Айдос БЕКТЕМІР: Қазақ бір-бірін жатқа, жамандыққа қимайды

Олардың арасында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың белді актері Айдос Бектемір де бар. Актер «Құнанбай» фильмінде Құнанбаймен текетірес, бірақ қиын-қыстау кезеңде оны Итжеккенге айдаудан аман алып қалатын Керей сұлтаны Барақтың рөлін ойнайды. Айдос ағаны сыйлығымен құттықтап, Тауық жылы қарсаңында тілдескен едік.
– Айдос мырза, Мемлекеттік сыйлығыңыз құтты болсын! Бұл сыйлық кешігіп келген жоқ па?
– Ерте-кеш деп айтуға болмас. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Сыйлық бұйырғанда келеді екен. Әрине, ертерек болса екен деп ойлайсың, армандайсың. Бірақ Алланың қалауынан асып түсе алмайсың. Барлық нәрсе Алланың жазуымен болады.
– Бұған дейін сыйлыққа талпыныс жасап көрдіңіз бе?
– Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етіп жүргенімде, «Сталинге хат» спектаклі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Онда «Сталинге хаттың» дүрілдеп тұрған кезі. Оны режиссер Райымбек Сейтметов қойды. Сыйлыққа ұсынылғанның қатарында Досхан Жолжақсынов, Сейтхан Есенқұлов та бар еді. Сыйлықты ұстап тұрып, ақырында айырылып қалғанбыз.
– «Сталинге хат» спектакліне түскеніңізде неше жаста едіңіз?
– «Сталинге хат» спектаклі 1989 жылы қойылды. Онда жасымыз елуге де келмеген кезіміз. Театрдың тілімен айтқанда, әлі жаспыз.
– Театрға бірден топ етіп келе қойған жоқсыз. «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткеніңізді де білеміз. Концертке қатысу бала арманыңыз болды ма?
– Эстрада және цирк студиясының «Көркемсөз шебері» мамандығын бітіріп шықтым. Сахнада көркемсөз оқу үлкен еңбекпен келетін дүние. Студияда оқып жүргенімізде, бізге актер шеберлігі деген сабақ жүреді. Онда сізді көркемсөз шебері етіп қана дайындамайды. Одан бөлек, актерлік қабілетіңді де шыңдайды.
– Ары қарай Мәскеуге оқуға кеттіңіз. Неге Мәскеуді таңдадыңыз?
– Көркемсөз оқу шебері дегеніміздің өзі – актерлік. Ән айту да қолымнан келер еді. Бірақ көркемсөз оқуды көбірек қаладым. Өйткені актер болғым келді. Кеңес кезінде Мәскеуден Алматыға арнайы мамандар келіп, дарындарды жинайтын. Олар жастардың арасынан дарындыларды іріктеп алады. Сол іріктеудің арқасында Мәскеуден бір-ақ шықтым. Бұл 1983 жылдың күзі болатын. Мәскеуден оқу бітіріп, елге келген соң, бағытымыз – Торғай болды. Торғайдағы облыстық театрға жұмысқа орналастым.
– Торғайдағы актерлік қызметіңіз бір жылға да жеткен жоқ. Сол жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына ауысыпсыз. Бұл кездейсоқтық па?
– Торғай театрында қызмет етіп жүрген кезімде «Қазақфильм» киностудиясына киноға түсуге шақырды. «Бандыны қуған Хамиттің» түсіріліп жатқан кезі. Кішкентай эпизодтық рөлге бекідім. Киноға түсемін деп, үш ай уақытым Алматыда өтті. Сосын қайтадан Торғайға барғым келмей қалды.
– Актерлікті сүю бір бөлек те, актер боп туу бір бөлек. Кейде өнер адамдарының қабілет, дарыны ерекше боп тұрса, оған туған өлкесінің әсері де болуы мүмкін. Сіз туған Арқада талай таланттар дүниеге келген. Шеберлігіңізбен ерекше көзге түсіп жатсаңыз, бұған Шет ауданындағы жұрттың да қатысы бар шығар. Қалай ойлайсыз?
