Басты  /  Сұхбат  /  Алаш зиялылары аңсаған мемлекеттің азаматтарымыз

Алаш зиялылары аңсаған мемлекеттің азаматтарымыз

1802
Алаш зиялылары аңсаған мемлекеттің азаматтарымыз Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері:

Қоғам қайраткері, тіл мәселесімен Парламент төрінде де, Астана әкімдігінде де айналысқан білікті маман Оразкүл Асанғазы әлем тілдерінің қолданыс аясы жөніндегі санақта қазақ тілінің 63 орында екенін мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ егемендіктің 25 жылдығын қорытындылап, сұхбат берген қоғам қайраткері Ұлт жоспарында айтылған жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен туристік кластерді дамытуда этно-ауылдарды пайдаланудың мән-маңызына  тоқталды. 

 

– Оразгүл апай, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Сіз осы жылдар ішінде қол жеткізген ең маңызды қандай жетістіктерді баса айтар едіңіз? 
– Жалпы, ұлттың тәуелсіздік алуы – сол ұлттың өміріндегі ең ұлы тарихи оқиға, ұлы бақыт. Оны тәуелсіздіктің ішінде жүріп толық сезіне алмайсың, қуаныштың қадірін сезіну үшін мұңайған күндерінді ұмытпауың керек. Қазақтың өзгеге есесі кеткен, өз билігі өзінен өзгеге көшкен шақтары аз емес. Содан бүгінгі қазақтың тағылым алғаны ләзім. Тәуелді ұлт ел бола алмайды, өйткені елдің санасы қалыптаспайды. Сондықтан да данышпан Абай: 
– Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың – деп бекер айтпаса керек. Өзгенің боданында болып, өзіндік келбетін жоғалтқан халықтың келешегі күмәнді. Оның тұрмысы, мінезі, пейілі бұзылады. Абай білгірлікпен осыны айтып отыр. Жаратқанға тәубә, қазақ Ресей боданында жүргенде, мына Қоқан хандығының құқайын көргенде, оның алдында жоң­ғарлармен ғасырға жуық тірескенде, өзінің азаттыққа деген күресін де, аңсарын да жоғалтпаған халық, яғни рухы бекем жұрт. Осыдан болса керек, Жаратқан ием ғасырлап күттіріп бізге азаттығын сыйлады. Қандай жетістіктер десек, біріншіден, қазақтың өз алдына азат ұлт және Қазақ­станның егемен ел бола алатынын осы ширек ғасыр дәлелдеді. Еліміз арғы-бергі мемлекеттермен тең дәрежеде саяси, эко­номикалық, дип­ломатиялық байла­ныстар орнатты. Бұл тұста Елбасы Н.Назарбаев­тың беделі үлкен рөл атқарды. Екіншіден, мемле­кеттің шекарасы бекемделді, жақын көршілердің бәрімен бекітілді. Бұл – ұлы шаруа. Яғни, Қазақстан жеріне заңды түрде өзі қожайын болатын жағдайға жетті. Мына әлемдегі ірі шиеленістер мен қақтығыстар осындай шекаралардың бекітілмеуінен болып жатқанын білеміз. Бұл арада сонау ХХ ғасыр басында биыл 150 жылдығын атап жатқан Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының ав­тоно­мияға қол жеткізіп, қазақ шекара­сын кеңестік билікпен тіресе отырып бекіткенін ұмытпауымыз керек. Үшінші­ден, азаттық бізге тарихымыздың ақиқа­тын тануға, дәстүрімізді қайтаруға, мәде­ниетімізді өрістетуге, әдебиетімізді түген­деуге, яғни рухани жадымызды то­лық жаңғыртуға мүмкіндік берді. Осының ішін­де рухани қазынаның ең бағалы­сы, ең асылы – тіл. 
– Ұзақ жылдар тілді дамыту саласында қызмет еткен маман ретінде қазіргі таңдағы мемлекеттік тілдің жай-күйіне қандай баға берер едіңіз? Қай салада кемшін тұстар бар? 
– Тіл саласында қордаланған мәселе­лер аз емес. Оны көпшілік қауым біледі, өзің де жақсы білесің. Оларды шешу тұрғысынан екі топқа бөлемін. Біріншісі – әлдеқашан шешілуге тиісті, бірақ әлі де әртүрлі себептермен тіпті, сылтаулармен шешілмей жатқан мәселелер. Олардың қатарында еліміздің барлық дерлік мекемелерінде, әсіресе орталық меке­мелерде жұмыстың орыс тілінде жүргізілуі. Бұл – Тіл туралы заңның 4, 5, 8, 9, 10 бап­тарының орындалмауы. Жұмыс, жина­лыстар мемлекеттік емес тілде жүргізіліп, олардың хаттамаларын қазақ тіліне аударып, сөйтіп «мемлекеттік тілде жұмыс істеп жатырмыз» деген өтірік ақпараттың берілуінде. Қазір мемлекеттік қызметкер­лердің 90%-дан астамы – қа­зақтар. Кеңселердегі көрініс жаңағыдай. Енді кімге өкпелейміз, кімді жазғырамыз, тіпті айтуға ұят.
Екіншіден, бастапқыда аралас мектептер ашылғанда, олар бірте-бірте таза қазақ мектептері болады деген мақсатпен ашылған. Бірақ бұлай болмай отыр. Аралас мектептер арқылы біз орта білім беру жүйесінде қазақ тілінің қанат жаюын тежеп отырмыз. Үшіншіден, елдегі ақпарат құралдарының көбісі мемлекеттік тілде емес. Мына заманды ақпарат заманы десек, онда заман қазақ тілінің пайдасына жұмыс істемей отыр. Қалтадағы телефонға, алдыңдағы компьютерге кіріп алған интернет, тө­р­дегі теледидар тағы да қазақ тілінің пайдасына жұмыс істемейді. Жастардың көретін киносы, тыңдайтын музыкасы, жара­тылыстану саласынан алатын білімі орыс немесе ағылшын тілдерінде. Тіл ақ­парат арқылы сол жастардың санасына еніп алып, оларды жат тәрбие мен жат дәстүрдің ықпалына түсіреді. Егер осылай жалғаса берсе, ұлттық сана-сезім дүбәраға айналады. Тілдік тұрғыдан жеткен жетістіктерімізді санама­лайық. Бі­рін­шіден, қазақ тілінің жағдайы қазақтың көбеюі арқылы дұрысталып келеді. Атап айтсақ, тәуелсіздік алған жылы 42 пайыз болған қазақ дәл бүгін 70 пайызға жуықтады. Соған орай, 1991-1992 оқу жылы қазақ тілінде оқитын оқушылар 28 пайыз болса, қазір 68 пайызға жетті. Екіншіден, қазақ тілі Конституциямызда мемлекеттік тіл ретінде бекітілді. Үшін­шіден, билік мемлекеттік тілді барлық салаға енгізуге тартыншақтап отырғаны­мен, халықтың тілге деген бетбұрысы жоғары. Түбі көптің тілегі жүзеге асады. 
– Өткен жылы сіз статистика бойынша әлемде 3500 тіл болса, қазақ тілінің қолдану аясы жағынан 63-орында екенін жеткізген едіңіз. Жалпы, тіліміздің әлемдік деңгейде танылуы, зерттелуі үшін қандай шаралар қажет? 
