Қаржы тартуда жиырмалықтың қатарына кірдік

Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл басталған шақта алдағы жағдайымызға болжам жасалады. Бұл өткен жылдың жетістіктері мен кемшін тұстарын жіпке тізіп, жаңа жылда жетістіктерді еселей түсуге ұмтылатын, кемшіліктерді болдырмауға барын салатын, бір сөзбен айтқанда әрбір адам, әрбір ұжым, әрбір компания, жалпы мемлекет өзіне-өзі есеп беретін кез. Өткен Мешін жылының менмұндалап тұрған ерекшелігі не болды? Жаңа Тауық жылынан не күтеміз? Біз ҚР ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдинді әңгімеге тартып, тілдескен едік.
– Өткен жылы Қазақстан экономикасы қандай жағдайда болды? Неге қол жеткізе алдық? Әттеген-айымыз қайсы?
– Мешін жылында Қазақстан экономикасы, қазақ халқы күрделі кезеңді басынан өткізді. Бұл тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде дағдарыс жылы болды. Әлемдегі дағдарыс жағдайынан өту өте қиындыққа соқты. Дегенмен 2016 жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мәселелерді алға қойды. Мемлекет басшысы келелі, күрделі мәселелерді шешуде, Қазақ елін басқаруда сан салалы, сапалы жұмыстар атқарды. Оның ең үлкені – бұрынырақ қабылданған 2050 стратегиясын жүзеге асыру осы жылдың еншісіне тиді. Әлемдік дағдарыс болған жағдайдың өзінде еліміз өткен жылды үлкен табыспен қорытындылады. Мешін жылының соңында Қазақ елі дағдарыстан шықты деуге болады. Өйткені 2016 жылдың ішіндегі келелі мәселенің бірі «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру болатын. Бұл бағдарлама бойынша бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілді. Жол салынып, Батыс Еуропа мен Батыс Қытайдың арасын қосатын Халықаралық авто жол бітуге таяды. Оның сыртында осы жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше зауыт ашылып, жұмыс орындары пайда болды. Екінші, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тек жол мәселесі ғана шешімін тауып жатқан жоқ, Қазақстанда келелі мәселенің бірі жекеменшік үй салу қолға алына бастады. Жекеменшік үйлер елдің баспана мәселесін шешуде оң ықпалын тигізері сөзсіз. Үшінші, Қазақстанның ішіндегі елді мекендерді бір-бірімен байланыстыру мақсатында қаншама темір жолды салу жүзеге асырылды. Астана мен бірнеше облыстардың жолдары қосылды.
– Ел бюджеті осы күнге дейін мұнайға тәуелді болып келгені жасырын емес. Қара алтын құнының күрт құлдырауы да әлемдік дағдарыспен қатар жағдайды күрделендіре түскені рас қой.
– Иә, мұнай бағасы төмендеп кеткені жағдайды ушықтыра түсті. Соған қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің алдына күрделі мәселе қойды. Ол тек мұнайға қарап отырмай, өнім өндіру, шетелмен байланысты арттырып, инвестиция тарту керектігін айтты. Шетелден түскен қаржының біздің экономикамызға оң әсері болды. Өйткені еліміз қаржы түсіру жөнінен әлемдегі 20 мемлекеттің қатарына кірді. Облыстарда зауыт-фабрикалар салынып, іске қосыла бастады. Мектептер мен балабақшалар, ауруханалар да салынып жатыр. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасының оңтайлы шешімдерінің бірі деуге болады.
Халықтың жалақысы жыл соңында аздап болса да өсті. ТМД елдерімен салыстырғанда жалақы жөнінен біз көп елдің алдында тұрмыз.
Көптен бері жүзеге асыра алмай келе жатқан Қашағаннан мұнай алу жобасы өткен жылда сәтті жүзеге асырылды. Қашағанның іске қосылуы тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін айтулы оқиғаның бірі. Мұнайды шетелге шығаруда алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінетін болдық. Мұнай өндіруші алпауыт елдер мұнай шығару көлемін азайтып, оның бағасын көтеру жайлы мәселе көтере бастады. Қазір мұнайдың бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Бір баррелі 50 доллардың шамасында болып тұр. Қашағанның мұнайы біздің экономикамызды біраз жерге алып барады. Нұрсұлтан Әбішұлы 2050 бағдарламасында «Қазақ елін Мәңгілік ел жасаймыз» деген болатын. Еліміз Мәңгілік ел болуы үшін өнім өндіріп, жаңа техниканы пайдалануға тиіспіз. Білім мен ғылымды жоғары дәрежеге жеткізуіміз керек. Білім – Мәңгілік елдің дамуының негізі.
