Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  16 мың жылдық күнтізбе болуы мүмкін бе?

16 мың жылдық күнтізбе болуы мүмкін бе?

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ
2006
16 мың жылдық күнтізбе болуы мүмкін бе? Осыдан біраз бұрын, дәлірек айтқанда 2011 жылы марқұм Таласбек Әсемқұловпен қазақтың өткен-кеткені, мифтері жөнінде әңгіме-дүкен құрғанымыз бар.

Сонда ағамыз қызық бір жайтты айтып еді. Ол түркінің жыл санауы мен күнтізбесі төңірегінде сөз қозғаған. Бірақ әлі де анықталуы тиіс дүниелер бар екендігін айтқан-ды. Таласбек аға сол кезде 2011 жылдың түркі жұртының есебі бойынша 16231 жыл болуы мүмкін екендігін айтқан. Дегенмен, көне күнтізбенің болғанын нақтылау үшін әлі де бірқатар детальдар жетіспейтінін ескерткен. Кейін осы тақырыпқа қайта оралмадық. Содан бері де бес жыл уақыт өте шығыпты. Ағамыз да арамыздан кетті. Бірақ айтқандары санада хатталып қалыпты. Ақыры 16 мың жылдың есеп-қисабын асайтын күнтізбе болуы мүмкін бе дегенді қаузап көрмекке бекіндік. 

Егер 2011 жыл ескі күнтізбе бойын­ша 16231 жыл болса, мына өтіп бара жатқан 2016 жылымыз 16236 жыл болуы да бек мүмкін. Де­генмен Таласбек ағамыз бұл мә­селеге қатысты «Зерттеп жүр­мін, әлі де пысықтайтын тұстары бар» деп еді. Сондықтан үнде­ме­уге бекінсе керек. Әрине, қа­зақ­тың ескі әңгімелерін бір к­і­сі­дей білген ағамыздың өз уәж­дері мен дерек-дәйектері болған шы­ғар. Біз қисынға сүйеніп көр­мекпіз.
Жалпы, қазіргі күнтізбеден бө­лек жыл санаудың көптеген түр­лері болғанын жұрт жақсы бі­леді. Қытайдың, Америка құр­лығындағы үндістердің, Азия­да­ғы үнділердің, мысырлықтардың, қыс­қасы жаһанды мекен қылған халықтардың барлығында дерлік өз­дерінің есеп-қисабына не­гіз­дел­ген күнтізбелер бар. Тіпті, көр­ші отырған орыс жұртының да жыл санауы қазіргіден бөлек бол­ған. Олар ХVІІІ ғасырдың ба­­сына дейін «жер жаратыл­ған­нан бергі бәленінші жыл» деп есеп­­теп келіпті. Оған Ресей пат­ша­сының Тәуке ханға жіберген ел­шілері Федор Скибин мен Мат­вей Трошиннің жазбалары куә. Елшілер Қазақ ордасында 1694-1696 жылдар аралығында бо­лыпты. Сол жазбада орыс жұр­­­тының күнтізбесі туралы бір ауыз сөз бар. Құжаттың мәтінін­де былай делінген: 
«1694 г., апреля 4-1696г., июль. – Статейный список пре­бы­ва­ния в Казахской Орде Фе­дора Скибина и Матвея Тро­ши­на, пос­ланных из Тобольска для пере­­говоров с Тауке ханом.
Да в 7203 (1) году, июня в 2 де­­нь, пошел из Тургустану (2) вой­­ною в трех стах Казачьи Ор­ды вла­делец Ишак мерген, с та­тары... И тот вышеписанной Ишак мерген с воинскими свои­ми людми в Тургустан при мне не бывали и суды пошли, про то я не сли­хал же.
А в нынешным в 7204 году, ок­тяря в 8 день, вышеписанные та­тары привезли в Казачью Орду в город Тургустан тобольского сы­­на боярского Дмитрея Суз­дал­­цова связана, и водя по торгу про­дают.
Санк-Петербургское отде­ле­ние Архива Российской Ака­де­мии наук. Список Тобольской ар­­­­хивы. Часть 4. Дело 14». 
Осы мәтінде елші ордада бол­ған кездерін 7203 жыл және 7204 жыл деп көрсетіп тұр. Құ­жат­тағы 1694-1696 жылдар ре­тін­­­­де көрсетілген мерзімдер мұ­р­а­­ғат құжаттарын реттеудің нә­­­тижесінде жазылған дүниелер. 
Рас, бұл құжаттағы өзге де де­ректер өте маңызды. Елші­лер­ге қатысты дерек те, адай руы­­ның батыры Есек мергенге бай­ла­нысты ақпарат та құнды. Бұл де­ректерді тауып, көне орыс тілі­нен аударған, транскрип­ция­сын жасаған тарихшы А.Исин­нің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Дегенмен, бізге керегі «7203-04 жылдар» деген дерек­тер. Бұл күнтізбе орыс халқының ежел­гі жыл санауына байла­ныс­ты дүниелер. Теріскейдегі жұрт «жер жаратылғаннан бергі 7203-04 жылдар» деп санай беріпті бұ­рын. Демек, қоңсылас отырған жұрт­та осындай тереңге кететін күн­тізбе болса, түркі жұртында не­ге болмасқа?! Шамасы, Талас­бек марқұм да осыған ұқсас де­рек тауып алды ма, кім білсін?! Әй­теуір 2011 жылы «біздің күн­тіз­бе бойынша 16231 жыл болуы ке­рек» деп еді. Енді тағы да, қи­­сын мен ел аузындағы ескі әң­­гі­­мелерге сүйеніп осы күнтізбе жай­лы ойларымызды ортаға са­лып көрейік. Ол үшін шартты түр­де 2016 жылды түркінің күн­тіз­­бесіндегі «16236 жыл» деуіміз­ге болады. 

