Басты  /  Сұхбат  /  ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты: «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист болу - үлкен құрмет

ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты: «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист болу - үлкен құрмет

2384
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты:  «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист болу -  үлкен құрмет ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты, журналист-публицист, Президенттіің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің доценті. БАҚ өкілдері арасынан  «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист. Шығыс Англия университетінің түлегі (Ұлыбритания, Норвич қаласы). Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы.

Кэмбридж баспасынан  журналист Әуесбайдың Қанатының «Looking west». A kazakh’s view of Great Britain» - «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабы жарық көрді. Қазақ және ағылшын тіліндегі туынды бейсенбіде Кэмбридж университетінің білім факультетінде таныстырылады. «Болашақ» стипендиатының кітабы ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына арнап отыр.

- «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист екеніңіз өз алдына, енді міне, «Болашақ» стипендиатының тұңғыш кітабы  Британ аралдарында жарық көрген екен. Тұңғыш болудың жауапкершілігін қалай сезінесіз?

Көп рахмет. «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист атану мен үшін зор құрмет, әрі жауапкершілігі де бар екенін түсінемін. Шынымды айтсам, ол туралы бұрын ойламаған екенмін.  Ал, кітап туралы айтқанда, ең алдымен өзімді Ұлыбританияда оқуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы туралы айтпай кетпеуге болмас.  Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел тәуелсіздігінің арқасында Елбасымыздың жастарға жасаған зор сыйы деп білемін. Егемендіктің 25 жылдығы бедерінде 11 мыңнан аса жас маман әлемдегі ең рейтингі жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік алды. Олардың арасында БАҚ өкілдері де бар екені мол қуаныш. Мемлекет басшысы айтқандай-ақ, «бұл нағыз адами капитал». Кітапта   «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған жылдары ағылшын қоғамының әр саласынан білген-түйгенімді публицистика тілімен, журналистік көзқараспен әсерлі жеткізуге тырыстым. Нақты айтқанда, британ аралдары тұрғындарының  тұрмыс салты, өмірлік құндылықтары, ағылшын тілінің жаһандану жағдайындағы маңызы, білім беру мен жастар мәселесі, БАҚ саласы – барлығы да дамыған мемлекеттердің отыздығына бағыт алған Қазақстанмен салыстырыла-салғастырыла қалам арқауына айналған. Кітапта британ қоғамының жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге үндедім.

 - Кітаптың атауы бірден көзге түседі екен. Үлкен кісілер баяғыда «Мәскеу көрген», «Тәшкент көрген» дегенді жиі айтатын. Батыс көргендердің олардан айырмашылығы қандай?   

- Расында да Кеңес Одағы тұсында елгезек ел жастарының арасында қолы жеткендері тек көрші Ресейде оқуға мүмкіндік алғаны есте. «Мәскеу көрген» зиялы, білімді, орта көрген жастардың синониміне айналғаны да сол тұс еді. Бұл қазақи идиоманың екіншісі «Тәшкент көрген». Пысық, қағілез, епті, тез тіл табысқыш, орташыл адамдарға қатысты әңгіме бола қалса, «Е, ол Тәшкент көрген жігіт қой» деп айтылатыны белгілі. Меніңше, бүгінде бұл қазақи идиоманың мәні өзгерген. Кезінде өркениеттің дені шығыстан шыққан. Заманында шығыс батыстың көзін ашқаны белгілі. Қазіргімізге келсек, өркениеттің көп игілігі батыстан.  Бүгінгі басымдық батыс десем, артық айтқаным болмас.  Елбасы тұғырын нық қалаған тәуелсіздіктің арқасында зейінді қазақ жастары Еуропаның, Американың ең үздік университеттерінің төріне нық  жайғасты. Бүгінде алаш баласы әлемдік ең озық оқу орындары Гарвард, Кэмбридж, Оксфорд, Колумбия университеттерінде еркін білім алып жүр. Бейнелей айтсақ, «бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламы тиіп жүр». Алаштың баласы әлемдік білім мен ілімнің қазанынан айызы қанғанша азығын теріп, зердесін толықтырып жүр. 25 жылдық бедеріндегі тәуелсіздіктің басты жетістігінің бірі осы емей немене? Ендеше «Батыс көрген» дегеніміз кегежені кейін тартатын кертартпа стереотиптерден ада, жаңаша ойлайтын, орта көрген, алғыр өскелең ұрпақтың бітімі бөлек философиясы деп ойлаймын.         

