Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

– Фахриддин Әбдінәбиұлы, сіз «Мен Қазақстанның патриотымын» деп үнемі айтып жүресіз. Дегенмен өзбек ұлтының перзенті ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық байланыстың өркендей түскеніне сіз де ынталысыз. Көршілес жатқан қос мемлекеттің және бауырлас екі халықтың арасын одан сайын жақындата түсу туралы қандай ой-пікір айтар едіңіз?
– Иә, ұлтым өзбек болса да, мен Қазақстан азаматымын. Осы жерде тудым, осы елде еңбек етіп, өмір сүріп жатырмын. Өз еліміздің салт-дәстүрін, саяси экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсы білемін. Ал Өзбекстан ол – басқа мемлекет. Онда тұрмаған соң, халқы қалай өмір сүріп жатқанын мен жақсы білемін деп айтсам, қате болар еді.
4 желтоқсан күні Өзбекстан президентінің сайлауы өткенін жақсы білесіз. Біз Парламенттен Ержан Құдайберген әріптесіміз екеуміз сол сайлауға халықаралық байқаушы ретінде барып келдік. 3-4 күн өзбек елімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Олардың Қазақстанға ыстық ілтипаты ерекше екендігі қай жерге барсақ та, айқын сезіліп тұрды. Қай жерге барсам да, олар мені өзбек деп емес, «қазақ елінің депутаты» деп қабылдайды. Билік басында жүрген азаматтармен де, қарапайым адамдармен де тілдесіп, пікір алмастық. Дауыс беруге келген адамдар бізден «Қай жақтан келдіңіздер?» деп сұрағанда, «Қазақстаннан келдік» деген кезімізде, бізді құшақтап, бауырына басқанына куә болдық.
Бір айта кетейін дегенім, Өзбекстанда ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға аса мән берілгені айқын байқалып тұрды. Қай жерге, қай қалаға барсақ та, бірнеше ғасырлардан бері қарай сақталып келе жатқан тарихи ғимараттары, танымал тұлғалардың, батырлардың кесенелері үн қатып тұрғандай әсер аласың. Халықтың тыныштықта өмір сүруіне ерекше мән берілетіні сезіледі. Яғни, қауіпсіздік – ең бірінші мәселе. Қазір Өзбекстанда 30 миллионнан аса халық болса, олардың бейбіт өмір сүріп жатқаны сол елдің ұстанған саясатын көрсетеді.
Бізді Өзбекстан мәдениет және спорт істері министрінің бірінші орынбасары Ф.Жалалов күтіп алып, 4 күн бойы бізбен бірге жүріп, елдің ішкі және сыртқы саясаты, болашақтағы мақсаты туралы баяндап берді. Халық дауыс берген күні сайлау учаскелеріне алып барды. Тарихи орындарын, мұражайларын аралап көрдік.
– Басқаша бір ерекшелікті байқадыңыз ба?
– Сайлау учаскесінде бір жайтқа назар аудардық. Дауыс беруге келген анаға баласын уақытша қалдырып кетуі үшін балабақша тәріздес арнайы бөлмені жабдықтап қойыпты. Басында тәрбиешісі бар. Мысалы, ата-ана дауыс беріп шыққанша, бала әлгі бөлмеде емін-еркін қалады және ойнап отырады. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде медбикелер де бар. Айталық, бір қариялар ойда жоқ жерде жаны қысылып, жүрегі ауырып қалса, оларға «Жедел жәрдем» келгенше, медбикелер қызмет көрсететіні жақсы ойластырылған іс екен деп ойладық. Оған да бөлек бөлме қарастырылған. Дәрігер де бар. Мұны шетелден келген байқаушылар да байқап, «жақсы бастама екен» деді.
Сайлау өткен соң, Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстанның жаңадан сайланған президенті Шавкат Мирзиёев екеуі телефон арқылы сөйлесті, біздің Елбасымыз әріптесін жеңісімен құттықтап, қызметіне табыс тіледі және тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамитынына сенім білдірді.
