Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Сенаторлар елмен жүздесті

Сенаторлар елмен жүздесті

Айқын-ақпарат
928
Жыл басынан бері сайлаушылардың мұң-мұқтажын біліп, өңірлердің жай-күйімен танысу мақсатында облыстарды аралап жүрген Парламент депутаттары түрлі аймақтарға ат басын тіреді.

Жақында Парламент Сенаты төрағасының орын­басары Бектас Бекназаров пен сенатор Әли Бектаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаевпен кездесті. Сонымен қатар қазыналы Оңтүстікке тағы бір сенатор Қуаныш Айтаханов та барды. 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі сенаторларды облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы ақпаратпен таныстырды. Ж.Түймебаев облыста ауыл шаруашылығы қызу қарқынмен дамып келе жатқаны, ай­мақта жылыжайлар саны арта түскені, мақта өсіру саласында да ірі жобалар іске асырылғаны туралы айтты. 
Сенаторлар Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуде Парла­менттің заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Б.Бекназаров «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын, сондай-ақ еліміздің әлеу­меттік-эко­номикалық дамуының негізгі бағыт­тары белгіленген стратегиялық бағдар­ла­маларды іске асыруға арналған жүзден астам заң­дардың қабылданғанын атап өтті. 
Төраға орынбасары Парламент қа­былдаған тарихи құжат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияға Түркістан тұрғында­рының назарын аударды. Б.Бекназаров ширек ғасырда елімізде ауқымды эконо­мика­лық, саяси және әлеуметтік саладағы өзге­рістер болғанын атап өтті. «Прези­дент Н.Назар­баев­тың саяси ерік-жігері мен страте­гиялық көзқа­растары еліміз­дің дамуында қазақ­стандық табысты жолды нақты белгілеп, өсіп-өркендеуге мүмкіндік берді» деді төраға орынбасары. 
Парламент қабылдаған заңдарды түсіндіре келіп, Б.Бекназаров «Жайы­лым­дар туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобала­рының ережелері туралы айтып берді. Ол заңдардағы орман, су қорын пай­далану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлер­ден шөп шабу және онда мал жаюға қатысты ережелерді одан әрі жетілдіру көзделіп отырғанын түсіндірді. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға жайылым­дарды басқару мен пайдалану мәсе­лелері бойынша ше­шімдерді талқылау мен қабылдауға аза­маттарды тартуға бағыт­талған ережелер қосылатын болады. 
Кездесу барысында аймақ жұртшы­лығы осы саланы жетілдіру туралы өз ұсы­ныстарын айтып, институттық реформа­ларға қолдау білдірді және оларды іске асыруға белсенді қатысуға әзірліктерін жеткізді. 
Сенатор Қуаныш Айтаханов жұмыс бабындағы сапармен Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы бірқатар аудан­дарда болды. Депутат сапар барысында Бәйді­бек, Отырар, Түлкібас аудан­дарында және Түркістанда жергілікті атқарушы биліктің басшы­лығымен, мәслихат депутатта­рымен, жұртшы­лықпен, орта және шағын бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілде­рімен, аудан жастарымен кездесті. 
Қ.Айтаханов аймақтағы жергілікті тұрғындармен болған жүздесулерде Елба­сының «100 нақты қадам» Ұлт жоспа­рының аясындағы бес институт­тық реформаларды іске асыру барысы туралы хабардар етті. Сенатор сондай-ақ Мемле­кет басшысының Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығына арналған салта­натты жиналыста сөйлеген сөзінде айтыл­ған міндеттерге жан-жақты тоқ­тала келіп, заң шығару жұмыстарының жос­пары және оны іске асырудағы парла­ментшілердің қызметі туралы әңгімеледі.