Мүшелдік жыл санау кімдікі?

Жалпы, шығыс халықтарын­да 12 жылдық циклге құрылған күнтізбе бар. Бұл күнтізбенің қай уа­қытта пайда болғанын ешкім біл­мейді. Алайда Махмұд Қаш­қа­ри осы күнтізбе туралы дерек қал­дырыпты. Бабамыз мүшел ту­ра­лы бүй депті:
«Түркілер он екі түрлі хай­уан­­ның атын таңдап, он екі жыл­­ға ат етіп қойды; балалардың жас­­тары, соғыс мезгілдері және тағы басқа нәрселер әрқашан бұл жылдардың қайталанып келуі­мен есептеледі.
Оның түп негізі былай бол­ды:
Түркі қағандарының бірі өзі­нен бірнеше жыл бұрын болған бір соғыстың болған уақытын анық­тауды қалайды; ол осы со­ғыс­тың болған жылынан жаңы­лысады; ақырында бұл іс үшін Қаған ұлысымен кеңес құрады және құрылтайда «Біз бұл мез­гіл­ден қалай жаңылсақ, бізден соң келешекте жасайтындар да жаңылысады; олай болса, біз ен­ді аспандағы он екі шоқ­жұл­дызы және он екі санына сәйкес әр жылға бір-бір ат қоялық; сау­да-саттығымызды бұл жылдар­дың өтуімен түсіндірелік; ара­мыз­да ұмытылмас бір белгі есе­бін­де қалсын» деді. Ұлыс қаған­ның бұл ұсынысын мақұлдады.
Бұдан соң қаған аңға шы­ға­ды; «Түз хайуандары Іле өзеніне ту­ра әкелінсін» деп әмір береді. Ол үлкен бір өзен еді. Халық бұл хайуандарды қыспаққа алып, суға қарай қуады. Хайуандарды ау­лайды; бір топ хайуан суға се­кіре­ді; он екісі судан өтеді; әр ке­шіп өткен хайуанның аты бір жыл­ға ат болып тағылады. Бұл хайуандардың біріншісі тышқан еді. Алғашқы кешіп өткен хайуан болғаны үшін жылдың басы бұл ат­пен есте қалды және «Тышқан жы­лы» деп аталды; мұнан соң ке­зегімен кешіп өткен хайуан­дар­дың аттары жылдарға берілді: Сиыр жылы, Барыс жылы, Қоян жы­лы, Ұлу жылы, Жылан жылы, Жыл­қы жылы, Қой жылы, Ме­шін жылы, Tауық жылы, Ит жы­лы, Доңыз жылы.
Кезек Доңыз жылына бар­ған­да, айналым қайтадан Тыш­қан жылынан басталатын бола­ды.
Түркілер бұл жылдардың әр­бірін­де бір өнеге бар деп санап, оны­мен болжам жасап, сәттілікті есеп­теген. Сиыр жылы кіргеннен со­ғыс көбеймек, өйткені сиы­р­лар бір-бірімен соқтығысып, сү­зі­седі; Тауық жылында ішіп-жем мол болар, бірақ адамдар ара­сында қарама-қайшылық шы­ғады, өйткені тауықтың жемі – дән, дән таппақ үшін қоқыс­та­ры, қиқымдары бір-бірімен ара­ласып кетеді; ұлу жылы кір­ген­де жаңбыр көп жауар, мол­шы­лық болар, себебі, ұлу суда жү­зеді; Доңыз жылы кіргенде, қар мен суық көп болар, өйткені мінезі шатақ шығар. Осылайша, түркілер әр жылы бір нәрсе бо­ларына сенген». Бірақ бұл дерек те күнтізбенің пайда болу ке­зеңін көрсете алмайды. Тек көне аңыз­ды айтады. Күлтегінге ар­нал­ған бітіктаста «Күлтегін Қой жы­лы тоғызыншы айдың он же­тісі күні ұшты» деп жазылған. Д­е­мек, 12 хайуанның атына не­гіз­­делген жыл санау VІІІ ғасырда да болып тұр. Алайда түркінің сы­на жазуларында күнтізбенің пай­да болған кезін тұспалдауға мүм­кіндік беретін деректер кез­дес­пепті. Дегенмен, француз ға­лымы Эдуард Шаванн «Le Cycle turc des Douze Animaux» ат­ты еңбегінде 12 хайуанның аты бе­рілген күнтізбені түркілерден қы­тайлар алғанын айтып кетіпті. Бі­рақ қазір оның өзі дәлелдене қойған жоқ. Оның пікірін жақ­тау­шылар да, қарсылар да көп. Мұ­ның өзі көшпенділер күнтіз­бе­­­сінің кемі 2 мың жылдан аса­ты­нын байқатады. Енді бұл сө­зі­мізге қазақтың ауызекі әң­гі­ме­ле­рін қосып, дәлел келтіріп кө­рейік. 

