Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Сыртқы саясатта – жаңа серпін

Сыртқы саясатта – жаңа серпін

Айқын-ақпарат
723
Сыртқы саясатта – жаңа серпін Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа жылда тың серпінге ие болмақ. Оның үстіне, 2017 жылға ведомство жаңа басшымен аяқ басты.

Дәл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 30 желтоқсанда Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездескен Елбасы дипломаттарымыздың жаңа жетекшісі Қайрат Әбдірахмановты таныстырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында СІМ алдында жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өткен  болатын.

Соңғы жылдар әлемдегі көптеген ел­дер­ге саяси «тосынсыйлар» әкелді. Ар­а­сында сүйкімдісі де, сүйкімсізі де бар тағ­дыр «сыйлықтарының» сериясы жаңа жыл­да да жалғасын таппақ. Мысалы, он күннен соң әлемдегі ең ірі держава АҚШ-та билік тізгінін жаңа сайланған Пре­зи­дент Дональд Трамп өз қолына алады. Ұлық­тау салтанаты 20 қаңтарға, қасиетті жұ­маға белгіленгенімен, Ислам әлемін ұнат­пайтынын, тіпті мұсылмандар үшін Аме­рика есігін тарс жабуға дайын екен­ді­гін білдірген Трампты бұл теріс райынан қай­туға, мұндай ұстанымын іске асыр­мауына Елбасыдай бітімгер, сарабдал жаһан­дық тұлғалар ықпал ете алады. 
Жалпы, биылғы жылы қазақ елінің адам­затты ортақ игілікке және кемел ке­лешекке бастар өзінің бейбітшіл де байып­ты сыртқы саясатын, әлемдік бас­тамаларын іске асыруына мол мүмкіндік туып отыр. 
Сыртқы істер министрлігінің баға­лауын­ша, соңғы жылдары әлем ең бір қо­лайсыз сценарийлер бойынша дами бас­тады. Жаһандық геосаясат пен геоэ­ко­номикада дағдарыстық құбылыстар ушық­ты. Бұған бірқатар теріс факторлар, атап айтқанда, халықаралық құқықтың ір­гетасын құрар қағидаттарының бұ­зылуы, төрткүл дүниедегі ең ірі мемлекет­тер­дің қарым-қатынастарының сууы, тер­роризм мен радикализм қатерлерінің кү­шеюі ықпал етуде. Бұл факторлардың бар­лығы, әрине, біздің елімізге де теріс әсер етеді. Әлем өртке оранып жатқанда, оның ортасында «Мәңгілік ел» құру қиын­ға соғады. Сондықтан Қазақстан пла­нетамыздағы қауіпсіздік пен бейбіт­ші­лікті нығайту бағытында биыл да бел­сене қимылдамақ.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ре­тін­де республикамыз осы бағытты басты назарда ұстайды және жаһандық ұйы­м­ның бұл саладағы жұмысына елеулі үлесін қосуға ниетті. Сондай-ақ осы лауазымын­да ресми Астана Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың факторы ре­тіндегі Қазақстанның орнын нығайтуға, Ор­талық Азия мен Ауғанстанның проб­ле­маларына әлем жұртшылығының на­за­рын аударуға басымдық береді. 
Тағы бір айтар жайт, енді еліміздің сырт­қы саясаты да экономикалық мәсе­ле­лерге кеңінен жұмылдырылады. Елба­сының «экономикалық дипломатияны» күшейту бойынша берген тапсырмасына сай, Сыртқы істер министрлігі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикалық міндеттерін тиімді ілгерілетуге, шетелдік инвестициялардың тартылуына ықпал етуге күш салады.
Қазақстан Президенті таяу арада Ас­та­нада Сирия түйткілдері жөнінде ке­ліс­сөз жүргізуге мұқият дайындалу қа­жет­тігіне де дипломаттарымыздың назарын ау­дарған болатын. Ал Сирия шиеленісін рет­­теуге байланысты кездесулер 23 қаң­тар­да Астанада өтетіні жақында белгілі болды. Бірнеше жылдан бері жа­рылыстан көз ашпаған бұл елге Аме­рика мен Ресей араласып, бейбіт күнді тудыра алмағаны мәлім. Енді арағайын ретінде қазақ елі араласып отыр. АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы Джон Керри өздерінің Аста­на­дан үлкен үміт күтетінін ашық айтты: «Егер Астанадағы Сирия бойын­ша келіс­сөздер шынымен де өтер болса, онда бұл іске үлкен серпін береді. Америка Құрама Штаттары Астанадағы кез­десуді қош­тай­ды. Біз оның алға қарай қадам бас­тыра­ты­нынан үміттіміз. Бұл туралы мен БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаф­фан де Мис­­­турамен, РФ сыртқы іс­тер министрі Сергей Лавровпен әңгіме­лесуім кезінде де айттым. Олардың бар­лы­ғы Астанадан кейін Женеваға жетіп, нақты уағда­лас­тыққа шығу қажет деген байламмен ке­ліседі» деді Джон Керри. 
Өз кезегінде Стаффан де Мистура да ас­таналық кездесудің маңыздылығын атап көрсетті. БҰҰ бас хатшысының рес­ми өкілі Стефан Дюжаррик Астанадағы Сирия бойынша келіссөздердің Женевада 8 ақпанда БҰҰ қолдауымен өтеді деп бел­гіленген «Дамаск пен оппозиция деле­гация­ларының кездесуіне» дайындық үрді­сінің бір бөлігі болып табылатынын мә­лім­деді. Яғни, Қазақстандағы келіс­сөз­дердің қаншалықты табысты өтуі кейінгі қорытынды мәмілелерге ықпал етпек. 