- Орта көрген дегеніңізді қалай түсінуге болады?!.

Қазір жер-жаһанның әр қиырында 60 мыңнан аса Қазақстанның студенті оқиды. Оның дені өздері сияқты әлемнің әр түкпірінен келген зор амбициялы,  тау қопаруға дайын жігерлі жастарымен қатаң бәсекеге түседі. Бәсекеден сырт қалғандар салы суға кетіп, үйіне оралады. Тиісінше, дес бермегендері оқуда озат, қоғамдық жұмысқа белсенді, түрлі діл мен мәдениеттің өкілдерімен араласып, өмір тәжірибесінде әбден ысылады. Орта көргеннің астарында осы ойым жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, шетелге оқуға барғанда ең маңыздысы, білім де емес, сенің айналаң, қоршаған ортаңның мектебі деп білемін. Өйткені, бүгінгі ақпараттық технологиялар заманында білім тез бұзылатын өнім екені белгілі. Салдарынан бүгін өзекті болған білім ағымы ертең маңыздылығын жоғалтып жатады. Сондықтан өмір бойы үйренуге, оқып-білуге, ізденуге тура келеді. Ал, шетелден тапқан достарың, курстастарыңның тәжірибесі өте құнды. Бұл тіпті, кейде  сенің келешегіңе салынған инвестиция да болуы мүмкін.

-Инвестиция деп қалдыңыз? Шынында да тосын пікір. Жатжұрттағы айналаң, таныстарың қалайша инвестиция бола алады?

-  Мәселенки, Данат есімді досым қазір әлемнің «сен тұр мен оқиын» дейтіндей жер жүзінің жасампаз жастары оқитын маңдайалды Harvard Business School оқу орнында білім шыңдап жүр. Ол университетте дүниежүзінің әрқилы тұсынан  келген түрлі алпауыт компанияның қожайындары, өз елінің белді бизнесмендері оқып, тәжірибе алмасып жатыр. Сондағысы олар білім алу өз алдына, ең бастысы өздері сияқты іс адамдарымен, кәсіпкерлермен танысады, араласады, байланыс орнатады. Кейін сол курстасының көмегімен соның еліне барып, өз бизнесін ашады, инвестиция салады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргінің дәулетті кәсіпкерлері арасында өз елінің ауқымы аясынан шығып, шетелге инвестиция салуға ынтық. Ол үшін әлгі курстасың кәсібіңді шетелде өрге сүйреуге көмектесер жәрдемшің бола алады. Бәсекелестік белең алған заманда табысты болудың алғышарты – білім, адами коммуникация және ақпарат. Білімді адам маңайына өзі озық ойлы адамдар жиналады. Бұл адамдар сіздің іскерлік байланыстарыңыз, алға сүйреуші байланыстарыңыз. Ал, ақпаратпен қаруланған адам өзгелерден оқ бойы озық қадам алда жүретіні бесенеден белгілі.  Ендеше осы үшеуін теңдей ұстаған адам табысты дегенімнің мәнісі осында.

- Кітапты елімізде емес, өзіңіңіз оқыған Тұманды Альбионда шығарудың сыры неде?

