Нұрланбек ӘЖІБАЕВ: Елдің жетістіктері – Елбасының ерен еңбегі

Мәңгілік елдің іргетасын қалап, оның күн санап өсіп-өркендеуіне Мемлекет басшысы өзі бас болып, Ұлт жоспарын бекітіп берді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыру һәм тәуелсіздігімізді нығайту үшін жетекші партия бар күш-қуатын жұмсап келеді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біз «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрланбек Әжібаевқа жолығып, партияның өткені мен болашағы туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Егемен еліміздің қасиетті де қастерлі құндылығы – тәуелсіздік. Міне, сол Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын қандай жетістіктермен қарсы алғалы отырсыздар? Жалпы, тәуелсіздік бізге не берді?
– Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – «Нұр Отан» партиясының негізін қалаушы. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында осындай қысқа уақыт ішінде адам сенбестей жетістіктерге жеттік. Оның бәрін саусақпен санап, түгендеп шығу мүмкін емес. Ширек ғасыр ішінде шекарамызды шегендеп, ұлттық рәміздерді һәм валютамызды бекіттік. Ұлт жоспарын жасадық. Шетелде тарыдай шашырап жүрген қандастарымызды елге шақырдық. Жібек жолын қайта жаңғырттық. Өркениетті отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Әлемде Қазақстан деген ел бар екенін дүйім халық, мұқым ел мойындады. Халықаралық додаларда тәуелсіз еліміздің көк байрағы дүркін-дүркін желбіреп жүргені тағы айқын. Күні ертең әлемдік деңгейде «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізгелі отырмыз. Міне, осының бәрі – тәуелсіздіктің тартуы. Елдің жетістіктері – Елбасының ерен еңбегі.
– Таяуда «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық филиалының ХVII есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Онда қандай мәселелер қаралды?
– Бұл алқалы басқосуға аудандық партия филиалының басшылары мен Саяси кеңес мүшелері, нұротандық депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық филиалының төрағасы Владимир Устюгов ашып, жүргізіп отырды. Партия конференциясында «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2015-2016 жылдарға арналған есебі тыңдалды. Негізгі баяндаманы мен жасадым. Сондай-ақ осы жиында Саяси кеңес мүшелерін және «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының кезекті конференциясына делегаттар сайлау мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бірауыздан қабылданды.
– Өткен жылдар несімен есте қалды? Атап айтары қайсы?
– 2015-2016 жылдар саяси маңызы зор оқиғаларға толы болды. Ең бастысы, 2015 жылдың 26 сәуірі күні кезектен тыс президент сайлауы болды. Бұл сайлауға біздің ауданның тұрғындары түгел қатысып, оның 89 пайызы партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Сондай-ақ 2016 жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өткені мәлім. Міне, осы саяси науқанда да біздің аудан тұрғындары белсенділік танытып, олардың 87 пайызы біздің партияны таңдады. Мұның өзі елдің «Нұр Отан» партиясына деген зор сенімін білдіреді.
–Түрксіб аудандық филиалына қарасты неше бастауыш партия ұйымдары және оның қанша мүшесі бар?
– Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы Түрксіб аудандық филиалына қарасты 97 бастауыш партия ұйымдарының 11200 мүшесі бар. Олардың барлығы партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдап, қуаттап келеді.
–Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық маңызы зор жоспарлары мен тапсырмаларына байланысты қандай нақты шаралар атқарылды?
–2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» жобалары бойынша 164 жиын өткізілді. Әсіресе, жетекші партияның «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел», «Айқын тариф», «Бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Жастар – Отанға», «Сәтті қадам», «Ұлы дала елі» атты сегіз жоба бойынша тұрақты түрде шаралар өткізіп келеміз. Жалпы, Түрксіб аудандық филиалының мұрындық болуымен
583 түрлі саяси-мәдени шара өткізіліп, оған 150 мың адам қатысты. Осы уақыт аралығында қоғамдық қабылдауда 859 адам болып, оның 190 арызы оң шешімін тапты. Ал 669 адамға тиісті кеңестер мен түсініктер берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдауында: «Нұр Отан» партиясына басымдық беріп, қоғам тынысындағы қайбір мәселе болмасын партияның араласуына жол ашып келеді. Сондықтан бүгін «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын, «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын негізге алып, жауапкершілік пен міндеттер тұрғысында тоқталудың маңызы зор. Партияның XІV съезінде «Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда» деген еді.
«Нұр Отан» партиясы – Қазақстанның саяси жүйесінің келбеті. Қазіргі таңда жетекші партияның ел билігіндегі көшбасшылық рөлі де, атсалысып жүрген жұмыстары да алға басып келеді. Міне, осы саясат партияның алдағы кезеңдерде ұстанатын басым бағыты болып қала бермек. Халық бірлігін, ұлтаралық келісім, қазақстандық патриотизмді дамытуға күш сала отырып, мәдени және рухани байлығымызды байыта түсеміз. Осы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