Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Екі ауылға көгілдір отын берілді

Екі ауылға көгілдір отын берілді

Айқын-ақпарат
985
Екі ауылға көгілдір отын берілді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында көптен күткен Шөлтөбе – Ұштаған – Басқұдық – Жарма газ құбыры тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге аймақ басшысы Алик Айдарбаев та арнайы барды.

Жалпы ұзындығы 92,3 ша­қырымды алып жатқан ауқымды жұмысқа 898 млн 576 мың теңге қаржы жұмсалған. Бас мердігер «СМК-Атамекен» ЖШС кестеден ауытқымай, жоспарлы жұмысты ұқыптылықпен жүргізіп, жеті айдың ішінде тұрғындар игілігіне тапсырып отыр. Енді ауыл келіндері пеш жағып, күл шығару маша­қатынан құтылатын болды. 

– Басқұдық елді мекені Оңды ауылының бір бөлігі болып қа­растырылады. Бүгінде бұл ауылда он үй бар. Негізі, айналысатын кәсібі – мал шаруашылығы. Он үйдің төртеуі шаруа қожалығының жетекшілері. Қазіргі таңда мұнда 2 мыңнан астам уақ мал, 400-ге жуық сиыр, 500-дей түйе, 600-ге жуық жылқы бар. Бұған дейін ауыл үшін өзекті мәселе – көгілдір отын бола­тын. Бұл мәселе де бүгін оңынан шешіліп отыр. Бұл ауылда бірінші топтағы екі мүгедек ағамыз бар. Бірі үйі салқын болғандықтан Жаңаөзен қаласына қоныс аударған болатын, ауылға табиғи газ берілгенін естіп, қайта көшіп келетінін айтты. Екінші ауылымыз Жарма ауылында 20 отбасы тұрады. Ол ауылдың тұрғындары да бүгін қуанышқа кенеліп отыр. Осылайша, Оңды ауылында табиғи газ мәселесі толықтай шешілді, – дейді Оңды ауылының әкімі Бақтыбай Ізімтаев. 
Жаңа нысанның ашылу салта­натына облыс әкімі Алик Айдар­баев, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыс әкімі аппаратының басшысы Асқар Рзаханов пен ауыл тұрғындары қа­тысып, ақжарма тілектерін ағыт­ты. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы А.Айдарбаев Маңғыстау ауданында соңғы жылдары жа­салған игі істерге тоқталды.
– Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде үлкен бағдарламалар жүзеге асып, халқымыздың болашағы үшін әлеуметтік жобалар іске асып жа­тыр. Осы бағдарламалар шеңберінде бүгін Жарма елді мекенінде по­лиэтилен тұрбалармен салынған жаңа Ұштаған – Басқұдық – Жарма газ құбыры пайдалануға беріліп отыр. Аталған құрылыс жобасы заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Құрылыс жобасы­ның аяқталуына орай мердігер мекемеден әрі қарай бірегей газ тасымалдаушы «Қазтрансгазай­мақ» АҚ қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуге дайын. Айта кету керек соңғы бір-екі жылда Маңғыстау ауданында бірнеше рет келіп, Жыңғылды мен Ұштаған ауылдарында балабақшалардың, Қызан, Ұштаған, Жыңғылды, Шебір ауылдарында дәрігерлік амбулатория, темір жол өткел­дерінің ашылуына қатысқанмын. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Шебір, Тұщықұдық, Ақшымырау, Шайыр ауылдарында спорт ке­шендері салынса, Ақшымырау ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді, – деген А.Айдарбаев пен ауданның «Құрметті азаматы», ауыл ақсақалы, белгілі аңшы Алдаберді Ақшабаев газ бұранын ашты. 
Ас үйдегі жайлылықты отба­сымен бірге алғаш сезінгендердің бірі – Күнтуған Өмірбердиева. Күнтуған апа көгілдір отынның келуін 40 жыл күткенін айтады. 
– Бүгін үйімізге табиғи газымыз келіп қуанып жатырмыз. Енді келіндеріміздің жұмысы жеңіл­дейтін болды. Ауылға келіп, еңбек етемін деген отбасыларға барлық жағдай жасалған. Суымыз келіп тұр, жарығымыз бар, бүгін көгілдір отынымыз пайдалануға беріліп, қуаныш үстіне қуаныш қосылып жатыр. Осы ауылда он отбасы тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым Тілеужан бірінші топтағы мүгедек. Екеуміз 43 жыл бұрын отбасын құрып, ұл мен қызды өсіріп, бүгінде олардан немере сүйіп отырмыз. Жолдасым осы ауылда ауылшаруашылық саласының дамуына зор үлес қосқан жан, – дейді 63 жастағы Басқұдық ауылының тұрғыны Күнтуған Өмірбердиева. 
Жаңа жыл қарсаңында табиғи газға қол жеткізген тұрғындар мәре-сәре. Шарада сөз алған ауыл ақса­қалдары да жергілікті билікке ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. 
– Өте қуаныштымыз. Бұған дейін үйге отын тасып, қи, ағаш іздеп, пеш жағатын едік. Келінде­ріміз күл шығаратын. Енді көгілдір отынның келуіне орай жұмыста­рымыз жеңілдейтін болды. Ауыр азаптан құтылдық. Суымыз үйге келіп тұр, табиғи газымыз бар, бұдан артық не керек?! Бізге осындай қуаныш сыйлаған жер­гілікті билікке ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Жарма ауылы­ның тұрғыны Мұрат Құттығұлов. 

Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы