Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: «МЕНІҢ ФАРИЗАМ» – ЖАСТЫҚ ПЕН ДОСТЫҚТЫҢ КӨҢІЛДЕ САҚТАЛҒАН ӨШПЕС СУРЕТІ

Сіздердің жас кездеріңізден басталған достығыңызды халық жақсы біледі. Әрі апамыз туралы жазған естеліктеріңізбен оқырман қауым «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жақсы таныс. Жалпы, «Менің Фаризамды» жазуға не түрткі болды? Қашаннан бері қолға алдыңыз?
– «Менің Фаризам» – жастық пен достықтың көңілде сақталған өшпес суреті. Бұл естелікті жазуды Фаризаны ұмыттырмау үшін біраздан бері қолға алған едім. Фаризаны жұма сайын алыстан еске алып, оқырманның есіне салып отырайын деп жұма күні шығатын «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялай бастадым.
– «Менің Фаризамды» оқыған халықтың пікірі екіге жарылып тұрғандығын өзіңіз де хабардар шығарсыз, апа? Бірі сізді қолдаса, енді бірінен «Ақұштап апамыз кейбір жерлерін өте қатты айтып жіберіпті», «Дүниеден өткен адамның соңынан ауыр сөз айтуға болмайды ғой» деген секілді әңгімелерді жиі құлағымыз шалып жүр. Бұған не дейсіз?
– Халыққа жағу қиын ғой. «Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ» дейтін де солар емес пе? Мен Фаризаны тек ақын ғана емес, өмірде қарапайым пенде ретінде де білемін ғой. Ақындық талантымен қатар адами мінезі де бар емес пе? Оны білгеннің несі айып? Кей қыздарға кей мінезі сабақ болсын деген едім. Бар болғаны сол.
– Сізді «Қаламдас қарындасым» деп еркелеткен Қадыр ағамыздың да «Иірімі» мен «Жазмышын» кезінде көп оқырман қабылдай алмады. Әсіресе, қаламгерлер қауымы Қадағаңа: «Иірім», «Жазмышты» жазды, ақын-жазушылардың бет-бейнесін боямасыз көрсетті, құпия сырын ашты» деп біраз сын айтты. Бұл туралы бір сұхбатыңызда: «Жетпіске келген Қадыр Мырзалиевты жоққа шығарудың қажеті жоқ. Оқырман онсыз да Мырзалиевтың қай өлеңін оқуды өзі біледі. Мырзалиевты «Иірімді» жазғаны үшін сонша кінәлаудың орнына соғыста жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп, қиындық көрген қазақ баласының тырбанып, осынша ақыл-ойдың, қаламның иесі болғанына қалған қазақ қуанбай ма? «Ойбай, ол тақпақ жазады» деген нәрсені айту азаматтыққа жатпайды» деп айтқан едіңіз. Ақұштап апа, осындай шығармаларға оқырман қауым неге сын айтады? Қарапайым халықты былай қойғанда, ақын-жазушылар өздерінің замандастары туралы естеліктерді неліктен қабылдай алмайды?
– Қадыр ағамыздың «Иірімі» мен «Жазмышының» жөні бөлек. Ағамыздың ол кітаптары туралы кезінде даудың болғаны да рас. Бірақ «Бәрінен шындық қымбат» дейтін ағамыз. Сол Қадыр Мырзалиев ағамыздың анасы дүниеден өткенде ақын өз анасының қабірінің басына былай деп жазған еді:
«Бала боп қызық көрмеген,
Баладан қызық көрмеген,
Байдан да қызық көрмеген,
Қайдан да қызық көрмеген
Бұл жерде жатыр кейуана.
Тас қойған баласы Қадыр».
Мен ағадан «Неге ауыр жаздыңыз?» деп сұрадым. Ақын Қадыр жазуға сөз таппай қалған жоқ қой. Ағамыз: «Шындық қалсын дедім» деп жауап берген болатын. Тірісінде анасымен араласа алмағаны шындық еді. Ендеше, Фариза жайлы шындықты неге білмеске?