Аңыздың астарында ақиқат болады

Қазақтың қариялары «қазақ піл­ді де, зілді де көрген. Зіл са­мұрық өмір сүрген дәуірде бол­ған. Нұқ пайғамбардың топан суы­ның астында қалған» дегенді ай­тып отыратын. Мұны этног­раф, тарихшы Жамбыл Артық­бай ағамыз да жазып алыпты. Ен­ді ел арасындағы осы әңгімені тал­қылап көрейік. Әрине, пілдің не екендігін екінің бірі біледі. Көш­пенділердің пілді көрмеуі мүм­кін емес. Көне сақтар мен ғұн­дарды айтпағанның өзінде, Азия пілдерінің бір мекені Үн­дістан­ға Шыңғыс ханның да сар­баздары барған. Одан бері Ба­бырдың да сол жақта Моғол­стан мемлекетін құрғаны белгілі. Де­мек, көшпенділер үшін піл таң­сық емес. Зіл деген не? Біле­тін­дер «зіл» деп ғылыми тілде ма­монт аталып кеткен хайуанды атап жүр. Бірақ оған келіспейтін­дер де бар. «Зіл» деп арабтар мүйіз­тұмсықты атайды деушілер де бар. Бірақ араб фольклорында мүйізтұмсықты «уахид-ул карн» дей­ді екен. Ескендір Зұлқар­найын­н­ың «қос мүйізді» атануы со­дан болса керек. Зұлқар­найын­да сол «карн» сөзі бар. Одан бөлек «зіл» деп бегемотты ата­ғысы келетіндер бар. Бірақ қа­зақта оны «сусиыр» дейді. Әрі «зіл­дей» деп ауыр затты сипат­тай­мыз біз. Адамзат баласы құр­лық­та кездестірген ең ірі жануар мамонт болғаны анық. Дино­завр­ды көрген жоқ. Демек, «зіл» сөз жоқ мамонт. Енді әлгі ел ішін­де айтылатын әңгіменің екін­ші сөйлеміне тоқталайық. Он­да «Зіл самұрық өмір сүрген дәуірде болған. Нұқ пайғамбар­дың топан суының астында қал­ған» дейді. Әрине, біздің халық­тың тіліндегі самұрық деген құс­тың қандай тіршілік иесі екен­дігін біз білмейміз. Бірақ ғылы­м­­да мамонт деген жануардың мұз басу дәуірінде құрып кет­кен­дігі толық дәлелденген. Тіпті, әлем­нің талай мұражайларында сол мамонттың сүйектері мен тұ­лып­тары да бар. Сібірдің мәңгі тоңының астынан шыққан бір мамонттың тұлыбы өте жақсы сақталыпты. Ал 2006 жылы бұл жануардың сойдақ тісі  Аста­на­дан да табылған еді. Әрине, ол тіс кө­­шеден емес, су құбырларын тар­­ту үшін қазылған орлардың бі­рінен шыққан болатын. Енді соң­ғы сөйлемді талдасақ қазақ зіл­ді «Нұқ пайғамбардың топан суы­ның астында қалған» дейді. Біз мамонттың мұз басу дәуірінде құрығанын айттық. Мұздың тегі су екені де бесенеден белгілі жай. Мұз судың физикалық үш күйі­нің бірі. Демек, мамонттың мұз басу дәуірінде құрығанын біз­дің жұрт білді деген сөз. Соң­ғы мұз басу дәуірі плейстоцен кезеңі 11,7 мың жыл бұрын аяқ­талған деседі ғалымдар. Соңғы мұз басу дәуірі деуіміздің себебі, жер ғаламшарының тарихында бір­неше рет мұз басу болыпты. Ал­ғашқысы ерте протерезой ке­зеңі 2,5-2 млрд жыл бұрын бол­са, соңғысы кайназой дәуіріне тие­сілі кезең екен. Білетіндер біз­дің қазіргі тіршілігіміз сол мұз басу дәуірлерінің арасындағы «жы­лымық кезең» десіп жүр. Бі­рақ бұл маңызды емес, маңыз­ды­сы қазақтың тіліндегі дерек. Әл­гі зіл «Нұқ пайғамбардың то­пан суының астында қалған» де­ген әңгіме мұз басу дәуір­лері­нің тарихымен толық сәйкесіп тұр­ған жоқ па?! Соңғы мұз басу дәуі­рі 11,7 мың жыл бұрын аяқ­тал­са, сол кезде мамонт құрып кет­се, біз талдап отырған әңгі­ме­ден Таласбек Әсемқұловтың «көш­пенділердің күнтізбесі бойын­ша қазір 16231 жыл» деген уәжінің тектен-текке айтылма­ған­дығын байқаймыз. 

 

