Басты  /  Сұхбат  /  Серік АҚШОЛАҚОВ: Кешегі қайғыны арқалап тұрып, бүгінгі өмір үшін күресеміз

Серік АҚШОЛАҚОВ: Кешегі қайғыны арқалап тұрып, бүгінгі өмір үшін күресеміз

1470
Серік АҚШОЛАҚОВ: Кешегі қайғыны арқалап тұрып, бүгінгі өмір үшін күресеміз Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шыбын жанымыз шырқырап, дертімізге дауа іздей бастаймыз. Мұндайда бәрімізге дәрігерден жақын әрі жанашыр жан жоқ болып көрінеді.

Ал ол алдына келген адамдардың ұлтына, діни наным-сеніміне, әлеуметтік жағдайына қарамай, барлығына бірдей көмек көрсетеді. Науқастың туыс-туғандарының сенімі мен аманатын арқалап, өмір мен өлім арасында арпалысады. Қайғырады, қуанады, жылайды, жұбанады. Өйткені дәрігер де ет пен сүйектен жаралған. Оның да сезімі, төзімі, үміті, арманы бар. Өкініштісі, кейде осы ескерілмейді. Бәзбіреулер күстаналап, жазғырып жатса да, адам жанының арашасы болуға ант бергендер науқастарға жан жылуын сыйлаудан ешқашан бас тартпайды. Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы,медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР нейрохирургтары ассоциациясының президенті, жоғары дәрежелі тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік дәрігерлер ассоциациясы тағайындаған «Әлемге қамқоршы дәрігер» атағының және «Парасат» орденінің иегері Серік Ақшолақов осындай жандардың қатарынан.

Біздің сұхбатымыз уағдалас­қан уақыттан 2 сағатқа кейін шегерілді. Телефонды көтерген ассистент: «Серік Қуандықұлы ота жасап жатыр, өзі хабарласады», деп жауап берді. Сәлден соң менің телефоным шырылдады. Арғы жақтан дәрігердің дауысын естідім. Ә дегеннен мән-жайды түсіндіріп, бәйек болды. Мұны­сын кісілік, кішілік һәм қара­пайым­дылық деп қабылдадым. 
Мені орнынан тік тұрып, жылы қабақпен қарсы алды да, төрін ұсынды. Бал-бұл жанған жүзінен отаның сәтті өткенін түсіндім. 
Дәрігер сөзге шешен, тілге ұста екен. Әңгімені бірден бастап кетті. 
– Біз ота жасаған сайын жа­нымызды шүберекке түйіп, науқастардың амандығын тілеп тұрамыз. Олардың қиналғанын, жақындарының жылағанын емес, ауруларынан айыққанын, аға­йын­­дарымен қауышып, мәре-сәре болып жатқанын көргіміз келеді. Бүгін бірнеше ота жаса­дық. Олар ауыр өтсе де, сәтті болды.
– Сіздер жылына шамамен қанша адамға ота жасайсыздар?
– Орталық ашылған жылы 500 адамға хирургиялық көмек көр­сеттік. Бір жылда 2500 адамға ота жасап жүрміз. 
– Бұл жыл өткен сайын Ұлттық нейрохирургия орталығы күшейіп келе жатыр деген сөз бе? 
– Орталықта заман талабына сай жаңа бағыттар пайда болды. Біз мамандарымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында бұрын-соң­ды Қазақстанда және Орта Азияда жасалмаған оталарды жүзеге асыра бастадық. Бұған қоса, 2 рет медицина мекемелеріндегі қыз­меттің сапасы мен қауіпсіздігіне баға беретін Халықаралық бірік­кен комиссияның аккредита­циясынан өттік. 2014 жылы ней­рохирургтардың X Азиялық конгресін ұйымдастырып, 56 мемлекеттен келген 700 маман­ның тәжірибе алмасуына жағдай жасадық. Конгреске АҚШ-тың өзінен ғана 18 нейрохирург қа­тыс­ты. Ерекше атап көрсетерлігі, біз Азия мемлекеттерінің жас нейрохирургтарына дәріс беруді де қолға алдық.
Жалпы, нейрохирургияны дамыту үшін салаға үздіксіз қаржы құйылып тұруы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біз мемлекеттен үлкен қолдау көріп отырмыз. Елба­сының тікелей қамқорлығымен ашылған орталық қазіргі заман­ның талаптары мен сұраныс­тарына толық жауап береді. Әлем­нің бірде-бір елінде халқының 100 пайызын тегін емдейтін дәл біздікіндей нейрохирургиялық орталық жоқ. 
– Дәрігер ретінде қазіргі заман­ның талаптарына бейімделе ал­дыңыз ба? 
– Менің 35 жылдан аса еңбек өтілім бар. Мансап жолым Кеңес кезінен басталды. 90-жылдардағы тоқырауды да бастан өткердім. Қиын кезеңдерде жас дәрігерлер басқа салаға бет бұрып кетті. Барлығы жан бағу үшін амалдады. Біз дәрі-дәрмек тапшы болған кезді де көрдік. Тіпті науқастардан дәріні және төсек-орынды өздері­мен ала келуді талап еткен жылдар да жадымда күні кешегідей жаң­ғырып тұр. 
