ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІМ АЙТАМ ӨЗ ЖАЙЫМДЫ...

Жазушының
өмірі мен шығармашылық қызметіне, оның ішкі жан дүниесіне жете үңілудің, білудің, оған құштар болудың рухани және тәрбиелік маңызы зор. Мұнсыз оның жазу әлеміне құмарымыз толық қанбайды. Сондықтан оқырмандар жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленген табиғи талант иесі, көп қырлы суреткер, қаламы жүйрік жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбаевқа көңілде жүрген сұрақтарға орай сыр ашуына қолқа салдым. Келісті. Осы ашық әңгімені оқырман назарына қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдім.
– Кәдірбек Сауырұлы, сіз осы бақыттысыз ба?
– Әрине, бақыттымын! Өзге емес, өзім айтам өз жайымды. Әне-міне дегенше, тындырғанымнан тындырарымның бәрі келер шақтың міндеті деп жүргенде, жүйрік мінген уақыт шіркін желе жортып, 75-тің биігінен асырып жіберді. «Кісіні қырықтағы шал деуші едік. Дариға-ай, соның бәрі келді басқа» деп Арқа жақта ғұмыр кешкен Сартбастың Түскені айтыпты дейтін бір сөз бар екен, сөйтіп, «жаспыз, жасамыспыз» деп жүргенде, қарттықтың ауылына ат тұяғын іліндіріп те қалыппыз. Бәрібір өзімді бақытты жанмын деп сезінемін. Оған тіпті қаршадайымнан сеніп өскенмін. Себебі...
Атақты «қырып сал» – 1932-нің үш-төрт жылға созылған ашаршылығы біздің отбасын да селдіретіп, маңдайлары торсықтай екі ұлды жалмап кетеді. «Бес перзентіміз аман болса» деп жүрген әке-шешемнің тұңғыш қыздары нәубетке дейін-ақ суға кетіп шетінейді де, қолдарында бір қыз, бір ұл ғана қалады. Сонда ғой, шешеміз Бәти марқұм қатты науқастанып жатқан кезде, бейіште нұры шалқығыр Жекен молда кітап көтеріп отырып, былай десе керек: «Келін, науқасыңның беті жаман... Сауықсаң да барып-барып сауығарсың. Егер Алла «ал құлым» деп орныңнан тұрар болсаң, қырық жасыңнан аса бере, енді бес-алты жылдан соң ұлды боларсың, сол кенжең бақытты болар» депті. Осы сөзді шешем марқұм жиі қайталап отырар еді. Бәлкім, содан болар, тағдырдың маған деп әзірлеп қойған сара жолының барына бала кезден сеніп өстім.
Рас, мен бақыттымын: ең бастысы, ешкімге қиянат жасап, күш көрсеткен емен, қашан да әділдік жағында болуға тырыстым, одан кейін кез келгенге, тіпті өте елеусіз болса да қолымнан келген жақсылығымды іркіп қалмаған сияқтымын, айналамда ақарлы-шақарлы балаларым, «Ата» дейтін жалғыз сөздерімен-ақ жаныңа шуақ құяр немерелерім жүреді, ең соңында қағаз бен қаламымды ұялтпауға тырыстым.
...Айғыркөмгеннің биігіне жетіп, жүгімізді артқан жалғыз түйені шөгеріп, ол-пұлды түсірген соң, қараша үйді тігуге шамасы келмеген шешем қос керегені итарқалап көлеңке жасады да, текеметті төсей салып құлады. Уақ бұлағынан түйені жаяу жетелеп, қасқайған өрге қарай жүру оңай ма? «Жарығым, отын-су әкеліп, шай қоя бер, әбден діңкелеппін» деді де ұйықтап кетті. Беткейде ақсөңке болып жатқан аршаның өртеңінен отын, сайдан су әкеліп, мосы көтердім. Кереге-уықтардың байламдарын шешіп, жүктерді ыңғайлаған болдым. Жез шәугім де отқа шырт-шырт түкіре бастады, бірақ тәтемді оятпадым. Тыныға тұрсын дегенім. Ескі жұрттар, бүкіл беткей, сай-сала, түгел айнала гүлден көрінбейді. Қызыл, көк, сары, күлгін – түрлеріне де, түстеріне де сан жетпес. Зырылдап жүгіріп жүріп, әр түрінен бір сабақтан жинағанның өзінде құшағым толды. Тәтеме гүл сыйлап, қуандырғым келген. Хош иісінің өзі шаршағанды басып, тың күш-қуат құярдай. Ол кісі де орнынан тұрып, шайдың қамымен жүр екен.
