Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Заңдастыру – cоңғы мүмкіндік еді...

Заңдастыру – cоңғы мүмкіндік еді...

Айхан ШӘРІП
724
Заңдастыру – cоңғы мүмкіндік еді... Қазақстандықтардың дүние-мүлкі жалпы құны 5 жарым триллион теңгеге көбейді. Елімізде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бері жүрген «мүлікті жария ету» науқанының алдын ала қорытындысы осындай.

Бұл заңсыз қаржылар мен мүліктерге жарияланған ел тарихындағы осымен ІІІ рақымшылық акциясы болатын. Сол арқылы мемлекет шетелдегі және «көлеңкеде» жасырулы активтерді Қазақстанға тартып, экономикаға қосымша күш беруді мақсат тұтуда.

«Мүлікті жария ету бойынша құ­жаттарды қабылдау 2016 жылдың 23 желтоқсанында аяқталды. Ме­м­ле­кеттік кірістер органдары қабыл­дан­ған құжаттарды өңдеуді жылдың соңына дейін аяқтады. Өткізілген ак­цияның ақырғы қорытындылары 2017 жылдың басында жария еті­ле­ді» деп хабарлайды Қаржы ми­нистр­­лігі. 
Ал Мемлекеттік кірістер ко­ми­теті кеше барлығы 5 триллион 570 мил­лиард 133,1 миллион теңгенің мүл­кі мен қаражаты заңдастырыл­ға­нын хабарлады. 
Осы органның мәліметінше, мү­лікті жария ету акциясы бары­сын­да жалпы құны 5 триллион 851 мил­лиард 491,6 миллион теңге бо­ла­тын барлығы 161 707 өтініш келіп тү­сіпті. Оның ішінде Қазақстан Рес­публикасының аумағында ор­на­ласқан мүлік бойынша 147 528 өті­ніш (сомасы 1 трлн 762 млрд 618,1 млн), шетелдегісі бойынша 447 өті­ніш (жалпы құны 70 миллиард 477,7 миллион теңге) қабылданған. Мұның сыртында 4 триллион 18 мил­лиард 395,8 миллион теңге қа­ра­жатты «көлеңкеден» «күнгейге» шы­ғару бойынша 13 732 өтініш тір­келген.
Бірақ олардың барлығы бірдей «сүт­тен ақ, судан таза» бола алмады. 
Сонымен, Мемкірістер коми­те­ті­нің алдын ала қорытындысы бойын­ша еліміз аумағында орна­лас­қан объектілер арасынан жалпы құ­ны 1 трлн 297 млрд 629,1 млн тең­ге тұратын 150 727 жылжы­май­тын мүлік заңдастырылды. Мұның сыр­тында бұдан былай еліміздегі жалпы сомасы 144 млрд 396,2 млн теңге болатын 156 заңды тұл­ға­лар­дың жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің және 45 миллиард 851,3 миллион теңгелік құнды қа­ғаз­­дардың нақты иесі кім екенін мемлекет білетін болады. 
Ал шетелдегі активтерге келсек, Қа­зақстан аумағынан тыс жерлерде ор­наласқан объектілер арасынан жал­пы құны 62 миллиард 190,1 мил­лион теңгені құрайтын 408 жыл­жымайтын мүлік, жалпы со­масы 5 млрд 90,3 млн теңге болатын 57 заңды тұлғалардың жарғылық ка­питалындағы қатысу үлесі, сон­дай-ақ 2 млрд 932,3 млн теңгенің құн­­ды қағаздары заңдастырылып отыр. 
Мемлекеттің «көзінен тыс, көңі­лінен тасада» ұсталып келген қа­ражаттар бойынша барлығы 4 трлн 12 млрд 43,9 млн теңге жария етіл­ді. Яғни, бұл ақшаларды иелері ашық әрі заңды түрде кез келген мақ­сатына жұмсай алады. Соның ішін­де шетелге алып кетуіне де жол ашық. 
Дегенмен мүлікті жария ету нау­қаны­мен қатар жүргізілген тағы бір науқан барысында біраз мем­ле­кет­тік нысандар мен кәсіпорындар же­­кешелендірілгені мәлім. Сарап­шы­лардың жорамалдауынша, заң­дас­тырылған қаражаттың бір бөлігі соған арна тартуы да ықтимал. Олай бо­лса, ел экономикасына қосымша инвестиция болып құйылған. 
