Басты  /  Сұхбат  /  Нүкетай МЫШБАЕВА: Өнерге жүрегіммен берілгенмін

Нүкетай МЫШБАЕВА: Өнерге жүрегіммен берілгенмін

1915
Нүкетай МЫШБАЕВА: Өнерге жүрегіммен берілгенмін «Біз тәуелсіз, бақытты елміз» деп бастады әңгімесін Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева. Тәуелсіз Қазақстанда тұрып, қазақ сахна өнеріне өлшеусіз үлес қосқанын бақыт тұтады.

 «Күндіз-түні тілейтінім –  тәуелсіздігіміздің баянды болғаны. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» дейді ардақты сахна саңлағы. Алпыс жылға жуық ғұмыры Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында өтіп келеді. Бұл да актрисаның бір бақыты. «Тәубе! Тәуелсіздігіме тәубе! Биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған еліме тәубе!» дейді актриса. 

 

Шыңғыс Айтматов риза болған актриса
 

– Нүкетай апа, мерейтойыңыз құтты болсын! Осы жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар?! Сіз бүгінде өнер майталманның бірі­сіз, дегенмен осы өнерге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Сол есіңізде ме?
– Негізі, әншілікті бала ке­­зімнен таңдағанмын. Оған себеп, шешем еді. Өйткені ол керемет әнші, суырыпсалма ақын болатын. Әйтеуір той-то­малақтың бәрін өзі басқаратын еді. Кішкентайымнан би би­ле­тіп, ән айтқызатын. Бір сөз­бен айтқанда, мені өнерге тәр­биелеген адам, ол – анам. Ол кезде қуыршақ деген атымен болған жоқ. Бірақ соның өзінде балаларды жинап алып, ән са­лып, артист ойнайтынбыз. Ауыл­дың ішінде біздің үйде ғана ра­дио болатын. Сауыншылардың барлығы біздің үйге келіп тың­дайды. Мен де сол радиодағы Роза Бағланованың әндерін тыңдап өстім. Артынан анам Алматыдағы №12 мектепке қойшылар мен сауыншылардың баласын оқуға алатынын естіп, арнайы «артист бол» деп оқуға жіберді. Екі жыл оқып, 10-сыныпта «институтқа түсерде керек болар» деген оймен бағамды түзеу үшін ауылға қайтып бардым. Содан консерваторияға келіп, Асқар Тоқпановқа түстім. Ол: «Сен әнші болмайсың, мен биыл театр бөлімін аштым. Біздің бірінші студентіміз боласың» деді. Міне, осылайша, 1959 жылы әкемтеатрдың табалдырығын аттадым. 
– Өмірге ешкім бәрін біліп келмейді ғой. Бәрі тәжірибемен келеді. Дегенмен өнерге келген кезіңізде аға буын өкілдерден сын естіп, «бұдан артист шықпайды» деген сөздер айтылмады ма?
– Ондай сөзді естігенім жоқ. Бірақ сын айтылмады емес, ай­тылды. Алайда оны да сені жақсы көретін адам айтады. Театрда үнемі күліп, көңілді жүресің. Оны көрген Әзербайжан Мәмбетов бұл трагедияны ойнай алмайды, комедияның актрисасы деп, ылғи комедиялық рөлдерді бе­ретін. Бірақ комедияның өзінің неше түрлісі болады, оның екінші жағын аша білу керек. Әр комедияның бір қайғысы, мұңы болады. Жалпы, өзім трагедияны жақсы көремін. Бір күнде төрт ағамды соғысқа алып кеткенде, шешемнің зар еңірегені, ауыл аза­маттарын соғысқа шығарып салғандағы халықтың мұң-за­рын көзіммен көрдім. Бірде «Ана – Жер-Ана» спектаклінде Әлиманның рөлі берілді. Ол – нағыз трагедия. Тұрмысқа енді шыққан келіншектің күйеуін соғысқа алып кетеді. Бұл жағдай маған таныс. Өйткені туған жең­гемнің басынан тура осындай жағдай өткен. Сол көргенімді Әлиманға салдым. Аллаға шүкір, рөлді сәтті алып шықтым. Өзімді керемет ойнадым деп айта ал­маймын. Бірақ спектакльден кейін Шыңғыс Айтматов гример бөлмесіне келді. Онда Сәбира апа екеуміз отырғанбыз. Білдей мықты жазушы: «Ой, Сәбира апа, Нүкетай, менің шығармамнан да биік ойнадыңыздар! Нүке, Әлиманды керемет ойнадыңыз» деп жаныма келіп, қолымнан сүйгенде, «Рақмет, рақмет» деп жауап бергенім есімде. Осыдан бастап, Әзербайжан Мәмбетов маған трагедиялық рөлдерді бере бастады. 