– Тәте, мынау саған! – Ол кезде гүл сыйлау дейтін дәстүрдің болатындығы туралы хабар тау ішінде құр сияқты жалғыз өсіп келе жатқан жалғыз үйлі қойшының баласында қайдан болсын, әйтеуір өте әдемі дүниемен бір қуантсам дейтін ғана ой ғой.
– Үйбай-ай, көк шөпті неге жұласың? Обал деген қайда?! – деп шешей қуанудың орнына қатты ренжіді.
– Ақыры қой таптап тастамай ма? – деп жалтарған болдым.
– Таптаса да, жесе де құдай шөпті мал үшін, ал малды адам үшін жаратады...
– Адалдық жөнінде не айтасыз?
– Ержетіп, жоғарғы сыныпқа тұяқ іліктіргенбіз. Көктеулік, күзеулік орнына ұжымшардың тәмам қойшылары қатар-қатар қоныстанатын Ащылыдан жайлауға көшуге даярланып жатқанбыз. Жалғызілікті Сағи атамызды жайлауға көшірісіп апарып, бес-алты түйені айдап қайтқанмын. Жолдан шығып, шөптің басын шалып келе жатқан түйелерді қайырмалап жүріп, шөптің арасында жатқан арқанды көрдім. Ешкінің қылшық жүнін қосып ескен төрт жіпшеден тартқан жап-жаңа арқан екен. Көшкен сайын көршілерден арқан сұрап, әуре болып жүруші едік, олжама қатты қуандым. Бірақ арқанның бір ұшын шидің сақалына мықтап байлап тастаған екен, шешіп алдым.
– Жеже, арқан тауып алдым, – дедім атын арқандап жүрген әкеме. – Қыл қосып ескен су жаңа он екі құлаш арқан.
– Ой, құлдығым сол, жақсы болды ғой. Жаңа ғана ертеңгі көшке біреуден арқан сұрайын деп отыр едім, – деп әкем қанжығадағы арқанды көріп, қуанып қалды. – Азамат болды деген осы. «Жүргенге жөргем ілінер» деген. Қай жерден тауып алдың? Кейін иесі шығып жатса, қайтарамыз ғой.
– Мына Мәтібұлаққа жақын жолдың жиегінде жа-а-атыр екен. Бірақ екінші ұшын шидің сақалына байлап қойыпты...
– Не дейді? Мынауың табыс емес, ұрлық қой, балам-ау. Бір қойшының өрісте атын арқандайтын арқанын шешіп әкеліп, «тауып алдым» дейсің тағы да. Сол жерде бойдақ қой бағатын Қожамжар отырған. Қазір бар да, арқанын жеткізіп бер. Қысқасы, иесін тапқанша келме!
Бұйрық қатты, жан тәтті. Оның үстіне, әрбір қиғаш басқан қадамың үшін қыжыртып, қадірін кетірген кісі емес, сондықтан бүгінгі реніші алабөтендеу болғаннан кейін қайтадан атқа міндім. Шешемнің «жеті түнде адасып кетсе қайтесің, ертең-ақ жолай апарып бермейміз бе?» деген уәжіне де құлақ аспады.
Арқан шынында да Қожекең атанікі болып шықты. «Әй, Сегізбай-ай, баланы түн ішінде қуалайтындай жау қуып келе ме екен?» деп кеңк-кеңк күлген...
