Негізгі бет  /  Жаңалықтар  /  Президент бүлдіршіндерді қуантты

Президент бүлдіршіндерді қуантты

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
838
Президент бүлдіршіндерді қуантты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында өткен жаңажылдық қайырымдылық кешке қатысты.

Елбасы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, еліміздің бүгінгі жетістіктері бүкіл қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен бірлігінің жемісі екенін жеткізді. Сондай-ақ Президент келер жылы болатын ұлттық және халықаралық ауқымдағы ірі оқиғаларға тоқталды. Олардың қатарында дүниежүзілік Универсиада, ЭКСПО халықаралық көрмесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті бар.

Ұлт Көшбасшысы мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шаралары халқымыздың игі дәстүрі екенін атап өтті. Соңында көпшілікті келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, бар­шаның отбасына бақ-береке, ден­саулық, жаңа табыс тіледі.
Ал «Мейірім» ерікті қоғамының төрайымы Аружан Саин Елбасының көмегінің арқасында шұғыл ота жа­салып, қатарға қосылған 29 бүлдір­шіннің өміріне шолу жасады. Есте­ріңізге сала кетсек, 2015 жылы Прези­дент Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының 300 мың дол­лар қаражатын «Мейірім» ерікті қо­ғамына» аударған болатын. Нәтижесінде 7 жастағы Чарос Тахирова жұтқыншақ қатерлі дертінен айығып отыр. Кішкен­тай қызға Қазақстанда 17 ота жасалып, бірақ барлығы сәтсіз аяқталған. Тыныс алу қиындық туғы­зып, тіпті дауысын жоғалтқан. Кореяда жүзеге асқан емнен кейін өз бетінше дем алып, сөйлеу мүмкіндігі қайта оралған. 
Алты жастағы Шериаздан Асфен­диярдың да дерті жеңіл емес, мидың қатерлі ісігіне шалдыққан. Өкінішке қарай, жергілікті мамандар төрт мәрте ота жасап, оң нәтижеге қол жеткізе ал­мапты. Тіпті соңғы күндерін күту үшін ата-ана­сының қолына қайтарып берген. Алайда әке-шешесі қиындықпен қайыспай кү­ресіп, шетелде емделу үшін ел-жұрттан көмек сұрайды. Алты ай бұрын түрік дә­рігерлерінің арқасында аман қалған бүл­діршін, кеше Елбасына көмегі үшін өз аузынан алғыс айтты. 
Сондай-ақ қоғам төрайымы Ару­жан Саин Астана әкімдігінің жаңажыл­дық қайырымдылық баллына билет ал­ған азаматтарға ризашылығын білдірді. 
Қайырымдылық кешінен түсетін бар­лық қаражат «Мейірім» ерікті қоғамы» қорына аударылатын болады.
«Мейірімділік» ерікті қоғамы» қо­ғам­дық қоры – Қазақстанда емдел­мейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсету мақсатында құрылған. Осыған дейін «Балаларға өмір сыйла», «Жетім­дерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларын ұйымдас­тырды.