– Мен туған Арқада қазақтың қаншама талантты ұлдары дүниеге келген. Олардың бәрінің есімін тізіп айтсақ та жарасады. Алайда бір ғана адамның есімін айрықша атағым келеді. Ол – күйші Әбікен Хасенов. Огинскийдің «Полонезін» жиі айтады. Огинский бір ғана музыка жазған. Сол бір ғана «Полонезімен» тарихта қалды. Сол сияқты Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйі – классика. Ондай керемет күйді келешекте жаза аламыз ба, жоқ па, оны тағы білмеймін.
– Театрдағы алғашқы баспалдақтар, алғашқы қадамдар... Әлі де есте ме?
– Студияда оқып жүрген кезімнен-ақ ылғи «геройларды» ойнаған екенмін. Үнемі алдыңғы шепте жүріппін. Жасөспірімдер театрында ойнаған алғашқы кейіпкерді қалай ұмытарсың?! Әмина апаның баласы боп сахнаға шықтым. Сол театрда 25 жыл актерлік еңбек еттім. Азды-көпті рөлдерім болды. Театрға еш өкпем жоқ. Өсірді, қанаттандырды, елге танымал етті. Ол күндердің бәрі қазір сағыныш.
– 25 жылдан соң, академиялық драма театрға ауыстыңыз. Жүрек қалауыңыз болды ма?
– «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген сөз бар. Сол секілді, о бастағы арман-мақсатымның бәрі – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында ойнау еді. Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін де, ойымда осы театр болған. Бірақ батылым жетпеді. Қорықтым. Онда академиялық театрдың дүрілдеп тұрған кезі. Өңшең «сен тұр, мен атайынның» ордасы. Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова және тағы басқа кіл мықтылар. Аттарының өзінен адам үркеді. Қастарына жақын бару мүмкін емес. Ә дегеннен жастар театрынан бастағанымның себебі де осында. Ал 25 жылда адам толысады, өмір көреді, театрдың қыр-сырын меңгереді. Бұл жаста академиялық драма театрдың есігін қағу қорқынышты емес. Сондықтан тәуекел деп, ұлылар еңбек еткен театрдың есігін аштым. Есағаң, Есмұхан Обаев «Айман-Шолпан» спектаклін қойып, Көтібардың рөліне шақырды. Осылайша, академиялық театрдағы өмірім басталып кетті. Тәубе!
– «Бандыны қуған Хамит» кинодағы алғашқы қадамыңыз. Одан кейін «Қазақфильмнен» неге ұсыныс түспеді?
– «Бандыны қуған Хамит» фильмінен кейін де біраз ұсыныстар болды. Кейінірек қырғыз режиссері түсірген «Провинциальный роман» фильміне түстім. Менімен бірге ол фильмде Талғат пен Венера Нығматуллиндер де ойнады. Кейінгі рөлдің көбі кішкентай эпизодтар болды.
– Қазақ театры 90-жылдардағы қиындықтан айналып өткен жоқ. Күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткендердің қатарында актер де, ғалым да, мұғалім де болды. Бұл қиындық сізге қалай әсер етті?
– «Ораза, намаз – тоқтықта!» дейді. 90-жылдардың басында көпшіліктің күнкөрістің қамымен тіршіліктің қамытын киіп кеткені рас. Ғалымдар да, өнер адамдары да болмашы кәсіппен айналысып, базар жағалап кетті. Қанша қиын болса да, театрды тастай алмадым. Жастайымыздан жақсы көрген мамандықты қалай қиярсың?! Жаратылысында Алла Тағала адамға ерекше бір қасиет береді. Біреуге ұшқыштық, біреуге дәрігерлік қасиет дариды. Біреу мұғалімдік мамандықты жан-тәнімен сүйетін болуы керек. Адам сол жаны қалаған дүниені адаспай таба алса, оның бақыты – осы. Біреулер адасып жүреді. Нағыз трагедия дегеніміз сол. Одан адам кәсібінен еш рақат көрмейді. Өзіңнің емес, өзгенің шаруасымен айналысып жүргендей боласың. Шетелдерде адамның табиғи дарынын анықтайтын ұйымдар бар екен. Алла Тағала ол адамды қандай кәсіпке бейім етті, болмаса, оның бойында қандай қасиет бар, ол ұйым соны анықтайды.