 

Актриса рөлді қалай жаттай­ды?

 

– Жалпы, сахнада жүргеніңізге 60 жылдай болды. Осы күнге дейін талай спектакльге қатысып, талай-талай рөлдерді алып шықтыңыз. Бүгінде ойнайтын рөлдегі мәтінді қалай жаттайсыз? Спектакль кезінде ұмытып қалмайсыз ба?
– Адамның атын мың айтса да, ұмытып қаламын. Ал рөлді ұмытпаймын. «Бес бойдаққа бір той» деген комедияға осыдан 10 жыл бұрын ойнағанмын. Өт­кенде соның үзіндісін қай­тадан берді. Қарасам, рөлімді судай жатқа біледі екенмін. Қазір жастар сөздерін ұмытып, тастап кетіп жатады. Сонда діңкең құриды. Жақында «Қызыл алма» сериалына түстім. Онда да өзіме берілген рөлдің сөзін бір-екі рет оқыдым да, қайта айтып бердім. Сонда режиссер: «Нүкетай апамызға қарамайсыңдар ма, әп-сәтте жаттап, бір кадрда түсіріп тастадық» дегені бар. Мұны бойға сіңген әдет деуге болады. Негізі өзгеге емес, өзіме қаталмын. Егер рөлімнің бір сө­зін ұмытқан күні театрдан кет­уім керек. Алла, әлі де күш-қуат берсін деп тілеймін! Қазір де «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Отыз ұлың болғанша...» деген спектакльдерде ойнаймын. 
– Апа, сіздер алдағы өнер май­­талманына еліктеп, олардың пікірімен санасып өскен ұрпақсыз. Ал қазіргі буын сіздерге еліктей ме? Сіздердің ақыл-кеңестеріңізді сұрап, пікірлесе ме?
– Ол рас, кезінде біз аға-әпкелеріміздің ойнаған спек­таклін қалт жібермей көріп, әр рөлді қалай шығаратынын қарап отыратынбыз. Өзіміз ойнасақ, «Апа, мына рөл қалай болады? Қалай ойнадым?» деп сұрап, пікірін білуге тырыстық. Ал қазір жастардың ешқайсысы ештеңе сұрамайды. Тіпті біздің ойнап жатқан спектаклімізге де келіп көрмейді деп ойлаймын. Бірақ жастар жаман емес. Оларда жүрек бар, театрымыздың үлгісімен келе жатыр. Негізі, біздің заман да, көрермен де басқа болды. Сол сияқты жастардың да за­маны өзгерген. Оған қоса, жас­тардың уақыты жоқ. Әйтеуір сапырылысқан дүние. Мәселе, құр білім алып, артист бола ал­майсың. Артист болу үшін туа біткен дарын болу керек. Фарида Шәріпованың сөздері, сыбыры балкондағыларға жететін еді. Фарида спектакльде кішкентай рөл болса да, өзі жасап, түрлен­діріп, өнердің шыңына алып шы­ғатын. Бастысы, жастар өнерді өлтірмей, өшірмей, алға жетелесе деп тілегім бар. 

