Басты  /  Сұхбат  /  Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: Әлихан Бөкейхан масон ұйымына ұлтының мүддесі үшін кірді

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: Әлихан Бөкейхан масон ұйымына ұлтының мүддесі үшін кірді

1670
Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: Әлихан Бөкейхан масон ұйымына ұлтының мүддесі үшін кірді Биыл Алаш көсемі, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойлануда.

 Осыған орай аты аңызға айналған тарихи тұлғаның өмірі мен елге еткен қызметінің кейбір жария болмаған тұстары, соның ішінде масон ұйымына мүше болғаны жөнінде белгілі алаштанушы-ғалым, «Алаш»  мәдениеті мен рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлымен арнайы сұхбаттастық.  

– Сұлтан Хан аға, Әлихан Бөкей­ханның Ресейдегі масон ұйымына мүше болғанын білеміз. Осы масон ұйымы қандай ұйым? Оның атынан неге шошимыз? Бұл ұйымның қазақ­тың тарихына қандай қатысы бар?
– Жалпы, масон ұйымы немесе ложасы соншалықты бір адам шо­шитындай құбыжық құбылыс емес. Неге десеңіз, франкмасон деген ұйым – сонау Ескендір Зұлқарнайын заманынан келе жатқан құпия құ­рылым. Сол кезеңде де ол шынында   жөйiттердің құпия ұйымы болған. Оның қыр-сыры аз емес. Ал кейінгі дәуірде франкмасон деген сөз «еркін тас қашаушы» деген ұғымды білдіретін. ХVII-XIX ғасырларда Батыс Еуропаның Англия, Франция, Германия және т.б. елдерінде масондық ұйымдар құ­рылғанда оған жөйіттердің ешқандай қатысы болмаған. Ол кезде жөйіт ұлты Еуропаның көп елінде қуғын-сүргін көретін уақыт-тын. Олар Батыс Еуропа көне дәуірдегі жөйіт ұйымының «құпия, астыртын ұйым құрып, әрекет ету» идеясын ғана алған. Алайда масон ұйымы міндетті түрде алдына саяси мақсат қана қойған емес. Батыс Еуропа елдерінде, кейінірек Ресей им­периясында ХVІІІ ғасырда пайда болған масон ұйымдарының алдында тек рухани мақсат-мұраттар тұрған. Олардың көздегені бүкіл адамзат баласын «бақытқа жетелейтін шіркеу тұрғызу» болған. 
Ал ХХ ғасырдағы Ресей им­периясындағы масондық ұйымға келсек, оның тарихы 1906 жылдан басталады. Тарихтан білетініміздей, 1905-1907 жылдары Ресей империя­сында І орыс төңкерісі болды. Сол кезде Ресей империясы конституциялық монархияға көшудің табалдырығында тұрды. Алайда сол кезде Ресей им­периясының құрамындағы ілгерішіл күштер бытырап, жеңісті қолдан беріп қойды. Осы кезде Ресей империясының либералдық зиялы қауымына: «Ресейде самодержавиені тек масон ұйымы ғана құлата алады. Тек масондық құпия ұйым құру арқылы Ресейдің барша ілгерішіл күштерінің басын біріктіріп, самодержавиені құлатуға жұмылдыра аламыз» деген ой келді. Сөйтіп, 1906 жылы Санкт-Петерборда – «Те­мірқазық» («Полярная звезда»), Мәскеуде «Қайта өрлеу» («Возрож­дение») деген екі ұйым пайда болды. Біз тарихтан білетініміздей, 1906 жылы Әлихан Бөкейхан Семей қазақтарының атынан І  Мемлекеттік Думаға депутат болды. Екіншіден, ол 1905 жылдың қазан айында Ресейдегі ең ықпалды, мүшелерінің саны көп  конституциялық-демократиялық партияның қатарына өтті. Өзі ғана сайланып қоймай, Семей облысы қазақтарының арасынан аталған партияның филиалын құрып, оның алғашқы депутаты болды. Тағы бір тарихи мәліметте Әлекең масон ұйымына 1908 жылы кірді делінген. 
– Айтыңызшы, жалпы Әлекең осы ұйымға қандай мақсатпен кірді? Өзінің соттағы соңғы сөзінде «мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым» деп айтқанындай, большевиктермен күресу үшін кірді ме?
– Ойлап қараңыз, Ресейдегі масондық ұйым самодержавиені құлатуды мақсат етті. Ал Әлекеңнің алдында қазақтың ұлттық мемлекетінің шаңырағын қайта көтеру мақсаты тұрды. Негізінен, Әлекең Ресейдегі самодержавиені құлатып, федеративтік парламенттік-демократиялық республика құрмай, қалың қазақ отаршыл Ресей «қазына меншігі» деп жариялаған, тіпті өз жерінде де ешқашан өз-өзін билеу құқына ие бола алмайтынын білді. Басқаша айтқанда, қазақ көсемі Әлихан отаршыл Ресей империясының өзін түбегейлі реформаламай, Ресейдің құрамында жүріп-ақ автономия алып, жерінің шекарасын заңды түрде белгілеп алмай, қазақ өз алдына дербес мемлекет болуға жете алмайтынын анық сезді. Масондар болса, самодержавиені құлатпай, Ресейді демократиялық елге айналдыру мүмкін болмайтынын түсінген. Осы жерде масондық ұйым мен Ә.Бөкей­ханның көзқарасы бір жерден шықты.  Әлекең масондар қозғалысына осы мақсаты үшін кірді. Ол қандай да бір қызық қуып, өзінің атағын шығару немесе Шыңғыс ұрпағының ақсүйектік атағын жаңғырту үшін кірген жоқ. Қазақтар патшалық Ресейге сыртқы жаудан қорған іздеп, бодан болып кіремін деп ұлттық мемлекеттілігінен де, ақыр аяғында жерінен де жұрдай болып айырылған жоқ па! Сол құқық­тық мәртебесін қалпына келтіріп, қазақты біртіндеп тәуелсіздікке алып шығу – міне, Әлекеңнің масондық ұйымға кіргендегі басты мақсаты осы еді.
Екіншіден, Алаш көсемінің масон ұйымына кіруінің бірден-бір себебі, сол кезеңде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғай білу үшін, ұлттық қозғалыстың бағыт-бағдарын заманына қарай түзеп отыру үшін, Әлекең Ресей им­периясының орталығында болып жатқан саяси процестерді бақылап отыруы керек болатын. Демек, Әлекең масон ұйымының құрамына конституциялық-демократиялық партияның орталық комитетінің мүшесі бола тұра, патша сарайында, Мемлекеттік думада жоғары саяси деңгейде қандай шешімдер қабыл­данғанын, қандай құбылыстар пісіп-жетіліп келе жатқанын, қандай саяси оқиғалар орын алуы мүмкіндігін болжап, қадағалап отыру үшін кірген. Негізгі мақсаты сол болды. Мысалы, ІІ қазақ сиезінде Халел мен Жанша Досмұхамедұлы «Алаш автономиясын бірден жариялайық!» дегенінде Әлихан Бөкейхан: «Бауырларым, асықпаңдар! Өйткені орталықтағы жағдайды, олардың не ойлап отырғанын білмейміз» деп сабырға шақырды. Себебі, сол кезде қазақтың ав­тономиясын құру, оның аяғынан тік тұрғызу қазақтың өз құзырына жатпайтын. Ол Еуропа соғысының майдандарында шешіліп жатты. Неге? Алаш зиялылары Ресейдің І дүние­жүзілік соғыста жеңіп шығуын неге қолдады? Өйткені Ресей, Англия, Франция бірлесіп құрған Антанта блогы Германияға қарсы соғыста жеңіске жеткен жағдайда, соғыс біткеннен кейін барлық халықтарға өзін-өзі басқару құқын береміз деп уағдаласқан еді. Алаш зиялылары Ресейдің соғысқа кіруін сол үшін ғана қолдады. Бұл жерде қандай стра­тегиялық көзқарас, мақсат болғанын қараңыз. Кейіннен 1917 жылы қазанда Томскідегі сиезде Әлекеңнің: «Мы требуем того, что нам обещали» дейтіні бар. «Ресей империясы соғыстың алдында бізге берген уәдесін орын­дасын. Автономия берсін» деді Алаш көшбасшысы. 
