Басты  /  Сұхбат  /  Ұстанымымыз – ұлттық нақышты ұлықтау

Ұстанымымыз – ұлттық нақышты ұлықтау

1063
Ұстанымымыз –  ұлттық нақышты ұлықтау Евгения ЖАНДАРБАЕВА, жеке кәсіпкер:

Балалар кішкентайынан келешекте кім болатынын армандап өседі. Бірақ есейіп, мамандық таңдауға келгенде біразы арманын жалақысы жақсы басқа кәсіпке ауыстырып алады. Содан болар, біразға дейін бойындағы таланты ашылмай жүреді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Евгения Жандарбаева – өз сүйікті ісін мамандық еткен ісмер, тігінші. 

Евгения Жандарбаева – Астанада «Өмір» тігін шеберханасын осыдан төрт жыл бұрын ашқан жеке кәсіпкер. Алғаш Шымкенттен бас қалаға көшіп келгенде бірнеше ай жұмыссыз отырған оған жолдасы кесте тігуге арналған машина алып береді. Алғашында оюлармен өрнектелген түрлі көрпе-көрпешелер, жастықшалар тіге бастайды. Басында сатып, «сауда қылайын, бизнес ашайын» дегеннен емес, текке отырмай жақсы көретін іспен айналысуды ойлапты. Әрине, Шымкент қаласындағы бұрынғы Халықаралық қазақ-түрік университетін киім дизайнері мамандығы бойынша бітірген адамды тігін машинасыз елес­тету қиын. Евгения өзінің кәсібін қалай бастағаны туралы және бола­шақтағы жоспарларымен бөліскен болатын.

Арманым Tajima машинасын алу еді
Анам мен әжемнің қолынан келмей­тіні жоқ. Соларға қарап өскен мен де тігін тігуге, өрнек салып, тоқыма тоқуға әуес болдым. Сандығымыз «киттен» келген матаға толып тұратын. «Киім тігемін, құрақ пішемін» деп оларды талай құртып едім. Анам болса ылғи жоғалған маталарын іздейді де жүреді. Айтуға анамнан жасқанып, бүлінген маталарды тығып тастайтынмын. 
Мектепті аяқтаған соң киім дизайнері мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Шымкентте Texstyle.kz корпорациясында 5 жыл жұмыс істедім. Фабрикада еңбек етіп жүргенімде компаниямызға Илхан деген түрік азаматы келді. Ол кесте тігетін машиналар сататын жапондық Tajima компаниясының өкілі. Илхан әр қалаға іссапарында өз жабдықтарын сатқан фабрикаларға соғып кетеді екен. Ол жабдықтар жұмыс істеп тұр ма, қалай жұмыс істейді, қандай да бір көмек керек бола ма деп аралап жүреді. Мен қанша адамнан тігін тігуге жабдықтар сатып алып жүрмін. Бірақ дәл осы азаматтай өз жұмысына жүрдім-бардым, «өтсе болды» деп қарамайтын, ұқыпты адамды бірінші рет кездестіруім. 
Негізі біздің компания тек үйге арналған тоқыма заттарды дайындайтын. Жапониялық компанияның өкілі балалар орамалына кестелер тігіп жүргенде келді. Кесте тігетін жабдықтың ұзақ жұмыс істеп тұруы дизайнға тікелей байланысты. Өйткені дизайны дұрыс болса машина да тоқтамай, істен шықпай тіге береді. Илхан сол кестелерді көрді де бірден дизайнерді шақыртты. Кестелерді салған мен. Бірінші рет көріп тұрса да қарындасындай жылы шырай танытты. «Қарындасым, мына жабдықтың жұмыс істеп тұрғанына, оны жұмыс істеткізіп тұрғаныңа көп рақмет!» деп қуанышын білдірді. Бірнеше жылдан соң өзімнің жеке шеберхана ашқанымды фейсбуктан көріп, көмекшілері арқылы мені іздетіпті. Астанаға келген соң, әңгі­мелестік. Маған тігін машинасы керек болғанын білген соң, мүмкіндігінше үлкен жеңілдік жасап беретінін айтты. Олар доллармен сататын. Біз тапқанымызды жинап енді сатып аламыз деп отырғанымызда доллардың бағасы өсіп кетті. Жинағанымыз жетпей қалып, біз кешірім сұрап ала алмайтынымызды айттық. Ол кісінің тағы бір жақсы қасиеті еңбекқор, қолынан бір нәрсе келетін адамдарға көмегін аямайды. Ол бізге алдыңғыдан да көп жеңілдік жасады. Солайша арманымыздағы тігін машинасына қол жеткіздік. 

Қағидамыз – ұлттық стильде тігу
Жолдасымның жұмысы себебінен Астанаға көшіп келген соң біршама уақыт үйде отырып қалдым. Біраз уақыттан соң бір құрбымның кеңесімен бірге тігін шеберханасын ашайық деп шештік. Басында 19 шаршы метр кө­лемдегі бөлмеде тігіп бастадық. Таза жарнамаға жұмыс істедік дей аламын. Әлеуметтік желі арқылы жасаған дүниелерімізді көргендер бізді өзі іздеп келе бастады. Табысымыз да жақсарып, 30 шаршы метрлік бөлмеге көштік. Ал мына үш бөлмелі баспанаға орналас­қанымызға бір жыл болды. 
Біз киім тіксек те, жасау дайындасақ та, орамал кестелесек те оларда қазақи нақыштың көрініп тұруына баса назар аударамыз. Көбіне дипломатиялық қызметтегі қыз-келіншектер көйлекке жиі тапсырыс береді. Оны әрі жұмысқа киюге, әрі Қазақстаннан екенін көрсетіп тұратындай ою-өрнекпен тігеміз. Көйлектердің бағасы 25 мыңның айналасы, ал жиегіне және арқасына ою түскен жакеттер 20 мың тұрады. Жолдасым өзге ұлттық стильде тігетін дизайнерлерге қарағанда тым арзан баға қоятынымды айтады. Бірақ мен сонша пайда тауып жатпасақ та, қарапайым адамдарға қолжетімді болғанын қалаймын. 
Оюды кестелеу өте қиын жұмыс қой. Кесте күрделі, қиын болған сайын заттың бағасы да қымбаттай түседі. Бізге түрлі елдерден қыз жасауын тігуге тапсырыс түседі. Мәселен, өткенде Ұлыбританияға жасау тігіп жібердік. Жасаулардың бағасы 150 мың теңге шамасында. Қазір толықтай киім тігуге көшуді жоспарлап жатырмыз. 
Жолдасым ылғи «түрлі көрмелер ұйымдастырайық, сонда тіккен дүниеңнің ең жақсыларын тамашалауға ұсынайық» деп айтады. Алайда мен жұрт алдына шыққым келмейді. Маған осы тігін шеберханамнан шықпай, киімімді тігіп, құрағымды құрап отырғаннан ар­тық бақыт жоқ. Дегенмен алдағы уақытта оны қолға алатын шығармыз.