Ынтымақты елде бақ тұрады

Қазір өз мамандарымызды өзіміз дайындаудамыз.
Кадр даярлауда өзіндік келбетін қалыптастырып үлгерген оқу орындарының бірі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Біз осы оқу орнының басшысы, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Әскери ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, генерал-майор Қайрат Әнуарбекұлы Садықовпен сұхбаттасқан едік.
– Қайрат Әнуарбекұлы, Тәуелсіздігімізге 25 жылдығы қарсаңында Қарулы Күштердің белді бір мүшесі ретінде Сіз үшін тәуелсіздік, әсіресе, несімен қымбат?
– 1991 жылы еліміз Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басты. Содан бері тәуелсіздік туының желбірегеніне де биыл 25 жыл толады. «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық» деп Елбасымыз айтқандай, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында қол жеткіздік. Бұл күнге дейінгі ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау жолындағы соғыстар мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтау жолында хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын қиды.Тәуелсіздік ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы болды. Сондықтан да қазіргі таңда барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн болып табылатын тәуелсіздікте ұрпақтар сабақтастығының өшпес ізі мен ізгі арманы жатыр. Дәл осы себепті де Тәуелсіздік мен үшін айрықша қымбат, баға жетпес байлық. Тәуелсіздіктің дәмін татып, бүгінде егемен ел ретінде өмір сүріп жатқан біздер – аса бақыттымыз. Сол бақытымызды бағалай білуіміз керек.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уақыт ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден алда. Осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңдағы негізгі стратегиялық бағыт. Тоғыз жолдың торабындағы мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтейді. Елбасымыз Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Н.Ә.Назарбаев тек Қазақстанмен көршілес аймақтарда ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын көрнекті, беделді тұлға. Мұсылман әлемі мен христиандық әлемнің ортасын алтын көпірдей жалғаған Нұрсұлтан Әбішұлы сан мәрте дәнекерлік келісімдерге себепші әрі араағайындық жасады. Қазақта «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген керемет нақыл сөз бар. Мысалы, Ресей мен Түркияның арасында арнайы елшілік миссиясын мойнына ешкім артпаса да, араағайындықты абыроймен орындап шықты. Біздің Елбасы өз елінде ғана емес, жүрген жерінде жақсылық дәнін сеуіп жүретін жан. Сондықтан да сыйлы, сондықтан да құрметті. Міне, Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алған осындай Көшбасшымыздың болуы қазақтың маңдайына біткен бақ деп білемін.
– Қайрат Әнуарбекұлы, Елбасының Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде тарихта қандай із қалдырғандығына тоқталсаңыз.
– Бұл орайда Елбасымыздың Қарулы Күштерді құрудан бастау алып, Қорғаныс ведомствомыздың толыққанды әрекет етуіне негізделген тарихи маңызы зор құжаттарға қол қоюы атап өтерлік жайт. Нұрсұлтан Әбішұлы шебер стратег және сарабдал саясаткер. Бұл қасиеттері неден көрініс табады? Ол – біріншіден, сындарлы тұста әскери кадр тапшылығы мен әскери қару-жарақ жетіспеушілігі мәселесін тарихи салыстырмалы тұрғыдан жедел шеше білді. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштерін ғана емес, жалпы қуатты құрылымдарын қажетті мамандармен қамтамасыздандырып отырған біздің институтымыз – Елбасының тарихи маңызды шешімдерінің бірден-бір дәлелі болып табылатындығын мақтанышпен айта аламыз.
Құрылуы мен дамуы Қазақстан әскерін қайта құру және отандық әскери білім беру ісін жетілдірумен тығыз байланысты болып табылатын біздің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бүгінде 15 жылдық тарихты артқа тастаған еліміздегі танымал оқу орындарының біріне айналып отыр. Төл Қарулы Күштеріміздің жаңадан құрылып, тәй-тәй басқан тұсында Әуе қорғанысы күштері үшін мамандар даярлайтын жоғары оқу орны республика бойынша мүлде болмады. Ресей мен алыс қиырдағы шетелдердің әскери институттарында қомақты қаржы төлеп оқытылған мамандар алатын білім, ҚР ҚК ӘҚК құрамалары мен бөлімдерінің өзіндік ерекшеліктеріне бейімделмеген еді. Осындай өткір қажеттіліктің нәтижесінде зениттік-зымырандық әскерлерге, радиотехникалық және байланыс әскерлеріне арнап мамандар даярлайтын аталмыш әскери жоғары оқу орны дүниеге келді. Күні бүгінге дейін Орта Азияда теңдесі жоқ біздің оқу орнымыз бүгінде заман талабына сай көп бейінді мамандықтар бойынша кадрлар дайындайды.
Елбасының білікті Бас қолбасшы екендігінің басты айғақтарының тағы бірі – мемлекеттің Қарулы Күштеріне тұрақты көңіл бөліп, қолайлы жағдай жасауы дер едім. Армияны қаржыландыру соңғы уақытта ұдайы және үздіксіз өсіп келеді. Әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, жоғары білікті әскери кадрлар тапшылығының алдын алуы да біле білген адамға үлкен көрегендік.