Осы жерде айта кетейін, біз сапар алдында Өзбекстанның Қазақстандағы елішілігінде болып, И.Назаров елшімен сұхбаттастық. Ал енді Тәшкенге барған соң, біз Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Е.Өтембаевпен кездесу барысында бізге екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынас туралы жан-жақты терең мағлұмат берілді.
– Алдағы уақытта қандай игі істер қолға алынғалы тұр?
– Айталық, алдағы уақытта Қазақстанның бес қаласында, соның ішінде Астанада Өзбекстанның сауда орталықтары салынатын болады. Өз кезегінде Өзбекстанның бес қаласында да біздің елдің сауда орталықтары бой көтермек. Және бір жақсы бастама екі елдің облыстары бір-бірімен тікелей байланыс орнатып, мәдениет, экономика, сауда-саттық саласында іскерлік қызметін жандандыра түсетін болады. Сондай-ақ екі елдің қалалары арасында автобус маршруттары ашылады. Осындай игілікті істердің басталғаны бізді қатты қуантты. Жаңа тұрғыда қарқын алғалы тұрған ынтымақтастық байланыс қазақ пен өзбек халқының түп-тамырының бір екендігін дәлелдейтін игі бастама деп білемін. Қос мемлекет арасында қатынас арта түссе, іскер азаматтардың да, қарапайым адамдардың да барыс-келісі көбейсе, жаңа заманда ықпалдастықтың тиімді болатыны хақ.
Екі елдегі ұлттық диаспораның үлесі туралы деректерге көз салсақ, Қазақстанда 580-600 мыңдай өзбек ұлтының өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Ал Өзбекстанда 1,5 миллионнан астам қазақ тұрады. Бұл – екі елдің тарихи терең байланысын, бауырластығын білдіретін факторлардың бірі. Біздің тарихымыз да ортақ. Мәселен, Алпамыс батыр екі халыққа да ортақ эпос жыры. Сол секілді қазақтар Жүсіп Жалаңтөс дейді, ал өзбектер оны Юсуф Яалаңтөш деп атайды. Сонау жаугершілік заманында, қазақ пен өзбек ажырамай тұрған кезеңде қаншама соғыстар болды? Қол бастаған батырлар әскерінің құрамында қазақ та, өзбек те бір тудың астында бірігіп, жауға қарсы соғысты. Олар ұлан-байтақ жерді бірге қорғады. Берірек келсек, ХХ ғасырдың басында ұлт қайраткерлері Алашорда үкіметін құруға талпыныс жасады. Мысалы, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, ал өзбек жағынан Абдурауф Фитрат, Абдулхамид Чулпан сынды қайраткерлерді бүгінде кім білмейді? Олар алты алаштың баласын Түркістан өлкесіне біріктіруді мақсат еткені анық.
Қос мемлекет арасында бұған дейінгі қалыптасқан байланыс одан әрі өркен жая түсетініне бек сеніммен қарап отырмыз.
– Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өттік. Енді алдағы кезеңге көз салғанда, қандай межені бағындыруға қол созар едік?
– Иә, уақыт керуені алға басқан сайын еліміз дами түседі. Міне, енді қазақ пен өзбек арасында ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғалы тұр. Өзіңізге белгілі, бүгінгі таңда мақта-мата бұйымдары алыс шетелдерден қымбатқа сатып алынады. Орталық Азия елдері болып табылатын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан өзара ынтымағымыз берік болса, бізге ешкім де экономикалық жағынан кедергі жасай алмайтыны сөзсіз.
Қазақстан мен Өзбекстан экономикасын дамыту бағытында ескеретін жайттар өте көп. Мысалы, бізде бар өнімдер оларда аздау болуы мүмкін. Немесе олардың шығарып жатқан тауарларын біз басқа жақтан қымбат бағаға әкеліп жатқан шығармыз. Соның бәрін жан-жақты елеп-екшеп, келісім арқылы сауда-экономикалық байланысты күшейту – алдағы күннің еншісіндегі жұмыстар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