– Жалпы әлемде тілдердің қолданылу аясы жөнінде нақты статистика беру қиын. Сіздің айтып отырған 63-орныңыз – екі жүзден астам мемлекет ішіндегі Қазақстан Республикасы халқының саны. Бәлкім, сөйлеушілер жағынан да осы шамада болып қалармыз. Жалпы бұл жағынан алғашқы жүздікке кіретініміз анық. Осындай алғашқы жүздікке кіре­тіндер үлкен халықтардың қатарынан саналады. Қазақ та әлемдегі осындай ірі халықдың бірі. Қазақ тілі, тіл маман­дарының айтуынша, әлемдегі сөздік қоры ең бай тілдердің қатарында. Оның байлы­ғы мен бейнелілігін кезінде В.Радлов, 
П.Мелиоранскилерден бастап талай оқы­мыстылар ерекше атап айтқан. Қазіргі кезеңде қазақ тілін зерттеумен Америка Құрама Штаттарында Индиана университеті, Кореядағы Сеул уни­верситеті, сонымен бірге Венгрияда, Германияда, Жапонияда ғалымдар шұ­ғылдануда. Тарихы терең, лексикалық байлығы мол, бейнелілік әлеуеті жоғары қазақ тілін зерттеуге әлі де халықаралық деңгейде құлшыныстар болатынына кү­мәнданбаймын. Ал қазіргі кезде тілді оқы­туға байланысты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында  акаде­миялық зерттеулер жүргізуде, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инс­ти­туты, Алматыдағы әл-Фараби, Абай атындағы ұлттық университеттердің және тағы да басқа оқу орындарының ғалым­дары зерттеулер жасап жатыр. Мемлекет тарапынан мұндай ғылыми бастамаларға бүгінгіден де артығырақ көмек жасау қажет деп ойлаймын. 
– Қазір тілді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? 
– Қазіргі кезде мен Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орталы­ғының қызметкерімін. Үстіміздегі жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті бұл орталыққа үлкен қолдау білдірді. Соның арқасында бұрын-соңды болмаған «Тіл әлемі» порталы және atau.kz, termincom.kz, emle.kz сайттары ашылды. Олардың ашылу салтанаты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекке орайластырылды. Содан бері бұл сайттардың мыңдаған, тіпті он мыңдаған оқушылары қалып­тасты. Яғни, тіл саласындағы осы өзекті, маңызды жұмыстың нәтижесі көптің игілігіне айналды. Ол туралы Мәжіліс депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов: «Бүгінгі күн – бетбұрыс күн. Тіл туралы әңгіменің жаңа категорияға ауысқан сәті. Енді, бұл бастаманы нақты осы заманның тіліне, осы заманның құралдарына, осы заманның күнделікті емес, сағат сайын, тіпті минут сайын пайдаланып отырған әлеуметтік кеңістікке ауысқан күні деп атауға болады. Бұл расында да, саясаттың тілімен айтқанда, жиырма бес жылдық тәуелсіздік тойы қарсаңында тіл сала­сындағы бағындырылған белес, алынған асу» деп әділ бағасын берді. Министрліктің тікелей тапсырмасымен тіл жанашыры, қайраткер азамат Дос Көшімнің «Қа­зақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жобасы аясында Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Алматы және Астана қалаларында орыс тілді аза­маттармен, кездесулер өткізілді. Сол кездесулерден байқағанымыз, еліміздегі этнос өкілдері мемлекеттік тілдің толық салтанат құруына қарсылық танытып отырған жоқ. Бәрі қолдап отыр. Тіпті «Сендер, қазақтар дүкен деген сөздің қасына магазин, нанның қасына хлеб, сүттің қасына молоко деп жазуды қашан қоясындар? Осындай күнделікті қажетті ұғымдарды осы уақытқа дейін түсінбейтін бізді санасыз көресіңдер ме?» деп рен­жігендер де болды. Сондықтан егер қоғамдық ортада қазақ тілі өз деңгейіне жете алмай жатса, оны әлі күнге дейін баласын орыс тілді мектепке беріп отырған қазақтан, дүкенде, көлікте, банкте т.б. жерлерде орыс тілінде сөйлей­тін қа­зақтардан көруіміз керек. Қазақтың тілдік санасы толық оянғанда, бұл менің анамның тілі, мемлекетімнің тілі деп бетбұрыс жасаған күнде қазақ тілі толық салтанат құратын болады. Сонымен бірге, сол Ш.Шаяхметов атындағы орталықта 2015 жылдан бастап қазақ тілінің күн­делікті сөйлесуге қажетті лексикалық және грамматикалық минимумдарын әзір­леу жұмыстары басталып кетті. Алдымен ең жиі қолданылатын 137, содан кейін 500 және 900 сөзді іріктеу және сол бойынша оқу құралын дайындау жұмыс­тары аяқталды. Қазір бұл кітаптар баспада. Бұл да әдістеме саласындағы жаңалық. Білім және ғылым министрлігі де осы әдістемеге бет бұрды. Ол Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутында дайындалуда. Әлбетте, тілдің әр алуан шешілмеген шаруаларға бай­ланысты жоспарлар баршылық. Оған қолдау болса, оны орындайтын мамандар да баршылық. 
