Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Өткен жылға өкпе жоқ

Өткен жылға өкпе жоқ

Кәмшат ТАСБОЛАТ
833
Өткен жылға өкпе жоқ Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2016 жыл Қазақстан үшін табысты да нәтижелі болды.

 Кейбір сарапшылар, тіпті Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер ішінде әлемді шарпып отырған дағдарысқа байланысты кері көрсеткіштер көрініс тапса, көптеген қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Ішкі жалпы өнім көрсеткіштері бойынша Ресейді өкшелеп келе жатқанын әрі инвесторлар үшін әлі күнге дейін ең қолайлы мемлекет мәртебесіне сызат түсірмей отырғанын алға тартады.

 

Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі
2016 жылдың ең айшықты ха­лықаралық оқиғаларына кел­сек, еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесіне ай­нал­ғанын қуана еске аламыз. Бұл шын мәнінде, үлкен оқиға бол­ды. Билік төріндегі азамат­тар­дан бастап, барша сарап­шы­лар бұл жетістіктің оңтайлы тұс­тарын әлеуметтік желілерде жа­рыса жазды. Саясаттанушы До­сым Сәтбаевтың ойынша, «Қа­­­зақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты емес мүшесіне ай­налуы – оның геосаяси алаң­да­ғы ойыншылардың басым бө­­­лігінің көңілінен шығатын икем­ді сыртқы саясат жүргізуінің нәтижесі». «Форбс» басылымын­да өз ойларымен бөліскен Досым Сәтбаев бұл мәртебенің екі оң­тай­лы тұсын көріп тұрғанын жет­кізген еді. Сарапшының пі­кі­рінше, «Біріншіден, бұл елі­міз­дің имиджіне салынған кезекті бо­нус болса, екіншіден, Ақорда Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі деген мәртебеге ие бо­ла отырып, БҰҰ шеңберінде ірі геосаяси ойыншылардың қа­тысуымен өтетін жаһандық ойын­дардың «ішкі асханасына» кіру­ге мүмкіндік алады». Өз ке­зегінде бұл жайттың өзі біздің елі­міз үшін үлкен тәжірибе бол­мақ. 
Естеріңізде болса, Бас ас­сам­блеяда Қазақстанды қолдап 138 мем­лекет дауыс берді. Бұл мәр­те­беге ие болудың өзі тектен-тек емес еді. Бұған дейін Қазақстан ЕҚЫҰ-дан бастап Ислам кон­ференциясы ұйымына дейін төра­­ғалық ете отырып, жаһан­дық мәселелерді шешу жолда­рын жаңа деңгейге көтере алаты­нын аңғартқан болатын. Еліміз­дің халықаралық деңгейде көте­ріп жүрген басты мәселесі – яд­ро­лық қарудан жаппай бас тарту. Тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дары сыртқы қауіп-қатерлердің барына қарамастан, көршілерге сес көрсетуді емес, бейбіт те та­ту-тәтті өмір сүруді мақсат тұт­қан Қазақстан әлемдегі төртінші яд­ролық арсеналдан бас тарту ар­қылы күллі әлемге үлгі болу­мен қатар, жаңа саясаттың не­гізін қалады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін көптеген елдер мен басшыларға ядролық қару­дан бас тарту үшін ерік-жігер мен батылдық жетпей жатыр. Сыртқы санкциялар да бұған әсер етер емес. Ал Қазақстанның бұл қиын да батыл шешімі – еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танылуына, халық­аралық ұйымдардың мүшелігіне оңай кіруіне, сондай-ақ инвес­торлардың да көбірек тартылуы­на жол ашты. Абылай заманынан келе жатқан көпвекторлы сая­сат­ты сынаушылар да ел ішінде та­былады. Бірақ әлемдегі ірі ойын­шылар өз алаңдарында емес, шеттегі әлсіз елдердің тер­ри­­­ториясында өзара қырқысып, бір-бірімен теке тіресіп жатқан тұс­та Қазақстанның бергі көр­ші­ден бастап, арғы көршілермен де татулық пен шекараға қолсұ­ғыл­маушылық жөніндегі құ­жат­тарға қол жеткізіп, бәрімен бір­дей дәрежеде сыйласып отыр­ға­нына шүкіршілік етесің. Әлемдік геосаси жағдайдың қиындауына бай­ланысты бұл саясатты ұста­ну­дың оңай болмайтынын са­рап­­шылар да мойындайды. Бұл ара­да Қазақстанның араағайын­дық қызметке кірісіп отырғаны да тектен-тек емес. Ресей мен Түр­кия, Украина, т.б. шиеленісті жағ­дайлар бойынша Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың ара­ағайын­дық қызметті қанша­лық­ты нә­тижелі атқарғаны ел есінде. Мұ­ның да түпкі мақсаты – ай­мақ­та бейбітшілік пен тұрақты­лық­ты орнатуға үлес қосу. 
Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі туралы біз не білеміз? Қауіп­сіздік кеңесінің 15 мүшесі бол­са, оның 5-еуі тұрақты, 10-ы тұ­рақсыз мүшелер санатында. Қауіп­сіздік кеңесінің басты мақ­саты – әлемде тұрақтылық пен бей­бітшілікті қалыптастыру. Бұл кеңес­тің тұрақты мүшелеріне Англия, Қытай, Ресей, АҚШ пен Франция кіреді. Олардың вето қою құқығы бар. Ал қалған 10 тұрақсыз мүше географиялық аймағына қарай сайланып оты­рады. Бұл орайда Досым Сәт­баев­тың ойынша, Ресей, Қытай мен АҚШ тұрақсыз емес мүше­лердің тізіміне ерекше назар ау­дарады. Өз кезегінде олар дауыс беру кезінде арқа сүйей ала­тын елдерге мол сенім арта­ды. Бұл тұста Қазақстан ұзақ жыл­дардан бері бірқатар ал­пауыт елдер үшін тұрақты да се­н­імді әріптес боп отырғанын мақ­танышпен айта аламыз.
Тұрақты мүшелерге келсек, Қытай 1949 жылдан бері бұл ұйым­ның тұрақты мүшесі мәр­те­бесіне ие. Ал Ресей 1991 жыл­дың 24 желтоқсанында КСРО-ның мұрагер елі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мү­шесіне айналды. Егер 2003 жыл­дан бастап БҰҰ-ны түбе­гей­лі реформалау қажет деген ұсы­ныстар айтыла бастаса, 2004 жы­лы БҰҰ-ның бұрынғы бас хат­шысы Кофи Аннан БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесін өзгертуге бай­ланысты мәлімдеме жасады. Бұл жайттың өзі тұрақты мүше атану үшін елдер арасындағы кү­ресті үдете түсті. Бразилия, Гер­мания, Үндістан мен Жапо­ния 1990-жылдардың орта шені­нен бастап Қауіпсіздік кеңесінің аясын кеңейту қажет деген ұсы­нысты қолдап келеді. Бір айта кетерлігі, бұл елдер өз заманында Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер санын 15-тен 25-ке дейін, ал тұрақ­ты мүшелерін 5-тен 11-ге дейін көбейту туралы ұсыныспен шықты. Десе де, әлі күнге дейін кеңесті кеңейтуге қарсы елдер санатында тұрақты мүшелер – Қытай, Ресей, Франция, Англия мен АҚШ бар. Әрине, әр елдің өз мүдде-мақсаттары бар. Бұл тұста небәрі 25 жыл бұрын тәуел­сіздік алған елдің жаһандық мә­­­се­лелермен ұзақ жылдар ай­на­­лысып отырған алпауыт ұйым­­­ның Қауіпсіздік кеңесінің тұ­рақты емес мүшесіне айналуы­ның өзін сарапшылар тарихи оқи­ғаға балайды. Әлемде тұрақ­ты­лық пен бейбітшілікті ор­нату­дан бөлек, қауіп төнген жағдайда кейбір елдерге қарсы санкция­ларды жүзеге асыру құ­қығы бар маңызды органға мүше болудың өзі үлкен белес һәм тә­жірибе. Себебі Қауіпсіздік кеңе­сінің ш­е­шімдеріне БҰҰ-ның барлық мү­шелері мойын­сынуы керек.  