-  Кітапты ағылшын елінде шығарудың бір ғана айқын себебі бар. Шығыс Англия университетінде оқып жүргенімде оқу орнының кітапханасында бірде-бір қазақстандық автордың кітабын таппай дал болдым. Ізінше өзім журналист болсам, неге қаламгерлік мүмкіндігімді пайдаланып, кітап жазбасқа деген ой маза бермеді. Біздің қазақ авторының бір кітабы болсын, Британияның білім шаңырағының сөресінде тұрса екен деп армандадым. Кітаптың ағылшын тілінде, ағылшын елінде жарық көруінің бір себебі сол. Тағы бір мақсатым, осы кітапты елге келгесін ауылдық мектептердің кітапханаларына жеткенінше таратуды көздеп отырмын. Неге ауыл? Өйткені, әсіресе, ауыл жастары арасында «Болашақ» бағдарламасын насихаттағым келеді. Қарапайым ауыл баласы батыстың ең үздік оқу орындарында оқу түгесу қиял емес, қол жеткізерлік мақсат екенін аңғарса деймін. Содан бір күні орыстың Всеволод Овчинников есімді журналист-публицистінің «Корни дуба: впечатления и размышления об Англии» атты кітабы қолға түсті. Ол кітап Кеңес Одағы тұсында жазылған. Тиісінше, Британия туралы Кеңес Одағы азаматы көзқарасымен беріліпті. Соны бас алмай оқып шықтым. Осы кітаптың әсерінде жүргенде Ұлыбританияны ендігіде тәуелсіз Ұлы даланың бел баласының көзқарасы тұрғысынан неге жазып көрмеске деген ой келді. Кітап сол ойымның нәтижесі.                 

- Кітапта «Ұлыбритания мен Ұлы дала  - аңыз бен әпсана мекені» атты бөлім бар екен. Шежірелі екі елдің тарихи жерлеріне үңілгенде нені байқадыңыз?

- Мәселен,өзім туып-өскен Тараз туралы осы бөлімде егжей-тегжейлі мағлұмат беруге тырыстым. Білесіз бе, Ұлыбританияда оқыған жылдары осы елдің аңыз бен әпсанаға деген асқан құрметіне және онысын PR тұрғысында шебер пайдалана білетін қасиетіне тәнті болдым.

- Аңыз бен әпсананы  PR тұрғысында қалай пайдалануға болады?

- Британиядағы әйгілі Стоунхендж аспалы тастарын білесіз ғой. Соның төңірегінде не көп, аңыз көп. Ол аңыздарды аспалы тастарды өз көзіңмен көрмей тұрып, түрлі әдебиеттерден, интернеттен, теледидардан қанық боласыз да көруге ынтық боласыз. Аңыз бен әпсана ендеше тарихи мекенді PR тұрғысында насихаттаудың тиімді тәсілі. Сол ұқсаған Таразымда Ақыртас бар. Ақыртастың да төңірегінде түрлі аңыздар мен біздің заманға жеткен сырлы деректер молынан. Тек соларды насихаттау жағы кемшін. Ақыртас туралы тек қазақ тілінде емес, ағылшын, қытай, француз, орыс, испан тілдерінде түрлі деректі фильм, интернетте мәліметтер кеңінен берілсе, көненің көзіндей бұл тарихи мекенді көруге құлшынған әлем туристерінің қатары артар еді деп ойлаймын. Осы ойдың жетегінде кітабымда ағылшын тілінде біраз мәлімет беруге тырыстым.    

- Кітабыңыздың таныстырылымына кімдер қатыспақ ?                      

 - ЕлТәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кітаптың таныстырылымына Кэмбридж университетінің профессорлары,  шетелдік және қазақстандық студенттер қатысады. Олардың арасында шетелдегі қазақстандықтардың «КазАльянс» ұйымының мүшелері, «Болашақ» стипендиаттары бар. Мүмкіндікті пайдаланып, тұсаукесерге жан-жақты қолдау білдірген «Болашақ» қауымдастығына, Кэмбридж университетінің қазақстандық студенттер қоғамдастығына және Ұлыбританиядағы қазақ елшілігіне алғыс айтқым келеді. 

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.