Төрт мыңжылдық шежіре

Қазақтың шежі­ре­­лерінде түркі халықтары Нұқ пай­ғамбардың Яфес деген бала­сы­нан та­райтыны айтылады. Егер Нұқ пайғам­бар­дың топан суын мұз басу дәуірі деп бағала­сақ, он­да біздің шежіре 11 мың- жыл­дық тарихты қам­тиды деген сөз. Шежіреде Яфестен тарай­тын ұрпақтың арасында Алаша хан да бар. Шәкәрім қажы «Тү­рік, қазақ һәм хандар шежі­ре­сі» де­ген еңбегінде «Хижрадан, яғ­ни біздің пайғамбарымыздың уа­­қытынан 2819 жыл бұрын, яғ­ни орысша есеппенен Ғайса пай­ғамбардан 2197 жыл бұрын Қы­тайда һич деген нәсіл хан би­лемей тұрып, Қытайдың темір­қа­зық жағында Тукю, яғни түрік хал­қы бар екені мағлұм болған» деп қазіргі есеппен санағанда 4 мың жылдың әңгімесін айтады. Шежіредегі Оғызды пайғам­ба­ры­­мыздан 3 мың жыл бұрын өмір сүрген адам ретінде баға­лай­ды қазақтың қарттары. Мұ­ның өзі б.з.б 2500 жылдарға дейін кететін тарих. Қысқасы, ауызекі әңгімеде қазақ жұрты мың­жылдықтардың оқиғаларын ай­та береді. Бірақ маңыздысы біздің шежіре дерек­тері­міздің көптігінде емес, сол оқиғалардың тамырының тереңдігінде болып тұр. Бәлкім, Алаша хан да, Оғыз қаған да өмірде болмаған шығар. Алайда  мәселе олардың өмірде бол­ған, болмағандығында емес, сол тұлғалар ар­қылы сипат­та­ла­тын оқиғалардың тари­хы­ның тереңдігінде. Демек, қазақтың ше­жіре­сінің өзі көшпенділердің күнтізбесінің қай дәуірге барып тіре­летіндігін көрсетеді. Тек тас­қа басылып қалмаған соң, көр­ші-қолаң­ның деректеріне сүйе­нуге мәжбүрміз. Әйт­пе­се, та­мыры тереңге кететін жұрттың бар­лы­ғында да күнтізбе болып­ты. Мәселен, Оң­түстік Амери­ка­ны мекендеген Майя өрке­ние­ті­нің күнтізбесі бойынша 2012 жы­лы 21 желтоқсанда 5 мың жыл­ға созылған Ягуар немесе Қа­былан кезеңі аяқталды. Мая­лар­дың күнтізбесінің басы біздің дәуірімізден бұрын­ғы 3114 жыл­дың 13 тамызына барып тіре­ле­тін көрінеді. Сол сияқты ежелгі көр­ші қы­тайдың көне күнтізбесі 4500 жылдан әрі аса­ды. Орыс­тар­дың «жер жаратылғаннан бер­гі 7 мың бәленбайыншы жыл» деп кел­генін сөз басында айт­тық. Әлгі майялардың күн­­тіз­бесі өздерінің өркениетінен 2 мың жыл бұрын пайда болған де­седі. Дұрысы, майялар со­лай есеп­теген. 

Бізде 144, Қытайда 60 жылдық цикл бар

Көшпенді түркі­лер­дің жыл қайыру есебінің өзі қы­зық. Әдетте біз жылдың 365 күн­нен тұратынын білеміз. Сөй­те тұра бізде 12 жылдық цикл бар. Бұл цикл 12 түрлі хайуанның аты­мен ата­лады. Біздің күнтіз­бе­міз үш негізге сүйене отырып жа­салса керек. Бірін­шісі, Айдың жерді айналуы, екіншісі Жер­дің Күнді айналуы, үшіншісі Күн жүйе­сіндегі ең алып ғаламшар Юпи­тер­дің Күнді айналу уа­қы­ты. Алға­шы­қы­сын біз ай деп, екін­ші жүйені жыл деп, үшіншіні мү­шел