Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Тың еңбектің тұсауы кесілді

Тың еңбектің тұсауы кесілді

Айқын-ақпарат
856
Тың еңбектің тұсауы кесілді Атырау қаласында республикамыздағы отандық бұқаралық ақпарат басшылары, жетекші мамандары, танымал журналистері бас қосқан «Отандық БАҚ: кешеден келешекке» атты бас редакторларының жиыны өткен-ді.

Жиында отандық баспасөз саласының көкейтесті мәселелері екі күндік басқосуда жан-жақты талқыланып, болашақ журналистика саласын дамыту бағыттары сөз болды. Осы жиынның екінші күндегі бас редакторлар диалогының келесі кезеңінде тарихшы ғалымдар Ерлан Сыдықов пен Әбілсейіт Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты монографиялық еңбегінің тұсаукесері өткізілді.

Атырау облысы әкімінің қол­дауымен жарық көрген мо­нографияның тұсаукесерін жазушы Мереке Құлкенов ашты. Баспагер кітап туралы: «Бүгінде ел тәуелсіздігінің ар­қасында Қазақстан тарихы кон­цепциялық жаңа көзқарас­тармен жазылуда. Соның дәлелі алдарыңыздағы монография болмақ. Бұл кітап әр қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ойын тұжырымдады.
Монографияға бейнежазба­мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­тутының директоры тарих ғы­лымдарының докторы, про­фессор Х.Әбжанов: «Қазақ хандығының 150 жылдан астам тарихын баяндаған монография Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ға­лымдарының талқысынан өтіп, оң бағасын алып, баспаға ұсы­нылған еді. Еңбек бұрын жа­рияланған мұрағаттық құжаттар мен зерттеулерді жаңаша зерде­лей келе, соңғы жылдары қолы­мызға тиген Ресей, Қытай, Иран мұрағаттарының жаңа ма­териалдары негізінде дайын­далған. Зерттеуге соңғы жыл­дары жарияланған Ресей, баш­құрт, қалмақ ғалымдарының еңбек­тері кірген. Соның нәти­жесінде, екі ғасырға жуық бір­тұтас Қазақ мемлекетінің та­рихы, оны билеген Бас хан­да­ры мен хан, би, батырларының қоғамдық-саяси қызметтері, олардың сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымдары, көршілес алып империялардың отарлау саясатының қырлары, оларға қарсы бағытталған үздіксіз жалғасқан ұлт-азаттық қозғалыстар зерделенген. Ғы­лы­ми-зерттеу аталған кезеңдегі Қазақ елі тарихын толық біріз­ділікпен зерделеген еңбек деп есептейміз» деген тілек білдірсе, тарих ғылымдарының докторы А.Ахмет «Сүбелі еңбектің дү­ниеге келуі бірер жылдың емес, жиырма жылдан астам уақыт еншісі, екіншіден, Қазақ хан­дығы тарихын толыққанды ашу үшін Орынбор, Астрахань, Мәскеу, Санкт-Петербор, Қа­зан, Уфа тарихи мұрағаттарында жыл сайын үздіксіз жүргізілген ізденіс нәтижесі, үшіншіден, өткен дәуір тарихы жаңа көз­қарастармен екшелген» деген қорытынды жасады.
Жиынға қатысқан автор­лар­дың бірі Ә.Мұқтар: «Біз зерт­теген ХҮІІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы тарихы Ресей елінің сыртқы отарлау саясатымен сәйкес кел­ген ең күрделі кезеңдер екендігі, тәуелсіз ел атанған тұстан отар­лық кезең тарихын қайта қарау тарих ғылымы үшін де, отандық тарихшылар үшін де оңайға соқпағандығы, біраз уақытқа дейін орыс мұрағаттарының кейбір қорларына рұқсат бол­мағандығын, кейінгі жылдары ғана ашылған орыс мұрағат қорларын пайдалана саралан­ғанын атап өтуіміз қажет. Бұл еңбекте қазақ мемлекеттілігі тарихын біртұтас бірізділікпен жүйелі тарихи оқиғалар желісін барынша шынайы ашып көр­сетуге тырыстық. Ол үшін тек мұрағат материалдары ғана емес, түп дерек құжаттар, аталы шежірелер, қазақтың тарихи жыр-дастандары және өзімізге дейінгі жазылған бар зерттеу­лерге толығымен шолу жасал­ды. Қазақ-орыс қарым-қа­тынасы соның ішінде Қазақ­станның Ресейге қосылу та­рихын бізге дейін еліміздің белді ғалымдары жазғаны белгілі. Соңғы жылдары жарық көрген тарихшы И.