Бәлкім, пәлен кітап оқып, пәлен сағаттар бойы бала тәрбиесі туралы насихат оқығаннан гөрі «Көк шөпті жұлма, жәндік болса да тиісе көрме, обал болады. Олар да өзің сияқты тіршілік иесі, өмір сүрсін» дейтін, «Біреудің ала жібін аттама, ол қылығыңды адам көрмегенмен, аспанда Алла көріп тұрады» дейтін ұлтымыздың жаратылысына тән осындай ғана қарапайым қағидалар шығар, адалдықты ту ету арқылы өзімізді бақытты сезінерміз...
– Бір сәт жастық шағыңызды еске түсіріп, мектептегі ұстаздарыңыздың еңбегі мен тәліміне ой жүгіртесіз бе?
– Марқұм Жекен молда айтқандай, шешей бес жыл төсек тартып, ауырып тұрғаннан кейін келер жылдың, соғыс басталуға елу күн қалғанда, 1941 жылдың мамырының басындағы мерекелі күні дүние есігінен көрініппіз. Анкетаға жазып жүргеніміздей, туған жер – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының «Правда» газеті атындағы ұжымшары. Ал дәлірегі, сол ұжымшардың малы қыстайтын Кішкенетаудың шұрық-шұрық сайлы-жыралы, быдырақ-быдырақ жоталы-төбелі Шұрық дейтін қыстауы. Әпкеміз Мәлиғаның он төртке, ағамыз Қыдырбектің он бірге толған шағында соңдарынан ерер бір қараның келгеніне қуанған әке-шешеміз ферма бастығынан қалжаға деп бір қой сұрап сойып, төлдеп жатқан малдың ащы уызынан уызқағанақ пісіріп, ферманың он шақты қойшысына той жасап беріпті.
Жалғыз үйлі қойшының сүткенжесі «мектеп» десе ат-тонын ала қашып жүріп, сегіз жастан аса бере – 1949 жылы мұғалім алдын көрді. Онда да маған дегенде иі жұмсақ әкей марқұм: «Оқығысы келмесе, зорламаңдаршы. Ақыл кіріп, оқуға өзі барам дегенше қозы-лақты бағып, қасымда жүрсін» деп көңіл жықпастыққа салынғанмен, оқудың қадір-қасиетін түсініп қалған, бірақ денсаулығына байланысты төрт сыныпты бітірер-бітірместен мектептен біржола қол үзіп кеткен, өзім Көке деп атаған Қыдырбек ағамыздың күшімен, бақырып-шақырып үйден аттандым. Жылай жүріп, арасында қашып-пысып жүріп, оқудың дәмін алдық. Сол оқығаннан кідірмей оқып отырып, 19 жастан аса бере Зайсандағы М.Әуезов атындағы орта мектепті озат та емес, озат емес те емес дейтін дәрежеде тәмамдап шықтық.
«Химия апай» Әмина, аспан денелерін өзі көріп келгендей сөйлейтін «астрономия ағай» Қыдырбай, жер қозғалса қозғалмас, тұла бойы тұнып тұрған білім, физик Ризабек ағамыз, бәрінен бұрын өз балаларын ұмытып, шәкірттерінің қамымен түннің бір уағына дейін мектепте жүретін ерлі-зайыпты математик Әнуар ағай мен әдебиетші Қатыш апайлар – бұлар құдай тек қана ұстаз болуға арнайы жаратқан жандар еді. Оларға тапқан теңеуім – ауылдағы университеттің профессорлары. Осы жазушы дейтін атқа бүгін ие болып жүрсем, ол ең алдымен Қатыш апайымыздың еңбегі мен тәлімі. Спортшыны тән жаттықтырушысы жетілдірсе, ол кісіні жан жаттықтырушысы деп білемін. Мектеп бағдарламасы бойынша жазған шығармамды болсын, әдеби үйірмеде жазған өлеңдерімді (ол кезде қыздарға жазған хатты да өлең жолдарына түсіретін жә деген ақын болатынбыз) болсын қанаттандырып, демеп отырар еді...
Сол кезеңнің қатал ережесі бойынша, жоғары оқу орнына түсетін талапкерлердің кемі екі жыл ауылда жұмыс істеуі қажет дейтін шартын да бұлжыта алмай, 1962 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің студенті атандым.