деп атап кеттік. Ен­ді қы­зық­ты қараңыз, көпшенділер, со­ның ішінде қазақтар әр жылды ие­ленген 12 жануардың әрқай­сы­сын 12 түрге бөліп қарастыр­ған кездері де бо­лыпты. Қытай қа­зақтарының ара­сы­нан та­был­ған қолжазбалардың бі­рін­де ай­тылады бұл әңгіме. Мәселен, Тыш­­қан жылы болса оны ақ тыш­қан, зорман тышқан, сұр тышқ­ан, қара тыш­қан дегендей 12 түрге бөледі. Сиыр жылын ақ бас сиыр, сары сиыр, тарғыл сиыр, қоңыр сиыр деп сиыр­дың 12 түріне бөлетін көрінеді. Сөй­тіп, қандайда бір жылға иелік ет­кен хайуанның бір түрі қайта ай­налып келу үшін 144 жыл ке­теді деген сөз. Қы­­тайлар мен моң­ғолдар, корейлер жылға аты бе­рілген хайуандарды 5 түр­ге бө­­леді. Оларда сөйтіп, жыл қайы­ру 60 жылдық циклге негіз­дел­ген. Бізде 144 жыл болса ке­рек. Айыр­ма­шылықты бай­қаңыз. Қазақ әр жыл­ға аты бе­ріл­ген хайуанның жеке-же­ке си­паты мен түріне қарай бө­ле­тін­­­діктен, түрлі оқиғаларды сол жыл­­дың атымен атай салады. Мә­селен, 1864 жылы Шығыс Түр­кіс­танда болған жұтты «Ақ тыш­қан жұ­ты» деп атапты. Оны қы­тай қа­зақ­­тарының арасында аса беделді бол­ған Жанымхан қа­жының атасы Жәң­гір ақсақал жа­зып қалдырыпты. Сол Жәңгір ақ­сақалдың қолжазбасын не­­мере­сі Шаяхмет Жәңгіров бер­тінге дейін сақтап келсе керек. Қа­зір сол жыл қайырудың толық үл­гісі жазыл­ған қолжазба аста­налық ақын Иман­ға­зы Нұрах­метұлы­ның қолында. Қа­зақтың жыл қайыруының 144 жылдық циклінің бар екендігін біз сол кісіден білдік. Бәлкім, бұл еңбек те ұзақ жылдар бойы белгісіз бо­лып келіп, кейін жарық көрген Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Ши­пагерлік баяны» сияқты ақы иелері сыр қылып сақтап кел­­ген қолжазба шығар. Сон­дық­тан қолжазбадағы айтылған әң­гімелерді қисынды көрдік біз. 
Енді тағы да есептерге жүгі­нейік. Көшпенділердің 144 жыл­дық циклге негізделген есебіне са­лып, жыл қайыр­сақ 1864 жыл­ғы ақ тышқан жы­лы қайта ай­на­лып 2008 жылы келді де­ген сөз. Сон­да мың жылдың ішінде жыл­­ға иелік еткен әр хайуанның түр­­ле­рі алты рет қана кездеседі, тіп­­ті кейбіреуі мың жылдың ішін­­де алты емес, бес рет қай­та­лануы да мүмкін. Мә­селен, «Ақ тауық жылы» деп 2017 жыл­­ды ата­сақ, ол қайтіп 2161 жылы ке­­ле­­ді деген сөз. Одан соң 2305 жы­лы, 2449, 2593, 2737, 2881, 3025 жылдары қай­таланады. Әри­не, бұл жерде «Ақ тауық» деп шарт­ты түрде атап отыр­мыз. Де­мек, жыл қайырудың бұл есе­біне назар аударсақ көшпенділер күн­тізбесінің 16 мың жылға барып ті­релуіне ешбір кедергінің жоқ екен­дігін байқатады. Шарт­ты түрде атаған Ақ тауық жы­лы 16 мың жылда 96-ақ рет кез­де­седі. Қытайларда өздері атай­тын «темір сиыр» жылы 16 мың жыл­да 230 рет қайталанады де­ген сөз. 