Соңғы кезде әлемде және өңірде болып жатқан оқиғалар, жер жүзінің әр тарапындағы лаңкестік актілер, Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды былай қойғанда, жер-жерде топалаң келіп, топан су басып, түрлі шиеленіс-қақтығыстар болып, қайбір елдер дағдарыстан еңсесін көтере алмай жатқан тұста Елбасының сарабдал саясаты мен сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасында көп елден көш ілгері күй кешіп жатқан жайымыз бар. Халқымыздың «Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар» деген сөздері де соның куәсі.
Елбасы Отан қорғаушылар мерекесіне орай әскери қызметшілермен кездесуінде «әскери қызметшілердің міндеті – еліміздегі тыныштықты, татулық пен келісімді сақтау» деп айтқан еді. Негізі Президентіміз әрі Бас қолбасшымызды ел ынтымағының мызғымас ұйытқысы деп айтар едім.
– Қайрат Әнуарбекұлы, Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының бірден-бір кепілі не дер едіңіз?
– Тәуелсіздік – бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні, бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Сондықтан да «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», деп Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, біріншіден, қазақстандық әрбір азамат тәуелсіздік кепілі бола білуі, оның жүгін сезіне білуі, сондай-ақ сол жолда тер төгуі тиіс деп ойлаймын.
Ал екіншіден, келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын – бүгініміз». Жастарға үлкен сенім мен зор үміттің артылатыны бесенеден белгілі. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар. Сондықтан да жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ұлт Көшбасшысы жастарға ерекше сенім арта отырып, жастардың жағдайын жасауға баса назар аударады. «Болашақ» бағдарламасы арқылы олардың шетелдің аты әлемге әйгілі мықты оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беріп, жауапты лауазымды қызметтің тізгінін де жастарға ұстатуы көреген Мемлекет басшысының ел ертеңін ойлауы дер едім.
Елбасымыз: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйытқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!» деп айтқандай, жас ұрпақ тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екендігін, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын терең түйсінуі қажет. Бүгінгі партада отырған оқушы мен студент – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін дәлелдеу.
Жоғары оқу орнының басшысы ретінде біздің басты міндетіміз – Елбасының артып отырған міндеттерін жастарымыздың жүрегіне жеткізе білу. Егемен еліміздің ертеңіне еге болар жастарымыздың бойындағы отансүйгіштік сезімдері мен азаматтық жауапкершіліктерін арттыру, халық қамын жейтін қамқор ұрпақ тәрбиелеу ісіне үн қосу арқылы Президентіміздің жүктеп отырған міндеттерін орындау.
Сол арқылы Президентіміздің жастарға арналған: «...сендер халықаралық кеңістіктегі бәсекелестік күрестен сырт қалмауға ұмтылыңдар. Ол үшін тиянақты білім керек. Сосын сол білімдеріңді өмірде жарата білуді, оны нақты пайдалана білуді үйреніңдер. Әсіресе, не істеу керектігін жете түсінулерің қажет. Сонымен бірге сендер қандай да бір өзгерістерге қашанда дайын тұруларың керек. Әйтпесе, ғаламдық деңгейдегі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі әншейін бос сөз болып қалады» деген өсиетін әрбір жастың көкейіне түйіп, жаңа белестерді бағындыруға ерекше ынта-жігер алуына ықпал жасау. Өз өмірін саналы түрде Отан қорғау ісіне арнауды мақсат тұтқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарында мақсат – айқын, міндет – біреу. Ол – халқымыздың тыныштығын қорғау, ел еңсесін еселеу жолында аянбай еңбек етіп, білімнің алтын қазығын игеру. Ал біз Елбасының жастарды үкілеп, соларға бар үмітін артып отырған мығым әрі мықты, сындарлы да салиқалы саясатын қолдай отыра, осы бағытта елдің ертеңгі игілігі үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек етудеміз.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды істердің бірі ретінде ұғыну қажет. Адамзат жаһандану мен ақпарат дәуіріне аяқ басты. Қазіргі білім берудің негізгі бағыты – таным мен шығармашылыққа үйрету болып табылады. Курсанттарымызды құқықтық сауаттандыру, олардың жан-жақты және көшбасшылық қасиеттерін дамыту, білім мен ғылымда өзін-өзі табуына ықпал ету – сапалы кәсіби білім беру мен тәрбиелеудің басты қазықтарының бірі.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының профессорлық-оқытушылар құрамы бүгінде әлеуметтік тапсырысқа сай келетін, жауапты, өз жұмысын жақсы білетін, мақсатына бағыт-бағдармен қарайтын, кәсіби өсуге, әлеуметтік оңтайлы тез әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті білікті мамандарды – еліміздің нағыз патриоттарын дайындау үшін бар күш-жігерлерін аямай еңбек етуде. Қазіргі уақытта біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасының қуатты құрылымдарында қызмет етіп, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестерін қосып келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