Биыл Сирия сыртында, Қазақстан Украинадағы шиеленістің түйінін тарқатуға да күш-жігер бағыттайтыны мәлім болды. 
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атаған болатын.
– Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент экономикалық өлшемдер болуға тиіс. Инвестиция тарту және отандық тауарлар экспорты мәселелерімен айналысу қажет. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұмысын күшейту керек. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттеріне тыңғылықты дайындалған жөн, – деген-ді Мемлекет басшысы СІМ қызметкерлеріне.
Сонымен бірге,  Президент елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағдаластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажеттігін арнайы атап өтіп, елімізді шетелдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керектігіне назар аударды. Дегенмен Қазақстан  бірнеше елдегі елшілерін әзірге тағайындаған жоқ. Дипломатияда бұл қалыпты жағдай  болса керек. Бірақ  Қазақстанның Түркиядағы елшісінің 4 ай  бойы тағайындалмағанын ескерсек, сыртқы саясатта  «жеті  өлшеп, бір рет кесетін»  жағдай қалыптасқан тәрізді. 
Сыртқы саясатқа  қатысты тағы бір  жаңалық,  виза  мәселесіне  байланысты  болып отыр. Биыл Қазақстан 45 елдің азаматтарына біржақты түрде визасыз режим орнатты. Бұл Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін қысқы «Универсиада – 2017» ойындарына туристер молынан келуі үшін де жасалуда. Ал қазақстандықтардан биыл посткеңестік кеңістіктегі елдер сыртында, Индонезия, Македония, Малайзия, Намибия, Сейшель аралдары,  Черногория, Эквадор, Филиппин, Барбадос, Оңтүстік Корея, Түркия, Аргентина, Сербия, Бразилия, Шри-Ланка және Израиль виза талап етпейтін көрінеді. Жақын арада Куба да отандастарымызға 30 күнге еркін жүруге келісімін береді деген мәлімет бар. Бір сөзбен  айтқанда,  2017 жыл сыртқы саясаттағы батыл қадамдар арқылы басталған жайы бар.  Нәтижесін уақыт көрсетер.
Елдос СЕНБАЙ