайын тек заңдастырған азаматтар» деп ақталған еді Қ.Қасымов. 
«Біз дәл қазір ХҚКО-ларда қандай жағдай қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Адамдар көңілтолмастық біл­діруде. Сұрақтар көп. Ақпарат жеткі­ліксіз. Жауапты меморгандар түсінік беруге ты­рысуда. Бірақ халық ол түсінік­темелерді қабылдамай тастауда» деген Б.Сағынтаев министрге қайырылып, уақытша тіркеуді қарастыратын терроризмге қарсы жаңа заңға қашан қол қойылғанын сұрады.
«28 желтоқсанда» деді ІІМ басшысы. «22 желтоқсанда! – деп түзетті оны Үкімет жетекшісі. – Ал бұл заң бойынша бірінші түсініктемені қашан бердік? Тек ХҚКО-ларда дүрбелең туғаннан кейін ғана! Бұл жаңа нормалардың барлық қазақстан­дықтарды қамтитынын білдік, демек, 22 желтоқсанда-ақ түсіндіруді бастап ке­туіміз керек еді. Сонда өзіңіз айтып отыр­ғандай, уақытша тіркелген 19 мыңның үстіне тұ­рақты тіркелуге асыққан 21 мың қо­сы­лып, дүрбелең жасамас еді. Соңғы­лары дәл осы күндері емес, жыл бойын­дағы кез келген басқа күнде келе алатын еді, бірақ оны түсіндірген ешкім болмады. Бәрі үрейленіп, ХҚКО-ларға ағылды» деп кейістік білдірді Б.Сағын­таев.
Талқылауды қорытқан Үкімет жетек­шісі ішкі істер және ақпарат ми­нистр­ліктеріне азаматтардың келген жерінде уақытша тіркелу ережелері туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Б.Сағын­таев азаматтарға олар үшін қолайлы уақытта тіркелуге мүмкіндік беру және осы мақсатта ХҚКО-лардағы қызмет көрсететін оператор­лар мен терезелер санын барынша көбейту керектігін атап өтті. 
Осы күні Үкімет мүшелеріне мемле­кеттік жастар саясатының негізгі бағыттары таныстырылды. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сарап­тамалық бағалаулар мен ұсыныстарды ескере отырып, жастар саясатындағы әрі қарайғы жұмысты «бес негізгі бағыт бо­йынша ұйымдастыру» жоспарланғанын мәлімдеді. 
Біріншісі – ауыл және қала жастары­ның арасындағы мүмкіндіктердің айыр­ма­­шылы­ғын төмендету, жастарды әлеу­мет­тендіру, олар­дың бос уақытын ұйым­дастыру бойын­ша жұмыстарды жалғас­тыру. Осыған байла­нысты жалпыұлттық жас­тар қоз­ғалысы жобасын әзірлеу ұсы­ны­лады, оның негізгі бағыттары: во­лон­тер­лікті, спорттық және шығарма­шылық жетіс­тіктерді, еңбек дағдыларын дамыту.
Сонымен қатар көшелердегі қа­рапайым спорттық жарақтар желісін (воркауттар), аула клубтары мен жастарды жаппай спортқа және шығармашылыққа тартудың басқа да аз шығынды түрлерін арттыру қажет. Бұған мемлекет бизнес­мендердің демеуқаржысын тартпақ.
Екінші бағыт – «әлеуметтік лифті­лерді» дамыту. Бұл ретте «жастар арасында әскери қызметтің абыройы арттырылады» және әскери қызметке жас қазақстан­дықтар белсенді тартылады. «Әлеуметтік мобиль­ділікті» арттырудың басқа тетігі – шығарма­шылық бірлестіктер мен одақтар, олар нағыз дарындарды анықтап, олардың өсіп-жетілуіне ықпал етуі тиіс. 
Осы орайда министрлік «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын екі жылда бір емес, жыл сайынғы негізде беру мәсе­лесін пысықтауды ұсынды. Дихан Қам­забекұлы, Айгүл Иманбаева, Досымжан Таңатаров, Серік Сәпиев, Ольга Шиши­гина, «МузАРТ», «Жігіттер», «Ұлытау» топтары әр жылдары «Дарын» сыйлы­ғының лауреаты атанды. 35 жасқа дейінгі көрнекті қазақстандықтарға берілетін бұл марапат ғылым, әдебиет, журна­листика, спорт, халық шығармашы­лығы, дизайн және кескіндеме өнері, эстра­да, театр және кино, классикалық музыка, қоғам­дық қай­раткерлік аталымдары бойынша беріледі. 
«Өңірлерде ақпараттық насихаттау жұмыстарын ауқымды түрде жүргізіп, жастарға өздерін және өз дарындарын көрсетуге көмек беру керек» деді министр Н.Ермекбаев.
Үшінші бағыт – жас отбасыларға қолдау көрсету аясында – көктемнің бір күнінде еліміздің барлық мектептерінде бір уақытта, ата-аналарға арнап, тәжіри­белі психологтар мен өзге сала маман­дарының шақыры­луымен «Отбасы сағаты» атты жалпыұлттық акция өткізу ұсынылады. 
– Ата-аналардың, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің тек аз бөлігі ғана ата-аналар жиналысына қатысады, – деді осы тұста Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. – Ата-аналардың 40 пайызына жуығы өз өмірінде бірде-бір рет мектепке бас сұқпайды. Биылғы көктемнен бастап, «Ата-ана сағаты» ұлттық күнін өткізу бастамасын көтермекпіз. Біз барлық мемлекеттік органдардан, ұлттық компа­ниялардан және жеке сектордан сол күні өз қызметкерлері болып табылатын ата-аналарды жұмыстан ертерек босатуды сұрайтын боламыз!
Төртінші бағыт – жастармен жұмыс істейтін мемлекеттік аппараттың кадр әлеуетін арттыруды, ал бесінші бағыт – ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді қарастырады. Дін істері және азаматтық қоғам министрі «жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді қарастырып, шешімін табатын өңірлік Жастар істері жөніндегі кеңестердің жұмысын жандандыруды» және «жастармен жұмыс жөніндегі жоба­лардың іске асырылу барысы туралы есепті Үкімет отырыстарында жүйелі түрде тыңдап отыруды» ұсынды.
Премьер Бақытжан Сағынтаев жиын соңында жастарға «мембағдарламалар аясында қандай көмек пен қолдау барлығын кеңірек түсіндіруді» тапсырды. Бұл жұмыс әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізілмек.
«Жастар саясатының басымдықтарын Мемлекет басшысы желтоқсан айында өткен Жастар форумында белгілеп берген болатын. Осыған байланысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жастардың белсенділігін ынталандыру үшін жаңа тетіктер мен тәсілдерді пай­далана отырып, Елбасы нұсқауларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тап­сырамын» деп түйді Б.Сағынтаев.