Нүкетай апаның өкініші
– Сіз театр саңлақтарының көбін көзбен көрдіңіз. Тіпті сах­налас, әріптес болдыңыз. Қазір кім көбірек еске түседі? 
– Осы киелі шаңырақта қызмет етіп келе жатқаныма 60 жылдай болды. Театр – өзі бір әлем. Театрға келгенімде, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкейева, Хабиба Елебекова, Бикен Ри­­мова, Фарида Шәріпова, Серке Қожамқұлов секілді аға-әпкелерімнің көзін көрдім. Би­кен, Хабиба апаларымыз әр­қашан үйлеріне шақырып, та­мақ беретін еді. Олар туралы айт­сам, әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Әрине, сағынамыз, өзіміз қатарымыз бірігіп қалсақ, сөз қыламыз. Біз үшін олардың аты өшкен жоқ. 
Негізі Фарида Шәріпова, Сәбира Майқанова үшеуміз бір аулада тұрамыз. Фариданың күйеуі Ыдырыс Ноғайбаевтың машинасы бар. Жұмысқа со­ны­­мен барып-келіп жүре­тін­біз. Ыдырыс шыққан кезде, бір­ге шығамыз. Сәбира апа машинаға отырарда: «Ойпырм-ай, машинаны ұстаса, сендей жылтыратып ұстасын. Өзі қандай сымбатты жігіт, бой деген екі метр» деп мақтай бастайды. Біз де қосылып «иә» деп қоямыз. Бір күні қарасақ, Ыдырыстың машинасы жоқ. Содан театрға таксимен шықтық. Жолда аял­дамада отырған Қапан Батыров­ты көріп қалдық. Сәбира «Өй, мынау неғып отыр, ей! Такси алмай ма екен, отырысын қарашы» деді. Ол кісінің сөйтіп сөйлейтін әдеті болатын. Екеуі құрдас болғандықтан, апамыз қатты қалжындасатын. «Апа, алып кетейік те» деп қоймадым. Машинадан шығып: «Қапан аға, машинаға мініңіз» деп шақырып, ішіне қарай кіріп кеттім. Қапан аға кіре бергенінде, Сәбира апа есікті жапты да қалды. Ағаның саусағы есіктің ортасында қалып, қан үстіме шашырап кетті. «Ойбай, апа, тоқтаңыз! Ағаның қолы сынып кетті ме, не болды, қан ғой» деп шошып кеттім. «Ой, Құдай-ай, соғыста басты да жұлып кетеді. Анау деген немене?! Жұмыстан қаламыз» деді. «Апа, болмайды» деп шырылдаймын. Ағаға қарасам, қолын ұстап алған, саусағы салбырап тұр. Сөйтіп, ол кісіні СовМиннің ауруханасына тастап, театрға келдік. Режиссерға аға­ның жағдайын айтып, біреуді дайындауын сұрадық. Өйткені оның келетінін, не келмейтінін де білмейміз. 
«Ана – Жер-Ана» спектаклінің екінші актісі. Сәбира апа менің енемді ойнайды. Енем екеуміз сахнаның екі жағында тұрмыз. Бір уақытта сахнаға Қапан аға шығып: «Е, сабырлы болыңдар, Қасым мен Майсалбек қаза тапты» деп қолын аппақ матамен танып, көтеріп алған. Әлгі жерде Сәбира апа екеуміз «Ойбай!» деп зар жылап шығуымыз керек. Бірақ ана кісіге қарап, екеуміз тоқтаусыз күлеміз, Қапан аға да қолын түсірмейді. Дәрігерлер солай айтқан болар. Содан «Майсалбек», «Қасым» деп апама жүгіріп көрісетініміз бар. Екеуміз қосылып сылқылдаймыз, Сабира апа «болды» деп мені қатты шымшып қояды. Сөйтіп, әрең тоқтағанымыз бар. 
– Биыл 80-нің сеңгіріне кел­діңіз. Өміріңізде қайғы да, қуаныш та болған шығар. Өткеніңізге қа­расаңыз, өкінетін сәттеріңіз көп пе?
– Шіріген байдың да, төрт түлігі сай адамның да өкініші болады. Бәріміз Алланың жаратқан бір пендесіміз. Тұр­мысқа 24 жасымда шықтым. Жолдасым Мэлс Ержанов осы театрда декарацияда жұмыс істеген, өзі суретші болды. Салиқа Қожақова арқылы мені киноға шақырып жүретін. «Ой, бойы ұзын емес, әдемі емес» деп менсінбейтінмін. Өзі томпайған бір қара жігіт бо­латын. Қашанғы артынан жүгіртесің, сөйтіп кездесе бас­тадық. Артынан оның өнеріне ғашық болдым. Сөйтіп, Алла басымызды қосты. Екеуміздің Земфира деген қызымыз бар. Аллаға шүкір, бір қызым он балаға татитын дарынды бала. Өзі – өнертанушы. Одан бір немерем бар. Өкінетінім сол, театрмен жүріп, басқа бала таппадым. Негізі біреу емес, 3-4 бала болғанын да ғой деймін. 