Индустриялық-инновациялық бағдарламаны елдің көбі түсінбейді. Инновация дегеніміз – бір медаль болса, соның екі жағы білім мен ғылым. Жоғары дәрежелі білім алып, одан кейін ғылымға ден қойып, оның нәтижесін өндіріске қосса, сонда еліміз алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылатынына сенімім мол. Өйткені 2050 бағдарламасында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деп отырмыз. Міне, 30 ел дегенінің өзі Мәңгілік ел. Онда жағдай да жақсы, елдің тұрмысы да түзу болады. Елдің жұмыс орны да, табысы да жақсы болады.
– Өткен жылы іске қосылған Қашағанды игеру жобасының игілігін келген жылда көре бастаймыз деген үмітіміз бар. Қашаған елдің бюджетіне, тыныс-тіршілігіне қаншалықты оң ықпалын тигізеді?
– 2017 жылда мұнайдың бағасы көтеріледі деген болжам бар. Доллардың бағасы төмендеп келеді. Ел экономикасының өсіп-өркендеуіне Қашағанның үлкен ықпалы болары сөзсіз.
Қазір еліміз әлем таныған мемлекеттердің қатарына кірді. 2017 жыл басталғаннан біз экономикалық дағдарыстан шықтық деп есептеуге болады. Жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз дағдарыстан шықтық. Жалпы ішкі өніміміз 2016 жылда 1,6 пайызға өседі, алдағы уақытта одан әрі өсіп, өркендей береді» деген болатын. Міне, 2017 жылы зейнеткерлер зейнетақысы, бюджет қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға өсетін болды. Мұның өзі ел экономикасының тұрақтылығын, тіпті өскендігін көрсетеді. Инфляция да азайды. Алдағы уақытта одан да түседі. Инфляция деген – экономиканы «жеп, соратын» нәрсе ғой.
Жаңа құрылыс, жаңа өндіріс тұрғызып, жаңа зауыттар салып жатқанымыз бұрынғыдай шикізатқа тәуелді болмай, енді біздің өніміміз зауыт-фабрикадан шығатын өнімдер болғалы тұр. 2017 жылы жалпы ішкі өнім өседі. Жалақымыз көтеріліп, халықтың тұрмысы жақсара түседі.
– Елдегі шағын және орта бизнес 45 пайызға өсті деген жағымды хабар естідік. Алдағы уақытта да осы салаға тереңірек көңіл бөлу керек сияқты.
– Жоғарыда айтқан мәселенің бәрі мемлекеттік үлкен зауыт-фабрикалар емес, қазір мемлекеттен тыс үлкен зауыт-фабрикалар салынып жатыр. Оның сыртында келелі мәселенің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік саласы. Шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету керек. Өйткені 2030 жылы елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейі 50-60 пайызға жетеді деген жоспар бар. Бүкіл әлемде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының шығарған өнімдері 60-70, тіпті кейбір елдерде 80 пайызды құрайды. Біз таяу жылдары 60 пайызға жетеміз деп отырмыз. Одан әрі де өсіп-өркендей беру керек. Осы салаға басымдық беруге тиіспіз. Шағын және орта кәсіпкерлік саласына ауыл шаруашылығы да кіреді. Бұл сала да күрделі кезеңдерді басынан өткізді. Жекешелендіруден өтті. Жер үлкен бастықтардың еншісіне тиді. Трактор, комбайндарды да солар алды. Ауыл шаруашылығы азаматтарына жай жерлер тиді. Қазір шағын кәсіпорындар салынды. Шағын шаруа қожалықтары техника, несие алу үшін қазір кооперативтер құрыла бастады. Бұл ұсынысты Үкіметке айтқан болатынмын. Кооперативтер құрылса, Үкімет тарапынан несие беріледі. Техникаларын алады, жерді игеруге, тыңайтқышқа пайдаланады. Малды бағып, өсіріп, бордақылауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында кооперативтерді құру саланың дамуына оң серпін береді деп күтіп отырмыз. Аудандарда осы кооперативтерге жауапты орган да құрылуы керек. Солардың алдында кооперативтер жауап беруі тиіс.
Жалпы экономиканы көтеру үшін бірнеше салаға басымдық беруіміз керек. Біріншіден, өнім өндіретін зауыт-фабрикаларды қолға алу. Екіншіден, ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетпей, ел еңсесін тіктеуі қиын. Үшінші, мұнай-газ саласы. Осылардың нәтижесінде қазақ елінің әлеуметтік жағдайын жоғарылатуға тиіспіз.
Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру керек деген бастаманы алғаш көтергендірдің бірі болатынмын. Экономикамыздың өсуін, өркендеуін, шетелмен сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды ескере отырып 2016 жылы ДСҰ мүшелігіне қабылдандық. 19 жыл бойы келіссөздер жүргізілді. Енді алдымыздан даңғыл жол ашылары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