Парламент сайлауы нені аңғартты? 
Өтіп бара жатқан жылдың та­рих парақтарына енген тағы бір оқиғасы – кезектен тыс Пар­ламент сайлауы. Көктемде өткен сай­лауда үш партия жеңіске жет­ті. Атап айтсақ, «Нұр Отан» пар­тиясы, «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы мен Коммунистік пар­тия. Сарапшылардың ойын­ша, бұл 3 партия жеңіске жете оты­рып, өз қолдарында әкім­ші­лік, қаржылық, т.б. ресурстардың ба­рын аңғартқан. Оның үстіне, бұл партиялардың аймақтағы фи­лиалдары жұмысының жақсы жолға қойылғаны байқалған. 
Ал 7 пайыздық межені ба­ғын­дыра алмаған партиялардың, әсіресе, аймақтарда белсенді жұ­мыс атқара алмағанына са­рап­шылар өкініш білдіреді. Десе де, бұл сайлау да партиялар үшін өзіндік тәжірибе болғаны анық. 

Қазақстан 
25 жылдығын атап өтті
2016 жылдың 16 желтоқса­нын­да Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын, Желтоқсан кө­те­рі­лісінің 30 жылдығын атап өтті. Бірі қуанышқа, бірі мұңға толы даталарды еліміз өз деңгейінде атап өткенін мойындауымыз ке­рек. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы­на орай шығарылған мемлекеттік наградалар өз иелерін тапты. Ал тәуел­сіздік үшін күресіп, дүние­ден ерте озған азаматтарға Құран ба­ғышталып, ас берілді. Екінші да­таны ескеруде, әрине, азамат­тық қоғам өкілдерінің аса бел­сен­­ді болғаны жасырын емес. Бұл тұста сарапшылар ел ішінде әлі де қордаланған мәселелер, атап айтсақ, тілдік түйткілдер, ақ­параттық қауіпсіздік проб­ле­малары, т.б. барын ашып айтады. Бұл да келер жылдары шешімін табар мәселелер болса керек. 
Жалпы, ел дамуына қатысты болжамдар жаман емес. Ресейлік ба­сылымдарға сенсек, 2016 жыл Қазақстан, Беларусь, Ресей мен Украина үшін әртүрлі деңгейдегі көрс­еткіштермен аяқталып жа­тыр. Болжам бойынша, келер жы­лы Беларусь экономикасында кері көрсеткіштер байқалса, Қа­зақстанда, керісінше, өсім болу мүмкіндігі айтылады. Бұл тұста мұнай бағасының да тұрақталуы күтілуде. Инвесторларға жаса­лып жатқан жағдай да өз нәти­же­сін көрсетуі керек. 
Жалпы, сарапшылар 2017 жылы Қашаған кен орнындағы жұ­мыстар жалғасып, мұнай ба­ға­мы тұрақталса, Қазақстан эко­номикасында елеулі өсім бо­ла­ты­нын болжап отыр. Ылайым, Жаңа жыл табысты болғай!