– Елбасы Ұлт жоспарында Мәңгілік елге айналу бастамасын көтерумен қатар, жаңа қазақстандық патриотизм мәселесін қозғады. Бұл бағытта қандай шаралар ат­қарылуы тиіс деп ойлайсыз? Патриотиз­м­нің ел ішінде насихатталуына көңіліңіз тола ма? 
– Өте орынды сауал. Ең алдымен қазақстандық патриотизмді қалай түсінетіндігімді айта кеткім келеді.Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына қосылу бойынша мемлекеттің стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды шарт ретінде қазақстандық патриотизм белгіленген болатын. 
«Қазақ халқы Қазақстан Респуб­ликасының тұрғындарын шоғырлан­ды­рушы және елдің тарихи діңгегі, оның мә­дени-ментальды құрамдасы ретінде танылып, оның құндылықтары, атаме­кені, тәуелсіздігі және егемендігі Қа­зақстанды мекендеуші этнос өкілдері тарапынан құрметтеледі» деген сөздерде қаншама тереңдік жатыр. Ендеше қазақстандық патриотизмнің іргетасы ретінде қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесі қалануы тиіс. 
Ең алдымен, балабақшадан бастап атамекен – ата-жұрт туралы ақ­паратты күшейту керек. Атамекеннің қадір-қасиетін бүлдіршіндердің балаң санасына сіңіру үшін жер-судың тарихы жазылған түрлі-түсті иллюстрациялы кітаптар шығарылу керек. Сол әдемі жерді қорғап қалған қас батырлардың ерлігі туралы ертегі сюжетіндегі мультфильмдер шығарылу керек. Қазақстандық патрио­тизмді сөз еткенде, қазақтың салт-дәс­түрінен аттап өтуге болмайды. Қазақы отбасындағы үлкеннің орны, отбасы мен отанасына деген құрмет, ағайындылар арасындағы сыйластық мәселесін шағын әңгіме, пьеса, өлең түрінде сомдап, оқу­лықтарға енгізу керек. Осы тақырыптағы тәрбие сағаттарын өткізіп, жастарға ұлт­тық құндылықты сіңірту керек. 
– Ұлт жоспарында туристік кластерді дамыту мәселесі де қамтылған. Жалпы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз айшықталатын этно-ауылдардың салынып, туристерге ұсынылуына не кедергі? Этноауылдар тек науқандық шараларға айналып жатқан жоқ па? Еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты түрде жұмыс істейтін жобалар қажет пе? 
– Еліміздің сұлу да шырайлы жерлері мол. Бірақ сол саф алтынды жар­қыратып көрсете алмай отырғанымыз қын­жылтады. Басқа дамыған елдер сияқ­ты туризм саласы бойынша үлкен жетіс­тіктерге жете алмаудың бір себебі, инфра­құрылымдардың дамы­ма­ғандығын, яғни туристерге қызмет көр­сету аумағының жұмысы дұрыс ұйым­дастырылмағандығы. 
Этно-ауылдар салудағы басты мақсат – қазақ тағдыр тауқыметімен туған жерлерінен көшіп, қазақ халқының мейірімі мен қонақжайлылығының арқасында осы өлкені отанына ай­налдырған, елдегі өзге этностарды қа­зақ халқының маңайына шоғырландыру қажет. Елімізді мекен ететін барлық ұлыстардың этно-ауылы белгілі бір дәрежеде қазақтың ұлттық идеологиясы­на қызмет етуі тиіс! Этно-ауылдарды қа­зақстан­дық патриотизмді насихаттаудың бір көзі ретінде пайдалануға болады. Әрине, көш жүре түзеледі. Ауқымды жобаны әу дегенде қаз басып кетпеді деп сынау қате болар.      