Дәл сол кезеңде қазақ зиялылары­ның арасында Әлихан Бөкейхандай биік деңгейдегі саясаткер болған жоқ. Ол – тарихи факті. Даусыз нәрсе. Бірақ біз кейде «Әлихан масон болған» деп соны мойындамаймыз. Мысалы, Тұрар Рысқұлұлы да большевик партия­сы­ның мүшесі болған. Айналайындар-ау, ол большевик түгілі сайтан партия­сы­ның мүшесі болсын, тек қазақтың мүддесі үшін кірген жоқ па?!. Жасыра­тыны жоқ, қазақ зиялыларының бір тобы, сол кездегі жаңа қазақтар боль­ше­визмге еріп кетті. Бірақ олар, Тұрар Рысқұлұлы, Әліби Жангелдин немесе Сәкен Сейфуллин болсын, бәрі де большевизм, марксизм идеясын терең түсінді ме? Олардың бәрі де Ленин бастаған большевиктердің құр сөз, жалаң, жалған үндеулеріне құдайдай сеніп, адасты. Марксизм идеясын, оның ішінде экономикалық материализ­мін Ульянов Лениннен бастап больше­виктердің кез келгенінен Әлихан әл­де­қайда артық, терең білетін. Себебі, те­рең зерттеген. Ленин Еуропаға қашып, Швейцария, Германияда сыраға тойып жүргенде, Ә. Бөкейхан өз елінің қайнаған ортасында, қиян-кескі күрес-тартыста жүрді. Қазақ даласының мә­дениетін, ша­руашылығын, экономика­сын және т.б. зерттеп, Қазақстанда социализм орнату мүмкін еместігіне, орнатудың тіпті қажет еместігіне көз жеткізді. Ол қазақтың болмысына, діліне тіпті жат идея болатын. Біз қазір «социализм» дегенде кешегі кеңес дәуірін, большевик­тер орнатқан социализмді еске аламыз. Бұл – ұят. 
Большевиктер орнатқан социализм мен Маркс уағыздаған социализмнің екеуі екі басқа нәрсе. Большевиктердің орнатқаны – «казармалық социализм». Классикалық социализмге Норвегия, Швеция, Финляндиядағы социализмді жатқызуға болады. 1918 жылғы «Абай» журналындағы бір мақаласында Әлиханның большевиктерді «социализм идеясын сатқандар» деп айыптауының сыры осында жатыр. Әлекеңнің көздегені қазаққа социализм емес, халқының ұлттық мәдениетіне, ерекше болмысы мен шаруашылығына, ұлттық құрылымына лайықты қоғам орнату болатын.  
– Сол кездері масондық ұйымның құрамында кімдер болды? Олардың саны қаншаға жетті? Бір деректе ұйым мүшелерінің саны 200-ден асты десе, екінші біреуінде 20 мүшесі болған делінген. Қайсысы дұрыс?
–Тарихтан білетініміздей, Ресейдегі масон ұйымы 1910 жылға дейін қатты қуғынға ұшыраған. Себебі, оны жөйіттердің ұйымы деп айыптады. Ресейдің реакцияшыл премьер-министрі Петр Столыпиннің кезінде бұларды «қара жүздіктердің» («чер­носотинцы») көмегімен соққыға жығып, баспасөз беттерінде жаппай қаралаған. Бірақ сол кезде масон ұйымының құрамында орыс ақсүйектері (дворян, барон, графтар), байлары, жоғарғы әскербасылары, либералды интеллигенция өкілдері болды. Олардың бір бөлігі астыртын ұйымға қызық үшін кірді. Ал ұйымның жұмысын алып жүруге қаржы қажет болғандықтан, оған қалталы азаматтарды да тартуға тура келді. 
Алайда олардың ішінде аузында сөз тұрмайтын адамдар да болды. Осы себептен масон ұйымын түбегейлі қайта құруға тура келді. 1910 жылы «Темірқазық» ұйымы сөзі көп мүшелері үшін ресми түрде жабылған болып, «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» болып қайта құрылды. Бұл ұйымға тек саяси беделді, тісқаққан саясаткерлер кірді. Мысалы, 1910 жылға дейін масон ұйымының қатарында шамамен 200-ге жуық адам болса, қайта құрудан кейін олардың саны 30-ға дейін қысқарды. 
«Масон ұйымына кімдер мүше болды?» дегенге келсек, негізінен, кадет партиясының, прогрессивтік пар­тияның, еңбек партиясының және кейіннен самодержавиеге оп­пози­циялық көзқараста болған өзге де саяси партиялардың мейлінше ықпалды өкілдері мүше болды. Олардың арасында Думаның депутаттары, партия көсемдері, орталық комитет мүшелері, өнеркәсіп қожайындары да бар еді. Бұлар алдына «Ресейді қайтадан құруды» ашық, айқын мақсат етіп қоя білген саясаткерлер еді. Солардың ішінде Әлихан Бөкейхан да болды. 
– «Ресей масон ұйымы еврейлердің ұйымы болды» деп айыптағандар да болды емес пе? Бұған не дейсіз?