 

Нүкетай апа соғысты да көрген
 

– Осы уақытқа дейін өмірдің біраз асуларын басыңыздан өткердіңіз, заманның жақсы-жаманын да көрдіңіз. Соғыс жыл­дарын еске алғанда, көз ал­дыңыз­ға не еле­стейді?
– Сол соғыстың зардабын бір кісідей көрдім. Кейбіреулер суыққа, аштыққа шыдамай өліп жатты. Аштықты да, жоқтықты да бастан өткердік. Әрине, қазіргі жастар оны білмейді. Тіпті айтсаң да, ертегі деп ойлайды. Бірақ қазір бақытты елміз, тәуелсіз мемлекетпіз. Бұдан асқан қуаныш бар ма?! Қазір бір қиындық болса, киіз үйдің астында, тамақ жемей өткен өмірімді еске алып, «Е, Нүкетай! Байқа, «бәленім жоқ, түленім жоқ» деме. Қазіргі өмірің жұмақ» деп өзімді өзім тежеймін. 
Біз негізі қанды соғыстың ұрпағымыз. Әкемді көрген жоқ­пын. Бір жасқа толмай, дәм-тұзы таусылып, дүниеден өткен екен. Ал анам пысық болатын, соның тәрбиесінде өстім. Жұмысқа әбден піскен едім. Ол кезде бар болғаны алты жастамын. Онда жейтін тамақ болған жоқ. Тәттінің де дәмін көрген жоқпыз. Ол кезде шәй деген жоқ. Нанның күйігін шәй қылып ішетінбіз. Әупірімдеп жүріп, таныс арқылы шешем сиыр фермаға сауыншы болды. Ең үлкен әпкем әкем бар­да тұрмысқа шығып, Кеген жақта тұратын. Өзі дүкен ұс­тай­тын. Шешем соған анда-санда барып, әпкемнің шәй-пұлын, киім-кешегін алып ке­ле­тін. Сауыншы әйелдердің барлығы «Ойбай, Шарипа қашан келеді?» деп шешемді тосып отырады. Шешем келген күні біздің үйде – той. Анам алып келген дүниесінің жартысынан көбін соларға таратып береді. Одан киіз үйде, ортасында ошақ, бәрі ән айтып, көңілді отырады. Әннің аяғы зар-мұңға айналады. Біреуі әкесін, біреуі баласын, енді бірі күйеуін жоқтайды. Өткен өміріміз осылай өтіпті. Аллаға шүкір, қазір ел аман, жұрт тыныш. Тәуелсіздігіміз баянды болсын деп тілеп отырамын.

 

Әңгімелескен 
Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