Ерофеева еңбегін атауға болады. Дегенмен бүгінде заман өзгерді, біз де жаңару үстіндеміз. Оған басты себебі, ел тәуелсіздігі екендігі де түсінікті. Бұл еңбекте біз бір­неше мәселелерге назар аудар­дық, біріншіден, жалпы қазақ хандығы тарихын, оның бір­тұтастығын Абылай ханның өліміне дейін созуды ұсындық. Оны Тарих институтындағы әріптестер де қолдады. Оның бір дәлелі ретінде 1767 жылғы Абылайдың өзі жазған хатында қазақтың бас хандарын нақты тізіп көрсетуін келтірдік. Бұл хатта Әбілқайырдың, Әбілмәм­беттің, одан кейін Абылайдың бас хан болғандығы анық жа­зылған. Абылайдың өзі мойын­даған бас хандардан біз неге бас тартуымыз қажет?! Егер Әбіл­қайыр Кіші жүзді, Сәмеке Орта жүзді, кейін Әбілмәмбет Орта жүзді, ал Нұрлы Кіші жүзді жеке-дара билеп жүрсе сонда тұтас қазақ деген халықты кім басқарды? Қалай­ша бүгінге дейін аман қалып, тұтастығын сақтады? Осы сұ­раққа толғана келе, тарихы­мыздағы осы жоғарыда жазыл­ған пікірлерді өзімізше дәлел­дедік. Егер біртұтас елдігіміз мойындалса, елімізді билеген бір басшының болғанын да ашық айтуымыз қажет.
Екіншіден, еңбекте Қазақ хандығының ел тәуелсіздігін сақтау үшін жүргізген көпвек­торлы саясатын толыққанды зерттеуге күш салдық. Ол Әбіл­қайыр ханның 1731 жылғы қазақ-орыс келіссөздерімен шектелмей Жоңғар хандығы­мен, 1740-1748 жылдар аралы­ғындағы Иран шахы Нәдірмен, түркімен, қарақалпақтармен, кейін Әбілмәмбет ханның Ресеймен, Қытайдың экспан­циясын тоқтату үшін Ауған шахы Ахметпен, Абылай зама­нындағы Ресей, Қытай, Ауған шахымен байланыстары мұ­рағат деректерімен дәлелденеді. Олай болса Әбілқайыр хан Ресейге «бодан» болды дегенді тоқтатқан жөн.
Үшіншіден, Қазақ хандығы­ның әлеуметтік құрамына, тұл­ғалардың өмірі мен қызметіне, ұлт-азаттық қозғалыстарға айрықша назар аударылады. Ұлт-азаттық қозғалыстар Ресей қазақ жеріне қадам алған соң басталғаны, оған Әбілқайыр ханның өзі де тартылғаны, азат­тық күрестің еш үзілмегені тың деректермен зерделенеді. Біз тарихи тұлғаларды мұрағат ізімен сараладық, нәтижесінде, тарихымыздың біраз ақтаң­дақ­тары ашылды. Дегенмен моно­графияға сыншы көп­шілік, бар­лық мәселе қамтыл­ды, түйін­деріміз еш талассыз ақиқат деуден аулақпыз. Олай болса салиқалы сын-пікір күтеміз. Тарихымызды бірге түгендейік» деп ойларын ортаға салды.
Тарих сүйер қалың оқыр­манына жол тартқан бұл кітап­тың ресми тұсауын Әбілсейіт Мұқтардың алғашқы ұстазы «Қазақстан Республикасы ағар­ту саласының үздігі» Қаламқас Құмарова мен «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Жұмабек Кенжалин кесті. 
Осылайша, Е.Сыдықов пен Ә.Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ға­сыр­лардағы Қазақ хандығы» атты монографиясы оқырманға жол тартты.
Ұлжан ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, 
тарих ғылымдарының докторы