Өтукеннен шыққанымызға да бес мың жыл болыпты

Негізі түркі күнтізбесінің та­ри­хын мыңжылдықтардан ізде­ген адам тек Таласбек Әсемқұлов қа­на емес. 1936 жылы түрік ға­лы­мы Мехмет Фатин Гөкмен «Кө­не түркілердің аспан ілімі жә­не күнтізбесі» деген еңбегінде кө­не түркілер күнтізбесінің та­мыры тым тереңге кететіндігін жа­зыпты. Ол ХІІІ ғасырда өмір сүр­ген Насреддин Туси (1201 – 1274 жылдар) және Низамеддин Ни­шабури деген ғалымдардың түр­кілер мен моңғолдардың жыл са­науына қатысты еңбектерін не­гізге ала отырып, жыл санау ме­рзімі 206 ғасыр бұрын бас­тал­ғандығы туралы пікір айтқан. Ерк Юртсевер есімді түрік жазу­шысы бұл пікірге сүйеніп көш­пен­ділердің күнтізбесі 10 мың жыл бұрын басталғанын алға тар­тады. 206 ғасырыңыздың өзі 20 мың жылдан астам уақыт еке­нін ескерсек, Таласбек Әсем­құлов­тың 16231 жыл дегені қи­сын­ды тәрізді көрінеді. Тіпті түр­кі баласының Ергенөкен қой­науынан шығып дүниеге жайыл­ған кезін б.з.д  2637 жыл деп есептейтіндер де бар. Қыс­қа­сы, түркі жұрты күнтізбенің тари­хы тереңге кететінін сезеді, бі­рақ әзірге нақты дәлел жоқ. Хат­қа түскен ештеңе қалмаған соң, болжам ғана айтумен шек­те­ліп келеміз. Әлде, Таласбек Әсемқұлов ағамыз біз білмейтін де­ректер тапты ма екен?..