– Демек, сіздің бойыңыздағы актерлік қасиет Алланың берген дарыны дейсіз ғой. Ғайыптан тайып басқа саланың құлағын ұстағаныңызда ше?
– Олай болған жағдайда, бақытсыз болар едім. Басқа мамандықты жақсы көрмеген адам қалай өзге салада жүреді?
– «Нағыз балуанға оң-солы бірдей» демекші, кез келген рөлден қашпайсыз. Солай ма?
– Кез келген рөлден қашқан емеспін. Қандай кейіпкер болса да, тек – театрдың сахнасы болса жетеді. Бүгінгі күнге дейін трагедияны да, комедияны да, драманы да ойнадым. Актердің жұмысы да сол: барыңды салып ойнау. Ол мамандықты жақсы көргеннен кейін сенің бойыңда ерекше құлшыныс болады. Өзінің актерлік мамандығын жақсы көрмейтін де адамдар бар. Олар шатасып жүр деп ойлаймын. Сосын актер рөл таңдамайды. Бүгін патшаның рөлін ойнасам, ертең сайқымазақты ойнауым мүмкін. Өйткені ол – менің жұмысым.
– Қателеспесек, театр сахнасында өзіңіз де спектакль қойдыңыз. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрындағы «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» қойылымы сіздің қолтаңбаңызбен шықты. Одан кейін, бұл салаға көп бет бұрмай кеткен сияқтысыз. Неге?
– Актерліктен бөлек, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында режиссерлік мамандықты оқып алғанмын. «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектаклі әлі күнге сахнадан түскен жоқ. Спектакль әрдайым аншлагпен өтеді. Оның себебі, жазылуы бөлек. Мұхамедқали Хасеновтың пьесасының желісі бойынша қойылған. Пьесаның ерекше жазылуы автордың жазу мәдениетіне, зейініне, мәнеріне байланысты. «Абай жолын» неге бәріміз жақсы көреміз? Ол – Мұхтар Әуезовтің шебер суреткерлігінде. Сол сияқты Хасеновтың шығармаларында да шеберлік бар. Оның шығармаларынан тазалық көремін. Таза жазатын жазушыларды ұнатамын. Өмірде лас дүниелер көп. Лас дүниені жазудың қажеті шамалы. Оны күнделікті айналамыздан да көріп жүрміз. Сахнаға былғанышты, лас нәрсені алып шығуға болмайды. «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектакліне дейін де шағын дүниелерді жасап көрдім. Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде сабақ беріп жүргенімде, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуын» қойдым. Үлкен театрда спектакль қойғым келетіні рас. Бұл – менің үлкен арманым. Сәті түскен күні ол арманым да орындалар деген ойдамын.
– «Ағайындылар» сериалынан бастап киноға қайта оралдыңыз. Кей актерлер сериалға түсуден қашады. Сіз ше?
– Дарынды актер театрмен шектеліп қалмау керек. Киноға да барғаны дұрыс. Киноға түсу әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Әмина Өмірзақованың бақыты неде? Шәкен Аймановтың адаспай, Әмина апаны «Тақиялы періште» фильміне таңдай білуінде. Сол сияқты киноға түсудің де сәті, өз уақыты болады. Сондай сәтімен келген сериалдың бірі – «Ағайындылар» болды. Сондықтан жақсы сериалдан қашудың қажеті жоқ.
– Досхан Жолжақсынов түсірген «Біржан салдағы» Жанботаның жөні бөлек. Досхан ағамен сабақтастығыңыз қалай басталды?
– Досхан «Біржан сал» фильмін түсірердің алдында театрдан біраз актерлер іздеді. Талай жігіттерді серілердің рөліне шақырды. Кейінірек өзі хабарласып: «Айдеке, Жанботаның рөлі бар. Жанбота туралы атақты әнді білесіз. Осыны ойнасаң қайтеді» деді. Досхан нағыз азамат ғой. Шынын айту керек, әр адам ісімен бағалануы керек. Адамның қандай екенін білу үшін оның атқарған еңбегін көруі керек. Мен оны Жанботаның рөлін ойнағаным үшін мақтап отырғаным жоқ.