– Еліміздің демографиясы да алаң­датарлық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде көршілес өзбек елінде халық саны 12 мил­лионға артып, 32 млн-ға жетіп отыр. Ал Қазақстан халқы әлі де 18 миллиондық межені бағындыра алмай келеді. Елбасы да бірер жыл бұрын ел халқының санын 20 миллионға дейін арттыру қажеттігін айтқан еді. Екінші жағынан, сүрбойдақтар мен отырған қыздардың мәселесімен ұштасатын түйткілді қалай шешуге болады? 
– Еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Бұрын бір-екі баламен шектелетін отбасы көп болса, қазір төрт бала тәрбиелеп отырғандардың саны артып келеді. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы бала санының өсуі көңілді қуантса, солтүстік аймақ­та ахуал кірбің ұялатады. Халықтың санын арттыру үшін жас отбасыларға әлеуметтік жәрдем жасау керек. Некелескен жастарға болашақта сатып алу мүмкіндігі қарастырылған арендалық пәтерлер берілсе, бала санын да арттырар едік, жастардың арасында ажырасу дертінің азаюына да жәрдемдесер едік. Екіншіден, жас ұрпақты некенің қадірін түсінетіндей етіп тәрбиелеген жөн. Толыққанды отбасында өскен сәби ер жеткеннен кейін өз ошағын құрып, оның түтінінің түзу шығуы үшін бар күшін салады. Әлеуметтік жағдайы жақсы, рухани деңгейі жоғары кез келген ата-ананың елдің демогра­фиялық өсіміне саналы түрде үлес қосатындығы ақиқат. Осы жерде жастардың денсаулығын қадағалау мәселесіне де мән берген дұрыс. Дені сау ата-ана ғана дені сау ұрпақты өмірге әкеледі. Сол себепті, болашақ ананың денсаулығын бала күнінен күтуді де естен шығармаған жөн. 
Енді сүрбойдақтар мен кәрі қыздар мәселесіне келер болсақ, ата-бабамыздың құдаласу рәсімі еріксіз еске түседі. Халқымызда кәрі қыздардың болмауына, неке тазалығының сақталуына осы дәстүрдің қосқан үлесі зор болды. Балаларына болашақ жар таңдау мәселесін ата-аналар өз міндетіне алса, бұл міндеттің Жаратушы алдындағы парызы екенін түсінсе, бүгінгі үрейлі ахуалға жетпес едік. «Құда түсір, қыз ұзат, күйеу келтір» деген қағиданы үлкендер жағы жіберіп алған­дықтан, жігіттер сүрбойдақ, қыз­дарымыз кәрі қыздың қатарын толтырып жүр. Осы ретте жеңгелер институтын қай­та қолға алған жөн. Жеңгелердің қоғам­дағы рөлін жандандырып, жақсы мағына­дағы жеңгетайлықты насихаттау керек.
– Кезінде әкім де, депутат та болдыңыз. Өткенге қарап, өз жұмысыңызға қандай баға берер едіңіз? 
– Адамның өз жұмысына баға беруі әділ бола бермейді. Біреу асырып айтады, біреу жасырып айтады дегендей. Әйтеуір, ұлан-ғайыр еліміздің қай түкпіріне барсам да айналайын халқым ерекше құрметпен қарсы алып жатады. Жастар қаумалап сұрақ қойып жатса, үлкендер батасын беріп жатады. Адамға керегі осы ғой. Асылы, адамның еңбегі бағаланатын, ұлтыңмен санасатын дәрежеге жеттік, ел бақуатты болса, біз де сол игіліктің ішіндеміз, ел бақытты болса, біз де сырт қал­маспыз. Сонау азаттық күресі зама­нында ұлы Әлекең, Әлихан Бөкейхан «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мем­лекет болар» депті. Міне, біз сол Алаш зиялылары аңсаған мемлекеттің азамат­тарымыз. Бұл баба арманының орын­далғаны, балаларымыздың жарқын болашағының кепілі. Сондықтан бәріміз осы тарихи миссияны терең ұғынып, ел болашағы үшін қам жасауы керек. Марапаттың үлкені осы. 
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