Оқуға түскен жиырма бес жігіт түгелге жуық ақын екен, тіпті қайсыбірі республикалық баспасөзде жарияланып та үлгерген, оны айтасыз, бүкіл жұрт болып «Айналдым, Аралым» деп әуелетіп жүрген әннің сөзін жазған Елеусіз дейтін жігіт те курстас болып шықты. «Әй, сен не жазасың?» деген тіке сауалға «өлең» деп маң-қиып тұрып жауап берер дәрмен жоқ, «мақала» деп міңгірлеуге тура келді. Сөйтіп, өлең екеуміз ың-шыңсыз, тату-тәтті күйімізде ажырастық.
– Алғашқы қуаныш, әріптестеріңіздің қамқорлығы, еңбек жолы көкірегіңізде сайрап тұрған болу керек.
– Ол шындық. 1967 жылдың басында университеттің V курсында оқып жүріп, жастар газеті «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») әдеби қызметкер болып орналастым. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің сол кездегі бас редакторы Кәкімжан Қазыбаев марқұм бізге, студенттерге «журналист шеберлігі» дейтін курс бойынша дәріс оқитын. Әртүрлі тақырыптар беріп, газет жанрлары бойынша кейіпкерлерді, оқиғаны, бәрін де шартты түрде алып, мақалалар жаздыратын. Кейіннен екеу-үшеумізге өзі басқаратын газет үшін тапсырмалар бере бастады. «Жетісуда» көлдей-көлдей мақалаларым жарық көріп, қомақты қаламақы алып дегендей, достарымды дүнген кеспесі мен ұйғыр мәнтісіне шақырып, қутыңдайтынды шығардым.
Бәлкім, өзім ұнадым, бәлкім, сөзім ұнады, ол кісі бір күні: «Жетісу» газетіне бүгін-ақ қызметке шақырар едім, өрісіміз тар, облыс аймағы ғана, «Лениншіл жастың» редакторы Шерхан Мұртазамен келісіп қойдым. Жас кезіңде ел танып, жер көргенің жақсы. Бүгін бар, – дейді күлімсіреп. Алланың нұры жауғыр, сол ағамыздың ересен қамқорлығының арқасында есігінен сығалауға жүрек дауаламайтын, беделі кәрі-жасқа бірдей биік «Лениншіл жастың» бос бір үстелін иемдендім.
Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Әнес Сараев, Төлен Қаупынбаев, Тұтқабай Иманбеков, Болат Бодаубаев сынды өңшең сен тұр, мен атайындар. Өскеменнен Оралхан Бөкеев, университеттен Ақселеу Сейдімбеков, Серік Әбдірайымов сынды құралпыластар шақырылды. Айналасы екі бөлмеде он шақтыдан, үпір-шүпір отырамыз. Сегіз сағат жұмыс күнінің төрт-бес сағатын «Лениншіл жас» үшін жұмыс істесек, қалған уақыт «Біздің жақта...» дейтін әңгімеден басталып, әдеби әңгімелерге келіп тірелер еді. Мұнда: «Осы сен не жазып жүрсің?» дейтін сауал көп қойыла бермейді, алайда газет үшін жазылатын мақалалардан басқа әрқайсысы-ақ өлеңі бар, әңгіме-повестері бар дегендей, көркем шығарманың жалына жармасып жүргендерін сөз ауандарынан байқауға болар еді.
Рас, мен бақыттымын: ең бастысы, ешкімге қиянат жасап, күш көрсеткен емен, қашан да әділдік жағында болуға тырыстым, одан кейін кез келгенге, тіпті өте елеусіз болса да қолымнан келген жақсылығымды іркіп қалмаған сияқтымын, айналамда ақарлы-шақарлы балаларым, «Ата» дейтін жалғыз сөздерімен-ақ жаныңа шуақ құяр немерелерім жүреді, ең соңында қағаз бен қаламымды ұялтпауға тырыстым.
– Еңбек жолыңыз қалай өтті?