Қазақстан тәуелсіз ел атанып, мемлекеттілігіміздің іргетасы қа­лана бастаған жылдар ешкімге оңай болған жоқ. Дегенмен тәуел­сіздік таңы бізге даму мүм­кіндігін ұсынды. Мемлекет басшысының салиқалы саяса­тының арқасында еліміздің экономикасы қарыш­тап, халықаралық беделі нығайды. Президент Денсаулық сақтау саласының барлық бағыттарын дамытуға басымдық берді. Нә­тижесінде қысқа мерзім ішінде Астанада медицина кластері пайда болды. Бір мезетте 6 меди­циналық орталық құрылды. Со­ның бірі Ұлттық нейрохирургия орталығы болды. Осы орталықты басқару ісі маған сеніп тапсырыл­ғанын өзіме жүктелген жауапкер­шілік деп білемін. Мұнда біз жа­нына сауға, дертіне дауа іздеп келген жандарға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Бұл біздің бас­ты борышымыз. Орталық қызмет­керлері Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығына жауап ре­тінде жаңа технологияларға жү­гінуді сол арқылы науқастарға сапалы әрі қауіпсіз қызмет көр­сетуді абырой санайды. Бұрын науқастардың дені шет мемле­кеттерге барып емделуге мәжбүр болатын. Осының алдын алу үшін соңғы 8 жылда орталыққа 60 жаңа технология енгізіліп, жаңа бағыт­тар ашылды. Бұған дейін тиісті құрал-жабдығымыздың болмауы­ның салдарынан ми тамырла­рының ауруынан жапа шегіп жүрген жандарға ешқандай көмек көрсете алмайтынбыз. Бүгінде бұл бағыт бойынша жылына 400 ота жасалып жатыр. Осыған дейінгі оталарда науқастардың мүгедек болып қалу қаупі зор еді. Қазір науқастар ота жасата салы­сымен жұмысқа шығып жүр. 
– Орталықтың қол жеткізіп жатқан көрсеткіштеріне көңіліңіз тола ма? 
– Біз барлық нәтижелерді ха­лықаралық көрсеткіштермен са­лыстырып отырамыз. Артық айт­қандығымыз емес, керуеннен озбасақ та, көштен қалып жатқан жоқпыз. Біз хирургиялық тәсіл­мен эпилепсиямен ауыратын ба­лаларды емдей бастадық. Алдағы уақытта осы бағыттағы ізденіс­терімізді індете береміз. Ресми дерек бойынша, елімізде 50 мың­нан аса адам осы дертке шал­дық­қан, олардың 60 пайызға жуығы – балалар. Бұл аурудың түрлері көп. Оны хирургиялық тәсілмен және дәрімен емдеуге болады. Аурудың бастапқы бел­гілері бі­ліне бастаған кезде емдеу шара­лары қолданылса, нәтижеге тез жетеміз. Орталықта Пар­кинсон ауруына шалдыққан науқастар мен тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдарға да тиісті көмек көрсетіледі. Біздің орта­лықтан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері мен Еуро­­па елдерінің азаматтары да ем алды. Шетелдіктер бізге сен­бесе, мұндай қадамға бармас еді
– Емдеудің жаңа түрлері мен бағыттары дәрігерлерге салмақ салмай ма? 
– Орталық ашылған кезде мен қатты шаршайтынмын. Себебі, отаның басым бөлігін жалғыз жасайтынмын. Ол кезде біздің нейрохирургтар шет мемлекет­терде білім алып жүрді. Қазір қолым ұзарды, қасымда мықты мамандар көп. Мен оларға сене­мін және үміт артамын. Себебі, бүгінде небір күрделі оталарды барлығымыз бірлесіп жасаймыз. Адамның жанына араша түсіп жүргендердің дені – төл шәкірт­терім. Олардың ешқайсысын ешқайда жібергім келмейді. Та­ланты тас жарып тұрған дәрігерлер ретінде медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары Талғат Керімбаевты, Ербол Ма­хамбетовты, Нұржан Рыс­кел­диевті, Ғабит Өленбайды ерекше атап көрсеткім келеді. Бұлардың барлығы жас болса да, мен 20 жылда жүріп өткен жолды 10 жылда артқа тастап отыр. Осы­дан-ақ бұл дәрігерлердің шама-шарқы мен қабілет-қарымы қан­дай екенін түсінуге болады. 
– Нейрохирургия Ұлттық ор­талығында Радиохирургия саласы қашан пайда болады? 
– Радиохирургия хирургиялық отаның баламасы болып сана­лады. Медицинада «гамма-пы­шақ» немесе «кибер-пышақ» деген ұғым бар. Қарапайым тілмен түсіндірсек, мидағы ісікті сәулемен емдеу деген сөз. Яғни сәуле терапиясы арқылы ми талшықтарына зақым келтірмей, ісікті сылып алу.