Елбасының өзі легализацияға қа­тысқандардың үстінен кейін құ­қық қорғау және фискалды орган­дар іс қозғап, қудаламайтынын мә­лім­деген болатын. Бұл науқанға бір­шама серпін берді. Сонымен бір­ге бұл акция ауыл-аймақтарда, қа­лаларда біраз жылдардан бері өз мүл­кін тіркете алмай жүрген біраз адам­ға сол мақсатына жетуіне жол аш­ты.
Бұл ретте адамдардың өз бетін­ше басып алған жерлерін және он­да­ғы жылжымайтын мүліктерін заң­дастыруға бұл жолы тыйым са­лы­ныпты. Сол арқылы мемлекет өзі­нің жауапты органдарының рұқ­сатынсыз жерді меншіктеудің және онда құрылыс жүргізудің бұдан бы­лай еш мәні жоқтығын, оның кері­сінше, заңмен қудаланатынын көр­сеткен. Ал бірінші легализация ке­зінде оған жол берілген болатын жә­не жерді өз бетінше басып алған­дарға сондағы мүлкін рәсімдеуіне жеңілдік жасалды. Кейін Үкімет бұл тә­жірибеден бас тартып, талапты қа­тайтты. Осы «ІІІ жария ету» ба­ры­сында құрылысты және қандай да бір ғимаратты заңдастыру үшін ол тұрған жердің қожайыны екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсыну та­лап етілді.     
Мүлікті жария етудің бір жетіс­ті­гі сол, оның арқасында Қазақ­стан­да салық салынатын мүліктер ба­засы кеңейіп отыр. Мұның биз­нес­ке берер игілігі де бар: «көлең­ке­ден» шығарылған, лайықты тір­кеуден өткен активтерін енді олар кепілге қойып, несиелендіруге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. 
Сонымен қатар Мемкірістер ко­митетінің дерегінше, қазақ­стан­дықтар Ресейде, Өзбекстанда, Бі­рік­кен Араб Әмірліктерінде, Тай­лан­д­та және басқа да елдерде сатып ал­ған үйлерін, виллалары мен кот­тедждерін заңдастырған. Бұл ретте олар­дың құнын иелерінің өздері бел­гілеген. 
Осылайша, мемлекет өз азамат­та­рына Қазақстандағы және шетел­де­гі өзге адамдар мен компаниялар атына жазылған қаржылары мен дү­ние-мүліктерін жария етіп, өз аты­на көшіріп, заңды айналымға ен­діруге, одан пайда көруге таптыр­мас мүмкіндік берді. Оны пайдалан­ған­дар енді алда жаппай декларация тапсыру рәсімі енгізілгенде, өз дәу­­летін еш қысылмай, құжаттап көр­­сете алады. Сонда оның бұл ау­қатына қатысты құзырлы орган­дар­дың сұрағы тумайды. 
Ал бұл игілікті пайдалан­баған­дар­ды не күтуі мүмкін? Осы орайда Мемлекет басшысының сөзін еске түсіруге болады: «Мүлікті жария ету – жаппай декларация тапсыру ал­дындағы соңғы мүмкіндік болып та­былады. Одан кейін ешкімге еш­қан­дай жеңілдік берілмейді. Бәрі­нен сұрау болады. Легализация нау­қаны аяқталғаннан кейін бүкіл әлем бойынша шетелдік есепшоттар мен мүліктер бойынша барлық ақ­параттар қайта тексерілетін болады» деген еді Президент.   
Өйткені 2014 жылы Қазақстан са­лық салу саласындағы өзара әкім­шілік көмек туралы Страсбург Кон­венциясына қосылған және оның ережелері елімізде 20016 жылы жұ­­мыс жасай бастады. Бұл Кон­вен­ция дүниежүзіндегі мемлекеттердің көбі­мен – 92 елмен және 29 офф­шор­лық аумақтармен ынтымақ­тас­тық үшін негіз қалайды. Сарап­шы­лардың айтуынша, бұл тетік арқылы шет­елдегі барлық есепшоттар мен жыл­жымайтын мүлікті тексеру қиын­дық тудырмайтын көрінеді. 
Бұған қоса, көлеңкелі экономи­к­амен күрес мақсатында ел заң­на­масына елеулі өзгерістер енгізіліп, жа­за қатайтылғанын да еске сала кет­кен жөн.