Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Темір жолдан сенімді көлік жоқ

Темір жолдан сенімді көлік жоқ

Айқын-ақпарат
909
Темір жолдан сенімді көлік жоқ «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев қыстың күні темір жол көліктері мен ауа райының қиын кездерінде жолаушыларды тасымалдау сауалдары бойынша селекторлық жиналыс өткізді.

Осы қыс бастағалы бері ауа райының күрт бұзылуының кесірінен Қазақстанның барлық аймақтарында экстремал жағдайлар орын алған болатын.
Қардың қалың түсуі, боран, қатты жел мен температураның тез өзгеруі, көктайғақ – осылардың барлығы үлкен мәселе туындатты. Бірқатар әуежайларда әуе рейстері уақытынан кешігіп, бірнеше бағыт бойынша автожолдар жабылды. Өткен жылдың желтоқсан айында республикалық маңызға ие жолдардың жабылған 156 жағдайы тіркелген. 2017 жыл басталғалы бері, қаңтардың 5 күнінде-ақ автокөлік қозғалысы 50 рет шектелген. Өткен жылы ұқсас кезеңде 45 рет болған еді. 
Кейбір жерлерде он шақты автокөлік, жүздеген адам қарға батып қалған. 
Осы секілді ауа райының қиын кездерінде темір жол жұмысы тоқтамаған. Пойыздар ең сенімді әрі қолжетімді көлік түріне айналып, соның әсерінен жолаушылар ағыны да біршама өскен. Олардың саны жаңажылдық демалыс күндерінде де көбейген. Темір жол кешені жұмысының бірқалыпты жұмыс істеуі үшін «ҚТЖ» ҰҚ АҚ тарапынан үлкен күш салынады. 
«Барлық қызмет түрлері айрықша, күшей­тілген жұмыс режиміне ауысқан. Жолау­шылардың үздіксіз әрі қауіпсіз тасымалдау үшін барымызды саламыз» дейді Қанат Алпысбаев.
Жолаушыларды үлкен көлемде тасы­малдауға вагондардың барлық жиынтығы іске қосылды. 
«2016 жылғы желтоқсанның үшінші онкүндігінде және осы жылдың қаңтар айының басында ең күрделі аймақтарда негізінен үлкен пойыз құрамдары қатынады. 44 жолаушылар пойызына қосымша 500 вагон тіркелді. Кейбір күндері сыйымдылығы 7200 орындық 80 вагон жалғанып та жұмыстар атқардық» дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Нұрдәулет Қилыбай. 
Сондай-ақ алты маршрут бойынша 4 774 орынды қамтитын қосымша жолаушылар пойызы белгіленген. Сапар бойы олардың тығыздығы 100 пайызды қамтыған. 
Одан бөлек, ішінде 1484 орын бар Астана – Көкшетау және Астана – Қарағанды бағыттарындағы төрт су жаңа электропойыз іске қосылды. 
Астана – Павлодар бағытындағы элек­тропойыздың қатынау жиілігі әдетте екі рет­тен болса, осы кездерде аптасына бес реттен жүрді. 
Автожолдар жабылып, әуе рейстері уақыттарынан кешіккен кезде шұғыл шешім шығарылып, қалаған адам пойызбен кете алатындай жағдай жасалған. Ішінде балалар, әйелдер мен қарт кісілері бар 1500 жолаушы жақын жердегі облыс орталықтарына жету үшін орын алмаса да, вагондарға билет алу арқылы жеткізілген. 
Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, жалпы саны 50 мың қалып қойған жолаушыны тасымалдаған. Өткен жылдың желтоқсанында шамамен 2 миллионға жуық жолаушы қалаған жеріне жеткен. 2015 жылдың сол уақытымен салыстырғанда биылғы шама 100 мың адамға артық екендігі байқалған. Осындай шаралар адам қарасы көп жиылған Астана, Бурабай, Қарағанды темір жол вокзалдарында да қабылданған. Жолаушылар анықтама бұрыш­тары, ақпараттық тақтайшалар мен дыбысты байланыс арқылы пойыз қозға­лысының өзгерістері туралы ақпараттар алып отырған. Күту залдарындағы отырғыштардың саны артып, қоғамдық тамақтану орын­дарының, балалары бар адамдарға арналған бөлмелердің, сауда орындары мен вокзалдың басқа да нысандарының үздіксіз жұмыс істеуі қада­ғаланған. Сонымен бірге, «105» анықтама орталығына хабарласқандарға пойыздардың кешігетіндігі туралы ақпарат түсіп тұрады. 
Пойыздардың жолда тұрып қалмауы үшін тәулік бойы темір жолдар қарда тазартылып тұрады. 
«Қар басып қалумен күреске күн сайын екі мыңнан аса жол жөндеушілер шығып отырған. Желтоқсаннан бастап барлығы 72 мың жол жөндеуші, мыңнан аса екінші кезектегі жұмысшылар – түрлі кәсіпорындар теміржолшылары жұмылдырылған. Түрлі қар күрейтін және қар тазалайтын техникалар қолданылған. Олар күні-түні орта есеппен 50 рейс, жалпы саны екі мыңға жуық рейс жасаған» дейді «ҚТЖ» ҰҚ АҚ магистральдық желісінің дрекция жетекшісі Жарас Ізғұлов. 
Барлығы 746 мың шаршы метр қар күреліп, 81 мың шақырым жол тазартылған. 
Селекторлық отырыс барысында Ақмола, Қарағанды, Павлодар жол бөлімінің жетекшілері қысқы қиын кезеңдерде тасымалды қамтамасыз етуге байланысты қабылданған шаралардың есебін берді. 
Компания басшысы Қ.Алпысбаев жолаушылар вагондарының технологиялық резервтерін түгелдей қолдануға тапсырды. Экстремал жағдай орын алса, ұзын құрамды пойыздарды құрып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттылған барлық шараларды іске асыруға рұқсат берді. 
Айша ЕРСҰЛТАН