Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Автономдық жылыту жүйесіне қосылған барлық көп қабатты үйлер тексеріледі

Автономдық жылыту жүйесіне қосылған барлық көп қабатты үйлер тексеріледі

Айқын-ақпарат
1061
Автономдық жылыту жүйесіне қосылған барлық көп қабатты үйлер тексеріледі Қарағанды облысында Шаханда орын алған адам құрбандары бар апаттан кейін АЖЖ барлық көп қабатты үйлер тексеріледі, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шаханда жедел штаб отырысында бұл өкімді өңір басшысы Н. Әбдібеков берді. Шұғыл қызметтер, Шахтинск әкімінің ТКШ саласы жетекшілерінің, полицияның есептері тыңдалды.

 «Әкім АЖЖ және қазандығы бар барлық көп қабатты үйді тексеруді, персоналға қосымша нұсқау жүргізуді тапсырды. Шахан кентін ғана емес, күллі облыстағы осындай жылу көздері бар үйлер тексерілуі қажет», - делінген хабарламада.

Шаханда 60 пәтерлі үйде қазандық жарылып, кіреберіс құлады. Оны Қазақстандық көп бейінді қайта жөндеу және даму институтының сарапшылары тексереді.

 «Қазір визуалды қаралды. Екі күнде аспаптық жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда, - деді ҚКҚДИ директоры Ж. Нұғұжинов. - Үйден басқа қауіпті ақау табылмады. Түсірілімді, өзгеріс серпінін, барлық тораптарды қайта қарап шығумыз қажет. Таяуда қорытындысы әзір болады».

Үйді одан әрі пайдалану шешімі сарапшылардың ұсынысымен қабылданады.

 «Қираған бөлік комиссия қорытындысынан кейін ғана жөнделеді», - делінген хабарламада.

Техногендік сипаттағы ТЖ салдарынан келтірілген шығынды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды.

Айта кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Оқиға орнынан төтенше жағдайлар қызметінің күш-құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.

Шахан кентінің әкімдігі жанынан 8 (72156) 3-24-17 нөмірі бойынша, жедел желі қызметі ұйымдастырылды.

 

ҚазАқпарат