– Пәтерден-пәтерге көшіп жүрсек те, бала-шаға ұйықтаған соң ас үйде отырып, әңгімелер жаза бастадық. Мұның бәрі де қатарыңнан қалмау дейтін намыстан туындайтын, өте жақсы мағынасындағы шығармашылық бәсекенің арқасы дер едім. «Ашылмаған сыр» дейтін тырнақалды туындым «Лениншіл жаста» жарық көрсе, Оралхан марқұммен бәсекелесіп (Өзім айтқан әңгіме желісі 60-жылдары түйе малын пайдасыз түлік ретінде қырып салғаннан кейін ауылда қалған соңғы түлік туралы екеуміз бір түнде жазып, оның әңгімесі «Бура» деген атпен «Лениншіл жаста» жарияланды), бір түнде жазып келген «Балабура» атты екінші әңгімем «Жұлдызда» жарияланды. Ол әңгіменің «Жұлдыз» журналына жариялануына Шер-ағаның, Шерхан Мұртазаның: «Өкімет түйеге жауығып жатқан тұста екеуіңнің бірдей мақалаңды жарияласақ, ЦК басымыздан сыйпай қоймас, «Жұлдызға» апарып бер. Редакторымен келісіп қойдым» деген қамқорлығы себепші болған еді. Содан кейінгі жылдарға да, апарғанымды қайтарып көрмеген газет-журналдарға да өкпем жоқ.
Университетті бітіргеннен кейін зейнеткер дейтін дәрежеге жеткенге дейінгі қырық жылға жуық уақыт ішінде айтарлықтай көп жерде жұмыс істей қоймаппын. «Лениншіл жаста» бастау алған еңбек жолым бірер жылдан соң бөлім меңгерушісі, «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналында жауапты хатшы, «Жалын» альманағында бас редактордың орынбасары, Қазақ энциклопедиясының бас редакциясында әдебиет, өнер бөлімінің меңгерушісі, «Санат» баспасында бас редактор дейтін қызмет түрлерімен ұштасты. Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы он екі жыл «Атамұра» баспасының директоры – вице-президенті болып істедім.
– Шығармаларыңыздың атын атап, шет тіліне аудару, өзге ұлт өкілдерінің еңбектерін қазақ тілінде сөйлетудің жай-күйін де еске салсаңыз оңды болар еді.
– Қолдан келгенше біраз дүниелер жаздым. Қажет болып қалатын шығар, кітаптарымның аттарын да айта кетейін. «Ашылмаған сыр» (әңгімелер, 1972), «Қойнаудағы ауыл» (әңгіме, посестер, 1975), «Өртеңге өскен гүл» (сапарнама, 1976), «Жылдың ең қысқа күндері» (повестер мен әңгімелер, 1978), «Люди дальних дорог» (орыс тілінде, повестер мен әңгімелер, 1981), «Біз қалада тұрамыз» (повесть-хамса, 1984), «Этот зеленый, зеленый мир» (орыс тілінде, повестер мен әңгімелер, 1984), «Жол» (роман, повесть, 1986), «Жер ортасы» (роман, повестер, 1991), «Беласқан» (роман, 2001), «Арасан» (повесть, 2001), Таңдамалы шығармалардың үш томдығы 2006, 2007, 2009 жылдары жарық көрді.
«Жап-жасыл әлем» атты повесім жастар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгеде 1981 жылы бірінші жүлде (ол кезде «Гран-при» дейтін жүлде болмайтын), «Арасан» атты повесім ел тәуелсіздігінің он жылдығына арналған республикалық әдеби жабық бәйгеде екінші жүлде алса, «Біз қалада тұрамыз» повесть-хамсам үшін 1984 жылы М. Әуезов атындағы әдеби сыйлық берілді.
Ал балаларға арналған «Жетім қонжық» атты еңбегім 2009 жылғы республикалық жабық бәйгеде бірінші жүлдені жеңіп алды.