Жалпы, біздің оқырман адамдар жайлы шындықты оқуға, оны қабылдауға дайын емес екен, деңгейі жетпеген. Мәдениеті жетпеген. Біздің әдебиетте: «Ақын-жазушылардың өмірі туралы ешкім ештеңе білмеуі керек, бәрі жұмбақ қалу керек» деген пікір қалыптасқан. Тек қана жазушы ретінде табына салу керек сияқты. Оның жеке өмірі, мінез-құлқы жайлы айтылғанға да қарсы.
– Халыққа жағу қиын ғой. «Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ» дейтін де солар емес пе? Мен Фаризаны тек ақын ғана емес, өмірде қарапайым пенде ретінде де білемін ғой. Ақындық талантымен қатар адами мінезі де бар емес пе? Оны білгеннің несі айып? Кей қыздарға кей мінезі сабақ болсын деген едім. Бар болғаны сол.
– Сөзіңіз аузыңызда, апа. Мәселен, орыс әдебиетіндегі Марина Цветаеваның «Мой Пушкинін» бәріміз жақсы білеміз. Сол секілді, Александр Блок, Анна Ахматова, Марина Цветаева және басқа қаламгерлер туралы естелік-кітаптар көптеп кездеседі. Бір қызығы, орыс әдебиетінде мұндай шығармалар дау тудыра қоймайды. Ал бізде бәрі керісінше. Әлде бұл біздің менталитетімізден бе?
– Оның рас. Орыс әдебиетіндегі естеліктер мен хаттар өте көп. Біздің оқырман әлі есеймеген сияқты. Тек табынуға болады деп толық танығысы келмейді екен.
– Жақында бір әдебиетші ағамыздан: «Қадыр Мырза Әлінің «Иірімі» – біздің әдебиетіміздегі тың жаңалық. Сол секілді, Ақұштап Бақтыгереева апамыздың «Менің Фаризам» туындысы да сондай тың тақырып болып есептеледі. Бастысы – фаризатануға қосатын үлесі қомақты» деген пікір естіген едім. Сіздің шығармаңыз Фаризатануға қаншалықты үлес қоса алады деп ойлайсыз?
– Әрине, фаризатануға керек болады. Болашақта ол жайлы кино түсіріліп жатса, бәлкім, сонда тек өлеңі емес, мінезі де керек қой. Ол өмірге келгенде қарапайым қазақтың қара қызы болып келді, кейін ақын депутат болып, құбылған қоғамның ықпалында өмір сүргені – шындық. Мен сол шындықты жазамын.
– «Менің Фаризам» туралы өзіңізге хабарласып пікір айтқан кісілер болды ма? Өзіңіздің замандастарыңыз, қаламгерлер қауымы хабарласып не деп жатыр?
– «Менің Фаризамды» оқу үшін «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылып жатырмыз» деп талай әйел телефон шалған. «Келесі санға неге жалғасын бермедіңіз, бізге қызық» деп өзімді мазалағандар да болды. Қаламдастардан да құптағандар болды.
– Фариза апамыз туралы естелігіңізді толық жазып бітірдіңіз бе? Әлде әлі де жазатын естеліктер көп пе? Болашақта қайдан оқуға болады?
– Естелік әлі толық жазылып біткен жоқ. Жақында арнайы Ақтауға барып, Фаризаның «Шашы ағарған қыз» атты шығармасының кейіпкерімен жолығып, суретке түсіріп келдім. Сол Жаңылсын апам бір түнде ағарған шашын сипап қойып, көптеген естеліктер айтты. Алла бұйыртса, «Менің Фаризам» келер жылы өз алдына жеке кітап болып баспадан шығады.
– Ашық әңгімеңізге көп рақмет, апа!
Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Астана