– Досхан ағаның бір бақыты Таласбек Әсемқұловтай мықты драматургті табуы емес пе?
– «Адамның күні адаммен». Ол екеуі бір-біріне себеп болып отыр. Бір мықтыға бір мықты кезіккен соң, шығарма да сәтті туады. Досхан мені Барақтың рөліне бекіткені туралы ең әуелі Таласбектен естідім. Барақтың рөлін режиссер сеніп тапсырса, онда ол рөлді актер атқарып шыға алады деген сөз. Оған Жанботаның бейнесі себепкер болған сияқты. Жанботаның рөлін ұнатқандар көп. Тіпті, Досханның өзіне де қатты ұнаса керек.
– Керей сұлтаны Барақтың рөлі туралы бір сөзіңізде: «Қазақ «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дейді. Ел ішінде екі алып бір-бірімен жаға жыртысса да, жатқа да, жамандыққа да бауырын қимайтын халықпыз» деген екенсіз. Сіздің Барақтың айырмасы неде?
– Барақ қанша мықты болса да, Құнанбайдан аспайды. Құнанбай осыған әкеліп отыр. Кезінде бұлар бір-біріне қарсы келіп, бір-бірімен ұстасса да, олар бірін-бірі жатқа, жауға бермейді. Адам өзінің теңімен айқасады. Айқасып жүрсе де, жамандыққа қимайды. Шын мәнінде, жеме-жемге келгенде, бірін-бірі сатпау – бұл қазақтың қанына біткен қадір-қасиет дер едім. Бірін-бірі құтқарып қалу, бірін-бірі сақтап қалса, ол елдік, азаматтық парызың. «Құнанбайда» осы елдік қасиетті көрсеткіміз келді.
– «Құнанбай» фильмінен кейін көпшіліктің арасында пікір қайшылығы туындады. Бұл әсіресе, жалаңаш келіншектің түйенің бұйдасын шешуі мен Қодар мен Қамқа оқиғасына байланысты өрбігені рас. Бұл екі эпизодқа сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Келіншектің түйенің бұйдасын шешіп алуы кездейсоқтық емес. Біз қазір көп дүниені ұмыттық. Қазақтың этнографиялық әңгімелерін оқып көрсеңіздер, осындай дүниелерді көптеп табуға болар еді. Сондықтан бұл эпизодтан жамандық іздеудің қажеті жоқ. Қодар мен Қамқа оқиғасында Құнанбайдың елдік көзқарасы байқалады. Ұлттың бұзылмауы үшін қам-қарекет етеді. Елдік қағиданы ұстанады. Мызғымас тәртіптің болуын мақсат тұтады. Ел одан не жамандық көрді? Қай уақытта, қай елде болмасын, тәртіп болмаған жағдайда ел бұзылады, ұлт құриды. Біз қазір неге шырылдаймыз? Қазір айналаңызға қараңызшы. Жастар не істеп жүр? Ғаламторда бәрі ашық тұр. Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Адам жақсы мен жаманды ажырата алмайтын халге жетеді. Еркекке әйелдің, әйелге еркектің керегі болмайтын заман туып кетсе, қайтеміз? Өстіп кете берсек, осындай қоғам орнығатын болады. Алла ондай күннен сақтасын!
– Неге үміт артасыз?
– Қазақтың бір ғана қасиетін ерек тұтамын. Ол – баланы айрықша жақсы көруі. Қазақ бала деп өмір сүреді. Баласының келешегіне алаңдайды. «Оның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» дейтін де қазақ. Тіпті Құнанбайдың өзі Абайды кішкентайынан оқытып, оқуға жіберіп, білімді болып шығуына мүмкіндік жасаған. Ұлпанға Есеней сонау Санкт-Петербордан кітап алдыратын болған. Жалпы, қай қазақты алсаңыз да, баласының білімді, білікті болуы үшін қам жасайды. Білімді қазақ тұрғанда ұлттық қасиетіміз жоғалмайды деп ойлаймын. Мен білімді жастарға үміт артамын.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС