Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктелді

Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктелді

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
769
Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктелді

Төрткіл дүниенің әр бұрышында қанды қақтығыстар, елмен елдің арасындағы даулар, экономикалық-саяси тартыстар өршіп тұрған кезде, оларға басу айтып, арағайынның қызметін атқарып, жөн сілтейтін іргелі ұйымның бір құлағын ұстаған Қазақстанның иығына артылар жауапкершілік те аз болмасы анық. Оған біз даярмыз ба? Біліктілігіміз қандай? Бұл басты мәселе. Бір ескере кететін жайт, Қазақстан жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметке кірісті. Бұдан сәл бұрын, яғни 2016 жылғы 31 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі залының алдына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын, сондай-ақ ҚК-нің ресми залындағы келіссөздер үстелінде және жабық келіссөздерге арналған бөлмесінде еліміздің ағылшын тіліндегі атауын қамтитын тақтайшасын орнату рәсімі болып өтті.1945 жылдан бергі БҰҰ-ның тарихында бұл органға әлемнің ең үлкен құрлығынан 23 ел ғана сайланып, сонда жұмыс істеген. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Филиппин, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты қуатты мемлекеттер бар. Енді Ортаазиялық ауқымды өңірінің өкілі ретінде, осы елдердің сапына Қазақстан қосылды. Бұл жауапкершілігі үлкен тірлік. Қазіргідей әлемде геосаяси мәселелер шиеленісіп тұрған кезде Қазақстан арағайынның қызметін атқара ала ма? 


 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Қазақстан үлкен жауап­кершілікті мойнына алды деуге болады. Өйткені әлем өзгеріп жатыр. Бір полярлы басқарылымнан көп полярлыққа қадам басуда. Тартыс осыдан туындап жатыр. Ал мұндай жағдайда кейбір алпауыт елдер БҰҰ-ның сөзін жүре тыңдары анық. Сондықтан үлкен біліктілік пен бедел қажет. Сабырға шақыру, тартыстың тігісін жатқызу оңай болмасы хақ. Бірақ 1991 жылдан бері тәуелсіз ел атанып, дара саясат жүргізіп келе жатқан Қазақстанның әлемдік саясатта өзіндік салмағы бар мемлекетке айналғаны анық. АҚШ бастаған Батыс елдерімен де, Азияның алпауыттарымен де ара қатынасы жақсы. Тіпті Латын Америкасы, Африка құрлығында жатқан мемлекеттермен де дипломатиялық байланыс орнатқан. Қазақстан бейбітшілікті сүйгіш ел. Сонысымен сыйлы. БҰҰ мінберінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай мәрте адамзаттың болашағын күйттеген жаһандық мәселелер көтерді. Осы арқылы-ақ өзге жұрт Қазақстанды таниды. Демек, біздің ел ұсынған игі бастамалар қолдау табатыны ақиқат. 


 

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, 
саяси ғылым­­дарының док­торы, профессор:

– Кез келген мемлекет ха­лықаралық аренада жұмыс істеп, тәжірибе жи­нақтауы қа­жет. Сол се­кілді біз де. Де­генмен Қа­зақстан сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қап тауындағы Қарабақ мәселесіне араласып, Әзірбайжан мен Армения арасында ара би болуға тырысқан. Азды-көпті тәжірибе бар. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып қызметке кірісуі, біріншіден, біздің елге бедел әкеледі. Екіншіден, үлкен жауап­кершілікті міндеттейді. Қазіргідей халықаралық мәселелер ушығып тұрған кезде, оларға жөн сілтеу, түйткілдерді шешудің жолын ұсыну, оңай шаруа емес. Ол үшін өзіміздің әр оқиғаға байланысты нақты шешім-жобамыз болуы керек. Ұсыныстар қажет. Мәселе іргелі ұйымның қатарынан табылу емес, дипло­маттарымыздың даулы мәселелерді шешудің ым-жымын таба білуінде. Өзге мүшелерге сөзді өткізе білуде. Біз сол деңгейден табыла білеміз бе? Әлде бас шұлғып отыра береміз бе? Міне, мәселенің үлкені осы болмақ. Демек, Сириядағы соғысты тоқтатуға, Батыс пен Ресей арасындағы текетіресті біржақты етуге Қазақстан жағы БҰҰ ҚК-дегі орнын пайдалана отырып, бар күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Сонда ғана еліміздің беделі асқақтамақ. Сонда ғана осы ұйымдағы екі жылымыз босқа өтпегенін білетін боламыз.