Біраз әңгіме-повестерім кеңестік кезеңнің әр жылдарында азды-көпті алыс, жақын шетел тілдеріне аударылды. Өзім орыс жазушысы А.Лихановтың «Менің генералым» романын, словак жазушысы М.Дрючкованың «Ақ ханша» ертегілерін, поляк ғалымы Б.Залесскийдің «Қазақ сахарасына саяхат» этнографиялық-әлеуметтік жазбаларын (XIX ғасыр), француз тарихшысы К.д’Оссонның «Шыңғыс ханнан Әмір Темірге дейін» зерттеу кітабын, көне грек жазушыларының (біздің дәуірімізге дейінгі) үш романын және ағылшын жазушысы Ивлин Воның «Брайдсхедке оралу» романы мен «Ұмытылмас ару» повесін және басқа да әр ел жазушыларының көптеген әңгімелерін қазақшаға аудардым.
Бұрындары «Жазып тастайтын жарқын болашақ алда» дегенге ұқсас бір алданыш сезім болушы еді, қазір болса, «есік пен төрдей» ғана адам-ғұмырдың келтелігіне көз жеткен сайын жазар дүниенің көбі «игерілмей» жатқаны алаңдатады. Неге жазылмады? Оның объективті себептері көп қой, шіркін... Ең бастысы, «Ертең де күн бар ғой» деп етектен тартатын еріншектік атты мырзаның кесірі екенін мойындадым. Әйтпесе күніне бір беттен жазғанда 40 жылда 14600 бет жазылады екен. Ол дегенің қалыңдығы кірпіштей 40-қа жуық кітап болады екен... Әрине, бұл екінің бірінің қолынан келмес қиял ғана. Алайда мақсат көп жазуда ма екен?!
Бұрындары «Жазып тастайтын жарқын болашақ алда» дегенге ұқсас бір алданыш сезім болушы еді, қазір болса, «есік пен төрдей» ғана адам-ғұмырдың келтелігіне көз жеткен сайын жазар дүниенің көбі «игерілмей» жатқаны алаңдатады. Неге жазылмады? Оның объективті себептері көп қой, шіркін... Ең бастысы, «Ертең де күн бар ғой» деп етектен тартатын еріншектік атты мырзаның кесірі екенін мойындадым. Әйтпесе күніне бір беттен жазғанда 40 жылда 14600 бет жазылады екен.
– Алтын ұя – отбасы туралы не айтасыз?
– Отбасымда бір әйел дегендей, үйлі-баранды болып кеткен, Алла көп көрмесін, бес ұл-қызым, аталап келіп қағаз-қаламымды шашып кетер он шақты немере-жиендерім бар.
– Адамның кіндік қаны тамған туған жерге ештеңе жетпейтін шығар. Сол жайлы ойыңызды білгіміз келеді.
– Әлбетте! Өте жершіл адаммын (жерлесшіл емес). Өзім Алматыда отырсам, ойым туған өлкем Зайсан жерін қыдырып жүреді. Жайлауларым – жасыл өлкем, қыстауларым – қымбат мекенім, не жазсам да ең алдымен осылардың келбетін көз алдыма әкелемін, соларды суреттеуге тырысамын. Менің «батареяма» ток беретін генераторым, былайша айтқанда, азды-көпті бойымдағы барыма қуат беретін қайнар көз – Туған жер дейтін құдірет екен ғой, шіркін.
Уақыты келгенде жайлаудағы жайылымына жібере қоймасаң алдына келгенді тістейтін, артына келгенді тебетін Жежемнің Ақжалы болушы еді, мен де жаз уақыты жеткенде Туған жеріме қарай бет ала қоймасам, маңдайымның тыртыса беретіні бар. Өйткені ең бастысы өмірде көп нәрсеге ақиқат көзімді ашқан, тал бойымдағы жігерімді жанып, өзімнің шынайы қарым-қабілетімнің арқасында түзу жолмен таймай жүрген кездерім үшін әрдайым тағдырыма риза сезімдемін. Маған дейін де талайлар туған, менен кейін де талайлар туатын құт мекенім тіршілігімізді шалғайға барып жалғастырған кінәміз үшін бізге сағындыратын базынасын жасай беретіндей. Өзім ғана емес, өзгелер туралы да өмірбаяндық азын-аулақ ақпараттың хал-ахуалы осы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі