Нұрғали НҮСІПЖАНОВ: Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы

Орындаған әндері де ғаламат. Шеберлігі де ғажайып. Ол кісінің қартаймауының ерекше сыры бар секілді: әнмен өрілген әдемі әлем. Қаңтар айының бесінде ол кісі сексенге келді. Сексеннің сеңгіріне келді деп айту ғана оңай. Әйтпесе, ол кісіні сексенге толды деуге қимайтынымыз анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, сән-салтанаты жарасқан әнші Нұрғали Нүсіпжанов.
– Нұрғали аға, бірде Әсет Бейсеуовтің балаларға арналған 70 әні бар екенін айтқан едіңіз? Ол әннің бәрі қайда? Неге орындалмайды?
– Әсет Бейсеуовтің балаларға арнап жазған жүзге тарта әні бар. Біз барымызды-жоғымызды іздеп жүрген, намысымыздың салмағы қандай болатынын біліп жүрген халық емеспіз. Егемендік алдық деп, шылбыр-тізгінді бос қоя бердік. Екі қолымыз қалтамызда. Жоғымызды түгендегіміз келеді, бірақ барымызды пайдалана алмайтынымыз жаман. Тәуелсіздік алу жолында жанымызды беріп, күндіз-түні күрестік. Бұрын теле-радиода қызмет істеп, он жылдай музыка редакциясын басқардым. Онда «Қазақстан» ұлттық арнасы ғана бар. Қазір өткенге көз жүгіртіп қарап отырсам, көп шаруа атқарған екенбіз. «Алтын қорда» қаншама інжу-маржандарымыз жатыр. Соны іздемейміз. Шынтуайтына келгенде, біз тарихымыз жазылмаған халықпыз. Тарихи дүниелеріміздің өзі біркелкі емес. Тарихшылар жазып жүрген деректердің өзі әр алуан. Бірі-бірін жоққа шығарып отырады. Демек, бірізділік жетіспейді. Құндылықтар құлдырап барады.
– Көрнекті ғалым, академик Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» деп толғам жасағанын жақсы білесіз. Ғалым қазақ ғылымының әлсірегенін, ұлттық құндылықтардың құлдырағанын ашық айтты. Сіз де қазақы құндылықтардың әлсірегенін айтасыз. Тәуелсіз елдің жастары құндылықтардан неге алшақтап барады?
– Тіптен, ұят. Кітап оқымайтын жастарды көріп, қынжылам. Жасымыз сексенге келсе де, кітап ақтармай отыра алмаймын. Түртініп, тарихи дүниелерді түртіп алып жүремін. Кейде тарихшы болып кеткен жоқпын ба деп қорқамын. Кей-кейде қолыма сирек кітаптар түсіп қалады. Соны бас-аяғына шейін ақтарып, оқып шыққанша, тыным таппаймын. Жастар неге құндылықтардан алшақтап кетті дегенге келсек, тәрбиеден алшақтап кеткендігі. Кітап оқымайтындығы. Менің қатарластарымның бақыты неде? Олар білім мен білікті қатар алып жүрді.
– Шын мәнінде, сіздің буынның бақыты неде?
– Қарапайым отбасында дүниеге келдік. Қарапайым тұрмыс кештік. Отбасында әкеміз үнемі «Айналайын, адал еңбек ет. Адал тапқан нанның дәмі тәтті болады» деп айтып отыратын. Біздің буын еңбекке ерте араласты. Есіміз кіресілі-шығасылы төрт-бес жасымызда колхоздың жұмысына пайдаланды. Одан бөлек, үйдің шаруасы да сенің мойныңда. Бүгінгі біздің балаларымыз, немерелеріміз осыны сезінген жоқ. Қаланың тіршілігін көріп, сезіп, өсіп келеді. Кей-кейде сол балалық шағымды, еңбекпен өскен өмірімді сағынам. Балаларымды, немерелерімді еңбекке баулығым келеді. Асфальтта өскен бала қара нанның қадірін қайдан білсін?!
Жоғарыда ұлттық құндылықтар туралы текке әңгіме қозғаған жоқпын. Қазір бізде мектеп, институт, академия ондай тәрбие бере алмайды. Ата-әже институты жоғалды деп байбалам салып жүргендер көп. Ұлттық қасиетімізді ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарға икемдейтін жүйе қалыптаспаған. Қалтамызда ақша болса, сонымен, дүниені аралағымыз келіп тұрады. Елді көрген, шартарапты шарлаған жақсы. Бірақ сол елдің озық дүниелерін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ұштастыра алып жүрміз бе? Ең өкініштісі – осы. Кеңес заманында патриотизмді бойға сіңірмеген, өз еңбегімен еленбеген адамды сыртқа шығармайтын. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Мұның бәрі тәлім-тәрбиенің ақсап жатқандығынан хабар береді.
– Музыкалық редакцияны басқарған жылдары «Алтын қорға» қазақтың қаншама інжу-маржаны жинақталғаны белгілі. Сол қымбат қазыналарымыз қайда?
– Әңгімені Әсет Бейсеуовтен бастадық қой. Бір кездері оның 500 әнін жинақтап, екі томдығын шығарғанбыз. Кітаптың шығуына марқұм Заманбек Нұрқаділов көмектесті. Соның ішінде 100-ге тарта әні балаларға арналған. Қазір «ән шығарғыштар» көбейді ғой. Балаларға арналған неше түрлі әнді еститін болдық. Олардың арасында Әсеттің әндері естілмейді. Көмескі тартып барады. «Балаға арналған ән жоқ» деушілер көп. Барымызды бағалай алмай отырған өзіміз ғой. Әсеттің 100 әні қайда? Оны неге пайдаланбаймыз?
– Сөзі де, әні де «жарымжан» дүниелердің көбейгені туралы айтылып та, жазылып та жүр. Тіпті жас балаға үлкендердің әнін айтқызу сәнге айналып барады. Әр адам өз жасына лайық әнді орындау қажет емес пе?
– Ән айтқысы келетін, айтып жүрген балапандардың талабы жақсы. Оған қарсы болмау керек. Бірақ «сүйдім, күйдім» деп айтуға әлі ерте. Өкінішке қарай, ата-аналар баласына осындай әнді жаттатып жүр. Бұған бір жағынан телеарналардың да кінәсі бар. Олар ұлттық дүниеге көп бас ауыртпайды. Кезінде өзіміз де сол телеарнаның мектебінен өттік. Сол кездің бір артықшылығы, кез келген ән көркемдік кеңестің шешімінсіз эфирге өтпейтін. Талап-талғам жоғары болды. Қай әншіде қандай жаңалық бар? Қандай тақырып көп қозғалып жүр? Осыны ойлап жүрген біреу бар ма?
– Ағалардың аманатына адалдық дегеніміз не?
– Өнердің жолы жеңіл емес. Бұрын біз, өнер адамдары, композиторлар бір-бірімізбен тығыз байланыста болдық. Менің даусыма сай ән жазған авторларым болды. Талғамымыз ұқсас болды. Олар бар мен жоқты ажырата білді. Олар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сияқты мықты азаматтар еді. Мен солардың аманатын арқалап, көтеріп жүрмін. Ол – менің өмір бойы арқалайтын аманатым. Оны бір жерде шашып, түсіріп алуға қақым жоқ. Неге дейсіз бе, адамдық қасиетім де сол аманатпен өлшенеді. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Бұл аманат маған ғана тиесілі емес. Ол менен кейінгі буынға да жүктеледі. Ол – ағалар арқалаған қазақ өнерінің жүгі. Ол жүк жеңіл емес.
– Қазіргі жас әншілерді той асырап отырғаны жасырын емес. Тойшыл, сауықшыл әншілер көбейді. Қоғам осындай сұранысты қанағаттандырып отырса, қарсы бола аламыз ба?
– Оның басты себебі – тез танымал болуға ұмтылу. Тез танымал болуға ұмтылу білімді көп қажет етпейді. Олардың көбі білім алып, бас ауыртқысы келмейді. Біздің кезімізде бір әріптің басы қисаймайтын, бір адамның аты эфирде бір күнде екі рет қайталанбайтын. Ешбір әнші эфирқұмар болған емес. Қазір керісінше, барлығы эфирге ұмтылып тұрады.
– Сауықшыл емес, өнерге адал әншілер қалай өмір сүреді?
– Өнерге адал адамдар таза өнердің жолында жүр. Жастар сауықшыл, думаншыл болып кетсе, бұған біздің кінәміз жоқ. Өйткені қазір жастарды көше тәрбиелеп кетті. Ақша тәрбиелеп кетті. Сөйтіп, біз егемен елдің қорғаны болатын патриоттарды тәрбиелеудің орнына, намыссыз, жасық ұрпақты көбейтіп алдық. Олар үшін құндылық жоқ. Қалаған еліне кете алады. Қалаған жерінде тұра алады. Ақшасын төлесе, кез келген жұмысты атқаруға дайын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін мораль қайда кетті? Мүмкін, біздің бұл ойымызға бүгінгі жастар келіспейтін де шығар. Бірақ ұрпақ тәрбиесінде көп олқылықтар жіберіп алғанымызды мойындауымыз керек. Отанын сүю, ұлтыңды сүю туралы мораль айтсаң, күле қарайтындар өте көп. Айтпасқа тағы болмайды. Оны біз қазір айтпасақ, ертең кешігіп қалуымыз мүмкін. Ең өкініштісі, кейде көшеде бейәдеп көрсетіп отырған жасты көрсең, қамшымен бір осып жібергің келіп тұрады.
– Өз балаңызды ше?
– Менің балам әдепсіздік танытса, солай жасар едім. Бірақ балаларым ондай қадамға бармайды. Қазақ неге «қызға қырық үйден тыйым» дейді? Барлық жамандықтан тыю дегенді айтқысы келіп отыр. Өрескел нәрсені көргенде, оның кімнің баласы екені маңызды емес. Қарагөздеріміздің барлығы – өзіміздің баламыз. Оны жамандыққа жібермеуім керек. Ол – менің міндетім. Жастарға ие болуымыз керек.
– Жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде кешігіп қалған жоқпыз ба?
– Кешікпеу үшін қазірден бастауымыз керек. Қазір бастамасақ, ертең қиын болады. Ұлтты сақтау үшін ұрпақты сақтауымыз қажет.
– Қазір шетке білім алуға кеткендердің көбі елге оралғысы келмейді. Неге?
– Ондайлар да бар. Жалпы, өзге елдің білімін алған дұрыс. Соны өз еліміздің құндылықтарымен ұштастыра білсе, одан пайда көп. Отаным, елім деп намысын қамшылайтын жастар көбейсе, ел бұзылмайды.
– Неден қауіптенесіз?
– Ақыл-парасаты ешкімнен кем емес, қазақтың мықты жастары желкілдеп өсіп келеді. Егемен елдің жоғын жоқтайтын, соның қорғаны болатын, Мәңгілік елге бастайтын қазақтың ұрпағы көбейсін деп тілеймін. Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы. Әрбір адам ұрпағымен мәңгі. Ұрпақ болғанда да, азат, намысшыл, саналы балалары бар елдің ғұмыры ұзақ болады. Сондай парасатты ұрпағымыз болса, ешнәрседен қауіптенбес едім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