– 1917 жылға қарай масон ұйымы құрамындағы еврейлердің саны 10 пайызға да жетпеген. Сол себептен олардың пәлендей ықпалы болған жоқ. Ашығын айтқанда, большевик партиясы көсемдерінің дені жөйіттер болатын. Соны неге ұмытамыз?! Әлекеңнің өзі «Қазақ» газетіндегі мақаласында еврейлердің Ресейде қуғын-сүргінге ұшыраған халық екенін жазды. Тіпті Герценштейн деген еврей депутаты Әлиханмен бірге І Мемлекеттік Думада патша үкіметін жер саясаты үшін аямай сынап, өзгелермен бірге қазақтың өз жеріне деген мұң-мүддесін қорғаған болатын. Сол себепті І Дума таратылысымен Герценштейнді Столыпиннің тапсырысымен қастандықпен атып өлтірді. Бір сөзбен айтқанда, 1917 жылғы төңкеріске дейін жөйіттер де қазақ сияқты қуғын-сүргін, қиыншылық көрген халық болатын.
–  Әлекең осы ұйымға қанша жыл мүше болды? Қай жылы оның құ­рамынан шықты? 
– Ең алдымен Әлекеңнің «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде жарық көрген «Мен кадет партиясынан неге кеттім?» атты шағын мақаласын назарға алу керек. Ресей масон­дарының қатарында жетекші рөл ойнаған кадет партиясы мүшелері болды. Демек, Әлекеңнің кадет партиясының қатарынан шығуы масон ұйымының қатарынан кетті дегенді білдіретін. 1917 жылдың наурыз-сәуірінде патша өкіметі құлады. Уақытша үкімет құрылды. Ең бастысы, құрылтай жиналысына сайлау жа­риялағаны мұң екен, Әлихан кадет партиясынан да, масон ұйымынан да біржола кетіп, әлгі мақаласында жазғанындай, «қазаққа «Алаш» пар­тиясын құрып», оған жетекшілік етті. Әлекеңнің алдында масон ұйымы өз міндетін атқарды. Патшаны құлатып, қазаққа жалпы сайлау құқын қайтарып берді. Енді қазақ Ресейдің құрылтай жиналысына қатысып, өзінің құқын қорғай алады. Масондықтың да, кадеттің де керегі жоқ. Сөйтті де, Әлекең бастаған зиялылар Алаш партиясын құрды. Есептеп қарасақ, Әлекең масон ұйымына 1906 жылдан 1917 жылға дейін, яғни, 11 жыл мүше болыпты. 
– Сәл шегініс жасасақ, өткен жылы отандық орыстілді БАҚ-тар «Тайная казахстанская масонская ложа открылась в Алматы» деп жарыса жазып, сүйінші сұрасты. «Положено начало присутствию ордена на казахстанской земле, заявил представитель российских масонов. 19 сентября 2015 года в Алматы была открыта первая в истории Казахстана масонская Ложа имени Алихана Бокейханова» деп хабарлады Караван.kz, Тенгриньюс.kz  сияқты сайттар. Мұндай іс-әрекеттің астарында не сыр бар? 
– Меніңше, мұның астарында ашықтан-ашық арандатушылық пиғыл жатыр. Одан басқа ой жоқ. Сондағы мақсат не? Әлихан Бөкейханның атына күйе жағу ма, әлде, масондық ұйымына кір келтіру ме? Бәлкім, бұл біздің тарихымызға күйе жағу шығар? Жалпы, ондай ақпараттарға мән берудің керегі жоқ. «Ит үреді, керуен көшеді». Бұқара халық масон деген не ұйым екенін біле бермейді. Масон деген сөздің өзінен шошиды. Соны пайдаланып, біреулер Әлекеңнің атына, оның жасампаз тарихи тұлғасына күйе жағуға әрекеттенді ме деген қаупім бар. Әйтпесе өзге қандай мақсатпен құ­рылады?! Қазір Қазақстанда масондық ұйым құрудың, оны Әлекеңнің есімімен байланыстырудың қандай қажеті бар? Онымен қоса «Алихан Бокейханов» деп оған орыстың суффиксін қосып қойыпты. Менің айтарым, Әлекеңнің тегі – Бөкейхан! Керек десеңіз, Алаш Орда үкіметінің жарлықтарына қол қойғанда «Әлихан Бөкейхан» деп жазған. Қаншама мақаласын осы есімімен жариялады. Патша заманында Әлихан Бөкейхан деп жазған кезде «ов»-ты қарындашпен қосып жазып отырған. Бұл – тарихи факті.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ, 
Астана