Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге құқылы

Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге құқылы

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1024
Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге құқылы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануының өзі – еліміздің әлемде өзіндік орны, салмақты саясаты бар ел екенінің дәлелі.

Нақты бір мысал, Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағы өкілі ретінде бақ сынап, мүмкін болған 193 дауыстың 138-ін алды. Негізгі бәсекелесі – Таиланд 55 дауысқа ғана ие болды. Басым көпшіліктің бұл жолы Қазақстанды таңдауы елімізге деген сенімді білдірді десек қателеспегеніміз. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр» дегені белгілі. Мұндай мүшелік Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне берері мол. Себебі, еліміз қауіпсіздікті күшейту мәселесінде бұрыннан белсенді. Әсіресе, ядролық қарусыздану арқылы адамзатың бейбіт дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Терроризммен күресті күшейту, саяси шиеленістерді шешуде де біздің ат-салысқан тұстарымыз аз емес. Демек, кеңеске уақытша мүше болу елдің беделін арттырады. Геосаясатта салмағын кү­шейтеді. 
БҰҰ-ның басқа саласы өз алдына, ал Қауіпсіздік кеңесінің рөлі аса ірі. Жаһанда болып жатқан көп жағдай осы Қауіпсіздік кеңесінің дәргейіне байланысты. Нақты­лай түсетін болсақ, кеңестің жауапкер­шілігі мол. Әлемде бейбітшілікті сақтап тұрудың негізгі тетігі саналады. Халық­аралық санкциялар енгізетін, БҰҰ бітімгершілік күштерін бағыттайтын, өткізілетін әскери операцияларды санкциялайтын осы Қауіпсіздік кеңесі. Оған 15 мемлекет мүше. 5-уі тұрақты түрде. Бұдан былай Қазақстан әлемдік барлық саяси үдерістерге тікелей қатыса алады. Астана маңызды шешімдерге вето қоймаса да, дауыс беру арқылы қарсы шығуға я болмаса қолдауға құқылы. Мұнда қалыс қалу деген жоқ. Маңызды резолюциялар қабылдау үшін 15 мемле­кеттің кем дегенде 9-ы қолдауы керек. Демек, алдағы 2 жыл көлемінде әлемдік саясаттың өрбуі біздің елмен тікелей байланысты болмақ. 

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:
– Біріншіден, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы бет-беделі және Қазақстан дипломатиясының жеңісі. Жаһандық мәселелерді шешуде бұл Кеңестің орны бөлек. Рас, ХХІ ғасырдың басынан бастап, әлемдегі геосаяси мәселелерде өзгерістер орын алуда. Алпауыт елдер арасында «Жер шарын қайта бөліске салсақ» деген текетірестер көбейді. Тіпті әлемдегі бірден-бір Ұлы держава атанған АҚШ кейде БҰҰ-ның айтқанын тыңдамай, өз дегенімен жүргісі келді. Өзінше саясат ұстанды. Кейбір елдерге түрлі сылтау айтып басып кірді. Өктемдігін көрсетті.Үстемдігін жүргізуге ұмтылды. Енді осындай олақ саясатты ауыздықтап, күр­меулі мәселелерді шешуге күш салатын кез келді. Бұған Қазақстан осындай өкілеттігінің арқасында өзекжарды өз пікірін ортаға салуы тиіс. Қолдайтын жерде қолдап, қарсы келетін жерде қарсылық танытқаны жөн. Бұл бас шұлғи беретін жер емес. Енді Қазақстан Таяу Шығыс, Сирия, Ауғанстан және әлемнің өзге де өңірлерінде жүріп жатқан қақты­ғыс, текетірестерге, даулы мәселелерде араағайынның рөлін атқарады.Сондай-ақ бұған дейін осы биік мінберден кө­терген жаһандық бастамалардың орын­далуына күш салары анық. Біз үшін бұл үлкен сынақ болмақ.

Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ, саясаттанушы:
– Биылдан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ұлыбритания, ҚХР, Франция, Ресей Федерациясы, АҚШ елдерінен бөлек тұрақты емес мүшелері – Мысыр, Сене­гал, Украина, Уругвай және Жапония елдерімен бірге 2 жыл бойы әлемнің қауіпсіздігі мен бейбітшілігі үшін маңызды саяси шешімдер қабылдауға тікелей атсалысатын болады. БҰҰ төрінде еліміз Азия-Тынық мұхит аймағы атынан түскен Таиланд елімен тайталасқа түсіп, басым дауыспен БҰҰ-ның ҚК-не тұрақты емес мүшесі болып, бұрын мүше болған Малайзияның орнын басты. Бұған қарап Қазақстан тек Азия елдерінің мүддесін ғана қорғайды деуге болмайды. Қазақстан – бұған дейін әлемдік аренада өз ұста­нымдарын айқындап алған мемлекет. Еліміз ядролық қарусыз әлем құруға күш-жігерін аяған емес. Бұған дейін қауіпсіз жаңа әлем мен әділеттілікке негізделген G-Global бастамасын ұсынған Президен­тіміз Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде мойындалуы тегін емес. Қазақстан БҰҰ мінберінде 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығына орай, ядролық қарусыз, соғыссыз және дау-жанжалсыз әлем құруға бағытталған «2045 жылға арналған ғаламдық стратегиялық инициативалар» жобасын ұсынды. Бұл барлық әлем елдерінің келешек тағдыры тұрғысына аса маңызды құжат болғалы тұр. Меніңше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі қазақ дипломаттары әлемнің әр аймағындағы, әсіресе, дау-жанжал ошағы – Сирия, бауырлас Түркия төңірегіндегі ахуалға барынша саяси күш-жігерін жұмсайды деп есептеймін. Қазақстанның БҰҰ ҚК-дегі дипломатиялық қадамдары, саяси ұсыныстары имидждік тұрғыдан ғана емес, күллі әлем елдерінің жарқын бо­лашағы үшін аса маңызды деп санаймын.