Радиохирургиялық тәсіл хирургиялық тәсілден әлдеқайда тиімді. Зерттеу нәтижелері оның мүмкіндігі 85 пайызға жоғары екенін көрсетіп отыр. Ота радио­хирургиялық тәсілмен жасалса, тілік болмайды, қан ақпайды, миға пышақ тимейді. Бүгінгі таңда бұл тәсіл АҚШ, Жапонияда мемлекеттерінде, сонымен қатар Еуропа елдерінде кең тараған. 
Келесі жылдың соңында біз Швециядан арнайы аспап сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір 4 дәрігеріміз Мәскеуде білім алып жатыр. Аспап алынғанша олар оқуларын аяқтап, елге оралады. Сонан соң орталықта радиохирур­гиялық ота жасайтын болады. 
– Бір күнде бірнеше ота жа­сайсыздар, қажымайсыздар ма? 
– Жұмыстың оңайы жоқ, шар­шадым деп отырсақ, нау­қастардың жағдайы не болады? Сер­гек жүру үшін қыста – шаңғы, жазда велосипед тебемін. Үнемі суда жүземін. Қаланың сыртына шығып, немерелеріммен демала­мын. Орталығымыздағы спорт залына жиі бас сұғып тұрамын. 
Жалпы, нейрохирургияның бір ерекшелігі, мұндағылар жа­саған отаның санына емес, сапасына қарайды. Өйткені бізде қиын оталар 8-10 сағатқа, оңай деген оталар кейде 4-6 сағатқа созылуы мүмкін. Бізге отаның уақыты емес, нәтижесі маңызды. Біз үшін нәтиже деген – нау­қастың көзін ашуы, тілге келуі және орнынан тұрып, жүріп кетуі. 
– Жан күйзелісінен қалай құтыласыз?
– Ота жасаған сайын уайым­даймыз. Уайымның бәрі жүйкеге ауыр тиеді. Жүйке сыр берсе, жан күйзеледі. Осының алдын алу үшін отбасымды қалқан қыламын. Менің жарым да дәрігер. Ол менің жағдайымды жақсы біледі. Отбасым менің өміріммен өмір сүреді, менің ығыма қарай ыңғай­ланады. Мен тек қана жұмыспен айналысамын. Сондықтан болар, ешқашан жан күйзелісін сезінген емеспін. Қазір 4 немерем бар. Солардың бірі 13 жасында «мен нейрохирург боламын» деп кесім­ді сөзін айтып жүр. Мен бұған, әрине, қуанамын.
Уайым – қорқыныш емес, ол – жауапкершілік. Нағыз дәрігер науқастың денсаулығы мен жағ­дайына атүсті қарай алмайды. Соңғы 8 жыл көлемінде орталық­тың бөлім меңгерушілері жексенбі күндері де жұмысқа шығады. Бұл олардың өмір салты. Мен ешқа­шан дәрігерлерге демалыс күні жұмысқа шығыңдар деген талап қойған емеспін. Олар барлығын жүрек қалауларымен, өз ықылас­тарымен істейді. Себебі, әріптес­терім адамның денсаулығы мен қатар өміріне жауапты екендерін жақсы түсінеді. Меніңше, мұны түсінбейтіндерге медицина сала­сына келудің қажеті жоқ. Кейде қайғылы оқиға болып жатады. Сол кезде бізге сыр беруге бол­майды. Бәлкім, бәзбіреулерге қатыгез, қатал болып көрінерміз. Бірақ адамдарға көңіл айтып, қайғылы хабарды жеткізген кезде біздің де ішіміз қан жылап тұрады. Түсінесіз бе, олар бізге сенім арта­ды, үміттенеді ал біз кейде үмітті ақтай алмай қаламыз. Не істеу керек? Бордай езіліп, тозу керек пе әлде, келесі науқасқа қол ұшын созу керек пе? Ойланыңызшы... Біз кешегі қайғыны арқалап тұ­рып, бүгінгі өмір үшін күресеміз. Өйткені бұдан басқа амалымыз жоқ. Бұл – әлемнің барлық дәрігерлеріне тән қасиет. 
Таңдаулылар ғана нейрохирург бола алады. Мықты дәрігер атану үшін 5 жыл тәжірибе, ал жақсы нәтижеге қол жеткізген нейрохи­рург болу үшін 10 жыл уақыт қа­жет. Егер адам нейрохирургия саласын таңдаса, оны үлкен жүрек иесі деп тану керек. 
Мен өз жұмысымды жақсы кө­ремін және барлық әріптес­теріме үлкен құрметпен қарай­мын. Біздің ортақ мақсатымыз – науқас адамдарға көмектесу. Мен өзімнің ұстаздарым профессор, марқұм Сергей Федоровты және Александр Коноваловты мақтан тұтамын. Олар маған көп нәрсе үйретті. Мен олардан үйренген­дерімді өз шәкірттеріме үйретіп жатырмын. 
– Әңгімеңізге рақмет.